Міржақып Дулатұлы өзінің «Абай» атты мақаласында «Бүгін атақты қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың опатына дәл он жыл толады. Егер Абай қазақтан өзге оразды жұрттардың ақыны болса сегіздегі баласынан сексендегі шалына шейін түгел атына қанық, сөзімен таныс болар еді, елі туғанына сүйсініп, өлгеніне тегіс күйінер еді» деп жазады. Қазақ тарихында «туғанына сүйсініп, өлгеніне тегіс күйінетін» қайраткерлер қаншама? Солардың бірі һәм бірегейі Алаштың бекзадасы атанған Әлімхан Ермеков. Өкінішке қарай оның еткен еңбегін қараша халықты айтпағанда, өзін зиялымын деп есептейтін азаматтар да түсіне бермейді.
Әлімхан Ермековтың бәкісі
Алашордашылардың ішінде кеңестік зұлмат заманнан аман-есен қалған екі азамат бар. Оның бірі жаппай-қуғын сүргіннен аман қалып 1970 жылға дейін өмір сүрген Ә.Ермеков болса, екіншісі 1961 жылы тұз дәмі таусылған заңғар жазушымыз М.Әуезов. Бүгінде Әуезовты білмейтін қазақ жоқ десек те болады. Ал Ә.Ермеков болса көпшіліктің назарынан тыс қалып қойды. Ал шын мәнісінде Ә.Ермеков кім еді? Бұл сұрақтың жауабын «Қазақ» газетінің сарғайған беттерінен табасын. Мәселен 1917 жылы Алаш партиясы атынан учредительное собраниеге лайық деген депутаттардың тізімі жарияланды. Редакция басшылығы болашақ депутаттарды көпшілікке таныстырғанда «зиялы ақсақал», «ұлтшыл студент» деумен шектелсе, ал Ә.Ермековке ерекше тоқталады. Мәселен «Қазақ» газеті ол туралы «Әлімхан Ермеков – бұл күнде Томск техннологический иниститутының студенті. Семей облысын губернатор Троицкий бір шыбықпен айдап, қазақ халқын басып-жаншып, көзін аштырмай тұрған заманда Әлімхан гимназияға түсіп, қазақ басымен орыс балаларынан жақсы оқып бара жатқан соң, Троицкий степендиядан мақұрым еткен еді. Әлімхан сонда да оқудан шықпай, өзінің зеректігімен жолдас орыс шәкірттерін оқытып, ақша тауып гимназияны Троицкіге ерегіскендей алтын медальмен бітіріп институтқа түсті. Онда да степендия ала алмай, бір жағынан өзі оқып, бір жағынан ақша табу үшін басқаларды оқытып, көп бейнет шекті. Технологтческий институтқа асқан зеректер ғана түседі. Әлімхан білімді, шешен, өткір халыққа қызмет етуді өзіне парыз санаған жігерлі жас азамат. Бұл күнде Семей облосной комитетінде ағза һәм «Сарыарқа» газетінің жазушыларының бірі» деп жазады.
«Қазақ» газеті «Әлімхан білімді, шешен, өткір халыққа қызмет етуді өзіне парыз санаған жігерлі жас азамат» деп жазған сәтте оның жасы не бәрі 26 жаста болатын. Ә.Ермеков тек алаш арыстарының ғана назарына іліккен жоқ, сонымен қатар Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Потанин Әлімханның бойындағы білімге деген талпынысты көріп, тәнті болады. Қарт Потанин Әлімханға ағалық ақыл беріп, оған: «Әлімхан сенің білімің — ол қазақтың білімі. Сол себепті жақсы оқы және өзгелерді оқыт» — деп, үлкен үміт артқан. Осы сөздерді ол өмірлік ұстанымына айналдырып, ақтық демі қалғанша ұлтымызға еңбек етті. Григорий Потанин Ермековке бекер назар аудармағанын уақыт дәлелдеді. Өйткені ол өз қолымен толтырған анкетарларда ағылшын, неміс, француз, итальян тілдерін білетінін көрсеткен.
Ә.Ермеков 1917 жылы өткен жалпы қазақ-қырғыз құрылтайында Алашорда үкіметінің 14 мүшесінің бірі болады. Бұл деген сөз оның аталған үкіметтің министрі болғанын айғақтайды. Өкінішке қарай Алашорда 2 жыл 3 ай өмір сүріп 1920 жылы Кеңес үкіметін мойындайды. Бірақ Ә.Ермеков өзінің тарихи зор еңбегін осы жылы атқарады. Яғни ол Қазақ автономиясы шекарасының біртұтастығын жанқиярлықпен қорғап шығады. Мәселен Ермеков 1920 жылы 17 тамызда Лениннің төрағалығымен өткен қазақ өкілдері қатысқан Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде Қазақ елінің жағдайы туралы баяндама жасайды. Онда ол жер туралы мәселені қамтып, өктемшіл, озбыр, отаршылдық пиғылдағы өкілдермен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін тиянақты, жан-жақты, бұлтартпас дәлелдермен қорғап шығады. Осының арқасында қазақтардан тартып алынған Каспийдің теріскей жағалауындағы ені бір шақырымдық және Ертістің сол жағалауындағы он шақырымдық ұлан-ғайыр жер Қазақ еліне қайтарылады. Қазақ үшін аса маңызды жер мәселесін шешкен сәтте ол 29 жаста болатын.
Айта берсек Ә.Ермековтың қазақ үшін еңбегі көп-ақ. Солай бола тұра оны неге өзіне лайықты деңгейде бағалай алмай жүрміз? Мәселен жазушы, «Ел-шежіре» қоғамдық қорының президенті Дидахмет Әшімханұлы Қарағанды қаласына барғанда Ермековтың зиратын таба алмай қайтыпты. Жазушының айтуынша қарағандылық зиялы қауым өкілдері Ермековтың қайда жерленгенін білмейтін көрінеді. Өзге алаштықтардың қайда жерленгенін білмесек бір жөн екен. Өйткені қиын-қыстау заманда арыстарымыздың қайда жатқанын білмей қалдық. Бірақ күні кешеге дейін өмір сүрген Ә.Ермековтың зиратын білмеуіміз қалай болсада ақылға сыймайды.
Жалпы Ә.Ермеков «қазақтан өзге оразды жұрттың қайраткері болса» оны «сегіздегі баласынан сексендегі шалына шейін түгел атына қанық, сөзімен таныс болар еді». Өкінішке қарай Ермековтың ұлт үшін жасған есіл еңбегін ескермей отырмыз.
Дидахмет Әшімханұлы, жазушы, «Ел-шежіре» қоғамдық қорының президенті:
Қарағандылықтар Ермековтің қай жерде жерленгенін білмейді
Жалпы өзім еліміздің қалаларына немесе шет елдерге барғанда жұрттан ең бірінші сол жердің мұражайына апаруды өтінемін. Сондай-ақ екінші мәселе қай жерге барсам да әуелі сол елде жерленген тұлғаларға тәу етуге тырсамын. Шыны керек мен мұны әдетке айналдырып алғанмын. Мысалы Түркияға барғанда ондағы тарихи орындарды араладым. Жалғыз Түркияда ғана емес, өзіміздің елімізде де ғаламат ескерткіштер мен тұлғалар бар. Бұған дейін Қарағанды қаласына барғанда Әлімхан Ермековтің зиратына барсам деп армандап жүретінмін. Өйткені ол өзге алаштықтар сияқты ерте дүниеден өткен жоқ. 1970 жылға дейін өмір сүрді. Бірер жыл бұрын Қарағандыға барғанымда Ә.Ермековтың қабіріне барып, зиярат етуді ойладым.
Өкінішке қарай қазақ ұлтының мүддесіне қызмет еткен оның зиратын қарағандылықтар білмейтін болып шықты. Мен оның жатқан жерін қарапайым халықтан емес зиялы қауым өкілдерінен сұрадым. Егерде ұлттың интелегенциясы саналатын азаматтар алаш қайраткерінің қай жерде жерленін білмейтін болса онда мен олардан түңілдім. Сондай-ақ өмірінің бірнеше жылын түрмеде өткізіп Қарағанды да жерленген Жайық Бектұровтың зияратына барғым келді. Өкінішке қарай анадан сұрап, мынадан сұрап оның жатқан жерін тапқанымызбен кіріп шығуға мүмкіндік болмады. Осындай жағдайларға тап болғанда шыны керек қатты қапаланасың.
