Абай ОМАРОВ (коллаж)
Солтүстікте ауызсу бағдарламасы төңірегінде шыққан дау толастар емес. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша орталықтандырылған су жүйесімен қамтылуы тиіс ауылдардың санын Су ресурстары жөніндегі комитет екі жарым есеге қысқартып тастаған. «Байдың асын байғұс қызғанады» демекші, ауылға бөлінген мемлекет қаржысын комитет төрағасы осылайша үнемдемек болған көрінеді. Ал құбыр тартылмай қалған елді мекендер су орнына у ішіп отыра бермек.
Қызылжардың ауызсу құбырлары кезінде ұзындығы жөнінен Гиннесстің рекордтар кітабына енген еді. Бүгінде ол күн келмеске кеткендей. Ұзын саны 700-дей елді мекеннің жартысы ғана құбырмен келетін таза су ішуде, ал қалғандарының жағдайы мәз емес. Бірі құдықтағы жерасты суымен шөлін қандырса, екіншісі әлі күнге дейін өзге елді мекендерден тасып ішуге мәжбүр. Облыс халқының тең жартысының ішіп отырған суы ертең у болып шығуы да мүмкін. Себебі кейбір аудандарда сонау Кеңес өкіметінің тұсында жерасты суын пайдалану қауіпті деп табылған. Тексеріс нәтижесінде құрамында уран және тағы да басқа ауыр металдар болғандықтан, санитарлық талаптарға сай емес екендігі анықталған. Қызылжар өңіріне әлемдегі ең ұзын су құбырының тартылуының да себебі осы шығар. Ал бүгінгі билік мұны елеп отырған жоқ, әйтеуір, ақшаны үнемдеу ұстанымымен құбырлардың орнына жерасты суы скважиналарын салу тиімді деп тапқан екен. Мысалы, Ғабит Мүсірепов және Айыртау аудандарына құбыр тартылмайды, оларға комплексті блок-модульдер, былайша айтқанда, жерасты суын тазартып шығаратын құрылғылар қойылмақшы. Алайда құрамында ауыр металдар бар су 100 пайыз тазалана қояды дегенге сену қиын.
Алғаш «Ақ бұлақ» бағдарламасы қабылданғанда Солтүстік Қазақстан облысын сумен қамту жөніндегі инвестициялық бағдарламаларға 286 миллиард теңге қарастырылған болатын.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Және бұл сома аспаннан алынған жоқ, жүргізілген мемлекеттік тексерістің нәтижесі. Ал Су ресурстары комитеті болса, аталмыш соманы ешбір негізсіз 57 миллиард теңгеге дейін қысқартқан. Мемлекет қаржысын оңды-солды шашпай үнемдеу де қажет шығар. Бірақ Су ресурстары комитетінің әсіре үнемшілдігі қисынсыздау секілді.
2002 жылдан бері мемлекеттік тапсырыс негізінде су жүйелерін жобалау және салумен айналысып келе жатқан «OST-Проект» ЖШС-нің басшысы Қызылжарда журналистерді жинап, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жасалып жатқан тағы біраз былықтың бетін ашқандай болды. Айтуынша, бүгінде ауызсу жүйесін жетілдіру жұмыстары жөн-жосықсыз жүргізіліп жатыр. Соның кесірінен Аққайың ауданына қарасты Дайындық ауылының жанын қазып, су құбырын жүргізіп жатқан құрылысшылар сібір язвасымен ауырып өлген сиырларды көмген орынды қопарып тастаған. Осылайша, ауылға ауру жұғу қаупін төндірген. Бұл – су желісін тартпас бұрын бақылау-барлау жұмыстарының дұрыс жүргізілмегенінің бір көрінісі.
Андреас ЗЕЙВАЛЬД, «OST-Проект» ЖШС-нің директоры:
– «Ақ бұлақ» бағдарламасына бөлінген қаржыны үнемдеу деген желеумен жеп жатыр. Мысалы, барлық құрылыс жұмыстарын Су ресурстары комитетіне қарайтын «Қазводхоз» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ғана жүргізіп жатыр. Ешбір тендер өткізбейді. Бұл, біріншіден, Мемлекеттік сатып алулар туралы Заңға қайшы, екіншіден, «Қазводхоз» табиғи монополиялар туралы регистрге алынған. Оның құрылыс жүргізуге құқығы жоқ. Бұл бір қалтадағы қаржыны екінші қалтаға салу ғой. Комитет – өзі тапсырыс беруші, өзі мердігер, өзі техникалық бақылаушы, өзі қабылдап алушы.
«Ақ бұлаққа» құқыққорғаушылар да араласып, заңға томпақ келетін тұстарын тапқан. Мысалы, прокуратура Қызылжар өңіріндегі Булаев топтық су құбырын қалпына келтіру жұмыстары жобалық-сметалық құжаттарға сай жүргізілмегенін анықтаған. «Қазводхоз» РМК-ның қарамағындағы «Есіл су» кәсіпорны соманы ешбір негізсіз, дәлелдейтін құжаттарсыз азайтқаны анықталған. Осының нәтижесінде құрылысқа жұмсалуы тиіс 2,2 миллиард теңге екі есеге, яғни 1,1 миллиардқа қысқарған. Аталмыш тексеріс жүргізілген кезде 95,3 шақырым құбыр ауыстырылған болатын, бұл жобаның 37,5 пайызы ғана. Ал қалған бөлігіне қандай қаржы жұмсалатыны беймәлім.
Ал бөлінген қаржы ешбір шартсыз оңды-солды төленген. Мысалы, дәл сол прокуратура тексерісі төленген қаржы істелген жұмыс көлеміне сәйкес келмейтінін де анықтады. Осы және басқа көптеген ірілі-ұсақты олқылықтарды тапқан прокуратура оны жою туралы нұсқама жолдаған. Бірақ бұл сыннан – сушылар сабақ шығара қоймаған сыңайлы.
Марат КАКЕЛЕЕВ, «Есіл су» РМК құрылыс бөлімінің бастығы:
– Мен су құбырын тартуда жіберген кемшілігім үшін жазамды алдым. Сыйақыдан қағылдым (!). Тендерді ұтып алған жеке фирма пайда тапқысы келеді, ол қандай да бір затты арзанға алса да, қымбатқа алса да келісім шарттағы ең жоғары соманы көрсетеді. Ал біз мемлекеттік кәсіпорын болған соң пайда табу мақсатымыз емес. Мысалы, жергілікті жерде шығарылатын құбырды сметадағы сомадан арзанға сатып алдық. Осылайша, мемлекет қаржысын үнемдедік. Ал кейбір компаниялар басшыларының жанайқайын түсінуге болады. Себебі олар ықпалынан айырылуда, тендерді ала алмаған соң миллиондаған ақшадан қағылуда. Әйтпесе Германияның азаматы Андреас Зейвальдтің патриоттық сезімі оянып, Қазақстанға жаны ашып жатпағаны бесенесінен белгілі.
Ауызсу мәселесі апта бұрын Қызылжарға сапарлата келген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен жиында да қаралды. Облыстың әкімі Самат Ескендіров 2013 жылға бюджеттен 12,1 миллиард теңге бөлініп, бұл қаржыға 631 шақырым су желісі және 478 шақырым топтық су құбыры жөнделетініне сендірді. Өкініштісі, бұл құбырлар «Ақ бұлақ» бағдарламасы қабылданған кездегідей 500 ауыл емес, 200 ауылды ғана қамтиды. Ал қалған 300-і сапасы күмәнді жерасты суын тұтына тұруға мәжбүр.
Автор: Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Қызылжар