Мемлекеттік тіл ұлтаралық қарым-қатынастар саласындағы саясаттың өзегіне айналады. Кеше Ақордада өткен этносаралық қарым-қатынас мәселелері бойынша арнайы республикалық кеңесте Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин осыны білдірді. Бұл жиынға Қазақстан халқы ассамблеясының өңірлік хатшылықтарының жетекшілері, ҚХА-ның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері,сондай-ақ министрліктер мен ведомство басшылары, Президент Әкімшілігінің өкілдері, облыстар мен Астана және Алматы әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Кеңесте сөз сөйлеген М.Тәжин мемлекеттік тілдің «этносаралық қатынастар саласындағы интегративтік фактор ретіндегі» рөлін дамыту қажеттілігін мәлім етті. Ол «мемлекеттік органдар өз жұмысының «негізі» ретінде – қазақ тілінің дәл осы интегративтік рөлі мен функцияларын орындау мәселесін алулары тиіс» деп атап көрсетті. Өйткені бұл Президенттің «Қазақстан – 2050» стратегиясында айрықша нықталған. – Бүгінгі әлемде не болып жатқандығына қараңыздаршы! – деді Марат Тәжин. – Дамыған әлемнің көптеген елдерінің өздері қуатты иммиграциялық шаралармен, нормаларымен, тосқауылдармен оқшауланып жатыр. Кез келген ел, тіпті бұған дейін этностық қарым-қатынас саласында барынша либералды саясат жүргізгендерінің өздері бүгінде өте қатаң нормативтерге, мемлекеттік тілді міндетті түрде білуге бағдарлануда. Осындай нормативтер Германияда, Ресейде қойылуда, – деді Мемлекеттік хатшы. Солтүстік көршіміз мәселен, «РФ азаматтығын» алудан үміттілер түгіл, қазір тіпті елге келіп, жұмыс істеуге тілек білдірген мигранттарды да орыс тілін білуге міндеттей бастады.Егер қазіргі кезде «гастарбайтер» орыс тілінен эмтихан тапсыра алмаса, Ресейде жұмыс істеу құқығынан мүлдем айырылып, елден қуылады. Қазақ елі бұл істе мейірбандылық, қонақжайлылық танытып отыр. Мемлекеттік хатшы да Қазақстанның, керісінше, бұл бағытта «әзірге өте демократиялы және либералды көзқарас танытып отырғандығын» айтты. Бірақ енді еліміз де мемлекеттік тілдің рөлін күшейтуге бет алды. – Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, негізгі түсінікке сәйкес, қазақ тілінің интегративтік рөлі біздің ұлтаралық қатынастар саласындағы саясатымызда тәжірибеде қолданылатын факторға айналуға тиіс!–деді жиналғандарға Марат Тәжин. – Бұл дұрыс және қалыпты. Бізде ендігі бұған қалай қол жеткізудің түсінігі бар. Бірақ біз оны өзіміз үшін ашық тұжырымдап алуға тиіспіз. Мұнда тұрған жаман ештеңе жоқ, – деген Мемлекеттік хатшы ҚХА атынан келген өзге ұлт өкілдеріне, мемлекеттік органдар басшыларына мемлекеттік тілдің өз тұғыры мен рөлін нығайтуы «қазіргі заманғы бүкіләлемдік тәжірибе» екендігін қайталап, нықтады. Қазақстанда тілі бойынша қазақтар да, өзге ұлт өкілдері де кемсітілмеуі тиіс. Марат Тәжин азаматтарды этникалық және басқа да белгілері бойынша бір-біріне қарсы қоюдың кез келген талабы мемлекеттің қатаң реакциясын тудыруы керектігін қадап айтты. Кеңес барысында М.Тәжин ұлтаралық қатынастар саласындағы Елбасының «Қазақстан – 2050» бағдарламасынан туындайтын бірқатар жаңа міндеттерді белгіледі. Оның байламынша, бұл міндеттердің ең алғашқысы – қоғамдық келісім болмақ. Ал ел ішіндегі ынтымақтың негізінде «азаматтар мен мемлекет арасындағы сенімді қалыптастыру қағидаты» жатады.
– Екіншіден, «азаматтардың құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету және іс жүзінде жүзеге асыру» міндеттеріне барлық ведомстволардың назар аударуын күшейту қажет, – деген Мемлекеттік хатшы құқық қорғау органдарына қайырылды: «Тағы да атап көрсеткім келеді: біздің еліміздегі қоғамдық келісімді сақтауда айрықша жауапкершілік сіздердің мойындарыңызда! Азаматтарды этникалық және басқа да белгілері бойынша бір-біріне қарсы қоюдың, қосарлама стандарттар қолданудың кез келген талабы мемлекеттің қатаң реакциясына кезігуі қажет. Бұл – жай айтыла салған сөз емес! Осы істермен шын айналысу керек болады» деп міндеттеді.
Марат Тәжин этносаралық саладағы саясатқа жауапты тұлғаларға, Қазақстан халқы ассамблеясына, құр қарап отырмай, бүкіл дүниежүзіндегі тіптен үдей түскен қауіптерді назарға алуды жүктеді. Бұл мәселелер ҚХА-ның алдағы үлкен құрылтайында қаралуға тиісті.
– Бұл жиын Қазақстан халқы ассамблеясының 20-сессиясына дайындық қарсаңымен ұштасып отыр, – деп хабарлады Мемлекеттік хатшы. – Бас қосуымыздың негізгі мақсаты – Елбасымыз жариялаған «Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асырудағы Қазақстан халқы ассамблеясының алдында тұрған міндеттер, оны іске асыру жолдары. Бүгінгі таңда біздің әлемдегі үдей түскен әлеуметтік шиеленістер, өркениеттік құндылықтар дағдарысы, жаңа әлемдік тұрақсыздық сияқты қауіптер бізге де ой салуы керек.
Ол осындай қиын заманда ҚХА, қоғаммен тізе қосып, негізгі құндылықтарды насихаттауды күшейту тиістігіне тоқталды. «Бұл – ең алдымен өз Отанының тағдырына жауапкершілік, оның мүддесін қорғауға әзірлік және өз халқының мәдениеті мен дәстүріне құрмет. Осы негізгі құндылықтарды насихаттауға қоғамның барлық ұйымдастырушылық ресурстары тартылуы тиіс. Бұл көпқырлы идеологиялық міндет. Оның орындалуы білім, тәрбие, мәдениет және ақпарат, азаматтық қоғам институттары жүйесі арқылы іске асырылуы тиіс» деп белгіледі М.Тәжин.
Алқалы жиын қорытындысында Мемлекеттік хатшы мемлекеттік органдарға этносаясат бағытындағы саяси жоспарлауды күшейтуді, ведомствоара-лық үйлесімді жетілдіруді, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының елдегі келісімді нығайту бағытындағы ортақ міндеттерін іске асыру бойынша қарым-қатынасының тиімділігін арттыруды қарастыратын тапсырмалар берді.
Айхан ШӘРІП
|
http://www.aikyn.kz