Жарайды, кезінде атылып кеткен алаш арыстарының зиратын табу қиынның қиыны. Бірақ күні кеше өмірден озған асылдарымыздың жатқан жерін білмесек кім болғанымыз? Бұл әрі беріден соң өзіңнің тарихыңды қастерлемеудің көрінісі. Қаттырақ айтсақ бұл тексіздік болады. Өйткені өзінің ұлт тарихында өткен қайраткерлерді қастерлеу тектінің қолынан келетін шаруа. Жалпы өзіміздің тарихымызды танып білуде бейғамдыққа салынып отырғанымыз жасырын емес. Бүгін біз осылай ауыр айтып жатсақ болашақта бұл мәселе оңынан шешілетін болады деп үміттенемін.
Өйткені Ә.Ермековтың алдында исі қазақ қарыздар. Өйткені ол кезінде Лениннің алдында баяндама жасап, қазақтың шекарасын шегендеп берген болатын. 1920 жылы Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы бас болуымен, Ә.Ермековтың ерік жігерінің арқасында жер дауында қазақтың пайдасына шешіледі. Бұл қазіргі кезде айтуға ғана оңай болған жер дауы өз заманында өте күрделі болатын. Бірақ бұл күрделі мәселені Ә.Ермеков не бәрі 28 жасында-ақ шешті. Ал біздің оған жасап отырған құрметіміз «Бәрекелді» дейтін емес.
Суретте: Нұрлан Дулатбеков және Олег Мағауияұлы Ермеков
Нұрлан Дулатбеков, Қарағанды «Болашақ» университетінің ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор:
Ә.Ермеков қараусыз қалған жоқ
Өкінішке қарай мен Ә.Ермековтың зиратына барып көрген жоқпын. Бірақ ол кісінің ұрпақтарымен үнемі хабарласып тұрамын. Мәселен жақында ғана Әлекеңнің немересі Олег Мағауияұлы оның қолданған бәкісін әкеліп берді. Асылдың ұрпағының айтуынша, арша бұтағын жонып, атасының түрлі бұйымдар жасайтын ермегі болыпты. Шабыты алабұртып жүрген шағында түрлі құнды дүниелер жасаған екен. Соның бірі – Әлімханның бәкісі, мың қылышқа қарсы тұрар бәкі. Сондай-ақ Ә.Ермековке қатысты да әр түрлі іс-шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Мысалы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне Ә.Ермековтың атын беру туралы мәселе көтеріліп жатыр. Сондықтан да Ә.Ермековты қараусыз қалды деудің қажеті жоқ. Өйткені жергілікті ақсақалдар алаш ардақтысының қабіріне барып, тәу етіп тұрады. Жалпы жеке өз басым Мәскеуге барып Ә.Бөкейханға белгі тас орнаттым ғой. Оны көпшілік біледі деп ойлаймын.
Жалпы алғанда Ә.Ермеков Алаш қозғалысының жас та, алғыр, іскер қайраткері. Алашорда үкіметінің мүшесі, табиғатынан зерек тұлға, математика ғылымдарынан тұңғыш қазақ профессоры. Өкінішке қарай қазіргі таңда оның еңбектерін бағалап, ансихаттау жағы кемшін. Жасыратыны жоқ ол туралы әр түрлі монографиялар шығап жатыр. Бірақ өз деңгейінде емес. Ең алдымен алаштықтардың айтып кеткен ой пікірлерін жинақтап жарыққа шығаруымыз керек.
Сондай-ақ 1920 жылдары Лениннің төрағалығымен өткен қазақ өкілдері қатысқан Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралғанда, Қазақстанның жағдайы туралы Ә.Ермеков баяндама жасап, онда ол жер, Қазақстанның шекарасы туралы мәселелерді қамтып, өктемшіл, озбыр, отаршылдық пиғылдағы өкілдермен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін тиянақты, жан-жақты, бұлтартпас дәлелдермен қорғап шыққан еді. Окупанттар өз кінәсін мойындап, нәтижесінде, кезінде қазақтардан тартып алынған Каспийдің теріскей жағалауындағы және Ертістің сол жағалауындағы ұлан-ғайыр жер Лениннің тікелей қолдауымен Қазақ еліне қайтарылған еді. Қазіргі таңда сол Каспийдің арқасында шалқып өмір сүріп отырмыз ғой. Алаш арысының осынау ерлігіне бас иген қазақ жұрты Ә.Ермековты ұмытқан емес. Өкінішке қарай кейбір қазаққа ортақ азаматтарға ескерткіш тек өзінің туған жерінде ғана қойылады. Негізінен Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы сынды алаш қайраткерлерінің ескерткіштері еліміздің барлық облыстарында болуы керек.
Серік Жолдасбай
Жебе акпаратты порталы