АЛТЫНОРДА
Новости

Өнеріміз тамсандырды Моцарт елін!

ggaОсы жылдың 18-21 мамыр күндері Еуропаның сәулетті де, дәулетті шаһары Венада Қазақстанның Австриядағы мәдениет күндері болып өтті. Екі ел арасындағы саяси-экономикалық және мәдени-рухани байланыстарға биыл жиырма жыл толып отыр. Осы орайда, сапар сәттері мен Қазақстанның мәдениет күндері аясында Венадағы Концертхаустың Үлкен залында өткен еліміздің таңдаулы өнер шеберлерінің концерті кезіндегі ой-орамдарын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Тарих және туризм

Еуропаның қақ төрінде орналасқан Авст­рия астанасы Венаға табанымыз тигенде (бір қарағанда) құдды бір сәулетті ғимараты мол ортағасырлық шаһарға келгендей әсерде болдық. Неге десеңіз, қалада ортағасыр тарихынан, қайта өрлеу (ренессанс) дәуірінен сыр шертетін тарихи мұра жетіп артылады. Мұндағы әр ғимарат тарихтың әрқилы кезеңдерінен ой қозғайды. Вена әуежайынан Хилтон қонақүйіне бара жатқанымызда қаланы жан-жақты көруге мүмкіндік алдық. Бұған дейін ғаламтор арқылы қаланы көзбен бір шолып өткенбіз. Енді, міне, Моцарт еліне визуальды емес, шынайы таңырқап келеміз. Әуежайда отандық делегацияны Австриядағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері құшақ жая қарсы алды. Олар бізге қонақүйге жеткенше, Австрия республикасы жайлы, ел астанасы Вена турасында кеңінен әңгімелеп берді. Бағамдап қарасақ, елімізге осы елден алар озық үлгілер баршылық екен. Оған біз қаланы аралап жүріп, көз жеткізе түстік.

Өнеріміз  тамсандырды Моцарт елін!
Өткен мақаламызда Қазақстанның мәдениет күндеріне орай тарихи Розенбург қорғанында өткен екі елдің құсбегілік және саятшылық өнері турасында жазғанбыз. Осы жолы ортағасырлық мәдениеттің архи­тек­туралық ескерткіші болып табылатын – «Раушангүлдер қорғанына» басқа қыры­нан тоқталуды жөн санап отырмыз. Атап айтсақ, тарихи-мәдени мұралар Австрияда ту­ризмнің қарқынды дамуына қалай үлес қо­сып жатқанынан оқырманды хабардар етпекшіміз.
XII ғасырда іргесі қаланған «Розенбург» қорғаны Австрияның табиғаты әсем, ең көрікті жерінің бірі Хорн аймағында орналасқан. Яғни Вена қаласынан жүз шақырым қашықтықтағы қорған Камп өзенінің көрікті тұсында екен. Ортағасыр тарихынан сыр шертетін Розенбург қамалында бірінен-бірі асып түсер тарихи-мәдени мұраға толы 26 бөлме бар. Бүгінде осынау атақты қорған ел-елден, жер-жерден қаптаған турис­тер келетін мұражайға айналған. Қорғанға келген адам австриялықтардың өмір сүру философия­сын бірден ұға түседі. Австрия елінің мәдени мұрасымен танысып қоймай, оның ел экономикасына әкелетін пайдасын да ой елегінен өткізеді. Расында Еуропада туризм мықты дамыған бір ел болса ол – Австрия. Өйткені Австрия халқы өзінің мәдениетін, тарихын, өнерін сақтап қана қоймай, оны осы заманға лайықтап насихаттауды да біледі. Енді ойлап қараңыз, бұл елге жылына 10 миллионнан астам турист келеді екен. Ол ел қазынасына құйылған қаншама қаржы десеңізші?!
Өнеріміз  тамсандырды Моцарт елін!Бүгінде австриялықтар әлемге Вена балы арқылы танымал. Вена балы – ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне қосылған. Қазіргі таңда Вена балын өткізу әлемнің түкпір-түкпірінде дәстүрге айналды. Өткен жылдары, тіпті Алматыда да Вена балы өзінің сән-салтанатымен өткен еді. Міне, мұның бәрі Австрия халқының мәдениетін, өнерін тану, білу, үйрену деген сөз емес пе?! Осы тұрғыда айтар болсақ, Қазақ елі де төл тарихи-рухани ескерт­кіш­терге, мәдени-әлеуметтік көрікті жерлерге кенде емес. Бізде материалдық емес мә­дени мұра боларлық дүние де жетерлік. Бірақ біз қолда барымызды көрсетуге келгенде құлшына бермейтініміз бар. Әйтпесе, елімізде туризм саласы әлдеқайда жақсы дами түсері сөзсіз еді. Өнеріміз  тамсандырды Моцарт елін!Мәселен, қазіргі таңда ЮНЕСКО-да материалдық емес мә­дени мұра тізімі жасалуда. Оған әлемнің 12 мемлекеті қосылған, енді 13-ші болып биыл еліміз де өз тапсырысын беріп отыр. Қа­зақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, әлемдік деңгейде жинақталып жатқан материалдық емес мұраның тізіміне енгізетін құндылықтар бізде баршылық. Біздің домбыра, қобыз, киіз үй материалдық мұралар болып табылғанымен, оларды жасау жолдарын материалдық емес мұра тізіміне енгізуге неге болмасқа?! Бүгінде киіз үйдің құрылысының кереметтігі соншалық, оны Америка шығаруды қолға алып отыр. Нарық заманында мәдениет талғамайтын бизнес өкілдері осылайша өзге елдің өнері арқылы пайда табуды көздейді. Осы ретте, елімізде туризм тізгінін ұстаған басшылар Еуропа жұр­тынан өз мәдениетін, тарихын насихаттау ар­қылы туризмді қалай дамытуға боларын үлгі есебінде алса, құба-құп болар еді. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, бізді Вена сыртында самсап тұрған жел парктері қызықтырды. Иә, кәдімгі жел диірмендерін айтып отырмыз. Австрия электр қуатының 30 пайызын бүгінде табиғи желден өндіреді. Ал Қазақстанда жел энергиясын игеру әлі де толықтай жүзеге аспай келеді. Елімізде атақты Жоңғар қақпасы, Арыстанды-Қарабас желі, Шақпақ желі және т.б. электр қуатын алуға болатын небір жерлер бар. Тіпті Сарыарқа сахарасында тынбай соғатын самалдың өзінен-ақ талай электр қуатын өндіруге болары сөзсіз. Міне, еліміз үшін Австриядан алар екінші үлгі ол – электр қуатын өндіретін жел парктерін құру екендігі даусыз. Ел Үкіметі мұны да өз қаперіне алар деген сенімдеміз.

Музыка және өнер ордасы

Вена – музыка мен өнер ордасы және әлемдік мәдениет орталықтарының бірі ретінде танылған сәулетті де келбетті шаһар. Венада В.Моцарт, И.Гайдн, Л.Бетховен, Ф.Шуберт, И.Штраус сынды атақты композиторлар тұрып, өз өнерлерін күллі әлемге паш етті. Австриялықтардың ұлттық әуендері – Вена вальстері мен иодли әндері бүгінде әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі болып табылады. Осыдан-ақ, Венаны көк күмбезін күмбірлеткен әуен ордасы екенін айқын аңғаруға болатындай. Бұдан бөлек, Вена – Еуропаның саяси астанасы мәртебесін иеленген қаланың бірі. Өйткені Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының штаб-пәтері осы Венада орналасқан.
56 мемлекеттің басын қосып отырған ұйым­ға 2010 жылы Қазақ елі төрағалық жаса­ғаны көпшілік қауымға белгілі. Төрағалықты қолға алып, Астана саммитін абыроймен атқар­ғанымызда күні кеше ғана. Міне, Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төрағалық етуді біздің еліміз осы Вена төрінде қол жеткізген еді. Сол себепті де Вена еліміз үшін Еуропаға баратын жол іспетті.
Венаны мұражайлар қаласы деп те атайды. Қалада елуден астам мұражай бар. Веналықтар асқақ тұтатын қасиетті орынның бірі бұл – готикалық стильде салынған әулие Стефан шiркеуi. Осыдан 800 жыл бұрын соғылған шiркеуде атақты Габсбургтер әулетiнiң өкiлдерi арнайы катакомбаларда жерленген. Бір байқағанымыз, мұнда келуші туристер көп. Бәрі де алыстан көз тартар ірі архитектуралық-ескерткіштің сырын ұққысы келетіндей. Қала жұртшылығының тағы бір мақтан тұтатын жері ол – Вена опера театры. Зәулiм ғимарат еуропалық мәдениет пен өнердiң шыңы екені сөзсіз. Ал Австрия елінің симфолы – әлемге әйгілі Хофбург императорлық сарайы кім-кімді болса да таңғалдырмай қоймайды. Габсбургтер әулетiнiң резиденциясы болған тарихи ғимаратта бүгінде бірқатар мәдени, саяси орталықтар орналасқан.
Венада ат төбеліндей қазақ диаспорасы бар. Көбі кезінде Түркиядан келген қазақтар екен. Қаланың өзінде жиырма бес қазақ отбасы тұрады. Ал елден барған 300 студент Венаның озық оқу ордаларында білім алуда. Мұның өзі қос ел арасындағы мәдени-рухани байланыстарды одан әрі дамытуға үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Сонымен «Музыканың атасы Моцарт дүниеге келген елді немен таңғалдыруға бола­ды?» деген сауал көкейде кес-кестейді. Мә­дениетте шекара болмайды деген сөз бар. Мә­дениет – достық дәнекері деп те айтамыз. Әлбетте, австриялықтарды халқымыздың төл мәдениеті мен өнерін көрсету арқылы таң­ғалдыруға да, тамсандыруға да, қызық­тыруға да болады екен. Оған біз екі елдің ара­сындағы достастықтың бастау алғанына жиырма жыл толуына орай Вена қаласындағы Кон­цертхаустың үлкен залында Қазақстан Рес­публикасының Мәдениет күндері аясында өткен мерекелік кеште көз жеткізе түскендей болдық.

Өнеріміз  тамсандырды Моцарт елін!

Концертхаустағы Қазақ әуені

Вена Концертхаусы – әлемге классикалық музыка орталығы ретінде танымал. Биыл осынау мәдениет ошағы өзінің 100 жылдығын атап өтуде. 1913 жылы ашылған өнер ордасында Венаның симфониялық оркестрі, қалалық муниципалды оркестр жұмыс істейді. Концертхауста жылына 750-ге жуық мәдени шаралар өтеді. Міне, осынау зәулім сарайда 20-мамыр күні еліміздің Австриядағы Мәдениет күндері салтанатты түрде ашылды. Аталған мәдени шараға осы елдің Мәдени мұра және мәдени қызмет, Сыртқы істер министрліктерінің өкілдері, дипломатиялық корпус, жергілікті зиялы қауым және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Австрияда өткен мәдени іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, еліміздің Австриядағы елшілігі, Австрияның Еуропа және халықаралық істері жөніндегі федералдық министрлігі, сонымен қатар Австрия-Қазақстан қоғамдастығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Австриядағы Мәдениет күндерінің ашылуына орай жиналған көпшілік алдында сөз сөйлеген еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қос ел арасындағы мәдени, саяси-экономикалық байланыстардың нығая түсуіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі мол екенін атап өтті.
Расында «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, тәуелсіздік алғалы жиыр­ма жылдан астам уақыт ішінде Елбасы басшылығымен Қазақстан сындарлы дамудың биігіне көтерілді, экономикада, саясатта және әлеуметтік салада үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
«Аумағына 32 Австрия еркін сыятын Еуропа мен Азияның тоғысқан тұсында орналасқан Қазақстан Батыс пен Шығысты, Ислам мен Батыс өркениетінің арасын жалғап жатқан үлкен мемлекет. Оны әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың мекені деп айтуға толық негіз бар. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Батысты жалғаса, екінші жағынан Ислам ынтымақтастығы ұйымына басшылық жасап, Шығысты да жалғады. Бұл Қазақ­станның сыртқы саясаттағы үлкен табысы болып есептеледі. Тәуелсіздік жылдарын­да Қазақстан Еуроодақтың Орталық Азиядағы, сонымен қатар Австрияның ТМД елдері ара­сында Украинадан және Ресейден кейінгі стратегиялық ең басты әріптесіне айнал­ды» деп атап өтті өз сөзінде Мұхтар ­Құл-Мұхаммед.
Министр сонымен қатар еліміздің жас өнер шеберлері веналық аудиторияның алдында өнер көрсетіп отырғанын, бұл концерт Шығыс пен Батысты үндестіретін және қазақтардың толеранттылығы мен әлемді әсем бейнелеуін айғақтайтын кеш екенін тілге тиек етті.

Өнеріміз  тамсандырды Моцарт елін!
Өз кезегінде Австрия республикасы үкі­метінің халықаралық мәдениет қа­ты­настары жөніндегі өкілі Тереза Инжайн ханым болса, қос ел арасындағы мәдениет аралық байланыстар соңғы жиырма жылда жаңа деңгейге көтерілгенін, бүгінгі Қазақстан өнер шеберлерінің концерті соның жарқын көрінісі екенін атап көрсетті.
Сахнаға алдымен Құрманғазы атын­дағы Қазақ мемлекеттік акаде­мия­лық халық аспаптар оркестрі халықаралық конкурстардың лауреаты Арман Жүдебаевтың дирижерлік етуімен «Сарыарқа» күйін төгілдіре төккенде сайын сахарамызды Вена төріне алып келгендей әсер қалдырды.
Ал А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы «Тойбастарды» оркестрді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаевтың дирижерлік етуімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов пен Айгүл Ниязова, халық әні «Әдемі қызды» Ғ.Құрманғалиев атындағы республикалық конкурстың лауреаты Бибігүл ­Сауытова, «Бабалар сазы» композициясын халықаралық конкурстардың лауреаттары Еділ Құсайынов пен Ардақ Итекеева, М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы «Айтысты» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, халықаралық конкурстардың лауреаты Нұржан Бажекенов және оркестр халықаралық конкурстардың лауреаты Ерболат Ахмедияровтың дирижерлік етуімен, сол сияқты Құрманғазының «Балбырауынын» халықаралық конкурстардың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі­нің дирижері Арман Жүдебаевтың дирижерлік етуімен оркестр орындағанда және М.Ержановтың «Сайра бұлбұлын» республикалық конкурстардың лауреаты Жақсыгелді Маясаров домбырамен қо­сы­ла айтып шырқаған сәтте залда отырған өнер­сүйер қауымның сүйіспеншілігіне бө­ленді. Қазақтың қара домбырасы мен ұлы қо­бы­зынан күй төгілгенде залдағы австрия­лықтар көшпелі халық өнерінің құдіретіне бас иді.
Ал Н.Меңдіғалиевтің «Домбыра туралы аңызын» халықаралық конкурстардың лауреа­ты Нарын Қажығалиев рояльда ойнағанда, М.Төлебаевтың «Поэмасын» халықаралық конкурстардың лауреаты Ержан Құлыбаев скрипкада, сол сияқты В.Моцарттың, И.Брамстың, Г.Доницеттидің, И.Штраустың және т.б. ұлы композиторлардың шығар­малары орындалған кезде залда отырған адам­дар ерекше құрметтеп, ілтипаттарын білдіріп жатты.
Осы орайда, Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының және Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық Ұлан солисі Бибігүл Сауытова туралы айта кету жөн болар. Өйткені Бибігүл Сауытова 2007 жылы «Ана тілі аруы» республикалық байқауының Бас жүлде иегері. Үкісі бұлғақтап, қолынан қара домбырасы түспейтін ару бүгінде көптеген байқаулардың жүлдегері атанып қана қоймай, елдің көзайымына айналған. Австриялықтар да Бибігүлдің өнеріне тәнті болды.
Тағы бір атап өтерлік жайт, 2014 жылы Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестріне 80 жыл толады. Тарих тереңіне бойлап айтар болсақ, 1932 жылы Алматыда музыка-драма техникумы ашылып, 1933 жылы Ахмет Жұбановтың ұйымдастыруымен техникум жанынан құрамы 11 адамнан тұратын домбыра ансамблі құрылады. Бұл қазіргі еліміздің мақтанышына айналған аты әлемге әйгілі Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің бастауы болатын. Міне, кезінде академик, композитор Ахмет Жұбанов ұйымдастырған осынау оркестр бүгінде қазақ халқының мәдениетін, өнерін, дәстүрін айдай әлемге көрсетіп, насихаттап келеді. Жуырда газетіміздің бетінде «Ахмет Жұбанов атындағы сыйлық тағайындалса екен» деген мақала жарық көрген еді. Авторы Қазақстан республикасының халық артисі ­Базарбай Жұманиязов. Бәріне – уақыт төреші. Бәлкім, көп кешікпей мәдениет пен өнер саласында Ахмет Жұбанов атындағы сыйлық тағайындалатын болар. Ал әзірге ұлы композитор құрған айтулы оркестр Венада Қазақ әуенін асқақтатып, өз шеберліктерін көрсетті.
Бір қызығы, концерт аяқталғаннан кейін Концертхаусқа лық толған өнерсүйер қауым біразға дейін тарап кетпей, өз ықыластарын білдірумен болды. Көпшілігі қазақы киімдегі қазақ өнерпаздарымен естелік суретке түсті. Вена жұртшылығы бұл кеште бір нәрсені айқын аңғарды. Олар Моцартпен мақтанса, қазақ күй атасы Құрманғазыны құрметтейтінін білді.
Моцарт және Құрманғазы. Қос дүлдүлді байланыстыратын да, тоғыстыратын да өнер өлкесі екен. Осы кеш мұның жарқын дәлелі болды деуге толық негіз бар.
Осылайша, Қазақстанның Мәдениет күн­деріне орай ұйымдастырылған қазақ компо­зиторларының шығармалары,  сондай-ақ әлемдік классикалық музыка жауһар­ларының туындылары шырқалған кеш австрия­лықтарды тамсандырып қана қойған жоқ, сонымен қатар Қазақ елінінің бай мәдениетіне, өнеріне деген үлкен сүйіспеншілігін тудырды. Қос ел достығының жарқын көрінісі болған бұл кешті австриялықтардың сағына жүретіні сөзсіз.

Мақалаға орай 

Қызырған Шолпан, 
Еуропа қазақтары федерациясының төралқа мүшесі: 
– Австриядағы Қазақстанның мәдениет күндеріне қатысу үшін мың шақырым жолды артқа тастап, Парижден келіп отырмын. Онда Еуропа қазақтары құрылтайы өткен еді. Өзім осы Вена қаласының тұрғынымын. Бүгінгі мәдени шара өте жоғары деңгейде өтті. Қазақ халқының мәдениетіне, өнеріне Вена жұртшылығы таңғалуда. Еліміздің өнерпаздары қазақтың ұлттық аспаптарымен батыстың музыкасын ойнап отыр. Бұл таңғаларлық жайт емес пе?! Біз қазақты Еуропа халқына осындай төл мәдениетіміз арқылы таныта аламыз. Австриялықтар қазақтың өнерлі халық екенін көріп, өз ризашылықтарын білдіруде. Бүгін біз де осындағы қазақ диаспорасы домбыраның қоңыр үнін тыңдап, Сарыарқаның сайын даласында жүргендей күй кештік. Осындай мәдени-рухани шаралар өзге де елдерде жалғасын тапса, құба-құп болар еді. Себебі өзге елдегі қандастарымыз да бір жасап қалары сөзсіз.

Элен Хенштейн, Вена қаласының тұрғыны:
– Біз Қазақстанды экономикасы қарқынды дамыған мемлекет ретінде танитынбыз. Бүгін мәдениеті де жоғары деңгейде дамығанына куә болдық. Домбыраның үні керемет. Штраустың, Моцарттың шығармаларын еш қатесіз, тіпті ерекше орындады. Осы концерттен кейін Қазақстанға міндетті түрде барамыз.

Сұлтан ТАЙҒАРИН, 
«Ана тілі» газетінің арнаулы тілшісі