Өткен апта әлемдік қор және тауар биржаларындағы бағалардың түсуімен есте қалды. Алтынның мысқалы бақандай 300 доллар жоғалтып, 1400 доллар деңгейіне дейін төмендеді. Өндірістік басқа металдардың да бағасы арзандады. Әдетте алтын бағасы түскен шақта көмірсутектердің бағасы өсіп шығатын еді. Бұл жолы олай болмады. Мұнай баррелі бір аптаның ішінде бақандай 15 долларға арзандады. Мұнымен бірге қор биржаларындағы бағалар түсіп, индекс-индикаторлар шамамен 3-4 пайызын жоғалтты. Мәселен, Доу Джонс алдыңғы аптада 14 800 пункттен асып, 2007 жылдың тамызына дейінгі дәрежесіне жетіп қалған еді, қазір ол 14600 пункт деңгейіне ғана иек артып тұр. Жапонияның Никкей индекс-индикаторы да шамамен 200 пункттен айырылып қалды. Жалпы алғанда бүкіләлемдік қор биржаларындағы индекс-индикаторлар түгелдей дерлік «жүдеді» деуге болады.
Дүниежүзілік қор және тауар биржаларындағы осындай келеңсіз жайтты байқаған халықаралық сарапшылардың пікірі қақ бөлінді. Біреулері «дағдарыс ширығып кетті» деп түңіліске бой алдырды. Ал енді біреулері мұндай келеңсіздіктің басты себепкері Америка Құрама Штаттарында сланец жанармайын өндірудің қуатты көзге айналуы дегенді айтты. Ал біз болсақ, бұған дейін де «Айқын» газетінде жазғанымыздай, «баяғы дағдарыс жалғасып жатыр, бірақ бұл уақытша дүрбелең, АҚШ жаңа шикізаттан алатын жанармай әлемдік тауар биржаларында мұнай бағасын, түсіретін кез әлі алда, ол шамамен 2016 жылға қарай есік қағады» деген пікірдеміз. Сондықтан да өткен аптадағы баға құлдырауы «ненің салдары?» деген сұраққа жауап беруді жөн көрдік.
Салдардың себептері:
А) Алтынның құнсыздануы. Осынау бағалы металл бір кездері мысқалын 1800 доллардан асырып, әлемдегі ең пұлды инвестициялық көзге айналып кеткен еді. Мұның басты себебі 2007 жылғы тамыздан соң инвесторлар құнды қағаздан мүлде түңіліп кетті де, «барымызды сақтайық» деген ұстаныммен алтынды жаппай сатып ала бастады. Сөйтіп, сары металл дүниедегі ең қымбат инвестициялық көзге айналды. Бұл жердегі үлкен қателік қаржылы топтың сауатсыздығынан туындады. Олар Америка қор биржасында құнды қағаздар бағасының түсуін қаржы әлеміндегі «ақырзаманның» өзі деп білді. Ал оңтүстік-шығыс Азияның дамушы мемлекеттері мен Қытай дүниежүзінің ендігі үміті екенін естен шығарды. Олар тіпті Батыстың озық технологиялы өндірісі оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттері мен Қытайға қоныс аударып жатқанын да есепке алмады. Өмір ақиқатында қаржы жетімсіздігі азғана уақыт әлсіз мемлекеттерде сезілсе де Қытай және оңтүстік-шығыс Азияның дамушы мемлекеттерінде өндірістік өсім қарқыны бәсеңдеген жоқ. Әлемдік экономика бұл аймақтан жылына шамамен 7-10 пайыздық өсім алып тұрды. Қысқасы, Батыстың «қазаны ортайған сайын» Шығыстың «қазаны тола берді». Бір сөзбен айтқанда, баяғы теңдік шамамен деп айтсақ та сақталды. Бұл арифметика тілінде «қосылғыштардың орны ауысқанымен қосынды өзгермейтінін» өмірде дәлелдеу болып шықты. Міне, өмірдің осындай ақиқатын көре алмаған жекелеген шағын мемлекеттермен (оның ішінде біздің Қазақстан да бар) жекелеген инвесторлар 2008-2010 жылдар аралығында алтынды сатып алуда жарысқа түскендей болды. Нәтижесінде сары, металл шексіз қымбаттауға ұмтылды. Енді, міне, әлемдік натуралды өндірісте «қосындының өзгермегеніне» көздері жеткен жекелеген инвесторлар қазыналарындағы алтындарын қайтадан сатып, ақшаларын