The Spirit оf Tengri фестивалі Алтай, Саян, Сібір, Орал және Орталық Азия өңіріндегі этникалық музыка орындаушыларының тығыз шығармашылық байланысына жол ашып, өнердің осы саласының дамуына серпін береді. Маусымның 8-інде Алматыда өтетін мәдени шараға қатысушы «Тенгри» триосының өкілдері бұған кәміл сенеді. Біз құрылғанына екі жыл болған өнер ұжымының этникалық музыка фестиваліне қызу әзірленіп жатқанының куәсі болдық.
Топ «Шыңғыс ханның ізімен» атты экспедиция кезінде құрылды. Отандық рок музыкадағы тұңғыш қазақ қызы Әсем, белгілі қобызшы, этнограф, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, кезінде «Роксонакидің» мүшесі болған музыкант Ерлан Сәбитов пен жас домбырашы, сазгер Әбілқайыр Әбдіраш халық әндерін жаңғыртудың тың жолына түсті. Екі жыл ішінде топ музыкалық фольклордың бірқатар үлгілеріне жаңаша өң берді. Трио фестивальде Ресей, Башқұртстан, Алтай, Бурятия, Саха, Ішкі Моңғолия, Қырғызстан, Тыва, Хакасия, Таулы Шория елдерінен келетін орындаушылармен және қазақстандық «Роксонаки», «Алдаспан» және басқа да музыканттармен бірге өнер көрсетеді.
– Ерлан аға, сіз үшін The Spirit оf Tengri фестивалі қандай шара болмақ?
– Бұл Қазақстан халқына ерекше рухани әсер беретін үлкен фестиваль болады деген ойдамын. Алдыңғы буын өтіп кетті, біздің буын өтіп барады, бізден кейінгілер келе жатыр, өнер бір орында тұрған жоқ. Фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер көп ашылып жатыр, «ерекше дүние жасайын» дейтін жас өнерпаздар ізденіс үстінде. Осы халықтық музыканы дамыту жөнінен әлеуетіміздің қаншалықты өскенін The Spirit оf Tengri көрсетеді деп ойлаймын. Мұнда дүниежүзінен этно-фольк бағытындағы ұжымдар жиналып жатыр. Фестивальға «Роксонаки» сияқты 21 жылдан бері келе жатқан іргелі ансамбльдермен бірге «Тенгри», «Алдаспан» сияқты тәй-тәй басқан көптеген топтың бірге өнер көрсетуі – үлкен табыс.
– «Азия дауысы» тоқтағаннан бергі аралықта этникалық музыка фестивальдерін өткізу сап тыйылған еді. Осы уақытта бұл бағыттағы өнер ұжымдары немен шұғылданды?
– Иә, сол бір аралықта этно-рок стиліндегі өнеріміз қатты құлдырап кетті. Мәскеу мен Алматының ірі-ірі музыкалық оқу орындарын тәмамдаған талантты домбырашылар мен қобызшылар біршама уақыт топ құрып, көріне бастағанымен, кейін тұрмыстық қиындыққа байланысты өнерді тастап, жанбағыстың амалын іздеуге мәжбүр болды. Кейін өнерге қайтып келейін десе, кеш болып жатты. Өйткені бұл сала күнбе-күн дамып жатады, көбіне оны қуып жету мүмкін болмайды. Домбыра мен қобызды үш күн қолыңа алмасаң, ұмытып, қарайып қаласың. Шынымен де, «Азия дауысынан» соң бір тұралау басталды. Құдайға шүкір, қазір ақыры жанданды. Бірақ мен The Spirit оf Tengri-ді «Азия дауысымен» салыстырғым келмейді. Себебі екеуінің мақсаты басқа. The Spirit оf Tengri тек қана этникалық музыкаға қолдау көрсетіп, насихаттауды көздейді.
– Этникалық әуендерді таза күйінде сақтау керек пе, әлде заманауи ағым-бағыттармен үндестіре отырып дамыту керек пе?
– Әрине, бұл өнерді тұнық күйінде сақтау мүмкін болып жатса, қанеки?! Бірақ халықтың көне музыкалық мұрасы заманмен бірге өмір сүруі керек болғандықтан, мен оның формасын сақтай отырып, электроникамен, басқа аспаптармен жарастыра орындауды барынша қолдаймын. Тек көнеден келе жатқан қасиеттерін өзгертпесе болды.
