АЛТЫНОРДА
Новости

Ұлттық бояу қанық болуы тиіс

Қолөнер шебері Меруерт То­рыбаева Оң­түстік Қазақстан өлке­сінде туып-өскен. Кішкентайынан әже­сінің тұрмыстағы тір­шілігіне бо­лысып, ұлттық өнердің мәйегін бо­йына сіңірген бойжеткеннің таланты ерекше. Қылқалам шеберлері ішкі жан дүниесінің көрінісін бояудың көмегімен бейнелесе, жас суретші өзінің өрнекті ойын түрлі-түсті жіппен кестелейді.


Жүйрікті шабысынан танысақ, шын шеберді жасаған жұмысынан байқауға бо­лады. Өзінің тың туын­дыларымен та­нылған ұлттық дәс­түрдің парқын білетін қолөнерші қыз аз уақыттың ішінде өнерімен талай­лар­ды таңғалдырып үлгеріпті. Жіптен өрнек өр­ген өнер иесінің түскиіздері көрме аяқ­тал­мастан өтіп кететін бол­са, ұлттық на­қышта тігілген киім­дерін шетелдіктер ар­найы сұраныспен сатып алатын көрінеді. Жас шебердің бұл белестерді қалай бағын­дырғанын өз аузынан естісек…

Image

«Анаға қарап, қыз өсер…»
– Туған жерім өнердің отаны, ұлттық салт-дәстүрдің мәйегі бұзылмаған – Оң­түстік Қазақстан өңірі. Менің қолөнер­ші болып қалыптасуыма осы өлке себеп болды.
Біздің ауылдың әжелері ешқашан бос отырмайтын. Бірде ши тоқып жатса, енді бірде сол шимен киіз басып жүреді. Әсіре­се жаз айларында бұл тірлік қыза түседі. Әр үйде жүн жуылып, маусымдық жұмыс науқанына дайындық басталады. Содан асарлатып киіз басады, түскиіз бен ши тоқу жұмыстары жалғасын табады. Бүкіл ауыл­ға жан бітіретін бұл тірліктен балалар да шет қалмайтын. Шама-шарқымыз кел­ген­ше көмектесіп, әжелердің жұмсауында жүреміз. Меніңше, мұндайды көре тұра үй­ренбеу, үлкендердің жасап жатқанда­рына қызықпау мүмкін емес. Міне, менің бойыма бұл өнерді дарытқан туған өлкем деуімнің себебі осында жатыр. Ал ұлттың өнерін миыма құйып, санама сіңірген әрі оны талмай үйреткен өзімнің әз анам, үл­кен әжем болатын. Ол кісі келін боп түс­кен кезінен бастап, ауылға шеберлігімен танылған деседі. 96 жыл өмір сүрген әже­міз ғұмырының соңына дейін қолөнерден қол үзген жоқ. Сол жасқа келгенше киімін өзі тігіп, игілігіне жаратар тұрмысқа қа­жетті дүниелерді өзі жасап отыратын.
Сол әжем көзі тірісінде көрмеме қаты­сып, ақ батасын берді. Туындыларыма кө­ңілі толып, жақсы бағалады. Мен үшін шын шебер – әжем. Сол кісінің ақ бата­сы­мен қазіргі таңда біраз жетістіктерге жет­тім. Маған бұл қасиетті өнер әулетіміздің ақ жаулықты анасынан дарыған деп білемін.

Image

Өмір мектебі
– Ес біліп, бой жеткен соң, арман қуып, Алматыға келдім. Ондағы мақсатым – сән дизайнері болу. Содан Т.Жүргенов атын­дағы Ұлттық өнер академиясына түстім. Бірақ сән дизайнері мамандығына орын болмай, тоқыма саласын таңдауыма тура келді. 1-курстан соң өзім армандаған са­ла­ға ауысуға мүмкіндік туды, бірақ тоқы­ма­мен айналысу өзіме қатты ұнап, сонда қалып қойдым. Оның үстіне сол кездегі шешімім теріс болды деп айта алмаймын, керісінше бұл таңдау мен үшін ұтымды болды. Өйткені бізге тоқымамен қатар, сән үлгісін де оқытты. Солайша екі саланы да меңгеріп алдым. Қазіргі таңда түскиіздер тоқумен қатар, заманауи ұлттық нақыш­та­ғы сырт киімдер тігемін.
Мен академия қабырғасында жүріп-ақ жұмыс жасай бастадым. Белгілі суретші Ләйлә Ахмет Османның қолында біраз жыл істеп, мол тәжірибе жинадым. Ал 2006 жылдан бастап жеке шығармашылығым­мен шұғылданып келемін.
2010 жылы төрт жылғы еңбегімнің же­місі ретінде қалалық Орталық мұражайда «Қайта құс боп жараламыз» деген атпен көрме өткіздік. Көрмеге жас қолөнерші Диана Реваева екеуіміздің 40 шақты жұ­мысымыз қойылды. 2011 жылы дәл осы көр­мемен Астанаға барудың сәті түсіп, Заманауи өнер мұражайында өткен көр­меге бояуы қанық түскиіздерімізді қоса алып бардық. Сол жолы сапарымыз сәтті бо­лып, жұмысымыз көпшіліктің көңілі­нен шықты. Туындаларымыздың көбісі саты­лып кетті. Дайын түскиізге қол жеткізе ал­мағандары арнайы тапсырыс беріп жатты. Сонымен қатар танымал сән үйле­рінен де ұсыныс түсіп, олармен де бірге жұ­мыс істеп көрдік. Жалпы, Диана екеуі­міздің бұл бастамамыз жаман болмады. Осылайша өнерге басқан алғашқы қада­мымыз сәтті шықты. Ал 2011 жылдың ор­та­сында Испанияға жолымыз түсіп, ол жерде де көрмеге келушілер жұмысымыз­ды жоғары бағалап, бір марқайып қайттық.
Дәл сол жылдың аяғына қарай өз жұмыстарыммен Лондонда өткен көрмеге қатыстым. Ол жерде қазақ елінің атынан шықтым. Шетелдіктер ұлттық бояуы қанық туындыларыма қатты қызықты. Сол кез­десуде ұйымдастырушылар тарапынан ұсыныс түсіп, 2012 жылға жоспарланған Ш.Айтматов академиясының ұйым­дастыруымен жылда өткізілетін жазушы атындағы сыйлықтың салтанатты ма­рапаттау рәсіміне шақырту алдым. Ол жерге ұлттық үлгідегі киімдерімді апардым. Түркия, Ресей, Қырғызстан елшілері де қатысқан шараға киімдерімді сатамын деп бармаған едім. Бірақ сол күні-ақ әр ел­ден келген қонақтардан сұраныс түсіп, саты­лып кетті. Одан қалғанын бір фирма тегіс сатып алды.
Шара барысында біраз шетелдіктер­ден ұсыныс түсті. Ресейліктер болса, жылда өтетін «Золотая нить адмирала» байқа­уы­на шақырту берді. Қазіргі күні Ұлыбри­та­ниямен келісімшарт жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта сол елде тағы бір көрмемді өткізсем деп отырмын. Сол жолы мәдени байланысымызды нығайта түсу үшін өзара келісімшартқа отырмақпыз. Келісімге сәйкес, мен онда жылына екі рет көрме өткізіп тұрмақпын.

Рухани демеушілер
– Жақында сәті түсіп белгілі қаламгер Дулат Исабеков ағамызбен таныстым. Ол кісі ұлттық үлгідегі туындыларымды ұна­тып, өзінің жақсы бағасын берді. Жазу­шы­ның жақсы лебізі мені қанаттандырды. Ол кісінің әңгімелерінің өзі қандай терең! Шығармашылық адамын осындай тағы­лымды әңгімелер шабыттандырады емес пе?! Сондай-ақ шеберге ел тарихын білу – парыз. Сонда ғана оның туындылары­нан бояуы қанық ұлттық рухты көре аласың. Сонымен қатар менің өнерімнің өр­кен­деуіне ұлттық өнерге жаны ашитын аза­маттар да қолынан келгенше демеуші­лік танытып жатыр. Сол үшін ұлтын сүйген аға­ларыма алғысым шексіз!
Көпшілікке менің заманауи үлгіде тігілген ұлттық нақыштағы киімдерім ұнай­ды. Шыны керек, біздің бұрыннан келе жатқан ұлттық киімдерімізді күнделікті тұр­мысқа немесе жұмысқа кие алмаймыз. Ал әдемі қазақ көйлектерді белгілі бір мерекеде ғана киеміз. Осының бәрін ес­-­кере келе, заман үрдісінен қалмайтын ұлт­­тық реңкі басым қазақша киімдерге ден қою­­ды жөн санадым. Енді әрбір қазақ үлкен мақтанышпен киетін киім үлгілерін тігуге бел шеше кіріспекпін.
Қазақ халқын ерекшелеп тұратын – өне­рі, мәдениеті. Яғни ұлттық өнімдері­міз еуро­палық стандартқа сай бола тұра, ұлт­тық сипаттан ауып кетпеуі тиіс. Сонда ғана біз өркениетті елдер арасында ұлт ретінде ерекшелене аламыз.

Жас дизайнер қазіргі таңда Шым­кент қаласында өтетін көрмеге қызу дайындық үстінде. Оны аман-есен өткерсе, қолөнер иесін Астана мен Лон­дон көрмесі күтіп тұр. Осындай қа­уырт шаруалардың арасында жүр­ген Меруерт екі ұлының тәрбиесіне де көңіл бөлуді ұмытпайды. Жас шебер­ден тоқудың қыр-сырын үйреніп жүр­ген шә­кірт­тері тағы бар. Иә, «талап тас жарады» деген осы емес пе?!

Сабина Зәкіржанқызы

 

http://www.aikyn.kz