девидент алатын құнды қағаздарға, ескерте кетейік, оңтүстік-шығыс Азия және Қытай қор биржаларындағы құнды қағаздарға сала бастады. Тауар биржасындағы алтын массасы көбейген кезде сары металдың бағасы түсетіні табиғи заңдылық. Екіншіден, Батыс Еуропаның бірқатар мемлекеттері сөздің тура мағынасында ауыр дағдарысты бастан кешіп жатыр. Аймақта азаматтық теке-тірестер жиілеп кетті. Осындай жағдайда тыныштықты аз да болса сақтап, экономикаға «дем салу» мақсатында мемлекеттер қазыналарындағы алтындарын сатуға шығарды. Бұған да тауар биржасындағы алтын массасын көбейткені себеп. Себептер белгілі болған соң салдар қандай көрініс таппақ деген сұрақтың жауабын іздеу керек. Біздіңше, алтын бағасы шамамен ең көп дегенде бір айдан соң қайтадан көтеріледі. Қаржы әлеміндегі оның құны шамамен 1800 доллар деуге болады. Олай болса, Еуропаның Грекия, Кипр, Италия, Испания секілді тығырыққа тірелген мемлекеттері тауар биржасына шығарып, алтындарын сатып біткен соң сары металл қайтадан құнды инвестициялық көзге айналады. Демек Қазақстанның ұлттық қорларындағы «алтынданған» байлығымызды қазір саудаға шығаруға мүлде болмайды. Реті келсе сары металды әлі де сатып ала берген дұрыс. Бұл сөздің ақиқаттығы 2016-2017 жылдарда өмірден көрініс табады. Иә, 2016-2017 жылдарда дағдарыс салқыны бізге де тиетінін күні бұрын ескерткіміз келеді. Оған дейін алаңсыз жұмыс істеу керек.
Ә) Мұнайдың құнсыздануы. Баррелі 118 долларға бағаланып келген мұнай өткен аптаның ортасында 97 долларға түсіп қалды. Бақандай 20 доллар жоғалтты. Мұның басты себебі Америка Құрама Штаттарында сланец жанармайын өндірудің көбейіп кеткендігі емес. Ескерте кетейік, АҚШ үшін табиғи мұнайдан жанармай алу әлдеқайда тиімді. Ал жанармайды басқа шикізаттан алуға АҚШ амалсыздан барып отыр. «Егер мұнай шексіз қымбаттауға ұмтылса, оған тәуелділіктен қашу» бұл жаңалықтың басты қозғаушы күші. Сондықтан да АҚШ қанша жерден сланец жанармайын өндіруді жолға қойса да, өзіндік құндағы айырмашылық мұнай жанармайында тиімді болған деңгейде «бастаған істерін» тежейді. Бұл – бір. Екіншіден, қазір мамыр айының фьючерсі сатылымда. Ал АҚШ, Канада, Еуроодақ, Ресей, Қытайдың солтүстігі, Жапония секілді аймақтарда өндірістің жандануы мамырдың аяғында басталады. Жанар-жағармайдың көп жұмсалатын кезі сол кезден өріс алады. Қазіргі қаңтарулы жекеменшік автокөліктер сол кезде «жолға шығады». Қысқасы, мұнай өнімдерін көп пайдаланатын шақтың фьючерсін сату әлі басталған жоқ. Үшіншіден, ОПЕК картелі дұрыс баға мұнай баррелінің 100 долларлық шамасы деген есепке тұрақтаған. Бұл мөлшер жалпы алғанда барлық мұнай экспорттаушы жақтарды қанағаттандырады. Ол-ол ма, мұнай экспорттаушылары үшін де бағаның бұл деңгейі «үлкен ауыртпалық» емес. Десек те ОПЕК картелінен тысқары мұнай экспорттайтын Ресей, Венесуэла секілді алыптар баға өскен сайын өндірісті шектен тыс молайтып жіберген. Кімнің мол пайдаға кенелгісі келмейді?! Міне, осындай пайдакүнемдік ықылас тауар биржаларындағы мұнай фьючерсінің массасын молайтқан. АҚШ, Канада секілді мемлекеттерде мұнай сақтайтын ыдыстар «болмай қалыпты». Бәрі толған. Иә, қысы ұзақ, сондықтан да жанар-жағармай пайдаланатын машиналар автокөлік тұрақтарында тұратын мемлекеттерде қазір мұнай сақтайтын ыдыстардың босамай қалуы табиғи заңдылық. Олай болса, өткен аптадағы баға түсуі де табиғи заңдылық.
