2014 жылдың 7-23 ақпан аралығында Ресейдің Сочи қаласында ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарының жалауы көтеріледі. Оған барлық құрлықтан жиналған 150-дан аса мемлекеттің 3000 мыңға тарта белді спортшылары қатысады деп күтілуде. Олардың арасында Қазақстан құрамасы да бар. Осы күнге дейін жерлестеріміз ғаламдық доданың 30-ға жуық жолдамасына иелік етіп отыр. Бұл жайында Спорт істері және дене шынықтыру агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қысқы спорт түрлері бойынша өтетін Олимпиада ойындарының тарихында Қазақстанның өрендері де өшпес із қалдырғаны даусыз. КСРО дәуірінде бірқатар жерлестеріміз байрақты бәсекеде «жүзден – жүйірік, мыңнан – тұлпар» шықты. Кезінде Иван Гаранин, Владимир Сахнов, Борис Александров, Владимир Смирнов сынды саңлақтардың есімдері ерекше құрметпен аталды. Бұлардың барлығы да – Олимпиада додасында атой салған спортшылар. Сан мың жанкүйерлер оларды мақтан тұтты. КСРО-ның іргесі сөгілгеннен кейін Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның спортшылары тұңғыш рет 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Ақ Олимпадаға қатысып, мол олжаға кенелді. «Жалғыздың шаңы шықпас» деген мәтелді даңқты шаңғышы Владимир Смирнов жоққа шығарып, Скандинавия түбегінде үш мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. 10 шақырымдық және Гундерсен тәсілі бойынша өткен сайыста күміс медальді мойнына ілді. Жерлесіміз екі ретінде де Норвегияның мақтанышы Бьорн Дэлиден ғана қалып қойды. Есесіне өр мінезді Владимир 50 шақырымдық бәсекеде шашасына шаң жұқтырған жоқ. Шешуші тұста Суоми елінің саңлағы Мика Мюллюля мен жарыс қожайыны Стуре Сиверсенге сан соқтырып, бас жүлдені олжалады. Смирновтың арқасында Қазақстан құрамасы жалпы есепте 12-орынға жайғасты. 1998 жылы Нагано Олимпиадасына қатысып, екі бірдей жүлдеге қол жеткіздік. Күн-шығыс елінде Людмила Прокашева мен Владимир Смирнов ерледі. Конькишілердің 300 метрлік бәсекесінде Прокашева мәре сызығын үшінші болып қиып өтті. Ол тек Германияның қос аруы – Клаудио Пехштайн мен Гунда Ниманға ғана есе жіберді. Шаңғышылар арасында Гундерсен тәсілі бойынша бақ сынаған Смирнов та қола медальді иеленді. Отандасымыз тек Норвегияның қос алыбы – Томас Альсгорд пен Бьорнд Дэлиден оза алмады. Жалпы есепте Қазақстан құрамасын Беларусь спортшыларымен бірге 20-21-орындарда өзара бөлісті. 2002 жылы Солт-Лейк-Сити мен 2006 жылы Туринде жолымыз болмады. Алыстағы Америка мен Аппенин түбегі сапарынан отандастарымыздың еңсесі түсіп оралды. Көпшілік үшін бұл айтарлықтай тосын оқиға болған жоқ. Өйткені сол сәтсіздіктердің себеп-салдары барша жұртқа мәлім болатын. Ең бастысы, КСРО дәуіріндегі жүйе бұзылды. Елімізде қысқы спорт түрлеріне көңіл бөлінген жоқ. Бай тәжірибеміз бен барымызды бағалай алмадық. Кеңес Одағы мектебінен өткен саңлақтар үлкен спорттан қол үзгеннен кейін олардың жеңісті жолын жалғастыратын лайық ізбасар табылмады. Соның салдарынан сан соғып қалдық. Бірақ «бәрі бітті» деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. Содан легионерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болдық. Кезінде Ресей мен Беларусьтің туы астында өнер көрсеткен биатлоншы Елена Хрусталеваны Қазақстанға шақырттық. Оның еш алаңсыз даярлануына жағдай жасалды. Үйеңкілер елінде Елена ерледі. 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында алауы тұтанған Ақ Олимпиадада Хрусталева күміс медальді еншіледі. Жалпы есепте 25-сатыға табан тіредік. Міне, енді Сочи Олимпиадасы менмұндалап тұр. Бұл жарыс жайында айтар болсақ, 15 спорт түрі бойынша 98 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 40 мың көрерменге есептелген «Фишт» деп аталатын алып стадионда алауы тұтанатын бәсекелер 16 күнге созылады. Жарыс жолына шығатын өрендер биатлон, бобслей, скелетон, керлинг, коньки, мәнерлеп сырғанау, шаңғы, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шорт-трек, сноуборд, фристайл, шана, шайбалы хоккей сынды спорт түрлері бойынша сайысқа түседі. Солардың арасынан ең көп жүлделер шаңғы мен коньки тебуден сарапқа салынады. Әр қашықтық бойынша бақ сынайтын үміткерлер 12 медаль жиынтығын өзара бөліседі. Биатлоннан –11, тау шаңғысы, фристайл және сноубордтан – 10, тұғырдан секіруден – 4, бобслей мен шаңғы қоссайысынан – 3, скелетон, керлинг және шайбалы хоккейден – 2 реттен жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндік бар. Сочи Олимпиада ойындарын өткізу құқығын жеңіп алған бетте дайындық жұмыстары қызу жүргізіле бастады. Барлық мәселені мемлекет басшысы Владимир Путиннің өзі жеке қадағалауына алды. Ресей үкіметі қыруар қаражат бөліп, көптеген іс-шараларды жүзеге асырды. Заман талабына сай спорттық ғимараттар мен кешендер бой көтеріп, олар жаңа үлгідегі құралдармен жабдықталды. Қонақүйлер мен мейрамханалар салынды. Жолдар ретке келтірілді. Қала күннен-күнге көркейіп келеді. Бір сөзбен айтсақ, Сочи Олимпиадасын аса жоғары деңгейде өткізу үшін ресейліктер барын салуда. Олимпиада төрт жылда бір рет өтетін мәнісі зор және мәртебесі аса жоғары жарыс болғандықтан, оған әйгілі спортшылардың барлығы да қатысатыны анық. Атағы алысқа жайылған алпауыт мемлекеттерді айтпағанда, қарапайым тіршілік кешіп жатқан елдердің өздері де осы ойындарға толыққанды даярлану үшін барынша күш салуда. Тіптен өмірі қар көрмеген қара құрлықтың өкілдері де білек сыбанып отыр. Барлығы жайында айта алмаймыз, алайда Алжир, Гана, Морокко, Оңтүстік Африка Республикасы, Сенегал және Эфиопияның спортшылары Сочиге сапар шеккелі отырғандарын күні кеше растады. Ғалым СҮЛЕЙМЕН |
Предыдущий
Следующий