Заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Алматы облыстық ІІД қызметкерлері шұғыл түрде «Табиғат» іс-шарасын қолға алып, заң бұзған азаматтарды қатаң түрде тәртіпке шақырды.
– «Табиғат» іс-шарасын қолға алмас бұрын алдымен, облыстың барлық аймақтарында – аудандар мен елді мекендерде жедел топтар құрылып, оларға арнайы тапсырма берілді. Сөйтіп, іс-шара жүргізілген тоғыз күннің ішінде облыс аумағында экологиялық заң бұзушылық сипатындағы 173 оқиға дер кезінде анықталып, 13 экологиялық қылмыс тіркелді. Әсіресе, Талғар ауданы мен Қапшағай қаласы аумағында анағұрлым көп заң бұзушылыққа жол берілгені белгілі болды. Іс-шара барысында үш қылмыстық іс қозғалып, заң бұзушыларға қатысты жиналған барлық құжат жергілікті сотқа жіберілді. Нақтырақ айтқанда, жылдан-жылға құрып бара жатқан өсімдіктерді заңсыз жинаумен қатар, аулауға қатаң тыйым салынған. Жан-жануарлар мен құстарды заңсыз ұстау, өзен-көлдерден рұқсатсыз балық аулау тәрізді өрескел заң бұзушылықтар орын алып, күдіктілердің бәрі заң жүзінде жауапқа тартылуда, – дейді Алматы облыстық ІІД Әкімшілік полициясы басқару департаментінің бастығы, полиция полковнигі Жолдасбек Алмашев. Облыс полицейлері бір аптадан астам уақыт жүзеге асырған жедел іс-шара барысында 54 келі балықты заңсыз аулаған 173 тұрғын табиғатты қорғау заңын өрескел бұзғаны үшін әкімшілік тұрғыдан жауапқа тартылды. Олардан балық аулайтын 36 құрал-жабдық және 45 дана қару тәркіленді. – Жалпы, «Табиғат» іс-шарасы барысында ағаштарды рұқсатсыз кесуге қатысты – 34, жан-жанураларды заңсыз атып алу бойынша – 87, балық аулау ережесін өрескел бұзуға қатысты – 39 оқиғаның беті ашылып, 170-тен астам адам әкімшілік жауапқа тартылды. Олардан мемлекет қазынасына жалпы көлемі 221 мың 560 теңге айыппұл өндірілді, – дейді басқарма бастығы, полиция полковнигі Жолдасбек Алмашев. Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ |
Предыдущий
Следующий