Соңғы жылдары қазақ ғылымының тарих саласында бірқатар келеңсіздік көзге ұруымен келеді.
Оларды біз кай саладан байқаймыз? Ең алдымен Қазастан тарихы тарихнамасында бірқатар әттеген-ай баршылық. Қағазға түскен Қазақстан тарихының жалпы жағдайы сын көтермейді. Тас дәуіріне бармай-ақ қоялық, Көне заман тарихының өзінде айқындалмаған тақырыптардың әлі де көп екені көрінеді. Мәселен ғұн,арийлер,тіпті үйсін және қаңлы тақырыбы, олардың қазақ халқының этногенезіне әсері. Сол тұстағы ғұн,үйсін,қаңлы,алан тарихы төл таихымызда әлі кеңірек орын табуы керек. Ғұн,үйсін, қаңлы,алан тарихы, олардың сырт саясаттағы тақырыбтары отан тарихын әлі байытары сөзсіз. Әлі де қазақ қаламымен қамтылмаған тақырыптардың бірі ол — қазақ топырағындағы Хазар қағанатының тарихы. Шет ел тарихшылары бұл тақырыптардың сан тұстарын зерттеп те қойды.
Тағы бір маңызды тақырып — мұсылман дінінің Қазақ жерінде тарауы да зерттеуді қажет етеді. Қазақ тарихында мұсылмандықтың тарихы, рухани дамудағы исламның рөлі қарастырылса, Қазақ хандары руханият және исламның интегративтік құрал ретінде көрініс тапқан. Сол сияқты моңғол сахарасынан көшіп келген керей, найман, жалайыр қалай мұсылман діні аясына енді? Бұл тарих та тиісті деңгейде көтерілмей келеді. Алтын Орда тарихы, Қазақ хандығының пайда болу тарихы бұл да игерілмей жатқан байтақ тақырыптардың бірі. Біз Жошының трагикалық өмірі мен өлімі туралы тарихи баян жасаған жоқпыз. Орыс хан тарихы, қазақ билеуші династиясы тарихы ертеден көтерілген тақырыбы еді, бірақ аяқсыз қалды. Сол сияқты қазақ хандар династиясының пайда болуы туралы аздау жазылған. Мәселең, Батыс және Шығыс Еуропа династиялары туралы көптен көп династиялық тарих тәуір ашылған, жүздеген романдар жазылған десем, бекер айтпаспын.Қазақ хандарының билеуші династиясының мемлекеттік идеологиясы мен сыртқы және ішкі саясаты туралы тарихнамасы аса керек. Қазақ хандарының сыртқы саясаты, экономикалық және сауда саясаты. Сол сияқты Қазақ мемлекетінің экономикалық мүдделері туралы тарихи сараптама жоқтың қасы дейміз.Қазақ хандығының саяси жүйесінің дамуы, билер мен уәзірлердің рөлі,сөз еркіндігі жағдайы, хан сайлау дәстүрі, ханды биліктен кетіру дәстүрі, тағы да басқа сол сияқты зерттеп, талдап жазуды талап етіп тұрған тақырыптар аз емес.
Демографиялық мәселелер жақсы жазылған тақырыптар, бірақ біз сыртқы миграциялар туралы көбірек жазып ішкі миграцияларды назардан тыс қалтырыппыз.Қазақстанда жаңа тұрғындардың географиясы қалыптасып келеді.Кейбір өлкелерде орыс жұртшылығы қалған жоқ, кейбір өлкелер қайтадан қазақтанып келеді .Ал енді бір аймақтарда қазақтың да, орыстың да саны азайып, елді-мекендер қаңырап бос қалуда. Қазір қазақ қала тұрғыны. Біз ұлттық қауыпсіздік мәселерін қарастырғанда Ресей,Қытай, Орталық Азия миграциялық экспансиясы кауіпін атаймыз, бірақ Индия, Пакістан, Бенгалияның аса үлкен демографиялық потенциалы бізге қосымша қауіп тудырып келеді. Оны ескермейміз.
