АЛТЫНОРДА
Новости

Аграрлық ғылымды дамытпай, ауыл шаруашылығы алға баспайды

2011 жылдың 20 қазаны күні Елбасы Жарлығымен белгіленіп, елімізде екінші рет кең көлемде тойланып жатқан 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні мерекесінің қарсаңында Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Қазақстан аграрлық ғылымының дамуы» атты дөңгелек үстел өтті. «Қазақстан – 2050» стратегиясы: білім – ғылым – инновация» республикалық форумының аясында өткен шараны ұйымдастырушылар – Қазақ ұлттық аграрлық университеті, ауылшаруашылық ғылымдарының академиясы, Ұлттық биологиялық орталық, М.Айтқожин атындағы молекулярлық биология және биохимия институты, Микробиология және вирусология институты сияқты аграрлық ғылым және ауыл шаруашылығы саласына тікелей қатысы бар ғылыми мекемелер. 


Жиын қатысушылары еліміздің аграрлық ғылымындағы бүгінгі жағдай, агроөнеркәсіп кешеніндегі энергия үнемдеу технологиясы, мал шаруашылығы мен мал азығы өндірісін, суғару жүйелерін жаңғырту, суармалы және шалғайдағы жайылымдық жерлерді сумен қамтамасыз ету, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламаларын қалыптастыру мәселелерін талқылады. 

Image

Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик:
– Ғылымның адамзат, мемлекет тари­хын­­дағы және адам өміріндегі орны ай­рықша. Бүгінгі күні елімізде ғылымды да­мытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ел­­ба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаев ғылымға үне­­мі қолдау көрсетіп келеді. Ұлт Көшбас­шы­сы өзінің «Қазақстан – 2050» стра­те­гия­сында ауылшаруашылық өнімдеріне де­ген жаһандық сұраныстың артуы жағ­дайында ауыл шаруашылығын ауқымды жаңғырту мәселесін ерекше атап көрсетті. Осыған орай Үкіметке биылдың өзінде еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жыл­ға дейінгі дамуының жаңа бағдар­ла­ма­сын қабылдауды тапсырды. Бұл бағ­дарламаны жүзеге асыру үшін сегіз жыл ішінде 3 триллион 122 миллиард теңге жұм­­сау көзделіп отыр. Бұл 2020 жылға қа­рай ауыл шаруашылығын мемлекеттік қол­даудың көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Әрине, белгіленген ме­жені ба­ғын­дыру үлкен ұйымдастыру ша­раларын, есе­лі еңбекті талап етеді. Бұған біздің универ­си­тетіміз де өзінің лайықты үле­сін қо­­са­тыны сөзсіз. Мәселен, биылғы 22 ақ­панда университетімізде Ауыл шаруа­шы­лығы вице-министрі Мүслім Өмі­рияевтің қа­тысуымен өткен респуб­л­и­калық се­минар-кеңесте ветери­на­рия­лық қауіп­сіздік мәселелері табысты ше­шіл­­месе, мал шаруашылығын дамыту, мал шаруа­шылығы өнімдерінің бәсекеге қа­білеттілігін қамтамасыз етіп, оларды ха­лы­қаралық нарыққа шығару өте қиын бо­латындығы айрықша бөліп айтылды. Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін биыл «Жасыл көпір» халық­аралық ұйымы құрылады. Астанада өте­тін ЭКСПО-2017 көрмесі де жасыл эко­номиканың дамуына күшті серпін бе­­ретіні сөзсіз. Қазақстан ғылымы да эко­номиканың сұранысына қарай бағыт алуы тиіс. Мемлекет басшысы біздің алдымызға ғылыми-зерттеу жұмыстарын әлемдік деңгейге көтеру және оны ин­новациялық үрдіспен тікелей ұштас­тыру­дай екі маңызды міндет жүктеді. Сондай-ақ ғаламдық экономиканың жаһандануы, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру де өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл ға­лым­дар мен кәсіпкерлердің алдына жаңа талаптар қоюда. Сондықтан біз ауқымды ха­лық­аралық ғылыми-зерттеу жоба­ла­рына белсенді қатысуымыз, әлемдік ма­ңызды нәтижелерге қол жеткізуіміз ке­рек. Ол бізге әлемдік ғылыми үдерістерге тиімді интеграциялануға мүмкіндік береді. Жалпы, қойылған міндеттердің та­быс­ты жүзеге асырылуын білім, ғылым және өндірістің өзара тығыз интегра­ция­лануы ғана қамтамасыз ете алады.

