Бүгінде елдің берекесі мен бірлігін қашырған жантүршігерлік қылмыстар белең алуда. Әсіресе, балалардың аса ауыр қылмыстардың құрбаны болып жатқаны алаңдатады. Зорлық-зомбылықтың талайын көрген қазақ енді «педофил» деген сұмдыққа тап болды. Бұрын батыста осындай болыпты дейтін қаңқу сөз әр қазаққа қамшыдай тиетін. Енді «өзіміздің арамызда педофил жүр» деген сөздерге де таңғалмайтын болдық…
Қазір телеарна жаңалықтары мен баспасөз беттерінде «екі аяқты айуандар» туралы ақпарат желдей есіп тұр. Кінәлілер сотқа тартылып, заң алдында жауап беруде. Бірақ зорлықтың одан сайын өршіп бара жатқаны шындық. Күн сайын жас балаға айуандықпен зорлық жасалғанын естіген халық баласын жалғыз далаға шығарудан қорқатын болды бүгінде. Яғни, заң болғанымен, заман құбыжықтарын тыю әзірге қолдан келмей тұр.
Тек өткен жылдың өзінде еліміз бойынша 700 балдырған жыныстық зорлыққа ұшыраған. Бірақ жаза тағайындалғандардың саны саусақпен санарлық. Статистикаға жүгінсек, жалпы 40 сот үкімі шықса, соның тек біреуі ғана психологиялық ауытқушылықтан деп танылған. Бұдан шығатын қорытынды нәпсіқұмар педофилдер есі дұрыс адам болса да, зорлық қылудан тайынбай тұр.
Нәпсісіне ерік берген сәбиқұмарлар тіпті олардың жасы мен жынысына да мән берер емес. Көкшетауда төрт жасар баланы зорлаған оқиға жұртшылық есінен әлі кете қойған жоқ. Сот үкімі бойынша қылмыскер бірнеше жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда айуандық жасаған қылмыскер жазаланғанымен, сәби жүрегіндегі қара таңба өшер ме екен? Тағдыры тас-талқан болған жас бала жаһанданып жатқан бүгінгі қоғамда қалай өмір сүрмек? Баласы осындай жағдайға ұшыраған ата-ананың да халі нешік? Бұл мәселелердің барлығы төбе шашты тік тұрғызады.
Айман ОРАЗГЕЛДИЕВА, Көкшетау қаласының тұрғыны:
– Баласы зорлыққа душар болған ана өзін ешқашан кешіре алмайды.. Мұндай сұмдық ата-ана үшін өліммен тең. Екі аяқты айуандарды тек теріс қаратып ату керек. Басқа жол жоқ. Оларды қоғамнан оқшауласақ, кейін қайтадан баяғы әніне салмасына кім кепіл…
Тек жуырда ғана Ақмола облысының Ерейментау ауданында да 30 жасар жергілікті тұрғын 11 жасар қызды зорлағаны белгілі болды. Бұдан, педофилия ауруы қала түгіл, ауылда да етек жайған деуге толық негіз бар. Мұндай мысалдарды одан әрі де тізе беруге болады.
Ғалым ҚАЙШЫБЕКОВ, Ақмола облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы:
– Иә, қазір шынымен де педофилдікпен ұсталған қылмыскерлердің қатары көбейіп отыр. Өткен жылдың өзінде ғана Ақмола облысында кәмелеттік жасқа толмағандарға зорлық-зомбылық жасауға қатысты сегіз үкім шығарылды. Биылдың өзінде Ч.В. Мустафаев есімді тағы бір адам қылмыстық жазаға тартылды. Аса ауыр қылмыс болғандықтан, оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120, 121 және 124 баптарына сәйкес жаза қарастырылған. Яғни, сотталушылар 8-15 жылдан, 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Негізінен, мұндай айуандыққа барудың себебі үйде порнофильмдерді көруден деп ойлаймын.
Судьяның айтуына қарағанда, сотқа түскен әрбір педофилдер қылмыстық соттың психатриялық-психологиялық сараптамасынан өткізіледі. Яғни, олардың есі дұрыстығы, өз ісіне жауап бере алатындығы толық тексеріледі. Сот статистикасына жүгінсек, жиіркенішті қадамға барғандардың жас шамасы 17 жастан 50 жасқа дейінгі аралықта. Бірақ бәрі де психологиялық ауытқушылықтан дін аман. Яғни, өз ісіне жауап беретін тепсе темір үзер азаматтар.
