АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақстан – Қытай үшін сенімді серіктес

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапары өте табысты болды. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншісі, жақында Қытай басшылығы түп-тамырымен өзгеріп, билікке жаңа тұлғалар келген болатын. Билік тізгінін қолға алған Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевты жылы қабақпен қарсы алды. Алдағы уақытта бұрыннан қалыптасқан қарым-қатынасты одан әрі қолдайтынын, ол үшін қолдан келген күш-қуаттың барын жасайтынын мәлімдеді. 


Екіншісі, Елбасы Қытайдың Хайнань өлкесінде 12-ші рет өтіп отырған Боао азиялық форумына қатысып, сөз сөйле­ді. Геосаясатта Қазақстанның ойып тұ­рып орын алатынын дәлелдеді. Қытай­дың жаңа басшылығы Назарбаевтың қолын алып тұрып, жақын дос, әріптес санайтындығын, екі ел арасындағы қа­тынасқа жаңа серпін беретіндігін жет­кізді. Форумға әлемнің әр түкпірінен келген үш мыңға жуық қонақ Қазақстан басшысының әлем жайлы толғанысына тұшынды. Қолдады. Қуаттады. Осыдан-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай елі­не сапары сәтті өткенін байқауға болады. Енді осы сапар барысына жеке-жеке тоқталалық. Қытайға қадам басқан Ел­басы алдымен Қытай Халық Республи­касының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Қазақстан мен Қытай басшы­лары екіжақты ынтымақтастықты жә­не стратегиялық серіктестікті дамыту­дың ауқымды мәселелерін талқылады. Сондай-ақ кездесу барысында тарап­тар халықаралық күн тәртібіндегі және жаһандық даму мәселелерін талқы­лау үшін маңызды алаң ретінде алдағы Боао азиялық форумының өзекті мәселе­лері жөнінде пікір алмасты. Әңгіме барысында Нұрсұлтан На­зарбаев Си Цзиньпинді Халық өкіл­дері бүкілқытайлық жиналысы І сес­сиясының табысты аяқталуымен және оның ҚХР төрағасы болып сайлануы­мен құттықтады. Өз кезегінде Си Цзинь­пин Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан–Қы­тай қатынастарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғысын білдірді. «20 жылда орасан жолды жүріп өт­тік. Сіздің арқаңызда біздің әріптестігі­міздің берік іргетасы қаланды» деді ҚХР төрағасы. Кездесу барысында сау­да-экономикалық ынтымақтастық­тың үдемелі өсуі атап өтілді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ҚХР арасындағы сауда айналы­мы 12,5 пайызға өсіп, 24 миллиард дол­лар­ға жетті. Сауда айналымын 2015 жыл­ға қарай 40 миллиард долларға дейін жет­кізу қажеттігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Кездесу барысында бір­қатар маңызды мәселелер көтерілді. Солардың бірі – Тынық мұхитында­ғы Ляньюньган портынан терминал құрылысы үшін жер ұсыну. «Бұл біз­дерге Тынық мұхиты өңіріне шығу үшін өте маңызды» деді Елбасы. Бұл те­ңіз жолы Қытайға да, Қазақстан­ға да Тынық мұхиты өңіріне шығуды 3,5 есеге қысқарта түседі. Сондай-ақ елі­міз үшін маңызды мәселелердің бірі бо­лып тұрған, ол трансшекаралық өзендер еді. Бұл да осы сапар аясында бір шеші­мін тапқандай болды. «Си Цзиньпин ҚХР-дың Қазақстан экономикасына нұқсан келтіретін ештеңе жасамайтын­дығын мәлімдеді. Бұл мәселе келіссөз­дер жолымен шешіледі және біздер жұ­мыс тобын құрамыз» деді Елбасы.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ке­ңейтілген құрамдағы кездесуінен кейін бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойыл­ды. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ пен Қытайдың халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі комитеті арасында қазақстандық-қытайлық іскерлік кеңесін құру туралы келісімге Қа­­зақ­стан тарапынан Өмірзақ Шөкеев пен Қы­тай тарапынан аталған комитеттің төраға­сы Вань Цзифэй қол қойса, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ пен CITIC Group арасындағы ынтымақтастық ту­ралы келісімді, экономикалық және инвес­тициялық қарым-қатынастарды нығайту Жол картасын Ө.Шөкеев пен CITIC Group директорлар кеңесінің төраға­сы Чжан Чжэньминь рәсімдеді. Сонымен қатар Қытай ұлттық мұнай­газ корпорациясы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арасында Қазақстан-Қытай мұ­най құбырын кеңейту және пайдалану бойынша ынтымақтастықтың негізгі ұс­танымдары туралы келісім де бекітілді. Бұл құжатқа «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Д.Берлібаев пен «CNPC» компаниясының президенті Чжоу Цзипин қол қойды. Сонымен қатар ҚР Президенті екі ел ара­сын­дағы дипломатиялық қарым-қаты­настар орнаған 20 жыл ішінде ауқымды жол еңсеріліп, стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылғандығын ес­ке салды.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, Қазақстан мен Қытайдың осы жылдар ішін­дегі өзара сауда айналымы 25 млрд долларға жетіп отыр. 2015 жылға қарай бұл көрсеткішті 40 млрд долларға жет­кі­зу жөніндегі уағдаластық та бар. «Біздердің негізгі ынтымақтастығымыз – энергетика саласы. Қытай Халық Республикасы Қазақстан мұнайының 25 пайызын өн­діреді. Осы жылдар ішінде біздер Қазақ­стан арқылы 40 млрд текше метрге ар­налған ауқымды газ құбырын салдық. Өткен жылы менің бастамаммен салын­ған жаңа мұнай құбырымен шамамен он миллион тонна мұнай айдалды. Қазіргі уақытта осы құбырды кеңейту мәселесі қозғалуда», – деді Н.Назарбаев. Қазақстан мен Қытай басшыларының кеңейтілген құрамдағы келіссөздері барысында Си Цзиньпин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. ҚР Президентінің жыл сайынғы Боао сессиясына қатысу үшін келгеніне ризашылық танытқан Қытай басшысы: «Сіз ТМД мемлекеттері ішінен біздер осы жылы бірінші қабылдап отыр­ған елсіздер. Құрметті Президент, көп­теген жылдар бойы Сіз Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты нығайтуға көп күш-жігер жұмсадыңыз. Сіз ел­дері­міздің қарым-қатынастарының оң қа­лыптасуына орасан зор үлес қостыңыз. Мен мұны өте жоғары бағалаймын» деп атап өтті. Қытай басшысы осы жылы Қазақстан­ға арнайы сапармен барып қайтатынын жеткізді.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz