АЛТЫНОРДА
Новости

Қазан басында жүрген әйелдердің еңбегін кім ескереді?

sasАбай ОМАРОВ (коллаж)

Еліміздің статистика агенттігінің есебінше, қазақтың үй бикелері кедей емес, десек те, өзге елдермен салыстырғанда, бай да емес. Мәселен, жұмыс істемей, отбасының бабын жасап, ас-суын әзірлеп үйде отыратын қазақ әйелдерінің 46,0 пайызы елдегі әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік жәрдемақы тағайындау, атаулы әлеуметтік көмек көрсету шараларына көңілі толатынын сөз етсе, үй бикелердің 32,9 пайызы бұл жағына мүлдем қанағаттанбайтындарын ашып айтқан. Ал жұмыс істемей, бала күтіміне байланысты немесе тағы басқа себептермен үйде отырған әйелдердің 21,1 пайызы өздерінің болашақтарына сеніммен қарай алмайтындықтарын, зейнет жасына жеткенде, шынымен де, зейнет көретіндеріне сенімді емес екендерін баса айтыпты. Осылайша қазан басында жүрген қазақ әйелдерінің басым бөлігі орта жастан асқандағы тағдырына алаңдап отырған жайы бар. Ендеше, мәселені тарқатып көрелік.

 

Өзгелерде қалай? 

Алдымен өзіміздің емес, өзге­лер­дің үйін­де отырған әйелдеріне көр­сетер құрметін мысал етсек: Гер­ма­ния­да қандай да бір се­беп­пен бала кү­тіміне байланысты немесе жұ­мыстан қыс­қарып қалуына қатысты үш ба­ласы бар әйел үйінде алты ай мер­зім­нен артық отырар болса, үкіметтен ар­найы 900 евро (175 815 теңге) жа­ла­қы алады. Ал фин­дік әйелдер   760 евро (148 466 теңге) кө­лемінде жәрде­м­а­қы алса, Голландияда үйде оты­­ра­тын мұн­­дай әйел­дер­ге ең тө­менгі ай са­йын­ғы төленер жәр­демақы кө­лемі 300 евроны (58 605 теңге) құ­­райды екен. Бір ескеретіні, біз үлгі етіп отыр­ған елдердің үй бикелері, бірін­ші­ден, бас­­­­тап­қы кезеңдері жұмыс істеген бол­­­са, жи­нақ­­­тау­шы қорының есебі­нен, екіншіден, кә­сіп­­орын­дық жинақ­тау­шы  қорынан, үшіншіден, тіп­­тен жұ­­­мыс іс­те­меген әйел болса, мем­ле­кет­­тік бюд­­­жет есебінен жәрдемақы ала­ды. Міне, осы үш бір­дей  қордан алы­натын қар­жы Еу­ропа  әйел­де­рінің өмірін қамсыз етке­ні анық. Ал бізде мұн­­дай жүйені қалып­тас­тырудың ауы­лы алыс екені даусыз.

                                   Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист-сарапшы:

– Мен Германия, Голландия, Жапония ел­дерінде болдым. Олардың бұл реттегі іс-тә­жірибесін көзіммен көрдім. Аталмыш ел­­д­ерде әйел адамның асырауында үш ба­­ла­сы бар ма, ол әйел жұмыссыз ба, мем­лекеттік ор­гандар дереу оған жәр­дем­ақы рә­сім­дейді. Ал бала  күтіміне бай­ланысты дема­лыс­қа шыққан әйел­дер­ге бұл елдерде ар­найы жалақы төленеді. Ол жалақының көлемі бала санына қарай 1,3 мың евродан 1,5 мың евроға дейін есеп­­теледі. Қазірде көптеген елде мұндай жүйе бар. Жа­по­ния­ның «Бала капиталы» атты арнайы бағ­дар­лама қабылдап, жаңа туған балаға мем­ле­кет­тің арнайы капитал салуы, Ресейдегі «Ана капиталы», Корей еліндегі «Бала ре­сурсы» бағдарламалары – бізге сабақ бо­латын дүние. Әттеген-айы – біз­дің атқарушы би­ліктің мұндай үрдіс­тер­ді ескере бер­мей­тін­дігі.

Жәрдемақыны жалақымен теңестіре аламыз ба? 

Рас, біздің елімізде де дүниеге келген әр­бір балаға азды-көпті жәрдемақы қа­рас­­тырылған. Мысалы, бізде бала туыл­ған­­да бе­рілетін бір реттік жәрдемақы от­ба­сын­да дүниеге келген әрбір бірінші, екін­ші, үшінші балаға 30 айлық есептік көр­сеткіш немесе 45  360 теңге мөлше­рін­де беріледі. Баланың күтіміне арналған жәр­­демақы отбасындағы баланың туу ре­тінің санына қарай бірінші балаға – 8 316 теңге, екінші балаға – 9 828 теңге, үшін­­ші  балаға – 11 340 теңге, төртінші жә­не одан кейінгі ба­ла­ға 12 852 теңге мөл­шерінде бел­гілен­ген. Аталған жәр­де­ма­қылардың мөлшері жұмыс істе­мей­тін от­басыларына және отбасының та­бы­сына тә­уелсіз төле­не­тінін айта кету қа­жет. Ал жұ­мыс істейтін әйел: әрбір туылған балаға рет са­нына қарай 30 немесе 50 АЕК мөл­ше­рінде бала тууына байланысты бір­жолғы мем­ле­кет­тік жәрдемақыны және ба­ла бір жасқа толғанға дейін оның кү­тіміне байланысты әлеуметтік  төлемді ала­ды, оның мөлшері әлеуметтік аударымдар есеп­телген табыс­тың 40 пайызын құрайды.

Жалпы, мамандардың пайымынша, біз­­дегі бала күтіміне қатысты берілетін жәр­­демақы тым мардымсыз. Сондықтан нақ қазірде жәрдемақыны орташа жа­ла­қымен теңестіру қажет. Әрине, бұл ұсы­нысты әйелдердің декреттік төлемін қыс­қар­тып, зейнет жасын ұзартып жүрген Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғауы тиіс министрлік ескерсе қанекей…

Дәурен ӨМІРЗАҚОВ, заңгер:

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қа­зақстанда бала туу бойынша бір реттік жәрдемақы 48 540 теңгені құ­рай­ды. Егер республика бойынша ор­та­ша жалақымен жұмыс істейтін әйел­дер үшін ай сайынғы төлем 37-45 мың теңгені құраса, жұмыс істемейтін және өзін-өзі жұмыспен қамтитын әйелдер бір жылға дейін бала күтіміне 8 899 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Мұндай табысқа өмір сүріп, бала өсіру мүмкін емес. Сондықтан бала күтіміне қатысты жәрдемақыны орташа жала­қы­мен теңестіру қажет деп есептеймін.  Сондай-ақ бұл проблема заң бойынша әйелдер бала күтіміне байланысты үш жылға дейін еңбек демалысын алуға болатынын ескерген жағдайда қай­шы­лықты күшейте түседі. Біздегі барлық тө­лемдер мен жәрдемақылар тек бір жылға арналған. Елімізде бір жастағы ба­ланы ешқайда балабақшаға бере ал­майсыз, оның үстіне балабақша тап­шы­лығы сезілуде. Сәйкесінше, осы екі жылда бала күтіміне байланысты әйел­дердің басым бөлігі табыссыз қалады. Сон­дықтан әйелдерге бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыны орташа жалақы деңгейіне өсіре алсақ жөн болар еді.

Негізінде,  қазірде біздегі орташа жа­ла­қы мөлшері өткен жылғымен салыс­тыр­ғанда 12,4 пайызға артқан. Орташа жа­лақы мөлшері әр аймақтың эко­но­ми­калық әлеуетіне байланысты 70-80-90 мың тең­гені құрайтыны рас. Ал енді мұндайда бір­ден бала күтіміне қатысты мемлекет та­рапынан төленуі тиіс жәрдемақыны ор­таша жалақымен теңестірер болсақ, мұ­ны еліміздің бюджеті көтере ала ма?! Бұ­дан туындайтын пікір бірінші кезекте осы болары анық. Бірақ бірден орташа жа­лақы деңгейінде жәрдем төлеп жа­рылқамасақ та, жұмыс істемейтін әйел­дер­ге бала күтіміне байланысты төленетін 8-9 мың теңге емексітуді сәл-пәл өсіруге неге болмасқа?!

Ауылдағы әйелдер ескерілмей жатыр 

Қалай десек те, біздегі қазан басында жүрген қазақ әйелдерінің еңбегі еске­ріл­мей жатқаны рас. Бұл ретте өткен жылы  халық қалаулыларының біразы жұмыс істе­мей үйде отырған әйелдер мәселесін бір­неше мәрте көтергені тағы есте. Олар­дың жинақтаушы зейнетақы қорында са­лын­ған қаржысы жоқтығын, әсіресе ауыл­­дық аймақтарда жұмысы жоқ, күн­делікті істейтін күйбің тірлігі көп әйел қа­уы­мының еңбегі ескерілуі қажеттігін сөз еткен ма­ман­дар: «қалалы жерде жала­қы­­сы аз жұ­мысқа орналасса да әйел тір­лі­гін жасар, бұл жерде ауылды жердегі әйел­ердің еңбегі ескерілмей жатыр. Олар­дың орта жастан асқандағы өмір­леріне алаң­дай­ты­ны да осыдан. Сон­дықтан бізге жұмыс іс­тейтін әйелдер мен жұ­мыс істемейтін әйел­­дерге қатысты ар­найы бір те­рең­де­тіл­ген мемлекеттік жоба ұйымдас­ты­рып, соны реттеп алу қажет» дейді.

Абзалында, бұл ретте мамандардың ай­тар ұсынысы: егер мемлекетіміздің бо­ла­шағы қамсыз болсын десек, ана мен ба­ла­ға қатысты сауатты шешімдер, мем­лекеттік қолдаулар  үнемі електен өткізіліп, та­разыланып отыруы керек.

Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

 

http://alashainasy.kz/main/43093/