Алдағы маусым айында Қашаған кен орнынан мұнай өндіруге кіріскен кезімізде Қазақстан дүниежүзінде қара алтынды экспорттайтын елдердің бестігіне енеді. Мұндай елеулі жаңалықты кеше Елбасы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Шеврон» корпорациясының елімізбен серіктестікте жұмыс істегеніне 20 жыл толған салтанатты жиын барысында айтты. Ал америкалық алпауыт компания жетекшілері экономикалық салаға айрықша серпін беретін жаңа әлеуметтік инвестиция құюға кірісетіндіктерін мәлімдеді.
1993 жылы 6 сәуірде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен «Шеврон» корпорациясының сол кездегі Директорлар кеңесінің төрағасы және Бас атқарушы директоры Кен Дерр өзара маңызды келісімшартқа қол қойғаннан кейін, «Теңізшевройл» компаниясы құрылып, қазақ мұнайын өндірудің жаңа кезеңі басталған еді. Осы жылғы өндіріс көлемі небәрі 1 миллион тоннаны толтырса, арадағы жиырма жылдан соң, қарқынын барынша күшейтіп, 26 млн тоннаға жетті. Инвестиция тартудан да тартынып қалмады, аталған мерзім кезеңінде «Шеврон» өз жобасына 30 млрд доллардан астам қаржы салып, кешенді жұмыстарын жүргізді. Ал біздің тараптың ұтқаны, компанияның бюджетке түсірген салықтық түсімдері артып, тек өткен жылдың өзіндегі алым 15 млрд АҚШ долларына көтерілген. Негізгі базасы орналасқан батыс өңірінің әлеуметтік дамуына қыруар қаржы жұмсап, жергілікті тұрғындардың тұрмыстық ахуалын жақсартуға тиісінше көмек қолын созған. Қазақстан мен АҚШ корпорациясы тарапынан жасалған уағдаластықтың ұтымды шыққанын Мемлекет басшысы да атап айтты. – 20 жыл ішінде «Шеврон» жобаға қыруар қаржы салды, Қазақстан салынған салықпен бірге 77 млрд доллар көлемінде қаржы алды. Атырау облысының әлеуметтік дамуына 800 млн доллар жұмсалды. Сонымен қатар мыңдаған қазақстандық мамандар даярланып, онда 3 мың 300 біздің азамат еңбекпен қамтылды. Менің өтінішім бойынша өңірде әлеуметтік сала айтарлықтай маңызды болды және бүгінде Атырау еліміздің ең әдемі қалаларының біріне айналды. Елімізде бүгінде 8,5 мың шетелдік компания жұмыс істеуде. Олар 200 млрд АҚШ долларына жуық инвестиция алып келді. Мұның барлығы «Шевронның» Қазақстанға келуімен басталды. Осы орайда АҚШ-пен біз игі қарым-қатынастарды қалыптастырдық. Көптеген америкалық компаниялар Қазақстанда сәтті жұмыс істеп жатыр және бұл ынтымақтастық жалғасатын болады, – деді Н.Назарбаев. Сонымен бірге Елбасы компания жетекшілеріне қазақстандық қамтудың көлемін тағы да көбейту керек екендігін естеріне салды. Еліміз өз экономикасын 16 есеге, «Теңізшевройл» өндіру ауқымын 26 есеге арттырған. Ал компаниядағы отандық тауарларды сатып алу 32 пайыздың жобасында жүр. Енді осы көлемнің еселеніп көбейгені абзал. Оған америкалықтар тиісінше көңіл бөліп, қолдау танытса, қазақстандық кәсіпкерлердің тынысы тағы да ашылар еді. Сол сияқты экологиялық проблемаларды да оңтайлы шешуге атсалысуды ұмытпауы керек, табиғатты сақтау – баршамыздың парызымыз. Президент компанияның жеке бастамасымен Атырауда пластамасса құбырлар зауытын іске қосып, Теңіз академиясының құрылысын қолға алуына разылық сезімін жеткізді. Ағымдағы жылы қаладан «Жастар сарайының» іргетасын қалайтындығына алғысын айтып, өзара байланыстың тереңдей беретіндігіне сенім білдірді. Ал өз кезегінде «Шеврон» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Джон Уотсон Елбасыға «Серіктестік қуаты» мүсінін сыйға тартты. Оның айтуынша, тартымды мүсін Теңізде жаңа жобаны бастаған алғаш жол салушылар қалаған іргетасты бейнелейді. Ондағы құбыр мен бұрандалар – бірлескен серіктестіктен туындаған. «Шеврон» компаниясы үшін Қазақстанның дүниежүзіне танымал болу жолында қолдау көрсетуде белгілі бір рөл атқарғанын мақтан тұтамыз. Біздің бірігіп қол жеткізген табысымыз Қазақстан халқы және басшылығымен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық энергетикалық компаниясымен және халықаралық мұнай компания-серіктестерімізбен құрған тығыз ынтымақтастығымыздың нәтижесі деп білеміз. Бүгінде жұмыс қауіпсіздігінде жоғары нәтижеге қол жеткіздік, өндіріс пен кіріс көлемін арттырдық, мыңдаған жұмыс орындарын аштық, жергілікті қызметкерлерді оқыттық, жабдықтаушыларды дамыттық, жергілікті халыққа белсенді түрде қолдау көрсеттік. Біз бірігіп жүріп, болашақта бұдан да жоғары белестерден асатынымызға сенімім мол. Президент Назарбаевқа, қызметкерлерімізге, серіктестерге және қазақстандықтарға сенімі мен көрсеткен қолдауы үшін ерекше алғыс айтамын. Қазақстанмен достығымыз бен өзара тиімді серіктестігіміз көп жылдарға жалғасатындығына сенемін». Осылайша кеңінен ақтарылған Джон Уотсон аймақтық жастардың білімін арттырумен қатар, кәсіби және техникалық салаларды меңгеруге жол ашатын «Жастар сарайының» құрылысын жүргізетіндігін баяндады. Алғашқы іргетасы 1879 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында қаланған «Шеврон» корпорациясы бүгінде дүниежүзіндегі ең ірі құрылымға айналды. Алты құрлықтың арасындағы мұнай, газ, көмір сынды өндіріспен шұғылданатын корпорация осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанға еніп, жерасты қазба байлықтарды игеруге кірісті. Қазір Еуразиялық бас кеңсесін Алматы қаласында орналастырған «Шеврон», «Теңізшевройлдың» – 50 пайыз, «Қарашығанақтың» – 18 пайыз және Теңіз бен Қарашығанақ кен орындарын Ресейдің Новороссийск қаласындағы Қара теңіз портымен жалғап тұратын Каспий құбыр желісі консорциумының 15 пайыз акциясын иеленіп, үш негізгі энергетикалық жобаны басқарып отыр. Алғашқы жылдарға қарағанда, қазақстандық қызметкерлердің үлесі 50 пайыздан 90 пайызға жақындады, басшылық лауазымдардың 75 пайызына өз азаматтарымыз бекітілген. Жергілікті кадрдың біліктілігін арттыруға компания қажетінше көңіл бөліп келеді. Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ |
Следующий
Бұйырса, биыл бестікке енеміз
Алдағы маусым айында Қашаған кен орнынан мұнай өндіруге кіріскен кезімізде Қазақстан дүниежүзінде қара алтынды экспорттайтын елдердің Continue reading « Бұйырса, биыл бестікке енеміз« →