Мартин О’Хара, PhD докторы, ҚМЭБИ университетінің академиялық істер жөніндегі вице-президенті:
Наурыз мейрамы күнтізбе бойынша әлдеқашан аталып кетсе де, еліміздің түкпір-түкпірінде осынау ұлық мерекені атап өту көктем мезгілі жазға ойысқанша жалғасатын жазылмаған дәстүріміз бар. Осы орайда, таяуда республикамыздың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі, Қазақ менеджмент, экономика және бизнес институты шаңырағында Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтілді.
Әлемдік деңгейдегі сапалы білім беретін бұл оқу орнында бүгінде көптеген шетелдік ғалымдар дәріс беріп, әр елден жиналған студент жастар да заманауи білім мен ғылым саласын игеруде. Аталған білім шаңырағындағы мерекелік шараға университеттің оқытушылар құрамы мен студенттерінен басқа, есімдері елге белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, танымал өнерпаздар мен ақпарат құралдары өкілдері арнайы қонақ ретінде шақырылды. Оқу орны ұйымдастырған шара барысында қонақтар қазақтың қасиетті киіз үйінен наурызкөже сынды ұлттық тағамдардың дәмін татып, түрлі ұлттық спорт ойындары мен университеттің талантты студенттері ұйымдастырған мерекелік концертті тамашалады. Наурыз мейрамының осы білім шаңырағында барынша салтанатпен атап өтілуіне университеттің Тілдер орталығы мамандары бар ынта-жігерлерін жұмсағандығын да айта кетуіміз керек. Әр ұлттың өкілдері бір дастарқанда бас қосқан мереке сәтінде біз ҚМЭБИ университетінің академиялық істер жөніндегі вице-президенті, PhD докторы Мартин О’Харамен аз-кем әңгімелескен едік:
– Сіз Еуропа жоғары оқу орындарымен қатар, ұзақ жылдар Африка жеріндегі Уганда, Кения сияқты елдердің университеттерінде жетекші қызметтер атқарған ғалымсыз. Бүгінде қазақ жерінде жастарға білім беру ісінде өз тәжірибеңізді бөлісіп келесіз. Қазақстан сізді несімен қызықтырды?
– Мен әлемнің барлық құрлығында болып, көптеген елде қызмет етіп, ғылыммен айналысқанмын. Жұмыс орным мен тұрғылықты жерімді жиі ауыстыруға әбден бойым үйренген. Осы қалпым мені тың идеялар мен бастамаларға жетелейді. Десек те, Қазақстандағы білім беру саласындағы қызметімді жуық арада өзге мансаппен айырбастағым келмейді. Бұл елде мені қызықтыратын, маған таңсық дүниелер көп екен. Бұған дейін Қазақ елі туралы толыққанды, жан-жақты терең білмейтінмін. Өзім көп уақыт қызмет істеген Африканы айтпай-ақ қояйын, жалпы, бүгінгі Батыста қазіргі Тәуелсіз Қазақстан туралы әлі де болса оңтайлы көзқарас қалыптасып үлгерген жоқ. Меніңше, жылт етпе ақпараттар мен әлдекімдердің айтқанына сүйене салып, белгілі бір мемлекет, халық туралы атүсті ойлауға болмайды. Оған өзімнің көзім әбден жеткен. Мен Қазақстанға шақырту алғанда, бұл елдің Орта Азиядағы көшбасшы ел екендігін, посткеңестік кеңістіктегі қарқынды дамушы елдердің алдыңғы қатарында екендігінен аздап хабарым бар еді. Қазақтың дәстүр салты мен өмір сүру қалпын, түсінік-пайымы мен менталитетін өзімше ұғынып, өзгелермен салыстырғым келді. Кейін келе осында қызмет істеп жүріп қазақ халқының ерекше кеңпейіл, дарқан екенін, жастары бүгінгі заман көшінен қалмауға тырысып, алға ұмтылатын, ғылым мен білімге икемді екеніне көз жеткіздім. Бір қуанғаным, қазақтар өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін берік ұстанады екен. Бұл жерден де тамаша әріптес, достар таптым. Күллі әлем қауымдасып, араласып өмір сүріп жатқан қазіргі заманда әр ұлттың тамырлы дүниесін сақтап қана қоймай, оны уақыт талабына орай жетілдіріп отыруы маңызды.
