25.04.2013
Түркістанда өткен бесінші түркология конгресінде белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбыраев пленарлық мәжілісте бір маңызды мәселені жанап өтті. Ол Америкадағы үндістердің шығу тегі туралы ғалымдардың болжамын тілге тиек етті.
– Америкадағы үндістердің тіліндегі 3 мыңдай түбір сөз түркі халықтарына ортақ. Мұнан тыс жаңа туған баланың құйрығының жоғарғы жағындағы көк түймедей көк меңнің болуын бүгінгі күнгі медицина ғылымы АҚШ-тағы үндістердің сәбилерінде де кездесетінін дәлелдеп отыр. Бұл тегі түркі халықтарында ғана бар, – деді.
Біраз жылдардан бері бірқатар шетел ғалымдары тарапынан там-тұмдап қана айтылып келе жатқан мәселе тағы да көтерілді. Сондықтан түрколог ғалымдардың басы қосылған сәтті пайдаланып, Америка үндістерінің шығу тегі туралы білуі мүмкін деген профессорларды іздедік. Түркістанға Астанадан келген түркітанушы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркология және Алтайтану ғылыми зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлын әңгімеге тарттық. Ол:
– Үндістердің алғашқы легі біздің жыл санауымыздан 40 мың жыл бұрын, екінші легі 20 мың жыл бұрын, соңғы легі 12 мың жыл бұрын Альяска арқылы Америка континентіне кеткен. Өте көп тайпалар солай қарай өтті. Олардың ерекшелігі мынадай. Тәңірлік дінді ұстанады. Олар көшкен кезде біз де сол дінде болғанбыз. Жаңа туған баланың сегізкөзінің маңында көк меңі бар. Татардың ғалымы Калимуллин, өзіміздің Ахметов үндістердің тілін зерттеп, 4 мыңдай түркінің түбір сөздерін қолданатынын анықтады. Сөйтіп, ғалымдарымыз қазір Америка үндістері кезінде түркі тектес халық болған деген тұжырымға келіп отыр. Америка үндістерінің бізбен, яғни түркі халықтарымен арғы тегі бір, – дейді профессор.
Қаржаубай мырзаның айтқанына қосарымыз, Америка үндістерінің тұрмыс салты да көшпенділердікі сияқты. Мысалы, жақында «Азаттық» радиосының тілшісі АҚШ-тағы 30 жыл бойы киіз үй жасап, оны сатып, орнатып берумен айналысып жүрген компанияның жұмысымен танысыпты. Colorado Yurt Company компаниясы қазақтардың үлгісіндегі киіз үйді «бір-екі күннің ішінде оңай тігілетін, экологиялық таза баспана» ретінде сипаттайды. Компания «Киіз үйдің ағаштан жасалған бөліктері мәңгі қызмет етеді, ал матадан жасалатын жоғарғы бөлігі киіз үй тігілетін жердің климаты мен күн қызуына қарай 8-15 жылға шыдайды» деп кепілдік береді. Киіз үйдің ішіне электр жарығын тартып, пеш орнатып, жатын бөлмені қабырғалармен бөліп, әжетхана, ас бөлмесін жабдықтауға болады. Colorado Yurt Company компаниясы киіз үйден бөлек көшпелі үндістердің дәстүрлі жылжымалы баспанасы – типи де тұрғызады. Компания қожайындары Дэн Кигер мен әйелі Эмманың тілшіге айтқанындай, олардың бұл кәсіптерны 1977 жылы жұмыс істей бастаған. Қазір ерлі-зайыпты Кигерлердің 28 жұмысшысы, Колорадо штатының Монтроз қаласында шағын зауыттары бар екен. Қалада 15 мыңдай адам тұрады. Дэн Кигердің айтуынша, компанияны құру идеясы 1970 жылдары, «табиғатқа оралу» қозғалысы өрістеген жылдары туыпты. Олар дәстүрлі киіз үйді осы заманғы материал, техника мен құрылыс тәсілдері арқылы жасайды. Жұмыс істегеннен бергі уақыт ішінде компания мыңдаған киіз үй жасап, жылдың кез келген мезгілінде 50 шақты баспана тұрғызады.
Кейбір тапсырыс берушілер киіз үйді тауда немесе көл жағасына тігіп, қала сыртындағы үй ретінде пайдаланады. Үйін салып біткенше киіз үйде тұратындар да бар. Бірақ киіз үйді сатып алатындардың көпшілігі оны тұрақты баспана ретінде пайдаланады. Клиенттердің тағы бір тобы – ұйым, мекемелер киіз үйді өз клиенттеріне қызмет көрсету үшін пайдаланады. Мысалы, жас скауттар ұйымы, шаңғы курорттары мен экологиялық тұрғыдан таза саяхаттар ұйымдастыратын курорттар, табиғат аясында йога, медитация өткізетін студиялар киіз үй сатып алады. Тапсырыс берушілердің көбі киіз үйге медитация жасауға таптырмас ыңғайлы орын ретінде, яғни «рухани архитектурасына бола» қызығады. Клиенттерге киіз үйді тасымалдауға ыңғайлылығы, онда уақытша тұруға болатыны ұнайды.
