Түркістанда халықаралық бесінші Түркология конгресі өтті. Ұйымдастырған – Қожа Ахмет Йассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті. Конгресс «Мәдени ықпалдастық және өркениеттер бірлігі» деп аталды. Конгресті Йассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Лесбек Тәшімов қазақ және түрік тілдерінде кіріспе сөзбен ашты. Одан соң жиналған ғылыми жұртшылықты осы университеттің өкілетті кеңесінің төрағасы, доктор, профессор Осман Хората (Түркия) құттықтады. Ғалым Надежда Алмадақованың сөзіне қарағанда, дәл қазір Ресейдің Түмен облысының өзінде 40 мыңдай қазақ бар. Сахадан келген ғалым Саргилана Егорованың айтқанына қарағанда, ел 3 млн шаршы шақырымды алып жатыр. Ол ТМД аумағындағы ең суық аймақ. Онда 1 миллиондай халық тұрады. Соның 500 мыңдайы саха. Доктор Иса Йеганенің сөзіне қарағанда, иран халқының 39 миллионы түркілер. Шыңжаң Ғылым академиясының докторы, профессор Ясин Құмарұлы «Гифоннан бөрі тотеміне дейін» деген баяндамасында былай деді: – Геродот (ІV ғ.) Исседондардың жоғары жағында аримаспи, яғни жалғыз көзділер тұрады. Ал олар тұрған жерде алтынды қорып жатқан грифон болады…. Еуропаның терістігіндегі жерлерде басқа әрқандай жерлерге қарағанда алтын мол. Тарихи аңыздарға негізделгенде грифон Украинадан Орта Азияға дейінгі скиф (сақ) даласында болған. Геродот жазғанындай, археологиялық деректерден сақ қабірлерінен алтын молынан шығады. …Олар барлық бұйымдарын алтынмен аптауға әуес. Сонымен бірге бұл алтын әшекейлердің арасында қанатты барыс немесе итқұс (грифон) кездеседі. Бұл да алтын қорыған грифон екендігі, алтын бұйымдарды, қасиетті қабірді грифон қориды дегенді білдіреді. Демек, гректер басқадан естіген болса да Геродот дұрыс жазған. Осыған қарағанда, Геродот… осы өңірлерге келгені анық. Алтайдың алтын мекені екендігі тарихтан көп айтылып, көп жазылып келе жатқан жайт. Тіпті оның «Алтай» деген аты да алтынмен байланысты деп қаралады. Бұлардан грифонның баба сақтарға және олардың ұрпақтары сақ, ғұндарға тән мәдениет құбылысы екендігін байқаймыз. … Грифонның сақтардың, ғұн, үйсін, қаңлы, түркі және олардың ұрпақтарының бөрі тотеміне ұласатындығына… көз жеткізе аламыз, – дейді. Ал «Зият Пресс» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Маргарита Өмірбекова венгрлер (Мадияр) мен қазақ тілдеріне орталық заңдылықтар мен оларды зерттеу мәселесіне тереңірек тоқталды. Ол: Астанадағы Түркология академиясының президенті, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев пен филология ғылымдарының докторы, професссор Қаржаубай Сартқожаұлы маңызды мәселенің шетін шығарды. Олар АҚШ-тағы үндістердің түркітектестігі туралы дәлелдер келтірді. Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ |