АЛТЫНОРДА
Новости

Кітап әлемінің қызықтары

Осы аптада дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні (23 сәуір) аталып өтті. Әрине, бұл үлкен мерекелік дата саналмайды. Дегенмен адамзат ақыл-ойының көркем жемісі болып саналатын кітап ешқашан өз құндылығын жоғалтқан емес. Баспа кітаптың тарихы Гутенберг қария шығарған 42 беттік «Інжілден» басталады десе де, қазақ кітабының тарихын көне руна жазбалары мен Орхон-Енисей маңынан табылған тас ескерткіштерден таратуға болар. Ақпараттық технологиялар қаншалықты дамып, кітаптың орнын ығыстырып жатқанымен, көз майыңды тауысып, кітапты жата-жастана оқудың рақаты бір бөлек. Алайда күнделікті қолданыста жүрген кітаптың өзіндік қызықтары бар екеніне көңіл бөле бермейміз. Ендеше, кітап әлеміне саяхат жасап көрсек…

Рекорд жасаған кітаптар

Әлемде өзінің ең үлкен кө­лемімен таңғалдырып, рекордтар тізіміне енген кітаптар бар. 1976 жылы АҚШ-тың Денвер қала­сында шығарылған 300 беттік «Суперкітап» Гиннеске «ең үлкен кітап» ретінде енген болатын. Биіктігі 3 метрге жуықтайтын бұл алыптың салмағы 252,6 келіге тең.
Сондай-ақ рекордтар кіта­бына енген тағы бір кітап – биік­тігі 180 сантиметрлік «Magnificent Maps: Power, Propaganda and Art» кітап-картасы. 37 карта жинақ­талған бұл атласты 1660 жылдары сол кездегі ағылшын королі Карл ІІ-ге арнап шығарған екен. Негізінде, бұл атлас рекордтар кітабына өзінің үлкен көлемі бойынша енгізілгенімен, ол та­ным­дық-ақпараттық тұрғысынан да өте құнды. Өйткені бұл кітап-карта арқылы сол заманның тарихын зерделеуге болады. Енді беріге келсек, солтүс­тік­тегі көршіміздің баспагерлері кө­лемі шағын бөлменің аумағына тең болатын, 6х3 метрлік кітап шығарған. 2004 жылы «Кішкен­тай­­­ларға арналған ең үлкен кі­­тап» деген атпен «Ин» баспасынан жа­рық көрген бұл туындының сал­мағын бала тұрмақ, ересек адам да көтере алмайды. Шама­мен жарты тонна болатын алып кітап – бар-жоғы 4-ақ бет. Орыс­тың балалар ақындарының 12 өлеңі жинақ­талған бұл туынды бү­гінде тек көрмеге қоюға жарап тұр. Ал ең кішкентай кітап ретінде рекордтар кітабына енген – Массачусетс технологиялық институты шығарған «Новый Завет» пен Антон Чеховтың «Ха­мелоны». Алғашқысының көлемі 5х5 мм құраса, «Хамелеонның» биіктігі мен ені – 0,9х09 мм. 2001-2002 жылы жарық көрген бұл кітапты оқу оңайға соқпасы анық. Алайда бүгінде нанотехнология­ның дамуының арқасында одан да кішкентай кітаптар жасалып жатыр. Мәселен, Симон Фразер университетінің нанотехнолог­тары «Teeny Ted from Turnip Town» атты басылым шығарған. Көлемі 0,07х0,1 мм құратын кітапшаны тек қана электронды микроскоп арқылы оқуға болады.

Ең, ең, ең…

*Тек салмағы немесе көлемі жа­ғынан емес, томы мен таралы­мының көптігі жағынан таңғал­дырған кітаптар да бар. Мысалға, 1968-1972 жылдар аралығында жарық көрген Британия Пар­ламенті құжаттарының жинағы 1112 томды құраған. Оның толық жинағының салмағы 3,3 тоннадан асып жығылады, егер барлығын оқып шыққыңыз келсе, 6 жы­лыңызды сарп етуіңіз керек…
*Дүниежүзінде ең көп та­ралыммен шыққан Агата Крис­тидің романдары. Оның 78 кітабы әлем бойынша 44 тілге аударыл­ды, жалпы таралымы 2 миллиард­қа жуық.
*Әлемде аукцион арқылы миллиондаған долларға сатылған кітаптар да бар. Мәселен, 1994 жылы «Собтис» аукционында Леонардо да Винчидің «Лейчес­тер Кодексі» атты қолжазбасы 30,8 мил­лион долларға өткен. Оны әлем­дегі ең бай адамдардың бірі Билл Гейтс сатып алған…
*Ең үлкен сөздік пен энци­клопедия жағынан 1854 жылдан бастан жарық көрген «Неміс сөздігі» мен 1935 жылдан басы­латын «Әмбебап еуро-америкалық суретті энциклопедиясының» алдын орайтын басылым шыққан жоқ. Якоб пен Вильгельм Гримм­дер бастаған сөздік 1971 жылы аяқталып, 33 томды құ­рапты. Бұл ең ұзақ басылған ба­сылым ретінде де тарихта қалатын шығар. Ал энциклопедия жыл сайын толық­тырып оты­ры­лады, оның томдары бүгінде 100-ден асып кеткен.

Кітап туралы сөз қозғағаннан кейін, отандық кітап шығару ісіне тоқтала кетпесе болмас. Әрине, біздің баспагерлерде алып басы­лым шығаруға деген құмарлық жоқ. Ана тіліміздегі баспа кітап­тың тарихы да бертіннен бас­талады. Қазақ тiлiндегi ең алғаш­қы кiтап – 1807 жылы Қазан қала­сында басылып шыққан «Сейфүл – Мәлiк» қиссасы. Жалпы, 1917 жылға дейін қазақ тілінде жеті жүзге жуық кітап басылып шық­қан екен. Кеңес үкіметі кезінде баспа ісі мемлекет қамқорлығында болып, елде танымал ақын-жазу­шылардың шығармаларының таралымы жүз мыңдаған данаға жеткен. Бүгінгі таңда Ұлттық мем­лекеттік Кітап палатасының мәлі­меттері бойынша, елімізде 315 баспа мен кітап шығару ісімен айналысатын мекеме тіркеліпті. Олар­дың 208-і Алматыда шоғыр­ланған. Алайда баспалар шығарып жатқан кітаптардың таралымы тым төмен. Көркем әдебиеттің жүз мыңдаған данамен баспа бетін көруі өткен заманда қалған­дай. Өйткені жарық көрген бір кітаптың таралымы 2 000-5 000 дананың аралығында ғана. Кезін­де «ең оқымысты» елдердің қата­рынан табылатын Қазақстанда бүгінгі күні жан басына шаққан­дағы көрсеткіш 1 кітаптан аз – 0,98-ге тең болып тұр. ТМД ел­дерімен салыстырар болсақ, ең жоғарғы көрсеткіш Ресей Феде­рациясында – 4,28, Беларуссияда – 3,63, Әзірбайжанда – 2,68. Мұндай мәліметті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен «Отан­дық және шетелдік кітап шығару, кітап тарату және кітаптану іс­те­рінің теориясы мен тәжі­рибелері: мә­селелер, ізденістер, шешімдер» атты халықаралық ғылыми-прак­тикалық кон­фе­ренцияда Кітап палатасы «Бас­пасөз статистикасы, кітап және оқу социологиясы» бөлімінің басшысы Ақмарал Балташқызы айтқан еді. Яғни отандық сұра­нысты сырттан кел­ген кітаптар жауып жатыр. Оған қаладағы кітап дүкендерінің сөрелерінде қызылды-жасылды безендірілген баспа өнімдерінің самсап тұруы дәлел.

Дерек пен дәйек

1. Әлемде шығарылған ең кішкентай 12 кі­тап­тың басын қосқанда, бар­лығы бір ас қасыққа сыйып кетеді екен. Олар­дың ішінде «Құранның» кішкентай басылымы, ағылшын тілінің сөздігі, Францияның Ата заңы бар…
2. Тағы бір қызық кітап – «Медицина өнерінің жал­ғыз және өте терең құ­пиялары» деп аталады. Ол гол­ландиялық атақты дә­рігер Герман Бурхавенің зат­тарының ішінен, ол өмірден өткеннен кейін табылған. Бұл 100 беттік кітап аукционда 10 мың долларға сатылған. Кі­тап­ты ашып қараса, бүкіл беттері тап-таза, тек титулдық бетінде «Басыңды суықта, ая­ғыңды жылыда ұста, сонда ең жақсы дәрігерді кедейге айналдырасың» деген жазу болған.
3. Кітап ұрлайтын ең белгілі библиоклептоман Стивен Булмберг болған көрінеді. Ол өз өмірінде 268 кітапханаға ұрлыққа түсіп, 23 мыңнан аса сирек кездесетін кітап ұрлаған. Құны 20 миллион доллардан асатын кі­тапханасын толықтыру үшін Блумберг кітап ұрлауда түрлі қитұрқы әдістерді қолданған.
4. Егер бүгінгі күнге толық жететін болса, ең үлкен энциклопедия – Үлкен Қытай энциклопе­диясы болар еді. Жалпы көлемі 11095 томды құра­ған бұл кітаптың тек 400 томы сақталыпты.
5. Кітап оқыған кезде адамның екі көзі әртүрлі әріптерге қарап тұрады.
6. Ал Рио-де Жанейро қаласының 400 жылдық ме­рейтойына орай кітап­ты тат баспайтын бо­лат­тан басып шы­ғарған. Оның салмағы 3 тоннаға жетеді.

Үмiтжан
БАКЕЛЕКОВА

http://www.aikyn.kz