АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақ балаларын қажетсіз ақпараттан сақтайтын заң қабылданбақ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметінің таратуынша, балаларды арампиғылды ақпараттардан қорғайтын заң қабылданбақ. Осыған орайМәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Қазмедиа орталығында» көшпелі отырыс өткізді. Комитет төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігінде өткен отырыста Мәжіліс депутаттары бастамашылық еткен «Балаларды денсаулығы және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы талқыланды.

Заң жобасы бастамашыларының бірі,  жұмыс тобының жетекшісі –  депутат Алдан Смайыл құжат жайында отырысқа қатысушыларға баяндап берді.

«Демократия құндылығын түрліше түсінген, оны қоғаммен қалыпты игеру тұрғысынан емес, өзінің жеке, кей ретте қылмысқа парапар қарекеттері үшін  пайдаланушылар ақпарат әлемін жаулай бастағаны рас. Ендеше, зиянды ақпараттан балаларды заңмен қорғау ұлттық және мемлекеттік парыз. Сондықтан да бұл мәселеге Әзірбайжан, Беларусь, Тәжікстан, Украина парламенттері айырықша мән беруде. Ресей арнайы заң қабылдаумен шектелмей, Федерация Президенті жанынан балалар құқығы жөнінде уәкілетті кеңес құрды. Мұның негізгі мақсаты балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы ресейлік заңнаманың орындалуын бақылауға алу», — дейді А. Смайыл.

Депутаттың айтуынша, дәл осындай қадамдар Қырғызстанда да жүзеге аса бастаған. Қазақстанда аталған заң қабылданған жағдайда оның орындалуын қадағалайтын өкілетті орган құрылғаны дұрыс көрінеді. Тек сонда ғана жас ұрпақтың толыққанды дамуына айырықша ықпал ете алатынын мәлімдеді.

Әзірлеушілердің айтуынша, аталған заң жобасы мемлекеттің «баланы қалыпты дамуына зардабын тигізетін ақпараттар мен материалдардан қорғаудың тиісті принцптерін» әзірлеуді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындауына ықпал ететін болады. Бұдан бөлек, құжат баланың өзінің «ақпараттар мен кез-келген идеяны іздеу, алу, тарату бостандығын» шектеудің қажеттілігін орнықтыруды көздейді.

«Бұл негізінен республикамыздың заңнама ісінде тұңғыш рет қаралып отырған мәселе. Жобада елімізде балаларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таралатын залалды ақпараттан заң жүзінде қорғау мақсатын көздеп отырмыз.  ТМД елдері мен әлемдік қауымдастық бұл орайда бізден көш ілгері кеткен. Көптеген мемлекеттерде  БҰҰ-ның Балаларды қорғау туралы 1989 жылғы конвенциясына сәйкестендірілген заңнамалар бар. Атап айтқанда, Еуропада компьютерлік қылмыстар туралы, электрондық ақпарат құралдарында зорлық-зомбылықты көрсетпеу туралы заңдық күші бар декларациялар, ТМД елдерінде балалардың мемлекеттегі құқықтарының негізгі кепілдіктері туралы үлгі заңдары бар. Бұдан бөлек, біз АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Норвегия, Жапония, Нидерланды, Франция секілді тағы да басқа елдердің осы тектес заңдарын сараладық», — дейді заң жобасының бастамашыларының бірі.

Депутаттың айтуынша, сараптама ақпараттық өнімнің жанрын, тақырыбын, мазмұнын, безендірілуін, ақпараттық өнімді ұсынудың тәсілін, балаларға жасырын әсер ететін арнаулы әдістердің бар-жоғын, баланың ақпараттық өнімді бірнеше қайталап көруін айқындайды. Мұндай сараптама ақпараттық өнім Қазақстан аумағында таратылғанға дейін жүргізіледі және бұл сол өнімді өндірушіге жүктеледі.

«Балаларға арналған ақпараттық өнімнің жас санаттары заң жобасы бойынша бірқатар категорияға жүктеледі. Атап айтқанда, 6 жасқа дейінгі, 6 жастан бастап 12 жасқа дейінгі, 12 жастан бастап және 16 жастан бастап. Бұлардың баршасына нақтылы талаптар қойылған және эфирде тарату мерзімдері, бала үшін қолайлы уақыттары атап көрсетілген».

Депутат жобада Республиканың заңнама тарихында алғаш рет компьютерлік және басқа да электрондық ойындарды таратушының міндеттері сараланып отырғанын мәлім етті. «Біз осы ойындарда балаларға ұсынуға тыйым салынған ақпаратық өнімдерге тән көріністердің болмауына қол жеткізуді ойластырдық. Оларда агрессивтік күш көрсетулер және өзге де қоғамға жат іс-әрекеттер мен арандататын сюжеттер кездеспеуге тиіс. Компьютер арқылы баланы виртуалдық кісі өліміне, азаптау, қорлау, жәбірлеу және басқа да әрекеттестіктер мен әрекеттерді қолдан жасай алуына жол бермеу талап етіледі. Бұнымен қоса, балаларға арналған баспа, дыбыс, бейне өнімдерде баланың денсаулығы мен дамуына зиянын келтіретін ақпараттар болмауы тиіс», — деді А. Смайыл.

Оның айтуынша, шетелдік озық заңнамаларда балаларды адамгершілік сезімнен суытатын, психикасына, денсаулығына зардабын тигізетін, қатыгездікті насихаттайтын, бір сөзбен айтқанда, жеткіншекті рухани аздыратын ақпараттардан қорғауға бағытталған құқықтық шаралар мейлінше ескерілген. Бұл ретте ұсынылып отырған заң жобасында «Бала құқы туралы» Қазақстанның заңында айқындалған балаларды денсаулығына, адамгершілік және рухани дамуына зардабын тигізетін ақпарттардан, оларды насихаттау мен үгіттеуден қорғайтын кепілдіктерді ұлттық заңнамада жүзеге асыру мүмкіндіктері қаралады.

Заң жобасын талқылау барысында Бас редакторлар клубының Президенті Кенжеболат Жолдыбай, Интерньюс-Қазақстан заңгері Ольга Диденко, Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шер, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Жұмамұрат Шәмші, т.б. ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын білдірді.

Masa.kz