Талай жұрт жоғалтқанын театрдан тауып жүр. Қымбат күлкіні де, әдемі әзілді де, өзгенің қайғысын бөлісуді де. Осының бәрін жан дүниеңе жинап беріп, өмірлік құндылықтарды ұдайы назарда ұстауды ұғындыратын – театр. Әдемі киініп, бар асылын тағынған жұрт арасынан танысыңды көріп қалсаң, өзіңнің де мәдениеті жоғары жан екендігіңді сезіндіріп, сыпайы сөйлесіп, онымен иық теңестіріп тұрып әңгімелесуге мәжбүрлейтін орта да – театр.
Сахналық қойылымдарды көре отырып, кейде үйіңде жоқ затты түгендеп, оны қолдануды да қаперге алып қоятын жер де – театр. Ойды ой қуалаған сәттері актерлердің қолындағы әр затқа да зер салып, оның тарихына да терең бойлағың келеді… Расында да театр – тамаша жәдігерлерді сахнаға алып шығатын қастерлі орта. Мұнда не жоқ дейсіз, ғасырға жуық қымбат қазыналардың бір бөлшегі де осындағы қоймада тұр. Оның бірі сахнада жиі пайдаланылса, енді бірі орнынан айлап қозғалмайды. Жұрт білмейтін сол жәдігерлермен танысу мақсатында Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрына бас сұқтық.
Театр – көңіл көтеретін ойын үйі ғана емес, ол – өз алдына мәдениеттің мектебі.
Смағұл СӘДУАҚАСОВ.
Өнер өлкесінде жүргендер мен театрға табынған жұрттың бір бөлігі Әкемтеатр атап кеткен қара шаңырақта қазақтың небір марқасқалары қызмет істеді. Ш.Жандарбекова, Б.Римова, Х.Бөкеева, Ы.Ноғайбаев, С.Қожамқұлов, Қ.Бадыров, Ә.Молдабековтен бергі бүгінде С.Оразбаев, А.Әшімов, Ә.Тарази секілді ондаған, жүздеген сахна шеберлері қолына ұстаған әрбір зат қастерлі де қасиетті. Бүгін театр мақтанар болса, сол асылдарымен де мақтануы тиіс. Тіпті өткен ғасырларға сапар шекпей-ақ, бертінде сахналанған жұрт назарын аударған «Абылай хан», «Томирис», «Турандот ханшайым» және басқа да танымал қойылымдарда қаншама құндылықтар жұртқа көрсетіледі десеңізші. В.Шекспир «Театр – сымбатты өнер. Сондай өнері бар ел – бақытты» деген. Сол бақытты халық қазіргі театр құндылықтарын қаншалықты бағалап отырмыз?
…Нақты бұйымдар қоймасынан біздің көзімізге бірден түскені Гогольдің «Үйлену» шығармасын сахналау барысында қолданылып жүрген жиһаздар болды. Таза ағаштан жасалған әлгі бұйымдар бүгінде аукциондарда ғана сатылатын қымбат мүліктерді елестетті. Оны сахнада көрген кезде үйіңіздің бір бөлмесін дәл осылай жабдықтау да есіңізге сап ете түседі. Төрт жылдан бері сахнадан түспеген жиһаздар әлі күнге қаз-қалпында сақталған. Олардың әрқайсысын сатар болсаңыз, құнын есептеу үшін арнайы мамандар шақыртуға тура келері анық. Айтпақшы, дүние-мүлік ең көп қолданылатын спектакль де осы – «Үйлену». «Жау жүрек», «Ымырттағы махаббат», «Империя», «Қыз мұңы» спектакльдерінде де сахнаға қойылатын асай-мүсей өте көп. Әрине, жеңіл-желпі заттар театрдың өз шеберханасында да жасалады. Алайда сатып алуға тура келетіндері де баршылық.
Мұндай мүліктер қоймада ондап саналады. Тапсырыспен арнайы жасалған әрбір бұйым көздің қарашығындай сақталады. Әсіресе, сырмақтар, «Қарагөздегі» киім-кешек, найза, қалқан, мылтықтар тарихқа бай құндылықтар қатарында.
