АЛТЫНОРДА
Новости

ЛАҚАЙ – түркінің бір бұтағы

Өткен жылдың соңында Еуразия ұлттық университеті Ақселеу Сейдімбек ағамыздың 70 жылдығына арнап «Ақселеу Сейдімбек: ғылыми мұрасы және тәуелсіздік» атты халықаралық конференцияны өткізді. Негізгі тақырып Ақаңның өмірінің соңында жазған кітабы «Қазақтың ауызша  тарихы» туралы болды.  Осы үлкен ғылыми жиынға Насриддин Назаров есімді лақай ғалымы келді. Тәжікстанда туған, қазір Өзбекстанда тұратын Ресей азаматы. Лақай – домбыра тартатын, жылқы етін жейтін, кешеге дейін киіз үйде тұрған түркінің бір бұтағы. Әр атасында қазақтың ата-сойы жүр. Қазақ болғысы келетін ел. Мен А.Сейдімбек ағамыздың 70 жылдығына орай қазақтың ауызша тарихының мәселелеріне арналып өткізілген конференцияға жауапты болғандықтан Насриддинмен көп әңгімлестім, бірсыпыра ақпарат жинадым. Лақай халқы туралы бұрын естімеген  оқырманның  тақырыпқа қызығушылығы зор екені даусыз, осы мақалада лақай туралы аздап жинаған дүниемді ұсынбақпын.

Насриддин бауырымыз туралы

Ең алдымен қазақтың ауызша тарихына арналған конференцияның Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырғанын айтқан ләзім болар. Бұл Ақаңның қалдырған аманаты десек те болады. Екіншіден, «қазақтың ауызша тарихы» деп жүргеніміз қазақтың шежіресі. Қазақ тарихы шежіреге сүйенбей ешқашан ұлт және мемлекет тарихы бола алмайды. Біз өз тарихымызды «атамыз – Алаш, керегіміз – ағаш» деген нақылдан бастауымыз керек. Әрине, қазақтың Алаша хан, Қара хан, Уыз хан, Ел хан, Жошы хан, Ормамбет хан туралы шежіре-аңыздарында әфсаналық шырай бар, бірақ шындық пен шырайды айыру кәсіби тарихшылардың міндеті. Қазақ жері Еуразияның, яғни кәрі құрлықтың кіндігі, адамзат тарихының саналы кезеңіне біздің өлкеміздің сіңірген еңбегі өте мол. Жылқы адамзат баласын қанша мың жыл алға сүйресе, біз де сонша мың жыл адамзатты алға жетеледік.
Енді конференцияға қатысушы ғалымдарға келетін болсақ. Ақаңның конференциясына ел қызығатындай бір-екі ғалым шақырғымыз келді. Ақселеу ағамыздың өзі де жарқыраған, жұмбақ, шешімі қиын дүниеге ғашық болып өткен адам ғой. Іздеп тапқаным осы Насриддин Назаров болды. Ол саяси ғылымдардың докторы, сонымен бірге лақай этнографиясы туралы бірнеше кітаптың авторы. Екінші адам Башқұрт елінен келуі керек еді, Башқұрт гуманитарлық институтының директоры Ильгиз Сұлтанмұратов деген азамат. Осыншама келгісі келіп еді, тамаша баяндама дайындаған екен, бірақ ауа райы, көктайғақ мүмкіндік бермеді. Башқұртқа қызыққанымыз түркі елдерінің ішінде осы елдің Р.Күзеев бастаған ғалымдары ғана өз шежірелерін әлемге танытып зерттей алды. Конференцияға Сібір татарларының өкілі, ғалым қыз Зайтуна Тычинских келуі керек еді, дәл сол уақытта Қазанда бүкіл татар елінің конгресі болып, өкілдердің тізіміне енгізіп қойған екен, содан келе алмады. Осы ғалымдар келгенде конференция тіпті мазмұнды болар еді.
Қолымызға түскені Насриддин болды. Ол бауырымыздың өзі Тәжікстанда туып, Өзбек­станда қызмет істейтін Ресейдің азама­ты. Өкінішке орай, бұл жалғыз ­Насриддин емес, лақайдың көп азаматтарына тән жағдай ма деп ойладым. Саны бір миллионға жете қабыл халықтың жартысы ғана Тәжікстанда, қалғаны жер бетіне тарыдай шашылып кеткен. Ауғанстанның Бағлан, Құндыз, Хелман, Тахор ­уалайаттарында, Иранның Тегеран, Исфахан, Сеистан, ­Шираз уалайаттарын­да, Сауд Аравиясында, Түркияда, Еуропада, Америка елдерінде, т.б. аймақтардан лақайларды кездестіруге болады. Осыншама тағдыры ауыр халықты жер бетінен кездестіру қиын да болар, жерсіз, елсіз, дәулетсіз, әке-шешесіз қалған жетім баланың жағдайы сияқты. Оқығандары да аз, қорғандары да жоқ. Насриддин де Тәжікстандағы азамат соғысының кезінде бассауғалап Өзбекстанға өткен екен. Ол жердегі саясат белгілі, азаматтық алу үшін өзбек ұлтының өкілі болу керек, Ресей азаматы болып жүргені сол себепті. Насриддиннің айтуын­ша, Тәжікстандағы лақайлардың ішінде қазақ азаматы атанып жүргендері де бар.

Жиделі Байсын – Лақайлардың қонысы

Лақайдың атақонысы қазақ «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды, адамы жүзге дейін жасайды» деп тамсанатын Жиделі-Байсын жері. ХVІІІ ғасырдың 70-ші жылдарында Ресейдің өктемдігі біліне бастаған тұста Бұқар жыраудың Абылайға айтатыны осы жерге қатысты:
Жаулық жолын сүймеңіз,
Мынау жалған сұм дүние
Өтпей қалмас демеңіз,
Мұсылман болсаң кетіңіз,
Сырдарияның суынан
Көлденең кесіп өтіңіз.
Үш жыл малды ту сақтап,
Жиделі-Байсын жетіңіз.
Кісісі жүзге келмей өлмеген,
Қойлары екі қабат қоздаған,
Қатын-бала қамы үшін,
Солай таман жетіңіз.
Бұқар жырау Жиделі-Байсынды анық біліп отыр, ол үш жылда малды ту сақтап жететін жер. Бағыты да анық, Сырдариядан оңтүстікке қарайғы жер – «көлденең кесіп өтіңіз». Бұдан шығатын қорытынды ХVІІІ ғасырдың 70-ші жылдары қазақ жады Жиделі-Байсынның орналасқан жерін, оған жеткізетін жолды анық білген.
ХІХ ғасырдың соңында Жиделі-Байсын өңірі туралы деректер тек ғұлама шежірешілер мен жады терең ақындардың ғана шығармаларында кездеседі. Оның өзінде некен-саяқ. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп жазбаларында Жиделі-Байсын шындықтан гөрі аңызға жақын – «Бұл ауған жұрты әр рудан құрылып жұрт болған ел. Біз білгенде Жиделі-Байсын атына қызығып Асанқайғы барған. Оның соңынан Қазтуған барған. Орақ Мамай барған. Телағыс барған. Тама Шора батыр, Кіші жүзден шыққан әз Едіге барған. Жиделі – өзен аты, Байсын – тау аты. Тау болғанда тамаша тау. Ел қай жерінде, мал қай жерінде жүргенін жан білмейді. Ел-жұртының көбі қазақ. Байсын – қоңырат атанады. Шаһарлары – Балық (Балх-Ж.А.), Бадақшан. Құндыз – Талқан атанған жерлері болады. Елін ақсақалдар билейді».
Бұдан шығатын қорытынды біреу, қазақтың негізгі бөлігі «ақтабан шұбырынды» заманына дейін Жиделі-Байсынмен байланысты болған, тіпті ірі ру-тайпалардың ішінде қыста сонда қыстап, жазда Арқаға келіп жүргендері болды десек те артық айтқандық емес. ХХ ғасырда Ресей тепкісіне шыдамай, жерінен айырылған күйікті көтере алмай, Жиделі-Байсынға көшеміз деген әңгімелердің болғанын, бірер ауылдың солай қарай барғанын да қазақ тарихына қанық кәрі құлақ адамдар білсе керек.
Қазір географиялық координаттармен қарасақ, Жиделі-Байсын Душанбе, Қорғантөбе, Куляб үшбұрышының іші.
Енді осыған қарама-қарсы, Жиделі-Байсынды қазіргі күні мекендейтін лақай, қоңырат, түркімен-жүз сияқты елдерде «Арқа-жұрт (юрт)» дейтін ұғым бар. Олардан этнографтар түпкі отандарың қай жер десе, Арқа-жұрт деп жауап береді.
Жиделі-Байсынның тарихына келсек…
Ерте дәуірдің тарихи деректерінде бұл өлкені Бактрия дейді, Құшан деген атау да қолданылады. Сонымен қатар ғылыми әдебиетте Тохарстан деген атау да бар. ХХ ғасырдың басында Жиделі-Байсын Бұхар әмірлігіне қарады.
Қазақтың этникалық тарихымен ертеден байланысты осы өлке туралы нақты деректерді біз «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» деп аталатын кезеңнен аламыз. Біздің жыл санауымыздың басында Жиделі-Байсынға ғұндар ат басын тіреді. Алпауыт империя құрған ғұндардың оңтүстік тармағы «Ақ ғұн» аталады. Батыс тарихшылары бұл кезеңге қатысты «Эфталит» деген атауды қолданады, оның да өз себептері бар. Қазіргі лақай халқының құрамында Абдал деген ру бар, лақайдың ішінде Асанқожа деген тармаққа кіреді. Абдал «Эфталит» атауының негізі деп есептеймін. Ақ ғұндардың Сасан әулеті билеген Иранға қарсы бірнеше соғысы ғылыми еңбектерде баяндалған. Сонымен бірге бұл дәуірдің тарихи оқиғалары, патшаларының аттары қазақ фольклорында да көрініс тапқан. Мысалы, Кей Қыстау, Кей Қысырау хандарға қатысты баяндар. Өкінішке орай, лақай халқының тарихи аңыздары жүйеленіп жарияланған жоқ, оларды іздеуші де аз болды. 1914 жылы көктемде Шығыс Бұхараға Заки Валиди Тоғанның келгені белгілі. Ол өзінің естеліктерінде «Поскольку никто до этого не изучал этнографию проживавших здесь кочевых племен Локай (Илаки) и Карлук, я занялся сбором образцов их фольклора и языка. Меня очень заинтересовали обычаи и народная литература этих племен, являвшихся осколками древних эфталитов» дейді. Осы жазда Бірінші дүниежүзілік соғыс басталды да, жаңа басталып келе жатқан тамаша іс аяқсыз қалды.
Заки Валиди Тоған жазатын қар­лұқтар ІХ ғасырдан бастап Жиделі-Байсынды қоныстана бастады. Бұл кезең оңтүстіктен арабтардың да Орта Азияға ене бастаған уақыты еді. Бір жағы Қытай, бір жағы Араб 751 жылы Талас бойында тоқайласты. Осы соғыста арабтардың жеңіп шығуы қарлұқтардың тікелей көмектесуінің нәтижесі болатын. Орта Азияның бұдан былай ислам мәдениетінің арнасында дамуы қарлұқтардың арқасы. Көне қарлұқ этникалық құрамы – болат, шығыл, яғма ру одақтарынан құралған, олардың іргесін көтерген мемлекеті Қарахан атымен белгілі. Жиделі-Байсынды қоныстанған қазіргі қарлұқтардың құрамында алакөз, қаракөл, туқиян рулары Кафирниган дариясының бойында Ақжар, Нұра өзендерінің жағасын қоныстанса, бес жүз үйлі қарлұқ атанған: лолақы, мазаршапты, сұлтанмахмұт, қарасаяқ-қаракесек, қарабаюн, пірмахмуди және әжірғана Шарғұндария атты Топалан өзенінен бастау алатын тау өзенінің жағасында.
Жиделі-Байсындағы көп елдің бірі қоңыраттың ішкі құрамы: уақтамғалы, қостаңбалы, қанджығалы, айынны, тортуыл, семіз, кесамир, қатаған, дүрмен, найман, жалайыр, сарай, қытай, т.б. Революцияға дейін Жиделі-Байсын өлкесі Бұқара хандығына қарады. Байсын жері – Термез, Шерабад аудандарында қоңырат, Сурхандарияның орта ағысы, Хиссарда (Қарсы-Құзар) жүз, Қабадианда дүрмендер, Кафирниган мен Вахш аралығында лақай, одан әрі Құндызға дейін қатағандар қоныстанды.
Жиделі-Байсын тыныштығын, ішкі үйлесім мен дәстүрді Совет өкіметі бұзды. Ресей патшалары Бұқара ханының билігін өзіне тапсырып, сыртқы вассал дәрежесінде ұстаған болса, Лениннің жұмсалуымен Түркістанда Совет өкіметін орнатуға келген Фрунзе мен Куйбышев ол хандықты құлатты (1-қыркүйек 1920 жыл). Әмір Әлімхан Бұхарадан қашып, жазғы ордасы Душанбеге келді. Оның ізімен Душанбеге қызылдар енді. Міне, осы кезде Жиделі-Байсын елінің қызыл империяға қарсы күресі басталды. Лақай сияқты халықтың да тарыдай шашырап кетуі осы кез. Себебі Совет өкіметіне қарсы қозғалыстың басында лақайдың Қайитқал құрбашы, Тұрсын мерген, Ибрагимбек сияқты көсемдері тұрды.
1922 жылы ақпанда жауынгер рулар қызылдарды Байсын асырып қуды, күш жинап алған орыстар тағы ұмтылды. Қызу соғыс 1925 жылға дейін созылды. Әлімханның жанынан қорқып, тікелей соғыстан қашқаны, орыс большевиктерінің бірде әзәзіл, бірде қанқұйлы саясаты, халықты жаппай қыру көтерілісшілердің сағын сындырды. Дегенмен, кейбір ошақтары 30-шы жылдардың ортасына дейін сөнген жоқ. Біздің тарихымызда бұл оқиғаларды «басмашыларға қарсы соғыс» деп атайды, ал шын мәнінде оның Жиделі-Байсында жүргізілгенін, еркіндіктің соңғы өлкесі Жиделі-Байсын болғанын, ол соғыстағы ең жанқияр ерлікті лақайлардың атқарғанын біз біле бермейміз. Көшпеліліктің еркін рухы осылай соңғы рет маздап жанып барып сөнді.
Совет өкіметіне қарсы соғысты лақайлар 1979 жылдан бастап қайта жалғастырды. Бұл соғыс енді Ауған жерінде жүрді. Жоғарыда айтылған Насреддин Ауғанстанға бірнеше рет ғылыми-зерттеу жұмыстарымен барып, лақайларды зерттеген екен, шығарған кітабы да бар. Совет әскерлері лақай қышлақтарына енгенде ең бірінші аттарды дұшпанның серігі деп есептеп атып отырған екен дейді (Н.Назаров. Афгонистан узбеклари. Тошкент, 2011. 71-б.).

