АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ШЕТТЕН ТАҒЫ ҚАРЫЗ АЛАТЫН БОЛДЫҚ

Халықаралық сарапшылар бүгінде Қазақстанды әлемдегі экономикасы қарқынды дамушы елдер үштігіне ендіріп отыр. Бұл, сөз жоқ, ауыз толтырып айтуға, мақтан етуге тұрарлық саты. Дегенмен сыртқы қарыздарымызды айтпағанның өзінде, ішкі қарыздарымызды жабудың жедел әрі тиімді механизмдері әлі де ойластырылмай келеді. Биыл да шеттен қарыз алуға мәжбүрміз. Соңғы талдаулар бойынша шетке еліміз 137,1 миллиард доллар қарыз, бұл 2012 жылдың бас кезімен салыстырғанда 9,5 пайызға өскен, яғни 125,2 миллиард доллардан асып кеткен.  Тығырықтан шығу жолдарын іздеп жатырмыз…. Іздеп келеміз… Бұл жерде ең алдымен ұрланған ақшаларды қайтару механизмі де ойластырылуы керек. Әйтпесе, бір ғана БТА банкінен алынған несиенің 70%-ы «біреулердің» қалтасында кеткенін қалайша жасырып қаламыз немесе ойылған жерді немен жамаймыз? 