Валентин ДВУРЕЧЕНСКИЙ, Қостанай ауыл шруашылығы ҒЗИ бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері:
–Мен ғылыми-зерттеу институтын әрі шаруашылық басқарамын. Институтта әзір­ленген жаңалықтарды бірден тәжі­рибеде қолдану жүйесін енгіздік. Бұл – өте тиімді. Өйткені институт зерттеулер жүр­гізеді, ал өндіріс оны қолданысқа енгізеді. Сон­дықтан бізге ғалымдар да, өндіріс өкіл­дері де жиі келіп тұрады. Ғылым қазір ең жоғары деңгейде. Біздің басты кем­ші­лігіміз – іс жүзінде іргелі ғылыммен бай­ланысымыз жоқ. Ал топырақтану, егін­шілікті зерттеу ғылымдарында қаншама жаңалықтар болып жатыр! Сонда ғалым­дар ашқан жаңалықтарды кім өндіріске тран­сформациялайды? Жалпы, өнді­ріс­пен тығыз байланыс орнатпай, іргелі ғы­лымның дамуы өте қиын. Менің өзім ой­лап шығарған өнертабысым бар. Оны Ре­сейдің Омск қаласында шығарамын. Бі­рақ маған өз елім жақын ғой, мен со­ның дамуы, гүлденуі үшін еңбек етуім ке­­рек. Өкінішке қарай, сол құралды өзі­мізде шығаруға ешкім ұсыныс білдірген жоқ. Біздің жүйені қолданғанда он бес жыл ішінде әр гектардан алынатын астық өнімділігі екі есе артты. Қазір жерді жыр­та-жырта «өлтіріп алу» алдында тұрмыз. Еліміздің табиғаты, топырақ құрамы та­маша. Оны тек ғылыми негізде дұрыс иге­­ріп, тиімді пайдалана білуіміз керек. Мен алғашында екі жыл жұмыс істеуге ке­­ліп едім, табиғатты сүйіп қалғаным сон­ша, осы жерде қалып, әлі күнге еңбек етіп келемін. Ешқайда да кеткім келмейді. Бізде білімді, білікті, қоғамға мол пайда кел­тіретін өнертабыстары жеткілікті ға­лым­дар аз емес. Бірақ соның бәрі ғы­лым мен өндірістің арасындағы байланыстың нашарлығынан ел игілігіне жаратылмай жатыр. Сондықтан кез келген пайда кел­тіретін ғылыми жаңалық іркіліссіз қол­данысқа енгізілетіндей жағдай жасау ке­рек. Ол үшін ең алдымен ғылым мен өн­дірістің арасында тығыз байланыс ор­нату қажет.

Нағима АЙТҚОЖИНА, М.Айтқожин атындағы молекулярлық биология және биохимия институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик:
– Елбасы отандық ғылымдағы зерт­теу­­лерді әлемдік деңгейге көтеру, әсіресе, қол­данбалы ғылымды өндіріс пен биз­неске барынша жақындату, жаңа техно­ло­гияларды енгізуге ынталандыру, ғалым­дар­дың жаңа толқынын даярлау мін­дет­терін қойып отыр. Аграрлық ғылымды дамыту­дың негізгі бағыттарының бірі – бәсекеге қабілетті ғылыми әзірлемелер дайындау үшін іргелі және қолданбалы зерттеулердің деңгейін агроөнеркәсіп кешенін тиімді дамытуға мүмкіндік беретіндей дәрежеге көтеру. Соңғы он бес жылдағы ауыл
шар­уа­шылығындағы жүйелі дағдарыс кей аймақтарда АӨК-тің азық-түлік өндіру әлеуетін, фитосанитарлық және эко­ло­гиялық жағдайды айтарлықтай төмендетіп жіберді. Сонымен бірге ХХІ ғасыр – жоғары технологиялар мен өмір сапасы­ның жоғары стандарттары ғасыры болып отыр. Әлемнің ең дамыған елдері жаңа технологиялық укладқа өтіп кетті. Оның негізгі сипаттары – энергия үнемдеу жә­не басқа да озат жаңа технологиялар. Атап айтқанда, биотехнология, өсімдіктер мен жануарлардың тұқымдарын асыл­дан­дыру, нанотехнология және жетілген ақпараттық жүйелерді қолдану. Мақсатты түрде жалпыәлемдік бірыңғай эконо­ми­калық және ақпараттық жүйе қалыптасып жатыр. Еліміздің агроөндірістік кеше­нінде қалыптасқан жағдай бұл саланың трансұлттық компанияларға тәуелділігін арттырып жіберуі мүмкін.
Соған қарамастан, соңғы жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінің бай­қауларында жайлаулар мен егістік ал­қаптарды тиімді пайдалану, өсімдік қор­ғау, егін және мал тұқымын асылдан­дыру жөнінде мол тәжірибесі бар бұрынғы ака­де­миялық институттардың жобалары өт­пей қалатын болды. Ондай жақсы жо­балар өз елімізде көптеп дайындалып жат­­са да, біздің ғалымдарымыз мем­ле­кет­тің қыруар қаржысын шығындап, шетелдерге шығатын әдет шығарды. Бі­рақ шетелдік ғалымдармен бірлікте жүр­гізілетін зерттеулер тең негізде өт­кі­зіл­мейді. Көп жағдайда олар сауатты жа­зылып, әсем безендірілгенімен, ел эко­номикасына беретін пайдасы нақты тия­нақталмайды. Сонда да солар жоғары б­аға алып, мемлекеттің грантын иемденіп ке­те береді. Сондай-ақ жүзеге асыруға кадр­лық, техникалық мүмкіндігі жоқ жо­баларды ұсыну жағдайлары да байқалады. Қа­зіргі кезде мемлекет ғылыми зерт­теу­лерге аз қаржы бөліп отырған жоқ. Мә­се­ле оны ғылыми зерттеулердің деңгейін кө­теру, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, қажетті мамандарды даяр­лау, бәсекеге қабілетті өнім өндіру, әлем­дік ғылыми қауымдастыққа өз ба­сы­лымдарымызда басылған сапалы жа­рия­ланымдарымен ену тұрғысынан қалай тиім­ді пайдалануда! Ғылым – өнер сияқ­ты ерекше шығармашылық сала. Бұл жер­де басқарудан гөрі, үйлестіру, ғалым­дардың нәтижелі жұмыс істеуі үшін жағ­дай жасау маңызды. Ол үшін мемлекет тара­пынан тапсырыс болып, ғалымдармен өза­ра тығыз әріптестік орнатылуы тиіс.

Амангелді САДАНОВ, Микробиология және вирусология институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
– Ғылым мен өндірістің, ғылыми ме­кемелердің, білім, ғылым, инновацияның интеграциясы туралы қашанғы айта бе­реміз? Іске көшу керек! Ғылым – зерт­теу, әзірлеу, енгізу деген негізгі үш бөлім­нен тұ­рады. Зерттеу терең жүргізілуі тиіс. Бі­рер уақыт өткен соң одан әзірлеме туа­ды. Енді сол әзірлеме өндіріске қалай ен­г­і­зілуі керек? Кез келген іргелі ғылым соң­ғы нәтиже бермейтін болса, басқаша айт­қанда, өндірістік қолданысқа енгізіл­мей­тін болса, ол – мемлекетті, өз-өзімізді ал­дау деген сөз. Ондай ғылым кімге керек? Бізде 80 жылдық тарихы бар, бірақ осы жылдар ішінде бірде-бір ғылыми жа­ңа­лығы өндіріске енгізілмеген ғылыми-зерттеу мекемелері де кездеседі. Онда оның не қажеті бар?
Қазір мемлекеттің талабы басқа. Жүз бет есеп жазып, мемлекеттің 100 миллион ақ­­шасын алатын заман кетті. Соңғы грант­­тық байқауда 90 пайыз жоғары оқу орын­дарының жобалары өтпей қалды. Неге? Әрине, мен біздің ғалымда­ры­мыз­дың кәсіби біліктілігі төмен деуден аулақпын, олардың басым көпшілігінің өзін­дік орны бар. Бірақ біз көп жағдайда байқау жарияланудан жобаларды апыл-ғұпыл асығыс дайындаймыз. Сол себепті кемшіліктерге жол береміз. Сондықтан әр кафедрада алдын ала мұқият дайын­далған бірнеше жоба болуы керек. Біз қазір өзіміздің институтымыздың жа­ны­нан зертхана аштық. Келіп, бірге жұмыс істейік, ғылыми зерттеулер жүргізейік дей­тін мекемелер болса, есігіміз ашық. Егер бүкіл ғалымдар қауымы бірігіп жұ­мыс істесек, бірімізді-біріміз толықты-рып отыратын болсақ, ғылыми әзірле­ме­лерді дайындау мерзімі, оларды өндіріске ен­гізу үдерісі де жеделдейді. Түптеп кел­ген­де, бұдан ұлттық экономикамыз, елі­міз, хал­қымыз ұтады деп ойлаймын. Сон­да ға­на еліміздің өркендеуіне отандық ғы­­лым лайықты үлес қосатын болады.