– О баста сіз ғылымның геология саласына ден қойып, бірқатар елдерде арнайы зерттеушілер экспедициясына жетекшілік еткеніңізден хабардармыз. Бұл бағыттағы зерттеулеріңіз әлі де жалғасын таба ма?
– Уақыт өткен сайын ғылымға жастар көптеп келуде. Енді кезінде жинақтаған мол тәжірибемізді солардың бойына сіңіруіміз қажет. Соңғы жылдары ғылыми-тәжірибелік жұмыстарды шегере тұрып, академиялық басшылық қызметтерге ойысуымның бір себебі де – сол. Менің ҚМЭБИ оқу орнындағы қызметім өзіме ұнайды. Мұндай үлкен университетте жұмыс істеу әрі қызықты, әрі қиын. Менің мақсатым – осындағы қалыптасқан қағидаттарды бұзбай, керісінше әлемдік үрдістерді енгізе отырып, білім алуға жаңаша серпін беріп, университеттің дамуына өзіндік үлесімді қосу. Осы университеттің басшылық құрамына келгеніме көп уақыт бола қоймаса да, біршама жобаларды іске асыруға атсалысып жүрмін. Бүгінде Қазақстандағы білім жүйесі Болон үрдісі талаптарымен сәйкестендірілуде. Бұл ретте біраз серпілістер бар. Қай елде болмасын, білім саласы өте бір қиын сала болып табылады. Көп нәрсе ұйымдастырушылық жұмыстарға келіп тіреледі. Егер де біз жан-жақтан алған тәжірибелерімізді, өзімізге қажетті де тиімді жағдайда үйлестіре білсек, онда алға қойған мақсаттарымызға жеткеніміз.
– ҚМЭБИ-дің еліміздегі өзге оқу орындарынан ерекшелігі неде?
– Бұл университет солтүстікамерикалық білім моделі бойынша жұмыс істейтін ТМД-дағы жетекші жоғары оқу орны болып табылады. Бүгінгі таңда бұл оқу орнында құқықтану, журналистика, әлеуметтік ғылымдар, ағылшын тілін оқыту салаларының алты әртүрлі бағдарламасында төрт мыңдай студент оқиды. Әлемдік деңгейдегі оқу курсы халықаралық стандарттарға сәйкес құрастырылған; барлық сабақтар ағылшын тілінде жүргізіледі. Студенттер мен оқытушылар сабақта, сондай-ақ жұмыста институттың заманауи оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық базасын пайдалана алады. Олардың қатарында жоғары дәрежелі тілдер орталығы, ТМД-дағы аса ірі ағылшын тіліндегі кітапхана, қазіргі заманғы үлгідегі спорт орталығы бар. Осының бәрі жастардың толыққанды білім алуына жағдай туғызады.
– Ұзақ жылдардан бері дүниенің төрт бұрышын аралап, ғылым-білім игеріп жүрсіз. Өзіңіздің тегіңіз шыққан Ұлыбритания елін сағынасыз ба?
– Шынында да, жас кезімнен Англия, АҚШ, Канаданың белді жоғары оқу орындарында білім алып, кейін ғылымның соңына түсіп, әлемді шарлап кеттім. Әрине, кез келген адам өз отанынан жырақ кетсе, өз үйін, отбасы, жақындарын сағынбай тұра алмайды. Еуропаға барғанда қазақтың қымызы мен қазы-қартасын сағынатын шығармын…
– Әңгімеңізге рақмет!
Автор: Алмат ИСӘДІЛ