Лақай мен қазақтың арасындағы ұқсастық пен туыстық мәселесі

Бірнеше жүз жыл қазақтан оқшау өмір сүріп, Мәуреннахр жеріндегі өзбек-тәжікпен тығыз араласқан және «басмашы» деген айыппен қуғынға түскен лақайлардың қазаққа тән, көшпелі өмірге бейімделген көп қасиетінен ажырағаны анық. Тіпті лақайлардың тәжік қыздарына жиі үйленуі де осы үдерісті жылдамдататыны белгілі.
Лақайлардың рулық құрамының Жиделі-Байсынды жайлаған өзге дештіқыпшақтық елдерден: қоңырат, қатаған, жүз, барлас, т.б., өзгеше болуына не себеп? 1950 жылдары осы өңірде этнографиялық зерттеулер жасаған Б.Х.Кармышеваның «обращает на себя внимание и такой факт: среди этнонимов узбекских племен встречается очень мало совпадений с локайскими генеонимами» деп атап өткені дұрыс, бірақ мұны түсіндіру үшін мүмкін өзбек руларының этнонимикасын зерттеу қажет болар деуі күмәнді. Егер олардың бәрі бір уақытта, яғни ХV ғасырдың соңы мен ХVІ ғасырдың басында Мұхаммед Шайбанимен бірге Мәуреннахрға келсе, арасында кіріс-шығыс болар еді. Б.Х.Кармышеваның Мәуреннахр өзбектерін бірнеше кезеңнен өтіп, жаңа жұртта орнықты деуі дәлелді, бірақ лақай мәселесі Мәуреннахрдағы қазақ факторын есепке алмай шешілмейді.
Менің ойымша, Мұхаммед Шайбани бастаған өзбек тайпалары Мәуреннахрды жаулап алғаннан кейін де Жиделі-Байсын қазақ анклавы ретінде қызмет істей берген. Оның мысалын қазақтың үш жүзінің де шежіресінен көреміз. Қазақ шежіресінің ең толық та, төл нұсқасын жасаған М.Ж.Көпейұлының «Ал енді Арғынның аты белгісіз төртінші әйелінен төрт бала туған: Ақташы, Бақташы, Бұғышы, Тағышы. Бұлардың тұқымы Жиделі-Байсында, бұл жақтағы арғыннан көп болмаса аз емес, асылы Арғын он екі ата» деуінде осындай әлі зерттелмеген гәп бар.
Қазақ тарихының небір тамаша беттері Бұхара қаласының маңы, Сырдың арғы жағы, Жиделі-Байсын жұртында жазылғанын Дулат Бабатайұлының өлеңдерінен аңғарамыз. «Зар заман» сарынында жазылған тарих көші туралы кестелі шумақтарында Дулат қазақ елінің дәулетті-сәулетті шағы Жиделі-Байсында өтті деп есептейді:
Әуелгі қазақ деген жұрт
Миығыңды көрсетпей,
Ұстарасыз өскен мұрт.
Емін-еркін ен жайлап,
Өсіп едің Бұхарда.
Сен Бұхарда кезіңде,
Бәтуа бар сөзіңде,
Келелі биің сенімді,
Қара бір халқы көнімді,
Тыныш еді еліміз.
Шаңына малың аунаған,
Дәулетің өсіп қаулаған,
Тел емес малды саумаған,
Бұхар-ай шәрі дей-тұғын
Өскен-өнген жеріміз.
Егер біз Дулат өлеңіне негіз болған найман шежіресіндегі көне деректер деп пайымдасақ, онда Жиделі-Байсынға арғыннан өзге қазақ этносы өкілдерінің де қатысы бар деген пікірге келеміз. Тексере қарасақ, Жиделі-Байсынды қазір қоныс етіп отырған түркі затты көшпелілердің тұқымдары арасынан үш жүздің сан алуан руларын кездестіреміз.
Б.Х.Кармышева лақай руларының 155 атауын бере отырып, оның 69-ы өзгетілдес көшпелілерде кездесетінін жазады (Кармышева Б.Х. Очерки этнической истории южных районов Таджикистана и Узбекистана) (по этнографическим данным) М., 1976, 232-б.). Осы 69-дың 38-і қазақ руларының атауларына келеді.
1920 жылдары Оңтүстік Өзбекстан мен Тәжікстан көшпелілеріне санақ жүргізген И.П.Магидович осы пікірде болды, бірсы­пыра айғақтар тапты. Өкінішке орай, 20-шы жылдары лақайлар Совет өкіметімен қантөгіс күрес жүргізіп, ақыр соңында қырылғаны қырылып, аман қалғаны Ауғанстанға, одан әрі Араб елдеріне өтіп кетті. Осындай себептерден лақай ішіндегі қазақ руларын түгендеу де қиындады. Тіпті И.П.Магидовичтің санағында болған қуандық-куюндук руы да қазір өз қонысында жоқ.
Лақай этнографиясының ең тиянақты зерттеушісі Б.Х.Кармышева осы тақырыпты қорытындылай келе «из всего сказанного становится очевидным, что значительная часть локайцев сложилась из тех же этнических компонентов, что и казахи Среднего и Младшего жузов» дейді. Осы тақырыптың қазіргі зерттеушілерінің бірі, өзбек профессоры Н.Норбоев рулық құрылымдағы ұқсастық туралы «лақайлардинг таркибиға курувчи буғинларни учратиш мумкин: найман, керей, кипчок ва айникса арғин уруғи билан жуда мос келади» деп тұжырымдайды.