– Бірақ қылмыскерлер қашан да өз істерін мойындамай келеді. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті ауылдар мен елді мекендерде учаскелік полиция қызметкерлері арнайы тізім жасау керек дейді, – Ғалым Айдашұлы.
Ал, ең қорқыныштысы, олардың арасында өзінің туған балаларына зорлық қылғандар да баршылық. Мәселен, Атбасар қаласында да осындай жайт орын алған. Ер азамат әйелінің үйінде жоқтығын пайдаланып, өз қыздарына зорлық қылған. Қылмыскер сот үкімі бойынша ауыр жазаға тартылды.
Гүлнар ПИНЧУК, Ақмола облыстық ішкі істер Департаментінің баспасөз хатшысы:
– Кәмелет жасына толмаған балаларды зорлау оқиғалары жиілеп кетті соңғы кезде. Тек, осы жылдың алғашқы тоқсанында ғана бірнеше оқиға тіркеліп отыр. Бұл ауыр қылмыстардың көбеюі қоғам өміріне де елеулі қатер төндіретіні түсінікті. Сондықтан, қоғамдық ортақ мәселеге тек полициямен ғана емес, барлық сала мен қоғамдық институттар да атсалысуы тиіс.
Қанат ҚЫДЫРМИН, Науан Хазрет атындағы мешіттің бас имамы:
– Ислам діні балаға зорлық қылуға жол бермейді. Ал қазіргі жантүршігерлік оқиғалар елдегі жағдайдың ушығып бара жатқанын әйгілейді. Сондықтан бұл істе діни адамдарының да көмегіне жүгініп, бірлесе әрекет жасаған жөн деп есептеймін.
Иә, көкейкесті мәселе қоғамның зәресін қашырып-ақ тұр. Сонда мұндай сорақылықтан шығудың жолы қайсы? Бәлкім, жазаны қатайту қажет шығар? Мәселен, айыр қалпақты қырғыз елі педофилдерге кастрация жасау жазасын қолдану туралы заң жобасын талқылауда. Аталған заң күшіне енсе, қырғыздар педофилдердің жыныс мүшесін кесіп тастамақ.
Ал ислам дінінде балаларға зорлық қылғандар отбасылы болса, бұрындары таспен ұрып өлтірілген. Егер бойдақ болса, 100 дүре соғылған. Ондай дүреден де адамның тірі қалуы оңай емес. Қазіргі заманда ислам елдерінде адам зорлағандар бірден өлім жазасына кесіледі.
Бұдан біздегі жаза әлі де әлсіздеу болып көрінеді. Себебі Польша, Қытай, Германия және бірқатар Араб елдерінде қылмыскердің еркектік безіне химиялық ота жасайды екен. Яғни, қарапайым тілде айтсақ «піштіріп» тастайды. Ресей Думасы өткен жылы ғана пиғылы арам «сәбиқұмарларды» дәл осындай, яғни химиялық әдіспен сүндеттеу жолымен жазалауды бірауыздан қолдады. Сонымен бірге олар өмір бойына бас бостандығынан айырылады.
Яғни, көршілес Ресейде де екі аяқты қорқаулармен күреске қатаң жаза қолданыла бастаған. Молдовалықтар педофилдерді еркектік қабілетінен айыру арқылы жазалау әдісін өткен жылдың шілдесінен жүзеге асырып келеді. Канада Парламенті арам ниеттілерді қатаң жазалап қана қоймай, зәбір көрген балаларға да қамқорлық жасауды басты міндет етіп алған. Яғни, жаза қатал. Қолмен істеген екенсің, мойныңмен көтеруге міндеттісің.
Оймақтай ой
Қалай болғанда да қылмыскер жазасын алуы қажет. Сондықтан бала өміріне бейжай қарамасақ, қоғамдық ортақ мәселеде өзара ықпалдастықпен мемлекеттік деңгейде әрекет ететін уақыт жеткен сияқты.
Автор: Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау