АЛТЫНОРДА
Новости

 Жасыл экономикаға қашан көшеміз?

Қазақстанның Экология министрі коммуналдық тарифтердің қатты көтерілуіне қарсы шықты. Қазақстанда «жасыл экономика» құруға арналған халықаралық жиын кезінде, кеше Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров журналистерге өз пікірін ашық айтты. Әйтпесе, соңғы кездері биліктегі шенеуніктер, әкімдер, тіпті монополияға қарсы орган басшыларының өздері су, жылу, жарық алпауыттарының сойылын соғып, олардың тарифтерін әлденеше есе көтеру қажеттілігін дәлелдей бастаған. Ақордадағы күні кешегі Кәсіпкерлер кеңесінің отырысында Елбасы осы істе халықтың ауқатына қарайлау қажеттігін ескерткен. Министрдің ұстанымы осымен үндес екен.


Халықаралық конференцияға қа­тысқан АҚШ елшісі Кеннет Фэйрфакс коммуналдық қызметтерді бюджеттен субсидиялаудың дұрыс еместігін, баға­ны босату керектігін нықтаумен болды. «Мемлекеттің қандайда бір жолмен ба­ғаға ықпал етуге талаптануы эконо­ми­ка­ның дамуына кері әсер ететін болады» дейді ол.  Бірақ Қазақстан халқының әл-ау­қатын америкалықтармен салыстыруға бол­майды. Кәсіпкерлер кеңесінің жиы­нында Қазақстан Көшбасшысы еліміз­­дегі отбасылардың жартысынан астамы – 55,6 пайызы 36 мың теңгеден аз орта­ша ай­лық табысқа, ал қалғанының 8 пайы­зы тіпті 15 мың теңгеден кем табысқа өмір сүруге мәжбүр екендігін мәлім еткен еді. Ал коммуналдық тарифтердің күрт қым­баттауы миллиондаған қазақ­стандық­тарды қиналтып, наразылығын өршітуі ғажап емес. Рас, Қоршаған ортаны қорғау ми­нистрі де қазіргі тарифтердің төменді­гін мойындайды. «Біз өте көп субсидия­лай­мыз. Энергетиканы да, тұрғын үй-ком­муналдық секторды да демейміз. Осы суб­сидиялар арқасында біз төмен тарифке қол жеткізіп отырмыз. Бірақ бұл тариф­тер осы жүйелерді жаңғыртуға, жаңаларын салуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан бәрі экологиялық тұрғы­дан лас, ескі технологияларда жұмыс жасау­­да. Ал халық солар шығаратын лас заттар­ды «ішеді», «жейді» және жаман экологияға шағымданады. Сондықтан кеше Пре­зидент тарифтерді ақырындап болса да көтеруге тура келетіндігін айтты» дейді Н.Қаппаров. Министр тарифтердің бірден қым­баттамауға тиістігін шегелейді.