Баға қай деңгейде болмақ? Бұл сұрақтың да жауабы дайын. Біріншіден, ол ең кемі 100 доллардан жоғары болады. Өйткені ОПЕК картелі баға бұдан түссе өндірісті және экспортты күрт азайтады. Сөйтіп, қайткен күнде де бағаны өздері қалаған деңгейге жеткізеді. Біз баға шамамен 115-120 доллар көлемінде болады деп ойлаймыз. Өйткені әлемдік экономикадағы натуралды өндіріс мөлшері биыл былтырғыдан ең кемі екі пайызға жоғары болатынын Халықаралық валюта қорының сарапшылары да мойындаған. Олар Қытайдың жылдық жалпы өнімінің өсімі 7 пайыз көлемінде болады деп отыр. Ал Қытайдың экономикалық өсімі мұнай бағасын өсіретін қуатты күш. Екіншіден, АҚШ мемлекетінде қымбат жанармайды өндіруге ақша жұмсау тиімсіз болар еді. Бұл да ескеріледі.
Б) Құнды қағаздар неге арзандады? Әлемдік сарапшыларды таңғалдырып тұрған осы сұрақ. Әдетте шикізат және алтын бағасы түскен кезде құнды қағаздар қымбаттап шыға келуші еді. Бұл жолы олай болмады. Неліктен? Біз үшін бұл да жауабы қиын сұрақ емес. Біріншіден, бірінші тоқсанда Нью-Йорк және Токио қор биржаларындағы құнды қағаздар ешқандай себепсіз қолдан қымбаттатылды. Турасын айтқанда, АҚШ және Жапонияда жылдық ішкі жалпы өнімнің өсім мөлшеріне құнды қағаздар бағасының өсімі пропорционалды болмады. Мысалы, АҚШ қор биржасында ол бір тоқсан ішінде 12 мың пункттік деңгейден 14 800 пункттік деңгейге дейін «секірді». Ал Токио қор биржасында 9000 пункттік мөлшерден 13 мың пункттік деңгейіне бір-ақ «ытқып» шықты. Ал екі елде де натуралды өсім ресми мәліметтердің өзінде 2-3 пайыздан асқан жоқ. Айырмашылық «жер мен көктей». Инвесторлар өз қолдарымен өздері жаңа «көбік» жасап шығарды. Кипрдегі жағдай шиеленісіп, «көбіктің» опа бермейтінін түсінген инвесторлар енді «аяқты аңдап басуға» ауысты. Мінеки, құнды қағаздар бағасының төмендеуі осының салдары. Турасын айтқанда, құнды қағаздар бағасының түсуі табиғи заңдылық. Өйткені Батыстың бірде-бір мемлекетінде жұмыссыздық көрсеткіші былтырғыдан азайған жоқ. Кейбір мемлекеттерде керісінше өсіп тұр. Демек Доу Джонс индекс-индикаторының табиғи деңгейі 13 мың, Никкейдің деңгейі 11 мың пункт деп нысанаға алған инвесторлар ғана ұтылмайды. Қысқасы, биыл да Батыс пен Токио қор биржаларындағы құнды қағаздардан түсетін девидент «жарыта қоймас». Бұдан шығатын қорытынды құнды қағаздарға инвестиция Шығысқа ауысады деген сөз. Сондай-ақ алтын бағасы жоғарыда айтқанымыздай, мысқалына 1800 долларлық деңгейіне қайтадан талпынады.
Қазақстан «жүрісі» Шахматтағы «аттың жүрісі» дейтінді өмірде «тосынсый» секілді сипаттайды. Әрине, бұл алыпсатарларға тән қасиет. Ал Қазақстан секілді ырғақты дамуын жоғалтпаған мемлекет үшін «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Ұлт Көшбасшысы тапсырмасындағы «2050 стратегиясына» сай бағдарлама жасап, сол бойынша жұмыс жасай берсек, «мұртымызды балта шаппайды». Ескеретін тұстар мыналар:
1) «2050 стратегиясына» тек инновациялық жобалар енуі қажет.
2) Ұлттық қорларға алтын жинауды жалғастыра түскен жөн.
3) Отандық тұтынушыларды жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ететіндей мұнай өңдеуші шағын зауыттар өндірісін жолға қоюға тиіспіз.
4) Электр энергиясын импорттауды азайтатын, мүлде жоятын кешенді бағдарлама жасап, жүзеге асыруымыз керек.
5) Белоктың қымбат түрін ғана экспорттайтын бағдарлама бойынша жұмыс істеу пайдалы.
6) Ішкі базарда бағалар мен тарифтерді «уыстан» шығармай, инфляцияны екі пайыздық деңгейге дейін түсіруге күш жұмсау басты мәселе.
Иә, өткен аптадағы бағалардың жаппай түсуі «ақырзаман» емес. Десек те, 2016 жылы есік қақпай қоймайтын мұнай бағасының аса мол мөлшерде түсуіне бүгін дайындығымызды ширатуға тиіспіз.
Жұмабек ЖАНДІЛДИН