– Барлық заттардың бүлінбей тұра беруі де мүмкін емес қой. Қайсыбірі уақыт өте келе тозады. Тасымалдау барысында немесе спектакль барысында сынып қалатын жағдайлар да болады. Оны өзіміздің мамандар қайта қалпына келтіреді. Тек мүлде жарамсыздары ғана есептен шығарылады, – дейді бутафор цехының қызметкері Гүлнәр Сәдуақасова.
Жолдасбек ДУАНАБАЙ
Осында ширек ғасырға жуық уақыттан бері жұмыс істейтін мамандардың айтуынша, театрдың дамуына, өнеріміздің өркендеуіне өз үлесін ерекше қосқан тұлғалардың қолына ұстаған кейбір заттары қастерлі бұйым қатарында тұр. Айталық, көненің көзіндей болған қамшы, сүйенетін таяқ секілді заттар назар аудартпай қоймайды. Біз осы жерде он шақты мылтықты көрдік. Бұларыңыз енді мұражайларда ғана ұшырасатын дүниелер екендігі даусыз. Өйтке-ні мұны қазір кез келген отбасынан, қоймадан да таба алмайсыз. «Біреулер ұрлап кетіп жүрмей ме?» деген сауалымызға:
– Жоқ, тізімде тұрған соң қадағаланады. Театрда тек таза, адал адамдар қызмет етеді. Сондықтан қоймадан қолды болу мүмкін емес. Жалпы, ұжымда ниеті бұзық кісілердің жұмыс істеуі – ақылға сыймайды. Ондай адамдар аз күнде ғана өз еріктерімен жұмыстан шығып кетеді. Уақыт талғамайтын қызметіміздің қадірін білетіндер ғана ғұмырын театрға арнап келеді, – дейді нақты бұйымдар цехының қызметкері Халида Темірбаева.
Біздің іздегеніміз құнды дүниелер болғанын жасырмаймыз. Айталық, «Қарагөзде» қолданылатын заттар бар. Арнайы мамандар жасаған қойдың бас сүйегі, қазы-қартаны ас табаққа сала салсаңыз, шын мәнінде, бабымен асылған ет көз алдыңыз-ға келеді.
Өте көне самаурын да осы жерде. Кемі жартығасырлық тарихы бар сары самаурын өткен ғасырға еріксіз жетелейді. Тіпті кезінде Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Торғын Тасыбекова, Нүкетай Мышбаева секілді театр тарландары таққан білезіктер де көненің көзі деуге болады. Осындай мүліктер мен заттардың қайсыбіріне құда түсетіндер де бар. Нақты бұйымдар цехының меңгерушісі Зура Нұрмұханбетованың айтуынша, осындағы Сисаев Марат, Темірбаева Халидалар спектакльдерді жабдықтаудан жалықпайтын әрі керек затын жатқа білетін мамандар. Біз театрға барған күні «Мөлдір махаббат» спектакліне дайындық жүріп жатыр екен. Кіші залда сапырылысқан жұрт. Суретшілер де, режиссер де, жарық берушілер де осында. Қарап отырсаңыз, 1,5 сағаттық дүниеге дайындық бір күнді алады деуге болар. Осы дайындық арқылы жұрт жадында қалуы үшін қолдан келгеннің бәрі жасалады.
«Жау жүректегі», «Қыз мұңындағы» орындықтар, ыдыстар – күні бүгін қолданыстағы, бәріміз көріп жүрген заттар. Алайда сахнаға қойылғанда айнала жайнап сала береді. Осы жерде өте аз заттар қолданатын спектакльдер де барын айта кеткен орынды. Мәселен, «Сыған серенадасы»: онда 4 орындық пен қыздар ұстайтын түйіншек қана қолданылады. «Қамар сұлуда» сахнаның сәні – ескі домбыра мен ескі мылтық.
Қысқасы, театрда таңғалдыратын да, тамсандыратын да дүниелер жеткілікті. Әсіресе, ағаш шеберлерінің қолынан шыққан заттар жұртты қызықтырмағанымен, олардың өзін былайғы жұрт біле бермейтіні өкінішті. Ерғалым Нұржанов пен Олжас Толғамбаевтың қолынан шыққан әрбір дүние еріксіз қызықтырады. Театрдың қоймасы – өнер жәдігерлерінің орталығы. Сондықтан оны сахнадан ғана емес, жайшылықта барып та тамашалап жататындар баршылық.
http://www.aikyn.kz