Қазақстанның Ресейге қосылу тарихы тәуір жазылған, бірақ оның салдары туралы тағы да талдау қажет етеді. Орыс тілді баспасөз Қазақстан Ресейдің отары болған жоқ. Ресей қазақ жеріне келіп қалалар салды, тек миссионерлік цивилизаторлық миссиясын орындады деп жазып жүр. Сол сияқты «қазақ колобрационизм» тарихы: Жәңгір хан, Шаяхметов, Қонаев сияқты тұлғаларды қалай бағалаймыз. Осы мәселерге де жаңаша жауап беруіміз керек.
Бірінші, Екінші дүниежүзілік соғыстардың тарихы қайтадан қарасатырылса деп ойлаймыз және.Біздің «Ұлы Отан соғысы» деп атап жүргеніміз — Екінші дүниежүзілік соғыстың бір кезеңі. Оған 1939 жылы 1 қыркүйектен басталған соғыс қимылдары кірмейді, тек 1941 жылдың 22 маусымнан басталып 1945 жылдың 8 мамырға дейінгі оқиғалар ғана кіреді. Сонда 1945 жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі оқиғалар қайда қалады? Оның үстіне, Ресей тарихнамашылары «Ұлы Отан соғысы» тарихын жекешелендіріп алды. Жекешелендірсе, жекешелендіріп ала берсін, ал біз Риббентроп-Молотов пактсін, Қатын қырғынның, соғыстан кейінгі КСРО-ның озбырлығын,ПАСЕ, ОБСЕ-нің Қоныр фашизм мен Қызыл тоталитаризмнің адамзат баласына қолдан жасаған қасіретін есептен шығармайық. Егер біз «Ұлы Отан» соғысы тарихы деп атай берсек, онда Тәуелсіз мемлекетіміздің қадірін түсіріп алмаймыз ба? Сол сияқты қазақтар Шығыс Түркістанда (1944 жыл), Европаның партизан жасақтарында, Иранда(Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары), Жапонияға қарсы операциясына қатысты. Мұстафа Шоқай қилы тағдыры оқулықтарда жазылуы керек.
1916 жылғы Ұлттық-Азаттық қозғалысы, 1917-1920 жылдың дүрбелеңдері Ресей үшін революциялар мен заңсыз мемлекеттік төңкерістер болса, біздің ел үшін Ұлттық азаттық қозғалыстың келесі кезеңі және оның аяусыз езіліп-жаншылуы болды. Онан кейін 1921 жыл әлеуметтік эксперименттің бірінші кезеңі. Кейінірек бұл кіші геноцид үлкен геноцидке ұласады. Біздің тарихнамамызда үлкен геноцид-1929-1933 жылдардағы геноцид деп мойындалды,ал кіші геноцид — 1921 жыл әлі де мойындалмай келеді. Кеңес үкіметінің саясаты салдарынан алғашқы бесжылдықтар кезеңінде саны күрт кеміген қазақ жұртшылығының орнына орыс және славян халқы көшіп келе бастады, айдалғандар мен әкімшілік жаза алғандардың орынын келімсектер басты.
Еліміздің жаңа заман тарихы 1985-1991 жылдардан басталды. КСРО мемлекеті құлап, Кремльдің құзырындағы республикалар егемендік алып отаршылдықтан көзі ашылды. Отаршылдықтан құтылған елдің бірі — Қазақстан қыруар қиын экономикалық және әлеуметтік модернизация жасағанымен әлі ұлттық модернизацияға аяқ баспай отыр. Ұлттық модернизация мынандай кезеңдерден тұрады: отарсыздандыру (отаршылдықтың сырт көріністерін жою, елді-мекендерге қазақ топонимикасын қайтару, іс қағаздарын мемлекеттік тілге өткізу, ұлт тілінде мектеп балалар бақшасын дамыту), релаксация (отаршылдық санадан айықтыру), люстрация (кадр саясатында батыл қимылдарға бару, коммунисшіл және отаршыл саясатты көксейтіндерден құтылу). Егерде алдыңғы бірінші және екінші саясат бағыты шала болса да жүзеге асса, үшінші бағыт мүлде нәтижесіз болды, ал төртінші бағдарға билік кіріспеді.