ЛАҚАЙ – түркінің бір бұтағы

Лақай жылқы баққан

ХХ ғасырдың басында лақай тіршілігінің негізі көшпелі мал шаруашылығы болған. Осы туралы деректерді Өзбек Совет энциклопедиясынан да кездестіреміз: «Чорбачинликда йиылқичилик асосий урин эгалагган. Лақай от зоти Орта Азияда машхур эди. Бой хужаликтарда 300-400, айримларида эса 900-1000 йилқи булған. ХІХ ғасыр охиринда утроқлашиш жараенда лақайлар хужалигинда дехқонлик хам ривожланиб борди».
Лақай шаруашылығында, әсіресе қой мен жылқының орны бөлек. Лақай қойы қазақи еділбай қойына келеді, салмағы 150-190 келіге дейін тартады. Жиделі-Байсын жерінде жылқыны табындап бағу лақай мен марқа деген елдің арасында ғана сақталды, атты ер қанаты деп қасиеттеу, әртүрлі ат ойындары, әсіресе көкпар (олар ұлақ тартыс, ұлақ шабыс дейді), осы елдерде әлі бар. Көкпар ойыны бойынша Тәжікстан, Өзбекстан ұлттық құрамасында күресетіндер де көбінесе лақай мен марқа жігіттері екені белгілі. Балалардың әртүрлі асық ойындары көп, ол да мал баққан көшпелі ел ұлдарының ермегі.
Лақайдың жылқы тұқымы ерекше айтуды қажет етеді. Бұл негізінен тауға да, далаға да бірдей өте көрікті, ол жағынан ақалтекеге ұқсаған, сонымен бірге алысқа да қиналмай шабатын аттың түрі. Лақай жылқысы туралы зерттеулер жүргізілгендіктен, біз бұл тақырыпты осымен шектейміз.
Бұл әңгіменің соңында лақайлардың қазіргі Жиделі-Байсын жерінде қымыз дайындайтын жалғыз ел екенін айтқымыз келеді. Бұрын Дешті Қыпшақтан келіп едік дегенімен, өзбек қымыздан қол үзгелі бірнеше ғасыр болды. 1960 жылдардың басында Хрущевтің тұсында лақай жыл­қыларын топтап, тікұшақпен атқан оқи­ғалар болған екен. Насреддин «ат зираты» деген жерлер бар, жылқы малы жанынан өткенде жылайды дейді. Осыған қарамастан лақай елі соңғы уақытқа дейін түрік көшпелілерінің қасиетті сусынын ұмытпай, желілеп бие байлап, жарықтық сары қымызды аяқпен бастарына көтеріп жатты.
Лақайдың рухани мәдениеті, соның ішінде тілі

Лақай тілінің «ж»-ны қолдануы қазақпен бірдей, бірақ көрші отырған­дықтан қазіргі өзбек әліпбиі әсер етіп, лақай тілі қасиетінен айырылып барады. Лақай тілі қазақ және қарақалпақ тілдеріне өте жақын сияқты, ал біздің тілші ғалымдардың арнайы зерттеу жұмыстары болмағандықтан, бұдан басқа бірдеме айту қиын. Жүздеген жылдар бойы көршілес өзбек және тәжіктілді ортада мекен етіп, өз тілінің ерекшеліктерін сақтап қалған лақай үлгісі этнографиялық тұрғыдан да зерттелуі қажет. Тілдің сақталуына қандай ішкі себептер бар? Біздің жорамалымыз бойынша лақайдың рулық құрылым жүйесінің берік сақталуы және эндогамияның әсері тілдің фонетикалық және лексикалық беріктілігін қамта­масыз ететін факторлар.
Енді осының дәлелі ретінде салыстырмалы сөздік ұсынамыз: (кестеде)
Лақай және қазақ тілдерінің салыстырмалы сөздігі екі елдің сөздік қоры ортақ екенін анық көрсетеді. Лақай тілінде отбасына, әдет-ғұрыпқа, мал шаруашылығына қатысты сөздердің көптеп сақталуы да олардың қазақ этномәдени әлемінен жақында ғана алшақтанғанын және негізгі өзегін әлі де жоғалта қоймағанын аңғартады.
Лақай антропологиялық кескінін суреттеу қиын емес, ол кәдімгі өзіміз көріп жүрген қазақтың түрі: жалпақ бетті, көзі қысыңқы, мұрны пістелеу, сарылары көп. Көрші тәжіктің түріне келетіндері де аз емес, араластықтың бір нәтижесі сол.

Лақай ауыз әдебиетінің үлгілері туралы

Бұл жағынан да салыстырмалы зерттеу­лер­дің жоқтығы қолды байлайды. Біз бұрын лақай сияқты қазақ бәйтерегінен кейін бө­лін­ген халық туралы хабарымыз да болған жоқ. Қызығушылық енді басталады деген үміттемін.
Қазақтың жұмбақ аталатын әдеби жанрын лақайлар өзбек тәртібімен «топишмоқ» атайды. Енді солардан мысал келтірейік:
1.Талдан аяғы бар,
Алты аяғы бар.
Вартасында қуйруғи –
Вилам худанинг буйруғи.
2. Адақтан келген ала қучқар,
Аяғини тиреб сув ичер.
3. Жул устинде – гуже қайнар
4. Биздинг уйде бир қиз бар,
Қулида бигизи бар.
5. Бир аяқ қатиқ,
Хамме жерге тартиқ.
Бұл жұмбақтар сөз қолданысы, топшылау жүйесі және ұйқасы жағынан қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінен айырмасы жоқ.
Лақайлар өз ақындарын «соқи» деп атайды, бұл сөз де қазаққа тым бөтен болмауы керек. Лақай соқилары тойларда домбыраларын қолға алып «қушиқ» айтады, онысы біздің арнауға ұқсас. Бір үлгісін келтірейік:
Арчалардан астидан,
Арчиб аған думбирам.
Пистелердинг астидан
Пичиб аған думбирам.

Думбирам алдим қулға,
Худайим салды жулға
Думбирам сені бағайин,
Башинга тупек тағайин.
Лақай ақыны өзінің қолындағы домбырасын осылай дәріптейді.
Қушиқтың көпшілігі ойнақы, халықтық әзіл-сықаққа құрылған, жас адамдардың бір-біріне деген көңілін, әсерін қалжыңдап жеткізеді:
Жарибкулдинг жалағи,
Жарда уйнар улағи
Чимилдиқдан куринсин,
Жан айнамдинг қулағи.
Лақай ауыз әдебиетінде ерекше мол кездесетіні – бедала, тақырыптық жа­ғынан тұрмыстық ахуалды дәл көрсететін және сонымен бала тілін жаттықтыратын біздің жаңылтпаш сияқты тақпақтар. Салыстыру үшін бедаланың да бірнеше түрін келтіре кетейік:
Тулки тулки туманда
Құйрықлари гуманда,
Тулки қайға барасан?
Мама уйи барамын!
Маманг ниме береди?
Ечки сути береди
Ечкисининг сути жоқ,
Улағиининг пути жоқ!
Алиб урдим ешикке,
Тахта булди бешикке.
Бедала қазақтың «Еркем-ай»-ы сияқты, той-жиында біреуден-біреу қағып әкетіп, ойнақы мақаммен айта береді, музыкалық аспаптар қолданылмайды. Мысалы:
Ай чиғади айналиб,
Симағачқа байланиб.
Меним айнам келеди,
Бир дунийени айналиб.

Меним айнам кир ашар,
Қизил чепкен жарашар.
Вуни курген ай қизлар,
Хар тубеден қарашар.
Мұсылман елдерінде ортақ әдеби мұраның бір түрі бата – «Фатиха» екені жұртқа мәлім. Лақай әдет-ғұрпында күйеу балаға арнап жеңгелері («даврабаши аял») айтатын бата-өлең нұсқалары сақталған:
Эшик алди темир хачче,
Турегесин куев бачче.
Мен патехе айтайин
Қулақ сасин қатте-кичче.
Усто чапсин балғани,
Кабул бусин алғани.
Парча бусин кийгани
Бачче бусин суйгени.

