Жапонның белгілі сәулетшісі Тойо Ито: «Мен өз тәжірибемде архитектураның әдемі дизайннан бөлек, қоғамда маңызды рөл атқара алатын мүмкіндігін көрдім…» деп жазады. Сырт көзге, архитектура тек ғимараттардың әсем салынуы, көркем безендірілуі және бір-біріне ұқсамауымен ғана түсіндірілуі мүмкін. Алайда сәулет өнерінің өзіндік пәлсапасы бар. Қазақстанның белгілі сәулеткері Шоқан Матайбеков: «Архитектура тек асыл тастары, қымбат шығынымен немесе әсемдігі, үлкендігі, биіктігімен өлшенбейді. Онда кез келген мемлекеттің табиғаты, климаты, тарихы және экономикасы ескерілуі керек», – деп санайды.
Шоқан МАТАЙБЕКОВ, архитектор:
–Тау шаңғысы бала күннен – хоббиім. Алматыда тұрған кезімде бұл спорт түрімен көп айналысатынмын. Астана теп-тегіс, жазық дала ғой. Не істеуге болады екен деп ойладым. Қолдан тау жасау керек пе деп те жүрдім. Содан астаналықтарға «350 метрлік үйлердің төбесінен сырғанап түсуге ғана болады, басқа амал жоқ» деп қалжыңдадым. Кейін үйдің төбесіне тау шаңғысымен айналысатын жоба жасау туралы ойлана бастадым. Сызып, артық-кемін түзетіп жаңа кешен жасауға болатыны туралы Елбасыға ұсындым. Негізгі артықшылығы, біріншіден, тұрғын үйдің төбесіне салынған тау шаңғысы әлемдік тәжірибеде жоқ. Сол себепті бас қаланың құнды, көркем ғимараты бола алады. Екіншіден, қала тұрғындарына арналған көңіл көтеретін орталыққа айналады. Үшіншіден, үнем. Тұрғын үй онсыз да мемлекет қаражатына салынуда. Үйдің үстіне шаңғы жолын салу, бөлек шаңғы орталығын салғаннан әлдеқайда ұтымды. Сондай-ақ, қар алмастыратын “Snowflex” деп аталатын жасанды қар арқылы мезгіл таңдамай сырғанай беруге болады.
Жасанды қармен жасасақ, онда екі есе ұтамыз.Шаңғы жолының ені 26 метр болады, екі жағы 4-5 метр биіктікте қоршалады, ұзындығы жер көлеміне байланысты бір шақырымға дейін созылуы мүмкін. Қауіпсіздік талаптары толық сақталады. Сонымен қатар үйдің сыртында шаңғы жолына көтерілетін лифт болады. Біз, архитекторлар, тек қана кешеннің заманауи болуын ойламауымыз керек.
Толстой айтпақшы, егер таңғалдырғың келсе – тек шындықты айт. Яғни кез келген нәрсенің шындығын, мәнін табу керек. Ал мән – алтынмен аптап, күміспен қаптап, мәрмәрдән соғу емес. Архитектура тек асыл тастары, қымбат шығынмен немесе әсемдігі, үлкендігі, биіктігімен өлшенбейді. Кез келген мемлекеттің табиғаты, климаты, тарихы, экономикасы жергілікті архитектураға әсер етеді. Яғни осының барлығы ескерілуі керек. Әлемдік шедеврлерді қымбат ақшаға қайталап салу – меніңше, топастық. Шедевр ешқашан қайталанбайтыны үшін – шедевр. Мысалы, жапон архитекторлары Париждегі Эйфель мұнарасын әсем етіп салды. Сонда өз бастарына ештеңе келмеген бе деп ойлайсың?! Меніңше, ұлтқа ұят нәрсе. Жарайды, салып болған күннің өзінде сол мемлекетке жараса ма, жоқ па? Ел менталитетіне сай келе ме, халық түсіне ме? Оның үстіне, салынатын жоба халыққа пайдалы болуға тиіс.
Ұлттық нақыш – ою-өрнектен ғимарат салу емес
Біздің арғы бабаларымыздың бай мұрасын сақтау, оны ұрпаққа аманат ету – әр азаматтың парызы. Сондықтан мен ұлтымызға тән тарих, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге үнемі асқан ұқыптылықпен қараймын. Маған архитектурада көбіне ұлттық құндылықтар шабыт береді. Сол себепті ұлттық нақыштағы жобаларға ерекше мән беремін. Ұлттық нақышта астарлы пәлсапа болу керек. Мысалы, балбалтас сияқты ғимараттың жобасын жасадым. Дүниежүзілік конкурста күміс жүлде, ал Мәскеуде өткен конкурста гран-при алды. Бұл – 40, 50 және 60 қабатты мұнара типтес ғимарат. Бірыңғай платформаға қалыпталып, мүсінделген. Бұл шешімнің ерекшелігі сол, жаңа орталықтың өзіндік қайталанбас келбетін ерекшелендіре түседі. Сонымен бірге ерте заманғы бабаларымыздың рухын асқақтатып, материалдық мәдениетінің озық үлгісін сәтті сабақтастырған қазіргі озық технологияның көркем үлгісі десек, артық болмас.Түрік мифологиясы бойынша, мүсіннің негізгі мағынасы – халықтың рухани өмірінің қорғаушысы. Тас мүсіні ежелгі ғибадат етушілердің негізгі пішіні болып есептелген. Ал 3 – қасиетті сан деп саналған. Бұл – өзіме ең ыстық жобаларымның бірі. Астана қаласында салыну керек болған. Араб инвесторларының көмегімен салынады деп шешілген. Қаржы жағынан қиындық көргеннен бе, жоба біразға созылып кетті.
