АЛТЫНОРДА
Новости

Студенттік фестиваль – қазақстандық жоба

Мюзикл, әзіл-сықақ, би, вокал және, ең бастысы, жастық жігер! Алматыда Nauryz Jam-2013 студенттердің ІІІ музыкалық-хореографиялық фестивалі өтті. Алдағы уақытта таңдаулы оқу орындары арасындағы өнер байқауының талаптары күрделене түсіп, ауқымы да кеңеймек.

Nauryz Jam-2013-тің гала-концерті Б.Шо­лақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында өтті. Қорытынды сайысқа жеті команда іріктелген. Олар: Алматы эконо­ми­ка және статистика академиясы, Сүлей­ман Демирел атындағы университет, Ал­маты энергетика және байланыс универ­си­теті, «Тұран», Абылай хан атындағы Қа­зақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Халықаралық ІТ уни­верситеті және Халықаралық бизнес ака­демиясы. Сайыстың шарты бойынша ко­ман­далар екі нөмір ұсынуы керек болды: алдымен – бас демеуші Samsung-тің жаңа смартфонына арналған промо-нөмір жә­не жастардың достық ұғымы жөніндегі мю­зиклі. Бұл күні бүгінгі заман жастары шығармашылық ойының ең озық үлгілері салтанат құрды. Үшінші болып өнер көр­сет­кен Сүлейман Демирел университеті қыз-жігіттерінің биі сарай толы көрер­мен­нің бәрін таңдай қақтырды. Мінсіз хорео­гра­фия, сымбатты пластиканы көріп ләз­зат аласың. Студенттер 90-жылдары өткен ба­лалық шақтарын көз алдымызға әкелді. Қазіргідей интернет болмағанымен, өзін­дік технологиялық жаңалықтары бар, қам­сыз, қызық дәурен еді. Бритни Спирс­тің ыр­ғақ­ты әуеніне елітпегендер болмаған шы­ғар?! Сүлеймандықтардың «ИК-порт­пен бір-бірімізге сурет жіберетін едік қой» деген әзілі де сол кезеңді еске салды. Мю­зиклдердің қай-қайсысы да тәнті етті. Алматы энергетика және байланыс уни­вер­ситетінің отты шоуы мен қыздар ара­сын­дағы достық жайлы күлкілі көрінісі, Ха­лықаралық бизнес академиясының ұя­лы телефон дүкеніндегі елестер туралы хо­реографиялық нөмірі мен роботтар жайлы мюзиклі, тұрандықтардың ариялы, рок-н-ролды көріністері – бәрі-бәрі тамаша бол­ды. Командалардың өнерін осы фес­ти­вальдың директоры, Tengri FM радио­сы­ның бас продюсері Жан Қастеев, музы­кант Ерлан Стамбеков, әнші Әсем, музы­кант, продюсер, журналист Әлішер Сүлей­ме­нов, Алматы қалалық жастар саясаты бас­қармасының бастығы Санжар Боқаев және тағы басқалардан тұратын топ баға­лады. Оларға қатысушылардың біреуін бі­реуінен артық қою қиынға соқты. Деген­мен берілген бағалардың қорытындысы бойынша Алматы энергетика және бай­ланыс университетінің командасы фести­вальдың жеңімпазы атанды. Ал одан ке­йінгі жүлделі орындар Халықаралық ІТ уни­верситеті мен «Тұранға» берілді. Про­дю­сер Ж.Қастеевтің айтуынша, өнерден басқа мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер арасында музыкалық-хореографиялық, драматургиялық және басқа да қабілеттері бар таланттар толып жатыр. Фестиваль осылайша студент жас­тар арасынан өнерлілердің үлкен тобын қа­лыптастырып, оларға қосымша мүмкін­дік­тер ашады. Nauryz Jam – осы мақсат үш­ін қолға алынған отандық жоба. Ол – кө­шір­ме емес, тіпті келешекте шетелдік жас­тар қызығатын бренд-фестиваль бол­мақ. Фестивальда студенттерге танымал мюзиклдерден үзінділер алып, оларды қайталауға рұқсат берілсе, келер жылдары ұйымдастырушылар тек қана авторлық, тың нөмірлерді ғана қабылдауды ұйғарып отыр. Айта кетейік, биылғы Nauryz Jam-ге белгілі кинорежиссер Ақан Ыбыраев бас режиссер болса, қосалқы режиссерлік қыз­метті Арсен Өмірзақов атқарды.

Анар Қайырбекова, Nauryz Jam жоба­сы­ның ұйымдастыру жұмыстарының же­тек­шісі:

– Үшінші рет өткізіліп отырған бұл фес­тиваль қазақстандық брендіге ай­нал­ды. Бұл – студенттердің ең үлкен, ең ма­ңызды фестивалі, сондықтан жас­тар бір­неше күн бойы күндіз күлкі көрмей, түнде ұйқы көрмей дайындал­ды. Режиссерлермен, хореографтар­мен, қоюшы режиссерлермен тынбай ең­бектенді. Жоғары оқу орындарынан қатысып жатқан ұжымдардың бәрі осы жоба аясында үлкен команда болып, бірігіп кетті. Біз де оларға туыс адамдай бауыр басып қалдық. Фестиваль келе­шекке жақсы реңк беріп, ол Қазақстан аумағымен шектелмей, көрші елдер студенттерін де қамтитын болады деп ойлаймын. 

Динара Әпсаматова, Алматы энергетика және байланыс университетінің 4-курс студенті:

– Дайындық өте ауыр болды. Түрлі қарама-қайшылықтарға қарамастан, соңында ортақ нәтижеге келдік. Өз ба­сым соңғы курсты аяқтауға таядым, қазір – дипломдық жұмыс жазатын уақытым, бірақ сонда да фестивальдың дайындығы үшін уақыт кетіргеніме әсте өкінбеймін. Байқауда бас жүлдені же­ңіп алу емес, осы жастық шақтың қы­зы­ғына толы шарадан ләззат алу басты мақсат болды. Біз биден, әзіл-қалжың­нан тұратын нөмірлер мен әндер әзір­ледік. Негізінен, вокалымыз көп болды. Былтыр біз мюзикл бойынша – екінші орын, промо-ролик бойынша бірінші орын алған едік.

Автор: Болатбек МҰХТАР

 

http://alashainasy.kz/culture/41984/