Қазақ халық музыка аспаптары музейі 1980 жылы ашылып, Алматы тұрғындары мен меймандарына қызмет көрсетіп келеді. Музей ғимараты сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттің айрықша қорғауына алынған. Бұл ғимарат 1908 жылы ежелгі Верный қаласының атақты сәулетшісі А.Зенковтың жобасы бойынша сол уақыттағы Пушкин гүлзарбағына салынған екен. Құны баға жетпес осынау тарихи-сәулет ескерткіші 28 панфиловшылар саябағына орналасқан. Ал музыка аспаптары музейінде қазақ халқының музыкалық аспаптарының 60-тан астам түрлері мен нұсқалары қойылған. 2012 жылы толық күрделі жөндеуден өткізілген музей таяуда келушілерге есігін айқара ашты.
Музейдің жаңа басшылығы қолдарынан іс келетін мамандарды таңдап алыпты. Мұндағы гидтердің басым көпшілігі бірнеше тілді еркін меңгерген. Мұнда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әрбір музыкалық аспаптың маңызы мен ерекшелігін, шығу тарихын, қолданылу ерекшелігін, әлгі аспапта музыканттың немесе әншінің қандай шығарма орындағанын да тігісін жатқызып айтып береді. Солардың бірі музей гиді– Меруерт Асабаева. Меруерт бізге осындағы барлық көне музыка аспаптары туралы егжей-тегжейлі мағлұмат берді. Тағы бір үлкен жаңалық, ғимарат есігінің ішкі жағына «3Д-галограмма» орнатылған. Осы құрылғы орнатылған жерге келіп тұрсаңыз болды, бейне тақта арқылы көрінген гид-қыз: «Халық музыка аспаптары музейіне қош келдіңіз!» деп сізді ілтипатпен қарсы алады, алдымен қазақ тілінде, одан соң орыс және ағылшын тілдерінде музейдің өткен тарихымен таныстырады. Қорда қандай музыка аспаптарының бар екендігі жөнінде ақпарат береді. Сондай-ақ музейге келген әр адам осындағы «медиа-тэйболдың» қызметін қажетінше пайдалана алады. Бұл құрылғы да үш тілде – қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жұмыс істейді. «Медиа-тэйболдың» бір артықшылығы, өзіңізді қызықтырған кез келген көне музыкалық аспаптың суретін көрумен қоса, қажетті мағлұматты әп-сәтте ала аласыз. Тіпті осы құрылғының көмегімен қажетті мағлұматты флэшкаңызға көшіріп те алуыңызға болады. Сонымен қатар әрбір келушілер халық аспаптарынан құрылған «Тұран» этнографиялық ансамблінің өнеріне куә болып қана қоймай, әрбір көне музыка аспаптың қайталанбас үнін естіп, ерекше ләззатқа бөленеді. Музей басшылары «Тұран» этнофольклорлық ансамблін аттай қалап, музейге қызметке арнайы шақырыпты. Бұл жөнінде осы ансамбльдің мүшесі Бауыржан Бекмұханбет: –«Біз Абзал (Арықбаев) екеуіміз Чайковский атындағы музыка колледжінде оқып жүргенде бұрын-соңды болмаған, өзіндік стилі мен өзіндік үні, ерекшелігі бар айрықша ансамбль құруды армандап, қиялға талай берілгеніміз бар. Содан колледжді бітіріп, 2006 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға домбыра мамандығы бойынша оқуға қабылдандық. Осында домбырашы Серік Нұрмолдаевпен, Медеубек Мақсатпен қылқобызшымен және жетігенші Қорлан Картенбаевамен таныстық. Сөйтіп, консерваторияда студенттік «Сарын» ансамблін құрып, Зәмзәгүл Ізмұратова апайымыздан фольклорлық музыка аспаптары бойынша дәріс алдық. Одан соң оқи жүріп «Сазген сазы» ансамблінде қызмет жасадық. Жаңаша ансамбль құруға талпынып, «Сазген сазынан» шаңқобыз, шіңкілдек секілді бірқатар көне музыка аспаптарын уақытша алып, 2008 жылы өз күшімізбен «Қазақ елі» деп аталатын композиция жасадық. Бастапқыда төрт адам өнер көрсеттік. Сөйтіп, сол жылы 1 наурызда алғаш рет құрамында бес адам бар біз «Тұран» тобының тұсауын кестік. Топтың атын қоярда Тұранның көшпенділер өркениеті болғанын басшылыққа алдық. Қазір біздің қолданысымызда 30-дан астам көне музыкалық аспап бар. Олардың арасында өте сирек кездесетін бұғышақ, үскірік, үш ішекті домбыра, шартылдауық, зырылдауық, күн басты асатаяқ, нарқобыз, шіңкілдек, сан алуан шаңқобыз бар» деп сыр ақтарды. Мұндағы жігіттердің барлығы кем дегенде көне бес-алты музыка аспабын еркін меңгерген. Мысалы, қылқобызшы Медеубек Мақсат, домбырашы Серік Нұрмолдаев және Абзал Артықбаевтардың қай-қайсысы да бірнеше аспапта шебер ойнайды. Бұған қоса, Абзал күркіреме, қайлама (көмекеймен ән айту) өнері бойынша ән айту дәстүрін өте жақсы меңгерген екен. Ол тәуелсіз еліміз тарихында тұңғыш рет Чайковский атындағы музыка колледжінде қайлама әдісімен, дәлірек айтқанда, көмекеймен ән айту сыныбын ашыпты. Ал «Тұранның» бесінші мүшесі Ержігіт Әлиев небәрі 19 жаста. Ол студент, домбырашы. Абзал мен Бауыржанның шәкірті. «Тұран» тобына келгелі бері қысқа мерзімде жетіген аспабын және басқа да бірнеше музыка аспабын меңгеріп алыпты. – Музейде жұмыс жасай бастағанымызға екі-үш ай болды. Музей басшылары ұстазымыз Ақтоты Райымқұлова апайымыз арқылы бізді шақырды. Бәріміз осында ғылыми қызметкерміз. Қазақтың 100-ден астам музыкалық аспабы бар. Біз асыл қазыналарымызды елге қайтарсақ деген ойдамыз. Бірақ музыка аспаптардың басым көпшілігі ғылыми тұрғыдан әлі толық зерттелмеген. Демек, бұл аспаптарды халықпен қауыштыру басты парызымыз деп білеміз, – дейді музыкалық аспаптарын зерттеуші және орындаушы Бауыржан Бекмұханбет. Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ |
Предыдущий
Следующий