Қытайда Орхон Енесей кезіндегі 21 балбалтасы табылды. Қытай би-лігі табылған тастарға үлкен жауапкершілікпен қарап, «балбал» тастарды бір жерге жинақтады. Сөйтіп, қазақтың ұлттық этнографиялық-туристік орталығын ашты. Сол жерге тарихымыздан хабар беретін руникалық монументтер жасадым. Мәселен, «Таңбалар» жоба-сы қазақ ру-тайпаларына тән таңбалардан жасалған. Қазақ тарихында әр рудың тарихынан хабар беретін өзіндік таңбалары болғанын білеміз. Сол таңбаларды цилиндр тәрізді етіп жинақтадым, ортасында субұрқақ салынған. Субұрқақ мәңгілік қозғалыс және өмір дегеннен хабар береді. Ал барлық ру-тайпалардың қосылуы, қазақтың біртұтас мемлекет және ол мәңгілік дегеннің символы. Биіктігі –12 метр, радиусы – 6 метрлік монумент. Сондай-ақ балбалтасының заманауи түрін бейнелейтін мүсін. Дала тасының пайда болу тарихының әр-түрлі нұсқасы болғанменен, нақты жауабы әлі күнге дейін белгісіз. Биіктігі – 9 метр. Алыстан қарасаң, кәдімгі ежелгі ғасырда табылған тас мүсіні секілді. Әр түрлі ракурста мүсінді әрқалай көрсететін жұқа қабатты темірден жасалды. Бұл мүсінге әртүрлілік және тарихына тән құпиялық береді.
«Қобыз залы» жобасы Астана қаласындағы «Жасыл аймақ» саябағында салынды. Әртістік, музыкалық сыныптар, келген қонақтарға арналған бөлмелері бар, 400 орынды концерттік зал. Қобыз және басқа қазақтың ұлттық аспаптарына арналған зал. Жалпы аумағы – 12 417 шаршы метр. Он үш жасынан қобыздың қасиеті қонған даңқты қобызшы Тілеп Аспантайұлының есімі берілген. Жобаның негізгі идеясы – қазақ даласындағы шөп. Жел соққанда, шөп пен желдің үндесуінен қобыздың дыбысына ұқсас ұлыған дауыс шығады. Яғни екі дыбыстың астасуы және қазақ даласындағы қобыз деген мағынасы бар.
Бүгінгінің бар ісі қымбат
Бір сәулетші «егер сенің жасаған жұмысыңның 20 пайызы жүзеге асса, сенен бақытты архитектор жоқ» деген екен. Ол рас! Бұл тұрғыда мен бақыттымын. Себебі жасаған жобаларым-ның көбі салынды. Үлкен ғимараттан бастап, ресторан, монумент, мектеп, тұрғын үй, мешіт және тағы басқалары. Бүгінгінің бар ісі қымбат. Біз сондықтан да уақыттан оза жүрмесек, ұтылғанымыз. Әлемдік деңгейге жету үшін уақыттан оза жүруіміз аса қажет. Еуразиялық қолтаңбамен қатар, қазақтың ұлттық нақышына тән айрықша үлгідегі жобалардың көптеп жүзеге асырылуына мән беру керекпіз. Кеудеңде жан барда, оның үстіне миың қалыпты жұмыс жасап тұрғанда, жобалар әлі жасалынады. Менің тіпті дайын бірақ салынбаған жобаларым да бар. Соның бірі – ерекше ықылас, тебіреніс, жан-дүниемнен туған «Бұлтпен таласқан үй» жобасы. Биіктігі 320 метрдi, 70 үстіңгі және 6 жерасты қабаттарын қамтиды. Ақ бұлттар – тыныштық пен бейбіт өмірдің символы. Сол себепті ғимарат бұлтқа ұқсас блоктардан тұрады. Әр блок 9 қабаттан жасалған. Яғни кеңсе, банк, қонақүй, сауда және ойын-сауық орталықтары-на арналып салынады. Бұлтқа ұқсас блоктардың ортасына биіктігі 12 метр 5 ашық кеңістік салынған. Әр кеңістік 5 құрлықтың атымен аталады. Және соған сәйкес дизайны жасалатын болады. Ашық ке-
ңістіктер демалыс орындарына арналған. Онда бар, кафе, ресторан және киім-кешек сататын шағын дүкендер. Ал төменгі қабаттарында автотұрақтар. Бұл 2007 жылы «Жылдың үздік жобасы» номинациясы бойынша марапатталды. Осындай жобаларымды жүзеге асыру, Қазақстанның кез келген жерін көркейту негізгі арманым десем болады.
Айдана НҰРМҰХАН
http://www.aikyn.kz/