Еліміздегі бірқатар БАҚ «Алматыда 50-ден астам көшенің атауы өзгертіледі. Көшелердің атауын ауыстыру үшін мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы жұмсалады» деген алып-қашпа ақпарат таратты. Біз осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Алматы қалалық әкімшілігі Тілдер басқармасының ономастика жөніндегі бөлімінің мамандарымен тілдескен едік.
Ресми дерекке жүгінсек, Алматыда екі мыңға жуық көше бар көрінеді. Осы көшелердің 158-нің атауы ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында өзгертіліпті. Сондай-ақ 458 көшеге жаңа атау беріліпті. Алматы қалалық әкімшілігі Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ономастика бөлімінің бастығы Өтепберген Қалабайдың айтуынша, қала аумағында сонау кеңестік кезеңдегі атауымен әлі күнге келе жатқан 100-ге жуық көше бар екен. Дегенмен дәл осы көшелердің атауының басым көпшілігі әлдеқашан ескірген.
Анықтама
«Қазақстан Республикасының ономастика мәселелері жөніндегі кейбір заңдық актілеріне өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» Заңы өз күшіне енген осы жылдың 24 сәуірінен бастап көшелердің атауларына қатысты жұртқа жарияланған ақпараттардағы грамматикалық қателер үшін қатаң түрде айыппұл салынатын болды. Мысалы, егер қате бір жыл ішінде қайталанса, онда шағын кәсіпкерлік пен коммерциялық емес құрылымдардың лауазымды басшыларына 10 АЕК –МРП ( АЕК – 1731 теңге), ал орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілерінің басшылары болып табылатын заңды тұлғаларға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
– Үстіміздегі жылғы 21 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 72-V заңы қабылданды. Бұл заң биыл 24 сәуірде толық күшіне енеді. Осы Заңның негізінде, Үкіметтің бірқатар нормативтік құқықтық актілері де қабылданады. Ел Үкіметінің дәл осы заңнамалық актілеріне сәйкес Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы ономастикалық комиссияның жаңа құрамы мен Ережесі қайта бекітілмек. Жаңадан құрылатын комиссияның құрамына белгілі ғалымдар, қоғамдық ұйымның жетекшілері, қалалық мәслихаттың депутаттары, БАҚ пен мемлекеттік мекеме басшылары енгізілмек. Бұған қоса, жаңа қабылданған заң бойынша қала аумағындағы шағын аудандарға, көшелерге, мекемелерге атау беру мәселесі Республикалық ономастикалық комиссиямен міндетті түрде келісіледі. Бір ескерте кететін жайт, аса көрнекті мемлекет және қоғам, сондай-ақ ғылым мен мәдениет қайраткерлері және ел алдында айрықша еңбек сіңірген танымал адамдар қайтыс болған күннен бастап кемінде бес жыл өткен соң олардың есімдері беріледі. Осы заңда көрсетілгендей, тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық та қатайтылады. Деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру жөніндегі талаптарды бұзған лауазымды тұлғаларға алдымен ескерту беріледі. Егер бұл талап орындалмаса, онда шағын және орта кәсіпкерлік болып табылатын заңды тұлғаларға заңда белгіленген мөлшерде айыппұл салынады. Мысалы, қазіргі күні басқарма тарапынан жүргізілген тексеру барысында қаладағы көрнекі ақпараттар мен жарнамаларда тіл туралы заңнаманың бұзылуын дәлелдейтін 500-дей қате анықталып отыр. Ал Алматы қаласының атауын «Алма-Ата» деп өзгертуге байланысты мәселеге тоқталсақ, өткен жылы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов «Алматы» атауының ешқандай да өзгермейтіні туралы шегелеп айтқан болатын. Демек, «бүйректен сирақ шығарып», тұрғындарды дүрліктірудің ешқандай қажеті жоқ, – деді бізге Алматы қалалық әкімшілігі Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ономастика бөлімінің бастығы Өтепберген Қалабай.
Дерек-дәйек:
Алматы облысы аумағындағы кейбір елді мекендердің Алматыға қосылуына байланысты 165 көше атауының қайталанатыны анықталды. Ал осындағы 50-дей көшенің атауы тарихи тұрғыдан ескірген. Атап айтқанда: Ленин, Комсомол, Пионер, Коммунар сияқты көшелер. Бұл көшелердің атауын заңнамаларда бекітілген тәртіпке сәйкес кезең-кезеңмен ауыстыру жоспарлануда.
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