Ахметқал МЕДЕУ, География институтының директоры, география ғылымдарының докторы, профессор:
– Су – басқа  еш нәрсемен  салыстыру­ға кел­мейтін бірден-бір өмір нәрі. Мұны аг­рарлықтар өзгелерден де жақсы түсінеді. Өйткені ауыл шаруашылығы мұқтажды-ғы үшін бізге аса көп көлемде су қажет. Сон­дықтан Мемлекет басшысы сумен қам­та­масыз ету проблемаларын шешудің ең озат тәжірибелерін мұқият зерделеп, елі­мізде елеулі қоры бар жерасты суларын өндіру мен үнемді пайдаланудың озат тех­нологияларын енгізуді міндеттеп отыр. Осыған орай, Үкіметке қоғамы­мыз­­дағы ой-сананы түбегейлі өзгертіп, суды ысырап етуді тоқтату, 2020 жылға қарай тұр­ғындарды ауызсумен қамта­масыз ету, 2040 жылға қарай суару проб­лемаларын шешетін ұзақмерзмді бағ­дар­лама жасауды тапсырды. Бұл – нақты, аса ауқымды, мақ­сатты міндет.
Осы бағытта су шаруашылығы мәсе­ле­лерімен айналысатын ғалымдар Қа­зақ­станның су ресурстарын айқындайтын 30 томдық монография шығарды. Оларда біз су ресурстарының қазіргі жағдайы, қай жерлерде су ресурстары жетіспейді, келешекте бұл түйткіл қалай шешіледі, 2020 жылға қарай су қорларын пайда­лану­дың болжамды мөлшерлері қандай бо­латынын айқындадық. 1968 жылғы зерт­теулер бойынша Қазақстанның су қоры 126, 6 текше шақырым деп көрсетіл­ген еді. Қазір бұл көрсеткіш 100,5 тек­ше шақырымды құрайды. Демек, елі­міздің су қоры 26 текше шақырымға не­ме­се 20 пайызға кеміп кетті деген сөз. Ке­лешекте қалай болмақ? Біз елімізге өзен­дер арқы­лы келетін климаттық ағын су­дың көлемі 115 текше шақырым бола­ты­нын анық­та­дық. Пайдаланудан соң одан 91,3 текше шақырым су қалады. Ал – біз­дегі негізгі 8 өзеннің 7-еуі – транс­ше­ка­ра­лық өзен­дер. Бұл біздің су жөнінде өз­ге­лерден тә­уел­ді ел екенімізді білдіреді. Қа­зақ­стан­ға қажет судың көлемі – 87,6 тек­ше шақырым. Бұл – орташа жауын-ша­шынды жылдардағы көлем. 2020 жылға қа­рай ағын судың көлемі жылына 80 тек­ше шақырымды, ал 2030 жылға қарай  72 тек­ше шақырымды құрайтыны немесе біз­дің тұтыну мөлше­рі­мізден едәуір аз бо­латыны болжалы­нылып отыр. Бұл – елі­міз­дің су ресурста­рына тө­не­тін тікелей қа­тер.
Бүкіл судың 89 пайызы бізде ауыл шаруа­шылығында пайдаланылады. Бұл са­лада шешілмеген түйткілдер тым көп. Өйткені жердің басым бөлігі жеке­мен­шік­ке өтіп кетті. Мұндай жағдайда олар­дың мүдделеріне зиян келтірмей, су шаруашылық  жұмыстарын  жүргізу  мүм­кін емес. Сондықтан шағын шаруа қо­жа­лықтарын ірілендіріп, жоғары тех­но­логияларды қолданатын агрофирмалар құру – аса өзекті. Біздің ең ірі өзенде­рі­міз­дің бірі – Қара Ертіс. Қазір көрші Қы­тай осы өзен­нің өз аумағында жинақ­талатын 9 тек­ше шақырым судың 2,5 тек­ше шақы­ры­мын алып отыр, келешекте 6,5-7 тек­ше­ шақырымына дейін алуы мүм­­­кін. Өйт­кені бұл ел соңғы он жылда осы өзен бойы­нан 2 миллион гектар егіс­тік жер игер­ді. Ал Қара Ертістің Қа­зақ­стан жа­ғын­да жылына 25 текше шақырым су пай­да болады. Егер бұл судың жар­тысын алып, тиімді пайдаланатын бол­сақ, елі­міздің бес облысында ірі агро­фирмалар құ­рып, кем дегенде 1 миллион гектар жер­ді сумен қамтамасыз етіп, ауыл шаруа­шылығы өндірісін дамытуға мүм­кіндік туады. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысына да аса маңызды.

Абай САҒИТОВ, Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантині ҒЗИ директоры, биология ғылымдарының докторы, академик:
– Бізде қазір өндіріске енгізетін дү­ние­лер көп. Олардың бәрі сөрелерде жа­тыр. Десек те, аграрлық ғылымға бө­лі­ніп жатқан қаржы тым аз, бар-жоғы 3 мил­лиард теңге ғана. Оны әр институтқа бөл­генде орташа 100 миллионнан, тіпті одан да аз мөлшерде тиіп, олардың бар­лы­ғы дерлік сол болмашы қаржыға жұ­мыс істеуге мәжбүр. Соған қарамастан, біз ауылшаруашылық дақылдарының өнім­ділігін арттыру бойынша біраз жұ­мыс атқардық. Мысалы, Алматы облы­сы­ның шаруашылықтары өткен жылы май­бұр­шақтың әр гектарынан орташа 10 цент­нер­ден өнім алды. Ал біз бұл көр­сет­кішті өзіміз ойлап тапқан технология бойынша 50 центнерге дейін жеткізуге болатынын дәлелдеп отырмыз. Оның құрамында 35 пайызға дейін мал майының ақ уызы бар. Бұл дақылсыз мал шаруа­шылығын өр­кендете алмаймыз. Өйткені ол азықтық мақсатта әлемнің барлық қару­лы күш­те­рінде қолданылатыны сияқ­ты, жұғымды мал азығы ретінде де көптеген елдерде қолданылады. Өткен жылы Талдықорған маңайындағы бір шаруашылық гекта­рынан 4 тоннадан өнім алды. Қожалық басшысының риза болғандығы сонша, ол біздің ғылыми кеңестің бір отырысына келіп, бірнеше қызметкерімізге 1 миллион теңгеден сыйақы беріп кетті. Бұл нақты көрсеткіш емес пе?! Сондай-ақ мақтаның өнімділігін арттыру бойынша да ғылыми-тәжірибелік жұмыстар жүргізіп жатыр­мыз. Бізде өнім­­ділікті күрт арттыруға мүмкіндік бе­ретін өзіміздің отандық ғалымдар ойлап тапқан жаңалықтар мен биологиялық белсенді заттар, препараттар жет­кілікті. Біздің өзіміз биоагенттер шы­ғара­мыз. Бүгінгі күні бүкіл әлем химия­лық улы зат­тардан бас тартып жатыр. Тіп­ті көрші Өзбекстанның өзінде кім хи­миялық улы препарат қолданатын бол­са, жауапкер­шілікке тартады. Өйткені олар пайдалы жәндіктерді де құртып жі­береді. 99 пайыз қатерлі ісік ауруларын ша­­­қырады. Қазір еркектердің де, әйел­дер­дің де 70 пайызғы жуығы бедеу. Жас бала­лардың иммунитеті төмен болған­дықтан, өлім-жітім көп. Пес­­тицидтерді қол­дану топырақтың құ­нар­­лылығын жыл­дан-жылға кемітіп, ке­рісінше, ауру түрлерін ұлғайтып ба­ра­ды. Сондықтан ауыл шаруашылығында биоагенттерді қол­дану – азық-түлік қауіп­­сіздігі, халқы­мыз­дың денсаулығы тұр­­ғысынан өте-мө­те маңызды. Жаңа ма­ған дейін сөйлеген әріп­тестерім дұрыс айтты, бізде тек өзара ты­ғыз ынтымақ­тас­тық, бір-біреуді қолдау ға­на жетіспейді. Ин­теграция дегеннің өзі сол өзара іс-қимыл бір­лігі емес пе?!
Микробиология институтының ға­лым­дары шығарған препараттардың тиім­ділігі өте жоғары, мен оларды тікелей өзім сынақтан өткіздім. Олардың барлығы басқа биологиялық белсенді заттармен қосылып, жоғары өнімділік береді. Қазір бү­кіл әлемде саңырауқұлаққа деген сұра­ныс артып келеді. Өйткені ол азықтық өнім ретінде адамның өмірін ұзартуға сеп­тігін тигізеді екен. Оны қытайлықтар біз­ден алып өсіріп, қайтадан өзімізге қан­ша ақшаға сатып жатыр. Неге соны өзіміз өсір­меске?! Сондықтан бізге нарықтың бү­гінгі және келешектегі сұраныстарын ал­дын ала зерттеп, ұлттық экономикамыз үне­мі ұтыста болатындай деңгейде бір­ле­сіп, бір-біреуге тізе қосып, әрбір жаңа­лық­ты ел игілігі үшін жедел жүзеге асы­рып, уақыттан оза жұмыс істеу қажет. Бү­­гінгі күні ғылымсыз ауыл шаруа­шы­лы­ғын­да, мал шаруашылығында таза, тиім­ді, құнарлы өнім ала алмаймыз. Осы тұр­ғыдан Аграрлық университеттің жа­ны­нан биофабрика ашылса, дұрыс болар еді.

Айбын ТӨРЕХАНОВ, Микробиология және вирусология институтының бөлім жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:
–Бүгінгі өзекті мәселе – ғылыми же­тіс­тіктерді өндіріске енгізу. Ол бізде жет­кілікті. Институтта қазір өндірістің тала­бы­нан шығып жатқан биологиялық пре­парат бар. Оның бірі – Риковит-АКС, екін­шісі – Казбиосил. Риковит-АКС то­пырақтың биологиялық азотпен баюына ық­пал ету арқылы ауылшаруашылық да­қылдарының өнімділігін 7 центнерге дейін арттыруға тікелей әсер етеді. Ал казбиосил – дақылдардың құнарлылығы мен жұғымдылығын арттырады. Ең бас­тысы, бұл екі биологиялық препарат та жемшөптік дақылдардың шіруін кемітіп, эко­логиялық таза өнім алуға мүмкіндік бе­реді, шығыны аз. Оларды қолдану тә­сіл­дері де қиын емес. Қазір олар еліміздің бес облысында 60 мың гектардан аса жер­де 1 миллион тоннадан астам силос даяр­лау­да қолданылып отыр. Барлық құқық­тық құжаттары, тауарлық белгісі бар. Сон­дай-ақ біздің институтымыз егіс ал­дын­да себілетін дәрілерді де шығарады. Олар да ауылшаруашылық кәсіпорын­да­рында кеңінен қолданылып жүр. Өйткені бұл дәрілер тұқымдардың бір мезгілде дүр­кіреп көктеуіне ықпал етеді. Мұндағы көр­сеткіш 90 пайызға дейін жетеді. Ал се­білген тұқымның барынша толық көк­теп шығуы болашақ мол өнімнің басты ке­пілі екені барша жұртқа мәлім.

Алексей РАУ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик:
– Мен суармалы егін шаруашылығы жә­­не шалғай жайылымдарды пайдалану­ды жаңғырту турасында бір-екі ауыз ай­тайын. Суармалы егістік Қазақстан үшін әсі­ресе, қуаңшылық жылдары баламасыз бағыт. Өткен ғасырда біздің республи­ка­мыз­да 2,3 миллион гектардан астам жерде суару жүйелері жасалған еді. Осы жерден біз бүкіл республикада өндірілетін егін өнім­дерінің 25 пайыздан астамын алушы едік. Ал күріш, мақта сияқты бағалы өсім­­­діктер тек суармалы жерлерде өсі­рі­ле­ді. Егер бұрынғы жылдары ауылшаруа­шы­лық дақылдарының орташа түсімділігі жақсы, ғылымның қаржымен қамтамасыз етілуі жоғары болса, тәуелсіздік жылда­рын­­да біз дерлік 1 миллион гектар суар­ма­лы жерді айналыстан шығарып алдық. Мұның екі себебі бар. Біріншісі – суар­ма­лы жерлер параметрінің топырақ ге­незисіне сәйкессіздігі болса, екіншісі –  суару жүйе­лерін дұрыс пайдаланбай қиратып алу. Мұның бәрі ақырғы есепте жердің азып-тозуына әкеліп жатыр. Мұны ақшамен есеп­тейтін болсақ, еліміз бүгінгі күні сол жер­ді пайдаланбаудың сал­дарынан жы­лына шамамен 700 мил­лиард теңгеден қағылып отыр. Бұдан басқа, суды үнемдеу және су қорларын басқару ісі сын көтер­мейді. Бізде суды пайдалану көрсеткіші дамыған елдермен салыстырғанда 6-8 есе төмен. Сондықтан суды үнемдеу техноло­гия­­ларын енгізу, суару жүйелерін жаңғыр­тып, қайта қалпына келтіру, су қорларын басқаруды мемлекеттік реттеу – біз үшін ең маңызды, ең өзекті мәселе. Сондықтан біз бүгін суар­малы жерлердің өнімділігін арт­­тыру бойынша бағдарлама жасап жа­тырмыз. Бірақ оны жасау басқа да, бағ­дарламаны өндіріске енгізу, оның пай­да­сын ел эко­номикасына жарату басқа. Бұл жерде Үкіметтің нақты қолдауы, шаруа­­шы­лық нысандарының мүдделілігі, ғы­лыми ме­кемелердің ынтымақты әрекеті ке­рек.

Түйін: 

Дөңгелек үстел қатысушылары жиында айтылған ұсыныс-пікірлердің бәрін ескере отырып, еліміздің азық-түлік өнімдерін молынан өндіруге, сол арқылы халқымыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндігі бар екенін атап көрсетті. Сол арқылы отандық агроөнеркәсіп саласының әлемдік аграрлық нарыққа белсенді интеграциялануына жағдай жаратылатыны да ескерілді. Өйткені қазіргі жағдайда әлемдік қауымдастық азық-түлік саласындағы қауіпсіздік пен ауыл шаруашылығын дамытуды әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыты ретінде қарастыруда. Жаһандық дағдарыс интенсивті өсу факторына негізделген экономикалық дамудың жаңа үлгісін құрудың өзектілігін айқындап отыр. Осыған байланысты қалыптасқан және азық-түлік нарығының болжамды беталысы азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамуға жетудің маңызды бағыты – ауыл шаруашылығын орнықты дамыту, ол үшін қажетті бағдарламаларды әзірлеп, жедел әрі тиімді жүзеге асыру қажет. Бұл – аграрлық ғылымды дамыту арқылы ғана іске асатыны айқын. Онсыз ауыл шаруашылығын дамыту, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкін емес!

Дөңгелек үстел басына жиналып, саладағы түйткілдерді таразыға салған, оларды шешу жөнінде өз ойларын білдірген мүйізі қарағайдай ғалымдардың пікірлерінен шығатын ортақ қорытынды – осы. Жиын қатысушылары осы мазмұнда шешім қабылдады. Оны Үкіметке, басқа да тиісті мемлекеттік ұйымдарға жеткізу ұйғарылды.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

http://www.aikyn.kz