Еліміздің маңызды приоритеті ұлттық идея қолға алынбады. Кезінде біз ұлттық идея ретінде қазақ үшін ұлттық тіл, ислам діні (Абу Ханифа масхабы, қазақ дәстүріне сәйкес интерпретация) және ел егемендігі деп едік. Біздің елдің ислам басқармасының: бір ұлт — бір дін — бір мемлекет концепті көңілге қонымды. Сол сияқты қазақ тілі елді интеграциялық фактор деуі ұтымды ұсыныс.
Тарихты құлдырату идеологиялық желісіздікке әкеледі. Сол жұмыс біраздан істеліп келеді. Қайта құрудан бері тарих ғылымының дамуына көп ақша жұмсалды. Көптеген құжаттар алыс және жақын шет елдерден әкелінді. Бірақ тарихнама кері тартты.Тарих оқулықтарын қазақша білмейіндер жаза бастады (Біз мысалы С.В.Канның,И.В.Ерофееваның,Е.Е.Масановтың т.б.кітаптарын атаймыз). Аяғы тарихты дискредитация жасап, жоғарғы оқу орындарында оқылмайтын, немесе Қазақстанның тек жаңа заман тарихын ғана оқытатын халге жетіп отырмыз.
Соңғы жиырма жылда ит те құс та тарихтан кандидат, доктор болды. Осы ретте тарихшылардың қандай сапалық кемшіліктерін атаймыз: тарихшылардың біразы қазақша білмейді, бірқанша тарихшылар ескі трихнама стериотиптерінің шылауында, біздің тарихшылар ағылшын тілін білмейді, яғни дүниетанымын шектеп келеді. Сондықтан ғылыми қатынастар шектеледі. Интернет заманында кітаптар ebook версиясында кеше баспаға берілсе, бүгін шығарылады да сол күні кешке өз оқырманын табады.Ал ол кітаптың орысшаға аударылуына қанша уақыт керек. Тиісті авторды, тиісті кітапты мақала версисында бақылап отырып көп ұзатпай оқу — қазақ ғылымының мақсаты.
Бүгін біз орыс тілді әлемде өмір сүріп жүрміз, ал керегі ағылшын тілді әлем. Тек сонда ғана біз дүниежүзілік прогрестің соңына ілесе аламыз. Мемлекет моделін таңдау үлкен сын.Тәуір модель — Малазия варианты. Бірақ олар өздерінің қатыңқы саясатымен сепаратизмді бастан кешті. Корей варианты корей халқын жаппай шоқындыруға әкелді. Әмірат варианты діни қарама-қарсылық (мәселең шииттер мен сунниттер арасында) пен және араб тілінің қағажу көруіне ұшырады. Коррупция мен милитаризм Шығыс елдерінің проблемасына айналды. Бұл жайт бізге араб және Оңтүстік Азия мемлекеттерінің тарихын зерттеу керектігін тағы да есімізге салады.
Өкінішке қарай билік тарапынан тек паллиативтік концептер беріліп келеді. Қазақстандық ұлт, немесе латын қаріпіне өту идеясн ұсыну перспективасы жоқ немесе перспективасы қатерлі идеяларды тықпаштау — жоғарыда адекватты ой тузетін кадрлар аздау екені көрсетеді. Ермухаммед Ертысбаевтың идеология тарапына кетуі біздің көңілден шықса, есесіне қазақтың ішіндегі русофил Нұрлан Ерімбетовтың көтерілуі ойымызды сан-саққа жүгіртеді.
Бүгінгі таңда Дүниежүзілік тарих — көкейтесті және өзекті мәселеге айналды. Қазақстан дүниежүзілік субъектке айналды, көпвекторлы саясат жүргізеді. Қазақстанның эконономикалық, геосаяси, сауда мүдделері жер шарының біраз өлкелерінде байқалады. Сондықтан біз дүниежүзі мемлекеттерінің болмысы туралы терең білуіміз керек. Қарсы барлауды да барынша күшейтуіміз керек. Сол сияқты аталған елдерде экономикалық орнығудан басқа бірқатар қауіптер бар екенін айтқан жөн. Айталық экстремистік исламшыл топтардың өріс алуы, Оңтүстік Азияның тарихы мен тіл, ділі , демографиясы, экономикасы, ішкі саясаты, коррупция деңгейі т.с.с. жағдайлар бізді қызықтырып жүруі қажет.
Abai.kz