– Экономикалық дағдарыстан кейін қарапайым тұрмысқа көшіп, табиғат аясына оралғысы келетін жандар көбейді, – дейді Дэн Кигер. Компания қожайындарының айтуынша, орташа көлемді киіз үйдің бағасы – шамамен 14 мың АҚШ доллары. Америкада орташа көлемді үйдің құны бұдан төрт-бес есе қымбат, – депті.
– Америка құрлығын мекенде-ген байырғы тұрғын халқы – үндістердің байлықтарын иемденген еуропалықтар құлқын үшін талай үндістерді қырып жібергеніне тарих куә. Сол алапат заманда аман қалған америкалық үндістердің түркі жұрты ұрпақтары екендігін дәлелдейтін басқа да деректер аз емес. Біріншіден – мұз басу дәуіріне дейін (б.д.д. 11-9 ғ.ғ.) Солтүстік Америка мен Солтүстік Сібір жер қыртыстары тұтас бірігіп жатқан. Екіншіден – үндістер антропологиялық жағынан үлкен моңғол пішіндестер тобына жатады, яғни тыва, топа, хакас, саха т.б. Алтай тауының теріскейінде мекен еткен түркі тектес¬тер болып шығады. Үшіншіден – профессор Сартқожаұлы айтқан тек қана түркілерде ғана кездесетін көк тәнділік үндістерге де тән. Төртіншіден – қазақтың белгілі ғалымы, марқұм академик Рахманқұл Бердібай ағамыз АҚШ-та болған сапарында үндістердің үйінде қонақта болғанын айта келіп: «Олардың қонақ күту мәзірі біздің қонақ күтуімізге ұқсас және күн шығарда екі қолдарын жоғары көтеріп, күнге қарай өздерінше бірдеңелерді айтады» деген болатын. Бұл дегеніміз, үндістерде баяғыдағы отқа, күнге, жарыққа табынатын шаман дінінің сенімі сақталғанын дәлелдейді. Осы орайда филология ғылымдарының кандидаты Сайдалы Оразалиев:
– ХХ ғасырдың басында жазылған Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса», Әбілғазының «Түрік шежіресі» атты еңбектерінде айтылған түркінің бұлғарлар, малқарлар, мажарлар, хазарлар тармағы қазіргі күнде ұлт ретінде жойылып, Еуропа елдеріне сіңіп кеткені белгілі. Тамырымыз бір екенін білуіміз керек. Сондықтан, біріншіден – түркі тектес елдердің жазу таңбаларын ортақтастыру; екіншіден – әдебиеті мен мәдениеті және өнерінің онкүндіктерін өткізіп отыру; үшіншіден – тілі мен дінін, тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қозғау салатын халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырып тұру түркі халықтарын бұрынғыдан да жақындастыра түсетіні сөзсіз, – дейді.
Жалпы, Американы ашқан үндістер болуы мүмкін, Христофор Колумб емес. Қазір бұл құрлықты мекендеген көне үндіс тайпаларынан қалған ұрпақ, мысалы, АҚШ халқының 1 пайыздайы ғана болуы мүмкін. Сонау ХV ғасырда Христофор Колумб материкті ашқаннан кейін Еуропа халқы мұнда лек-легімен ағылғанын жақсы білеміз. Кейін АҚШ құрылып, мемлекет аяққа тұра бастағаннан кейін әлемнің төрт бұрышынан келушілердің саны артты. Қазіргі таңда аталған елде қазақтардың да диаспорасы бар. Америка қазақтарының ассоциациясы деп аталатын ұйымның негізін қалаған – Дархан Нұрмағамбетов деген азамат. Оның айтуынша, АҚШ-тағы қазақ қандастарымыздың саны шамамен 40 мың адамды құрайды деседі.