– Мысалы, қандай өзгеріс?
– Мысалы, шертпе күйлерді немесе қылқобыздың күйлерін алайық. Оны бес такт бола ма, жеті такт бола ма, өзің емін-еркін ойнауыңа болады. Ал топ болып орындаған кезде мұндай композицияларды құрылымдық бөліктеріне қарай кесіп тастауға тура келеді, бірақ оның формасын жоғалтпау керек. Ал безендіру, әрлеуді түрліше жасай беруге болады. Басқа аспаптарды қосқаннан кейін ол қазіргі заман жастарына қызық болады, олардың сұранысына сай келіп жатады.
– Аға, The Spirit оf Tengri-ге қатысатын өзге ел орындаушыларымен шығармашылық байланыстарыңыз қалай?
– Біз «Алдаспан», Юлиана және мен үшеуміз Ақтоты Райымқұлованың «Тойға шашу» күйін негізге ала отырып, бір композиция жаздық. Оған Юлианамен бірге Әсемнің де вокалы қосылуы тиіс еді, бірақ Әсем сол кезде шетелге шығып кетті де, оның дауысын жаза алмадық. Бұл композиция гала-концертте орындалмайды, ол The Spirit оf Tengri-дің жарнама ролигі іспетті радио мен телеарна эфирлерінде қолданылады. Ал фестивальдің өзге қатысушыларынан әлі ешкіммен тығыз байланыс орната қойған жоқпыз, The Spirit оf Tengri осындай тәжірибе алмасуға көпір болады деп есептейміз.
Әбілқайыр Әбдіраш, домбырашы, сазгер:
– Мақсатым – домбыра партиясын нақышына келтіріп, жарасымды ойнау. Музыканың алуан түрлі қыры бар, менің әуендерге көзқарасым да әр кезде түрліше болып отырады. Топта ең кішісі мен болғаннан кейін Ерлан аға мен Әсемнің ақыл-кеңестерін, тәжірибелерін ойыма тоқып жүремін. The Spirit оf Tengri фестивалі, аты айтып тұрғандай, бойымызға Тәңірінің рухын беретін шығар деп ойлаймын.
– Әсем, сізді жан-жақты әнші ретінде танимыз. Рок музыкамен бірге этникалық әуендерге де бет бұрыпсыз. Жаңа беталысыңыз жөнінде не айтасыз?
– Өзім бала кезімнен халық әндерін орындауды армандайтынмын. Әкем фортепианоға бергеннен кейін бірінші класта оқып жүргенде «Бір бала», «Бозторғай» әндерін айтатын едім. Енді «Тенгри» тобын құрып, триомен халық әндерін орындағанымыз көпшілікке ұнап жатыр. Халыққа ұнағаннан кейін жобаны тастамай, одан әрі жалғастыра беруді ойлаймыз. Қазақ елінің әншісі болғаннан кейін ұлттық әуендерді білуге, насихаттауға тиіспіз. Халық әні – қазақтың жаны. Дұрыс айтасыз, бұрын «Әсем» деген топ болды. Қазір ол топ жоқ, бірақ сол ұжымдағы музыканттармен байланыстамын. Ол топтың аты «Әсем» деп, әуеліде кездейсоқ аталып кетті. Роза Рымбаеваның шығармашылық кешінде өнер көрсеткен кезде Роза апайымыз «Сіздермен бірге «Әсем» тобы» деп хабарлап жіберді де, содан кейін ұжымдағы жігіттер «топтың аты «Әсем» болсын» деп ұсыныс айтты. Мен қарсы болдым, бірақ музыканттар «сен халыққа танымалсың ғой, сенің есіміңмен аталсын» деп қоймаған соң солай ұйғардық. Қазіргі ұжымым да өте жақсы, Ерлан ағамыз Әбілқайыр екеумізге ұстаз, өнер қайраткері, әке ретінде тәлімін үйретіп келеді.
– Ерлан аға, Әсем, сұхбаттарыңызға рақмет! Сәттілік тілеймін!
Автор: Болатбек МҰХТАРОВ
http://alashainasy.kz/culture/42779/