Қучкар бусин баққани,
Тилла бусин таққани.
Минген ати тай бусин,
Алақаны зар бусин,
Жетелегени нар бусин!
Лақай батасын естіп отырып, оның қазаққа да ортақ қанатты ұйқастарын аңғармау мүмкін емес:
Ойдин-ойдин куллерден,
Ғаз ғанкиллаб утмесин.
Хидир берген давлетинг
Тепкилесе кетпесин.
Азиз мейман келгенде
Шалпи қойди суйнигиз.
Кидириб келген кампирге
Куйруқ бавар қуйингиз.
Куйруқ бавар жемесе
Тубесини уйингиз.

ЛАҚАЙ – түркінің бір бұтағы

Лақай мақал-мәтелдерінің біздікінен айырмашылығы жоқ
Рас, мақал-мәтелдерді біздің өміріміз­дің бағдарламасы десек те болады. ХХ ғасырдың басында «Тауарих хамса» сияқты тамаша шежіре кітапты жазған Құрбанғали Халид қазақ халқының мақал-мәтелдерге ерекше мән беретінін айрықша атап көрсеткен еді. Жалпы түркітілдес Орта Азия халықтарының қай-қасысы болмасын мақал-мәтелге кенде емес. Түрік дүниетанымының өзі де шындап келсек осы мақал-мәтел қорында барынша сақталған.
Насриддин лақайдың мақал-мәтелдерін біршама жинақтаған екен, кітабын маған қалдырып кетті. Салыстыра қарасам, ішінде біз қазақтікі деп жүрген дүние көп. Қараңыз:
Ағайын саз болса бас көбейер,
Абысын саз болса ас көбейер, – дейді. Мұнысы қазақтың :
Ағайын тату болса бас көп,
Абысын тату болса ас көп, – дегені емес пе ?!
Ағайынның азары болса да, безері болмайды, немесе
Адам өзінен кейінгілерді көріп қартаяды, немесе
Адасқан қазды,
Біріккен қарға алады, немесе
Адасқанның айыбы жоқ,
Қайтып үйірін тапқан соң, немесе
Айранға келсең, аяғыңды жасырма, – деген сияқты мақалдарды біз өзіміздікі деп жүрміз, олар лақайдың мақалы дейді.
Екі халықтың бір тамырдан шыққанын эпикалық мазмұндағы мақалдар анық көрсетеді. Мен бұл жерде эпикалық кеңдік қазақ табиғатының, менталитетінің қайнар көзі деген мағынада қолданып отырмын. Қарап отырсаңыз, осы дүниені лақайдан да кездестіресіз:
Ақ сауыттың жағасы бар, жеңі жоқ,
Мәрт жігіттің ашуы бар, кегі жоқ.
Ақылы жоқ ақымаққа – нұрсыз суық көз бітер,
Дуасы жоқ ауызға – мағынасы жоқ сөз бітер.
Алыстағы дұшпаннан,
Аңдып жүрген дос жаман.
Арғымақ аттың құйрығы,
Бірде – жібек, бірде – қыл.
Даналықтың белгісі,
Біріде – бек, біріде – құл.
Арғымақты жамандап,
Қане тұлпар тапқаның?!
Ағайынды жамандап,
Қане туған тапқаның?!
Ат аунаған жерде түк қалар!
Ат айналып қазығын табады.
Ат басына күн туса,
Сулығымен су ішер.
Ер басына күн туса,
Етігімен су кешер.
Ат һәм бірде жалды,
Бірде жалсыз.
Жігіт бірде малды,
Бірде малсыз.
Ата тұрып ұл гәпірсе, ержеткені,
Ене тұрып қыз гәпірсе, бойжеткені.
Ата-бабадан қалған ескі жұртты бұзу – жамандық.
Атадан көрген оқ жонар,
Енеден көрген тон пішер.
Атадан жақсы ұл туылса,
Елінің қамын жейді.
Атадан жаман ұл туылса,
Елінің малын жейді.
Ата-енем бар болсын,
Аузы-мұрны жоқ болсын.
Ат болатын құлынның
Бауыры жазық келеді,
Батыр болар жігіттің
Маңдайы жазық келеді.
Осы мақалдар қазақтың мақалы емес десең, намысы бар қазақтан таяқ жейсің, ал осы мақалдардың дәл қазақи эпикалық мазмұнда, сөзбе-сөз лақайдан кездесуін қалай түсіндіруге болады? Мен бұл жерде Насриддиннің «Лақайлар: этнография, лингвистика, уа фольклор» аталатын кітабының бір-екі бетіндегі мақалдарды ғана, а әрпін ғана түгендеп отырмын, ал түгел жазсақ, не болар еді?!
Мына бір мақалдар бізде кездесе ме?
Алшаңдаған жігітті
Дұшпан келсе көремін,
Алшаңдаған қатынды
Қыз бергенде көремін.
Немесе:
Ақылды әйел басыңа қарайды,
Ақылсыз әйел жасыңа қарайды.
Немесе:
Ақылды адам тауып айтады,
Ақылсыз адам қауып айтады.
Бұл жерде «қауып» дегені шамасы иттің қапқаны, дөрекі, аусар адамның арсылдап сөйлегені, т.б.
Атың жаман болса,
Сатып құтыласың,
Қатының жаман болса,
Қайтып құтыласың?
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Қазақ төрт нәрсенің атын білмей қойыпты» дейді:
«Бірі – ат. Аттың аты «ат» емес «ер қанаты» қойса жарайды.
Бірі қатынның атын «қатын» деп білмей қойыпты. Қатынның аты «қатын» емес «тындым». Бұл тындым деген сөзде екі мағына бар. Бірі қатын жақсы болып жолықса, еркектің үй шаруасымын жұмысы болмайды, көңілі тынып, рахаттанып отырады. Бір мағынасы – қатын жаман болып жолықса, өлтіре алмайды, сата алмайды, жөндеп жөнге сала алмайды. Ішінен тынады да отырады». Лақайдың мақалы мен Мәшекеңнің әңгімесі екеуі де бір мектептен шыққандай, бір-біріне сәйкес келіп тұр емес пе?!
Біз Мөңке биден қалған сөз дейтін:
Ақырзаман – дарияда су тартылады,
Жігіттерге қыздардың өзі келіп асылады, – бұл сөз де лақай мақалдарының ішінде жүр (Н.Назаров. Лақайлар: этнография, лингвистика, уа фольклор. Ташкент, 2010. 168-б.).
А әрпінен басталатын тағы да бір-екі мақал:
Ақымақтың айтқаны келмейді,
Сандырағы келеді.
Аш адам ұрысқақ,
Арық қой тырысқақ.
Ашу – дұшпан, ақыл – дос.
Ақымақ атасын өлтіргенмен дос болады.
Асық атқан азады,
Шілік атқан тозады.
Бәрінен де қой бағып,
Құйрық жұтқан озады.
Аюға намаз үйреткен таяқ,
Ашкөзге намаз үйреткен тамақ.
Әйелде ақыл-парасат болсын,
Шырайына ас құйып ішесің бе?!
Осыдан кейін өзің ойлана бер, қазақ пен лақайдың арасы қаншалықты жақын еке­нін. Егер де бұл тақырыпты одан әрі жал­ғас­тырамыз деп тарихшылар мен этног­раф­тар, тілшілер мен әдебиетшілер талап білді­ріп жатса құба-құп. Жиделі-Байсын біз­дің тарихымыздың көмескі бір беті, лақай қа­зақ дейтін бәйтеректен ажырап қалған бір бұтақ. Осы тарихты қайта жаңғырту біз­дің тарихымыздың дұрыс жазылуы үшін қа­жет. Оны дұрыс жазудың бірден-бір кепілі шежі­ре­ге үңілу, қазақ тілі мен әдебиетінің қыр-сырына қанығу. Қазақ тілін және әде­бие­тін білмеген адам қазақ тарихына қалам­тартпай-ақ қойсын, өзін тарихшы санамай-ақ қойсын. Қазіргі күні жас талап аспиранттың, мен тарихшы боламын деп құлшынып жүрген студенттің, жалпы гуманитарлық мамандықтағы жастың ең бірінші түйетін қорытындысы осы болу керек.

Лақайдың бұдан әрі тағдыры қалай болмақ?

Ғылым елдің алдындағы барлаушы сияқты. Біз осы қызметті хал-қадіріміз келгенше атқаруға тырысамыз. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында шет-қақпай бөлініп қалған лақай бауырларымызды атажұртқа қайта тартуымыз керек деген пікірдемін. Олар үйренген жерінен түгел көшіп те келе қоймас, келіп қалса ұлан-байтақ қазақ даласында лақайдың да Алаштан қалған бөлінбеген еншісі бар, қарсы алу керек. Қазір тұтас аудандар, әсіресе шекаралық аймақтар жалаңаш қалды деген әңгіме көтеріліп жүр. Мен экспедицияларда көп жүремін, далалық аймақтарда жүздеген шақырым жүрсең де не тірі жан, не қыбырлаған мал көрмейсің. Қазақтың табындап жүздеген мың бас жылқы, миллион­дап ақтылы қой өсірген жері құлазып жатыр. Лақай күй таңдайтын халық емес, қазақ боламын десе келсін деу керек.

  Ж.АРТЫҚБАЕВЖ.АРТЫҚБАЕВ, 

тарих ғылымдарының докторы, 
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

 

http://anatili.kz/?p=13265