Олардың көпшілігі құрлыққа үшінші лекпен, яғни Қазақстан егемендігін жариялағаннан кейін келген. Жалпы, Еуропаға көшіп келген секілді Америкаға да қазақтар үш лекпен қоныс аударыпты. Алғашқы лек ашаршылық пен ұжымдастырудың салдарынан елден кеткен қандастарымыз. Олар алдымен Иран мен Пәкстанға, одан Түркияға көшкен. Түркиядан Еуропа елдеріне қоныс аударған. Кейін жұмыс ізтеп, АҚШ-қа қарай жүзіп өткен. Алайда кейбір тарихи деректерге сүйенсек, Америкаға ең алғашқы қазақтың аяғы сонау ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарында-ақ жеткен екен. Қазақтар көшінің екінші толқыны екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен сәйкес келеді. Майдан даласынан қайтқан кейбір бауырларымыз өзге жауынгерлермен бірге АҚШ-қа кетіп қалған. Ал үшінші кезең КСРО ыдырап, оның құрамындағы мемлекеттер тәуелсіздігін алғаннан кейін басталды деуге болады.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, біздің жыл санауымыздан 10 мың-20 мың жыл бұрын Сан Франсиско түбегін үндістер мекендеген. Еуропалықтар келгенде, сол аймақта Олони деп аталатын тайпаларды кездестірген.Олони деген сөз үндістердің тілінде «батыстағы халық» деген мағынаны береді. Олар сол түбекке біздің жыл санауымызға дейінгі 8 мыңыншы жылы келген көрінеді. Әлемдегі ең алып ағаш Секвоя деп аталады. Секвойя Америка құрлықтарын жайлаған үндістердің жерінде өседі. Бұл – жер бетіндегі ең үлкен әрі ең ұзақ жасайтын өсімдік. Алып Секвоялар 4 мың жыл жасайды. Олардың орташа биіктігі 95 метр, ал диаметрі бес метрден он бір метрге дейін жетеді. Төрт мың жылдық тарихы бар ағаштың салмағы 2 995 796 келі. Ал ең биік Секвоя – Гиперион. Оның биіктігі 2006 жылы 115 метрге жеткен. Ғалымдар ағаштың әрі қарай өсуіне ұшар басына салынған құстың ұясы бөгет болған дейді. Бүгінде бұл жасыл желекті өсімдіктер АҚШ-тың Ұлттық саябағы ретінде мемлекеттің қорғауына алынған. Ал Секвояны үндістер еккен.
Мамандар Секвояның сонау миллиондаған жылдар бұрын пайда болғанын дәлелдеп отыр. Бұл ағаштар азайып-азайып, бүгінде Сьерра-Невада тауы мен Калифорния, Орегон ормандарында ғана қалды. Америка құрлығын мекендеген үндістердің біразы чероки тілінде сөйлейді. Ғалымдардың зерттеп жүргені осы тіл болса керек.Үндістердің асқақ рухын танытып тұрған Секвояларды отау да – отарлау саясатының бір белгісіндей… Тайпасының тағдыры үшін ерлік рухын танытқан чероки көсеміне Секвоя есімі берілген. Черокилер тайпалық қоғамнан асып, мемлекет құру қадамдарын жасаған бірден-бір үндіс тайпасы. ХІХ ғасырдың орта шенінде черокилер өз Конституциясын қабылдап, заң жүйесін бекітті. Сайлау арқылы үкіметін жасақтап, президентін, яғни Ұлы Көсемін орынтаққа отырғызуды көкседі. Қазіргі күні черокилердің өз Конституциясы, өз Көсемі бар. Бірақ еншісінде еркіндігі де, жері де жоқ. АҚШ үкіметі тарапынан черокилер тайпа ретінде танылып, оларға резервациялық аумақ бөлініп берілген. Чероки тайпасы жерінің белгілі бір аумағын казиноларға жалға беріп, содан түскен қаражатқа күнелтеді. Мектептері мен ауруханаларын да осы қаржыға салады. Әрі тайпа федералдық бюджеттен арнайы субсидиялар алып тұрады. Айта кетерлігі, үндіс резервацияларында ойынханалар салуға мүлдем тыйым салынбайды. Үндіс тайпалары үшін негізгі кіріс көзі осы. Чероки халқы үшін де тілінің тағдыры бүгін қыл үстінде тұр. Америка құрлығының байырғы иесі күллі үндістердің ортақ қасіреті – ана тілі. Америка Құрама Штаттарын жайлаған черокилердің саны – 250 мың. Олардың бір пайызы ғана туған тілінде емін-еркін сөйлей алады. Тайпа көсемдері туған тілдеріне түбегейлі жойылып кету қаупі төніп тұрғанын жасырмайды. Халықтық болмыс-бітімін сақтау үшін мынадай қайғылы қадамдарға да барып жатыр. Онсыз да аз халық арнайы референдум өткізіп, ел Конституциясына өзгеріс енгізбекші. Таза қанды черокилерді ғана тайпа құрамында қалдырмақшы көрінеді. Алтайдан келген филология ғылымдарының кандидаты, доцент Надежда Алмадақова да Америкадағы үндістердің қандастарымыз болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
– Өз басым, арада сонша уақыт өткеніне қарамастан, тілдік ұқсастық сақталып қалса, тұрмыс-салттағы бірлік кездессе, ең бастысы генетикалық жағынан ұқсастық болса Америка үндістерін кезінде Альяска арқылы солай қарай барып, қоныстанып қалған қандастарымыз деп есептеймін,-деді.
АҚШ-тағы қазақтың алты қанат үйлеріне қарап, осы кезге дейін айтылып келген ғалымдардың болжам – дерегіне толықтыру енгізу керек сияқты. Үндістер түркі тектес қазақтар емес пе екен?
Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,
педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент