Австрия астанасы Вена қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет күндері жоғарғы деңгейде болып өтті. Мәдениет күндері аясында әлемнің ең таңдаулы концерт залдарының бірі – Вена қаласындағы Концертхаустың Үлкен залында еліміздің өнер шеберлерінің концерті болды.
2012 жылы 22-23 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Австрия Республикасының Федералдық Президенті Хайнц Фишердің шақыруымен Венаға ресми сапармен келгені көпшілікке белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Хайнц Фишердің келіссөздері барысында екі елдің мәдениет күндерін өткізу жөніндегі келісімге қол жеткізілген болатын. Осылайша аталған келісімді орындау мақсатында осы жылдың 20-мамырында Қазақстанның Австриядағы мәдениет күндері басталды. Биыл орталық Еуропаның сәулетті шаһарының бірі – Венада Қазақстан Республикасының Австриядағы мәдениет күндері өтіп жатса, келесі жылы Еуразия құрлығының жүрегі саналатын – Астанада Австрияның мәдениет күндері өтеді деп жоспарлануда.
Бүгінде қос ел арасындағы мәдени-рухани және саяси-экономикалық қарым-қатынастардың іргесі берік. Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына жиырма жыл толып отыр.
Австрия Республикасы Қазақ елінің тәуелсіздігін қуаттап, құттықтаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Сол себепті болар, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бастап келген отандық делегацияны Вена жұртшылығы ыстық ықыласпен қабылдады.
2013 жылдың 19-мамыры. Көркіне көз тоймайтын Вена қаласынан 100 шақырым жерде атақты «Розенбург» қорғаны бар. Австриядағы Қазақстанның мәдениет күндері осынау «Раушангүлдер қорғанынан» бастау алды десек те болатындай. Биік шыңның басында орын тепкен «Розенбург» қорғанында отандық делегация Австрия құсбегілері мен саятшыларының қазақтың қыран құстарымен аңшылық жасау дәстүрін қаншалықты игергенін көріп, өнерлеріне тәнті болды. Театрландырылған қойылымдарды біз ғана емес, ортағасырлық тарихи қорғанды көруге келген 200-ден аса туристер де ынта-ықыласымен тамашалады. Сөз орайы келгенде Еуропа төрінде қазақтың көк туын көкке желбіретіп шыққан құсбегі Андриас Зекнейштейнге бірер сауал қойдық. Оның айтуынша, бұған дейін ол Алматыда бірнеше рет болған. Алматы облысындағы бүркітшілердің сайысына да қатысып, қазақ саятшыларының өнерін жоғары бағалаған екен.
Мемлекеттік туында бүркіт бейнеленген жалғыз мемлекет бұл – Қазақ елі екені белгілі. Қыран құстарменен аңшылық жасау кейбір мемлекеттер үшін әуесқойлықтың, ойын-сауықтың бір түрі болса, біз үшін бұл ұлттық дәстүрдің биік шыңы екені сөзсіз. Осы турасында австриялық телеарнаға сұхбат берген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед төл өнерімізге қатысты бірқатар атқарылар шараларды атап көрсетті.
«Қазақстан жерінде табылған көне петроглифтерге зер салсақ, осыдан 3-4 мың жыл бұрын қазақтар ең алғаш қыран құстарды қолға үйретіп, оны аңшылыққа жаратқаны байқалады. Оның ішінде ителгі, сұңқар, лашын және бүркітпен аң аулау дәстүрі біздің жерімізде кең тараған. Біз көрген көріністерден мәдениетте шекара болмайтынына тағы бір көз жеткізе түстік. Жаһандану жағдайында кез келген елдің ұлттық мәдениеті байланысқа түскен кезде олар бірін-бірі байыта түсетіні байқалады. Орталық Азиядан шыққан құсбегілік пен саятшылық дәстүрі бүгінде міне, Еуропа төріне жетті. Қазір әлемнің 12 мемлекеті қыран құстармен аңшылық жасауды ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізген. Алдағы уақытта солардың қатарына біздің еліміз де қосылады» деді министр.
Расында, министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қыран құстармен аң аулау дәстүрін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне қосу турасында жоғарыда айтылған сөзі құптарлық жайт. Қазақтың төл мәдениетін көрсету, оны әлем халқына кеңінен насихаттау осындай ізгі бастамалардан көрінері даусыз. Бір атап өтерлігі, қорғанның ішінде орналасқан құсбегілер мұражайында қыран құстармен аңға шығу өнері Орталық Азиядан, Қазақстаннан бастау алатынын дәлелдейтін біраз суреттер қабырғаға ілінген. Онда еліміздің құсбегілерінің аң аулау сәті бейнеленген. Осыған орай министр Мұхтар Құл-Мұхаммед қойылған картиналардың қатарын соңғы жаңа сападағы суреттермен толықтыру керектігін атап өтті. Министрлік тарапынан арнайы кәде-тартулар із суытпай жіберілетін болды. Осылайша «Розенбург» қорғанындағы мәдени-тарихи шара көпшіліктің көңілінен шықты. Ең бастысы талғамы биік Еуропа жұртшылығы қазақтың төл мәдениетінен сусындап, халқымыздың мәдени мұрасына тамсанып, өз ризашылықтарын білдірді.
Мәдени мұрасы мол қазақ халқының өзге де өнерін Вена жұртшылығы 20-мамыр күні жергілікті уақыт бойынша, сағ. 19.30-да болған (бізше сағ. 23.30) кеште тамашалады.
Сұлтан ТАЙҒАРИН,
«Ана тілі» газетінің арнаулы тілшісі
Алматы – Вена – Алматы
Қазақ композиторларының шығармалары, сондай-ақ әлемдік классикалық музыка жауһарларының туындыларын жоғарғы деңгейде орындаған еліміздің өнер иелерінің шығармашылық кеші туралы толық материалды газетіміздің келесі нөмірінде оқи аласыздар.