Сонымен сырттан қарыз алу операциясы биыл да жалғасады. 2013-те Қазақстан сыртқы рыноктан 1 миллиард долларға жуық несие алмақшы. Бұл жаңалықты еліміздің қаржы министрі Болат Жәмішев мырза Еуропа қайта құру және дамыту банкінің жылдық жиынында айтып қалды. Қазақстанның қаржы секторы бірқатар проблемаларға тап болуда. Негізі Ұлттық қор қаржысын пайдалануға қатысты гу-гу әңгіме де осы жерде басталған еді. Алайда жуықта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш мәселені қатты сынға алып: «Екінші деңгейлі банктерді қолдау мақсатында Ұлттық қордағы қаражатты жұмсауға үзілді-кесілді тиым саламын, аталмыш мәселе осымен жабық» – деп мәлімдеді. Президенттің айтуынша, екінші деңгейлі банктер қаржы тартудың басқа да көптеген жолдарын таба алады, сондықтан  біреу дайын, тегін ақшаны береді екен деп, алақан жайып отырудың қажеті жоқ. Жұмыс істеу керек, шынайы бәсекеге түсу қажет.
Иә, бесеке демекші, бізде ол да болмай тұр ғой. Мүмкін, бәсекені жасанды түрде болдырмаудың да тетіктері бар шығар… Саралап көрейік…
Бізде банк активтерінің негізгі бөлігін несие құрап отыр, ол – 73%. Екінші деңгейлі банктер жағдайының сын көтермеуі дәл қазіргі сәтте әсіресе Қазақстан банктеріндегі ипотекалық несиелерді төлеудегі қиындықтармен байланысты туындауда. Осыдан 10 жыл бұрын ипотекалық несиені мейлінше қысқа мерзімде төмен ставкамен, ең аз деген құжаттар пакетімен бере беретін еді, қазір халық бұл мүмкіндіктен де қағылды. Бүгінде 800 мың тұрғын ипотекалық несиенің қамытын киіпті. Басқаша айтқанда, отбасындағы әрбір төртінші адамның басында үй несиесі бар. Бұл бір қарағанда, шетелмен салыстырып қарасақ, жақсы жетістік сияқты. Алайда, мәселе несие пайызының тым жоғары болуында. Бұл айналып келгенде халықтың әл-ауқатының жақсаруына кері әсерін тигізіп отыр. Қарапайым отбасын асырау, балаға қажетті білім беру, оны дамыту т.б. жұмсалуға қажетті қаржы банкке құйылады. Мұндағы бір кілтипан қазақстан банктерінің ипотекалық несиенің бастапқы сомасын өзгертуі. Айталық, теңгеге жасалған шарттарды шетелдік валютамен байланыстыру фактісі орын алғанын Елбасының өзі де сынға алды. Мысалы, БТА банкі соңғы 5-7 жыл бойына ипотекалық несиені аннуитеттік әдіске салып, қарызды өтеу шартын АҚШ долларының индексіне байлап қойған. Нәтижесінде, 12-15 пайызбен үй алдым деген азамат, жылына 30 пайыздан да артық мөлшермен несие төлеп келеді. Міне, бұл халықты көпе-көрнеу алдау, қанау ғана емес, жалпы банк жүйесіндегі реттелмеген былықтардың бірі ғана…
Енді тұтынушылық мақсатқа берілген несиелерге үңілсек. Оның үлесі барлық банктердің несиелік портфельінің 15% -ын құрайды.  Тұтыну несиесі рыногының 90% -ын иеленіп отырған алты ірі банк ғана, яғни алпауыттар. Олар: Альянс Банк (24%), Халық Банкі (17%), БТА Банк (13%) АТФ (11%) және ЦентрКредит Банкі (10%). Бұл экономиканы жандандыратын көрініс емес, керісінше тұралататын десек болады. Себебі, бәсекелестік жоқ. Қарапайым ғана мысал. Еуропада 1 миллионға жуық халық тұратын қалада 30-дан астам ірілі-ұсақты банктер жұртына қызмет көрсетеді, оның ішінде жартылай мемлекеттік акциямен жұмыс істейтін банктері де бар. Бізде неге осы тәжірибені қолданбасқа? Кей мәліметтер бойынша қазақстандықтардың 39 пайызы тұтыну тауарын тек несиемен алады екен. Сараптап көрсек, сонымен соңғы уақытта тұтыну несиесі рыногында не өзгерді?  Банктердің несиелік белсенділігі түсті, банктер қарыз алушыларға қояр талаптарын күшейтті, ставкаларын тым жоғары көтерді. Мысалы, бұдан бірнеше жылдар бұрын жедел-несие табысты растамастан 15 минут ішінде алуға мүмкіндік бар еді, ал қазір рынокта бұл өнім жоқ. Ал, Қазақстан халқының 39 пайызы тұтыну тауарын тек несиемен алады екен. Олай болса бұл рынокты неге одан ары дамытпасқа?
Екінші деңгейлі банктердің өздері тілеп алған тағы бір бас ауруы – несиенің төленбеуі немесе дер кезінде төленбеуі. Бас ауруы дейтініміз– олар берген несие пайызының әу баста тым жоғары болуы, тәуекелділік факторының ескерілмеуімен тікелей байланысты. Енді ахуалды өзіңіз саралап көріңіз. Ranking.kz  жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша, елімізде жыл басында несие сомасы 9902,4 миллиард теңгені құраған. Қазақстандағы барлық несиенің 63 пайызы Алматы тұрғындарының еншісінде екен. Оның жартысы, дәлірек айтқанда 10 миллиард доллардан астам қарыз төленбей отыр. Соның ішінде оңтүстік астанамыз –Алматы несиеге белшесінен батқан бірінші қала – тұрғындар мойнында 6242,2 млрд теңге болса, екінші орында Астана – 1003,3 млрд теңгенің несиесін алып үлгерген екен. Одан кейінгі орында Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының банктен алған несиесі тұр, ол – 89,4 млрд теңгені құрайды.
Ал, төленбей жатқан банк несиелері үстіміздегі жылы Қазақстан бойынша 1942,7 млрд теңгеге жеткен. Бұнда да алматылықтар банктерге 1600,4 млрд теңге қарыз болса, Астана халқы – 87,4 млрд теңге берешек. Бір айта кетерлігі, несиелік қарызы жағынан соңғы орында Қызылорда облысы – 4,8 миллиард теңге берешек болып отырған көрінеді. Жалпы
2013 жыл басында бүкіл республика бойынша төленіп жатқан несие 7959,8 миллиард теңгені құрапты. Ахуал осындай. Экономист мамандардың айтуынша, халықты жұмыспен қамтитын кәсіпорындарды бірінші кезекте дамытпайынша банктер тек өз мүдделерін ғана алға тартатын болады, тіпті жаңадан немесе қайта құрылатын банктер де халық мүддесінен шығуы екіталай. Бұл жерде таяқтың екі ұшы да халықтың басына тиіп отырғаны өкінішті, әрине.

Тұмар Алмалы.
«Жебе» газеті,