«Ұлттық банк еліміздің екінші деңгейлі банктерінің банкоматтарын сатып алып, республика бойынша бірыңғай әмбебап терминалдар орнатады». Еліміздің бас банкирі Григорий Марченконың бұл мәлімдемесі коммерциялық банктерді шалқасынан түсірмесе-дағы, оның көңілдеріне майдай жаға қоймағаны анық. Өйткені банкоматта жүргізілген әр операциясы үшін ақы алатын банктердің, бұл – белгілі бір деңгейде табыс әкелуші көзі болып табылады. Ал алдындағы дайын асты біреу тартып алып жатса, олар қалай жан ұшырмасын…
Коммерциялық банктер тарапынан оңбай қарсылыққа ұшырайтынын Г.Марченко мырза да алдын ала бажайлап-ақ отыр екен. Бірақ ол «айтқанымнан қайтпаймын» деп мықтап бекініпті. Бұл ретте «Мұндай шешімнің қоғамда қызу айтыс тудырып, банктер тарапынан қарсылық болатындығын білеміз. Біз мұндай күреске дайынбыз», – дейді Ұлттық банк төрағасы. Оның айтуынша, банкоматтардың бірыңғай желісінің көмегімен тұтынушылар картасына қызмет көрсетуде алынатын пайызды екі есеге қысқартуға болады.
– Бүгіндері еліміздің ірі қалаларының сауда орталықтарында банкоматтар самсап тұр. Картаңызды салсаңыз, біреуінде ақша жоқ, екіншісі – сынық. Еріксіз өзге банктің банкоматы қызметіне жүгінесіз. Мәселен, басқа банктің осы тұрғыда алатын 5 пайыз көлеміндегі ақы – зейнеткер, қарт адамдар үшін көп ақша. Сондықтан бұл – баяғыда пісіп-жетілген мәселе. Сол үшін екінші деңгейдегі банктердің банкоматтарын сатып алып, бірыңғайын орнатсақ па дейміз.Мұндай аппарат барлық банктің тұтынушысына бірдей талапта қызмет көрсетеді, – дейді Г.Марченко.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда елімізде 38 коммерциялық банк бар. Өткен жылғы мәліметке сүйенсек, республика бойынша олардың 8,2 мыңнан астам банкоматы жұмыс істеп тұр.
Біз еліміздің бас банкирінің бұл бастамасына қатысты пікірі қандай екенін білмек ниетте отандық банктердің бірқатарына хабарластық. Бірақ оның басым бөлігі бір ауыздан «әзірге комментарий бере аламаймыз» десті. Соған қарағанда олар «әліптің артын бағайық» деген секілді. Өйткені Ұлттық банктің бұл бастамасы нақты өмірде сипат алатындығына олар күмәнмен қарайтынға ұқсайды. Ал Kaspi bank біз жолдаған арнайы сауалға өз пікірін төмендегідей жеткізіпті.
Павел Миронов, Kaspi bank-тің басқарушы директоры:
– Бірыңғай банкомат пен ПОС-терминалдар желісін құру туралы идея көптеген елде кеңінен қолданысқа ие. Бұл идеяны жемісті жүзеге асыру үшін өзге елдердің тәжірибесін әбден зерттеу керек. Басты мақсат – бірыңғай банкомат жүйесін енгізу банк қызметі сапасына қаншалықты оң әсерін береді әрі карта ұстаушы тұтынушылар мұндай қызмет түріне көңілі тола ма? Бұл арада тек картамен жүргізілетін операцияның құны ғана емес, сонымен қатар қызмет сапасы мәселесі де жіті қарастырылуы тиіс.
Бүгіндері банкоматтар мен терминалдар – ақша беруші аппарат қана емес, сонымен қатар жаңа қызметті ұсынушы және тұтынушыны тартудың құралы. Мәселен, біздің банк өз клиенттеріне төлем мен аударма бойынша тың сервисті ұсыну жағын көп ойлайды. Осы жағынан алғанда, жаңа банкоматтар желісі әртүрлі банктің инновациялық шешімдерін жылдам енгізуі маңызды болуы тиіс. Сондай-ақ халықаралық төлем жүйесімен (Visa/Mastercart) жұмыс қалай жүргізілетін болады? Бұл мәселені де талқыдан тыс қалдырмау керек.
Бұл арада аталған коммерциялық банк бірыңғай процессингтік желіге көшу туралы бастамаға ашық қарсылығын білдірмегенімен, оған қатысты күмәнді сұрақтары барын жеткізіп отыр. Демек, бұл жаңалық банкирлерді қуанта қоймаған. Алайда қаржыгер маман Ілияс Исаевтың айтуынша, еліміздің бас банкі қандай да бір шешім қабылдаса, коммерциялық банктердің пікірімен санаспайды. «Бұл – қаржы секторындағы мемлекеттің күшейтіп жатқан бақылауының тағы бір амалы. Алдында Ұлттық банк қаржылық бақылау агенттігін өзіне қосып алды, коммерциялық банктердің қолма-қол ақша айырбасына шектеу қойды, қор нарығындағы брокерлерді тіркеуді орталықтандырып өз қарамағына алды, енді сөз етіп отырған бастама жүзеге асырылса, қолдағы ақша айналымын қадағалауды да олар тікелей өз функциясына алмақшы», – дейді маман.
Ілияс Исаев, қаржыгер маман:
– Өзіңіз байқап отырғаныңыздай, соңғы кездері қаржы секторында бір орталықтан басқару жағы күшейіп келеді. Тіпті зейнетақы жүйесі де мемлекеттің қарауына алына бастады. Енді қолма-қол ақша айналымы да қатаң бақылауға алынады. Бұл арадағы мәселе – қанша нарықтық экономиканы құрамыз десек-тағы, оның көлеңкелі жағының өршіп бой алып кеткендігінде, нақты сектор мен қаржы секторын жақындата алмауымызда, керісінше, екеуінің арасында терең құз жатыр. Осы жағынан алғанда, біздің еліміз ғана емес, ТМД мемлекеттері нарықтық экономикаға көшуге психологиялық, моральдық басқа да жағынан жан-жақты дайын еместігі анықталып отыр. Қаржы нарығының моделі өзін-өзі ақтамады. Неолиберализмді құра алмадық. Сондықтан Үкіметіміз күрт шешімдерді қабылдауға мәжбүр болды. Осылайша бақылау мен қадағалауды күшейту, барлығын бір орталыққа бағындыру арқылы Үкімет, ең алдымен, баршаны нарықтық экономиканың базалық элементтеріне тәрбиелеп алуды жөн көріп отырған секілді.
Бұл арада карта қызметіне алынатын пайыз көлемі екі есеге қысқарады әрі өз банкіңнің банкоматын іздеп көше шарлап жүрмейсіз, тағы бір жағынан мемлекеттің қолдағы ақшаны бақылап отырғандығына сенімді боласыз. Сондай-ақ бұл – қолдағы ақша мәліметінің ашықтығын да қамтамасыз ететін жайт. Осы жағынан алғанда, тұтынушылар мүддесі тұрғысынан, бақылаудың күшеюі жағынан Ұлттық банктің аталған бастамасы жан-жақты қолдауға лайық секілді. Мәселе – еліміздің осы бірыңғай банкоматтар желісін құру-құра алмау мүмкіндігінде. Өйткені Ресейдің де орталық банкі бір жылдары осындай бастаманы көтерген екен. Бірақ көптеген талқылаудан соң мемлекет өзін-өзі ақтамайды деген себеппен оны жүзеге асырудан бас тартыпты. Негізінен, «шалғай жатқан аймақтарға мұндай терминалдарды орналастыруға кеткен шығын қайтпайды» деген қорытынды шығарылған екен.
Автор: Кәмшат САТИЕВА