– Олар ақырын-ақырын ғана өсуі керек,–деді ол. – Осы уақыт бойы олар онсыз да өсіп келеді. Экономика жақсарған сайын, тарифтер де жоғары болады. Яғни халық ауқаттанып, көбірек төлеуге қабілетті болғанда ғана тариф қымбаттауы қажет. Халықтың жоға­рылаған коммуналдық төлемдерді тө­леуге мүмкіндігі болуға тиіс. Сонымен бірге кәсіпорындар да бәсекеге қабі­леттілігін жоғалтпай, ондай тарифті төлей ала­тын болғаны жөн. Ендеше, ертең бірден алып, бәріне тарифтерді кө­теріп жіберуге, оларды әлемдік дең­геймен теңестіруге болмайды!  Онда ха­лық та төлей алмайды, отандық индус­трия да сол мезетінде күйрейді. Эко­но­мика бәсекеге қабілетсіз болып, кері кетеді. Н.Қаппаровтың айтуынша «саяси өнер» де осында: «тарифтер де ақырын­дап өсіп, жаңғыру басталуы қажет, экология да тазаруы керек, халықтың табысы да мұны еш қиналмай еңсеруге жеткілікті болуға тиісті». «Қазақстан ой­ластыруға тиісті кешенді үдеріс – осы» дейді министр. Кәсіпкерлер кеңесінде Мемлекет басшысы «жасыл экономикаға» көшу мәселесін көтерді. Экология министрі­­нің бағалауынша, қазір Қазақстан – «қоңыр экономикада» екен. Қазақстан «жасыл экономикаға» көшуге қаржы, ең басты­­сы, бағдарлама жөнінен дайын. «Жасыл экономика» стратегиясы қабыл­данған соң, біз осы көшуді бастаймыз. Бұл бір жылда жасалатын шаруа емес, ұзақ, 20-30 жылға жоспарланған бағ­­дар­лама бола­ды. Осы уақытта ақырын­дап, «жасыл эко­номикаға» көшеміз.  Нұрлан Қаппаров бұл үдерістің қан­ша қаржы шығындауды талап ететін­дігі туралы әзірге айту қиын екендігін жет­кізді. «Мен басқа елдердің мұны қалай жасағандығын айта аламын,–деді ол,–Мәселен, Қытай жалпы ішкі өні­мі­нің 1,5 пайызын «жасыл эконо­микаға» инвес­тициялау туралы міндеттеме қа­былдады. Корея «Жасыл даму» бағдар­ламасын қабылдағанда, ЖІӨ-сінің 2 пайызын бағыттауға шешті. Қазақ­стан қаншалықты батыл қимылдайтынды­ғын біздің стратегия көрсетеді». Журналис­тер ел Үкіметінің үлгіге Азия алпауыттары­ның қайсысының тәжірибесін алатын­дығын сұраған.

– Біз ойласатын, салыстыратын бо­ламыз. Үлгі-модель әртүрлі. Менің ойымша, бізге 1 пайыздан кем емес кө­лемде шығындау керек,–деді экология министрі. Ал жиын барысында Н.Қап­паров Қоршаған ортаны қорғау ми­нистрлігінің Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу стратегиясын қа­­­былдайтындығын хабарлады. Бір айта кетер жайт, қазіргі кезде Қазақстан Ақтауда атом электр станса­­сын салу мәселесін пысықтауда. Алайда кеше экология министрі АЭС қуаты­ның құны айналып келгенде, қымбат бо­лып шы­ғуы мүмкіндігін жоққа шығармады.

– Атомдық технология да таза тех­нология болып табылады, – деді Нұрлан Қаппаров. – Яғни ол атмосфераға лас заттар шығармайды. Бірақ радиоактивті қалдықтар мәселесі деген бар. Радио­активті қалдықтарды утилизациялау осы индустрияға «дақ» түсіреді. Мен атом­дық жобаларды қарау кезінде осыған айрық­ша көңіл бөлінуге тиіс деп ойлаймын. Сосын атом стансаларының экономи­калық модельдері, бизнес жоспарлары түзілгенде, олардың радиоактивті қал­дықтарын жою да есепке алынуға тиіс. Кеңес кезінде, бұрын бұл есепке алын­байтын. Енді атом энергетикасы қуаты­ның өзінік құнына, тарифке радиоак­тив­ті қалдықтарды жою кіруі қажет.
Министрдің мәліметінше, кезінде осыны ескермеген Батыс та қиындық­қа жолығыпты. «Мысалға, Еуропада өз тұ­сында, атом стансалары салынғанда, бұл мүлдем ескерілмеген. Кейін ондай қауіп­ті қалдықтарды утилизациялайтын уа­қыт жеткенде, мұның мемлекет иығына түсетіндігін бәрі түсінді. Олай болма­ған­да, атом стансасы өндіретін электрі­нің құны күрт қымбаттайды. Қазір бүкіл Еуропа бұл саясатын қайта құрды. Енді оларда АЭС-тер моделін қараған кез­де, бірден және міндетті түрде оның тари­фіне радиоактивті қалдықтарды жоюды кіргізеді» деді ми­нистр Н.Қаппаров.

Елдос Сенбай

http://www.aikyn.kz