Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы 15 жылдай уақыт көшіп-қонумен жүр. 220 адамдық ұжым кім көрінгеннің босағасын паналауда, кей концерттерге дайындық дәлізде жүргізіледі екен. Ал кеңес дәуірінен қалған ғимаратты кезінде пысықай басшылар сатып жіберген болатын, бүгінде ол жақтан классикалық әуен емес, даңғырлаған би әндері естіледі.
Қызылжарда мәдениет ұжымдары онша көп емес, солардың ішіндегі ең беделділерінің бірі – облыстық филармония. Филармония құрамында тоғыз ұжым бар. Үш оркестр, бір камералық хор, екі би ансамблі, екі этно-рок ансамблі жұмыс істеуде. «Қызылжар» халық аспаптар ансамблі мен «Туған жер» би ұжымы – ел көлемінде өтетін Елбасы бастаған сыйлы қонақтарға арналған концерттердің ұдайы қатысушысы. Республикалық, халықаралық байқауларда жеткен жетістіктері бір төбе. Міне, осындай беделді ұжым панасыз жүр.
Ботагөз АҚМАҒАНБЕТОВА, Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының директоры:
– Филармония ұжымы көшіп-қонудан әбден мезі болды. Өнер колледжінде болдық, №10 мектепте, қуыршақ театрымен бірге ассамблея ғимаратында жүрдік. Соңғы жылдары жекеменшіктегі «Метро» ойын-сауық кешенін жалдап тұрып жатырмыз, бір ұжымымыз сыймаған соң қазақ мектеп-гимназиясына кетті. Шынымен де, тар, кейде аспаптарын даңғырлатып дәлізде дайындалады. Немесе бірінен соң бірі кезекке тұрып, концертке дайындалып жүр. Өзіміздің жеке ғимаратымыз болса деп армандаймыз.
Кезінде филармонияның өз ғимараты болған. Қалалық демалыс паркінің ішіндегі ең әсем жерде орналасқан-ды. Алайда жекешелендіру кезінде «ғимарат апатты жағдайда, онда көп адам шоғырлануға болмайды» деген желеумен пысықай басшылар сатып жіберіпті. Бүгінде филармония ғимараты түнгі клуб қызметін атқарып тұр. Апатты жағдайда дегендері оны сату үшін жасалған сылтау болып шықты.
Өткен жылдың соңында бір жақсы хабардың құлағы қылт еткендей болған. Ол кездегі Мәдениет басқармасының бастығы Талғат Ақылбеков бір сұхбатында облыс әкімі Серік Біләлов жаңа қазақ театрын салуға «батасын бергенін» айтқан. Тіпті жер қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттарға қаржы бөлінетінін жеткізіп еді. Тар әрі тасалау жерде орналасқан Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына жаңа ғимарат салынса, ескісі филармонияның еншісіне қалуы тиіс делінген. Алайда көп ұзамай басқарма бастығының басы істі болып қызметтен кетті, облыс әкімі Қызылжарды тастап, Сенат төріне бір-ақ секірді. Осымен филармонияның баспаналы боламыз-ау деген арманы сағымға айналды.
Жақында журналистерге сұхбат берген Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Наталья Пульникова жақын болашақта бюджетте театр салуға қаржы қарастырылмайтынын айтып, тіптен көңілді түсіріп жіберді.
Наталья ПУЛЬНИКОВА, Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары:
– Қазақ драма театры салынады деген шешім қабылданды. Театрдың қазіргі ғимараты спектакль қоюға жарамайды, ол жерде қонцерт ұйымдастыруға болады. Сондықтан театр жаңа ғимаратқа көшіріліп, олардың орнына филармония кіретіні айтылған. Бұл мақсатқа қыруар қаржы қажет. Тек жобалық-сметалық құжаттарға 40 миллион теңге керек екен. Ондай ақша жоқ. Сондықтан жаңа театр салу алдағы бес немесе 10 жылдан кейін ғана шешімін табуы мүмкін.
Мәдениетті басқарып отырғандардың сөзіне қарағанда, Қызылжар филармониясы әлі де он шақты жыл көшіп-қонып жүре тұратын сияқты. Сол секілді қазақ театры да тар ғимаратта қысылып-қымтырылып отыра бермек. Әдетте оңды-солды шашылып жататын Қызылжар бюджетінің қаржысы қазаққа, қазақ өнеріне келгенде жетпей қалатыны қызық.
Автор: Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Қызылжар