АЛТЫНОРДА
Новости

БІР ШАҢЫРАҚҚА СЫЙҒАН 110 БАЛА

ееАлматы облысы, Талғар қаласында тұратын Тұяқ Есхожинаны елдің бәрі біледі. Өйткені ол тағдыр тәлкегіне ұшырап, кішкентайынан жетім қалған балаларды бауырына басқан ана. Жүрегі кең, жаны жайсаң апаның 110 баласы бар.

5843313039cf455d665244a87260f654.jpg

 

Барлығы да Тұяқ апаны «мама», ал Әнуарбек ағаны «ата» деп атайды. Шын мәнінде, 110 баланы өз баласынан артық көретін Тұяқ апа мен Әнуарбек аға «Ана», «Ата» деген алтын атқа лайық-ақ. Тұяқ апа – Талғар қаласындағы «Нұр» балалар үйінің директоры. Биыл аталмыш балалар үйінің жетімектерге пана болға­нына 15 жыл. Осы орайда балалар үйінің бүгін­гі тыныс-тіршілігімен танысып әрі Тұяқ апайдың хал-жағдайын білмек ниет­пен Талғар қаласына аттандық. «Нұр» ба­ла­лар үйінің тәрбиеленушілері жиі келетін Құдайы қонаққа әбден үйренсе керек, бізді жайдары қарсы алды. Есік алдында жұмыс істеп жүрген балалармен амандасып, ішке бет­тедік. Жаз мезгілі басталғандықтан, үй­дің іші-сыртында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Барлық бала сол жұмысқа қызу кіріскен. Мұндағы балалар «Еңбек бәрін де жеңбек» деген қағиданы сана­ға тоқып алған. Өйткені адамның өмір­де кездескен әрбір қиын-қыстау сәтін жеңу үшін тынымсыз еңбек ету керектігін Тұяқ апай да жиі айтады. Бұл үйдің өзіне тән заңы мен тәртібі бар. Балалар үйі бол­ға­нымен, осы шаңырақта өсіп-өнген бала­қай­ларды Тұяқ апай ешкімге де асырауға бермейді. Өйткені әрбір бала ол үшін қымбат. Үйге кіріп, Тұяқ апайды әңгімеге тарттық.

 

– Ақтөбеге балаларымды лагерьге ша­қы­рып, билет алып жүрміз. Жиырма-он баладан лагерьге жіберіп тұрамыз. Шақыр­тулар көп. Әрбір күніміз жоспарланып қойған. Қысқасы, үйде отырмаймыз, – деп бастады апа әңгімесін.
– Қазір үйде қанша бала бар?
– 110 бала орнында. Бірақ 24 қызымды барлық жасауымен ұзаттым, 15 ұлымды үйлендірдім. Алла қаласа, Шымкенттен құда күтіп отырмыз. Барлық құда-құдағиды осында күтіп, шығарып саламыз.
– Құтты болсын. Әнуарбек аға екеуіңіз­дің үш балаңыз бар екен. Дегенмен осын­дай балалар үйін ашып, бөбектерді бауы­рыңызға басып отырсыздар. Балалар үйін ашу туралы ой қайдан келді?
– Әнуарбек ағаң екеуміз базарда үш жетім баланы көріп, аяп кеттік. Содан кейін балаларды қанатымыздың астына алып, өсіп-өндіру туралы ой келді. Ол үш балам да Мәскеуде тұрады қазір. Ал бір қызым жоғары оқу орнын бітіріп, Астана­да министрлікте қызмет атқарады. Осы­лайша балалар үйін аштық. Бізге жетім балаларды ата-аналар өздері әке­леді. Биыл, міне, үлкен үйімізге де 15 жыл болыпты. 15 жылды қоры­тын­дылап қарасам, 100 балам диплом алыпты, оның 70 пайызы жоғары білімді. 30 пайызы колледжді бітіріпті. Жоғарыда айттым, 24 қы­зым­ды ұзаттым, 15 баланы үйлен­дірдім. Аллаға шүкір, 20 шақты немерем бар. Әрбір мереке сайын ба­лаларым мен немерелерім келіп, құттықтап, лебіздерін білдіріп кетеді. Осы уақытқа дейін бір ба­лам қашып, оғаш қылық көр­сет­кен емес. Балаларым арақ ішіп, темекі тартпайды. Намазға жығылып, дін­нің хақ жолына түскендер де бар. «Балаң жаман» деген сөз­ді естіртпейді ешқайсысы. Әрине, бала болған соң, еркеліктері болады. Бірақ бә­рін де жөнге шақырып, тәрбиелейміз. Алла­­ға шүкір деймін. Алайда көңілге кір­бің ұялатқан бір жайт бар. Қыз­дарым тұр­мыс құрып, өз теңін тауып кетті ғой. Ал ұлдарым бөлек үй болды. Бірақ балаларым­ның баспанасы жоқ. Тапқан ақшалары жалдап алатын үйлерге жұмсала­ды. Қолдан келер қандай көмек бар. Бала­ларға келген тамақтан бөліп немерелері­ме беремін, келген киім-кешекті беремін. Мұн­да же­тім-жесірдің барлығы тұрады. Сондықтан барлығына бірдей көмек көрсету қиын-ақ. Газет ар­қылы айтқым келеді, жомарт жан­дар болса балаларыма үй салып беруге қол ұшын созса екен дей­мін. Серік Үмбетов облыс әкі­мі болған кез­де арнайы жер бе­ріп, көмек көрсетті. Сол жерге 125 үй са­луы­мыз керек. Бұл істі жүзеге асыру үшін де­меуші іздеп жүрміз.

 

c16557917c8f78bd491625a751e0808d.jpg
– Балаларды еңбекке де баулисыздар ғой…
– Әрине, қыздар кесте тігеді, киім тіге­ді, үй шаруасын істейді, ұл балалар үйдің жөндеу жұмыстарын жасайды, аяқкиімде­рін жамап, тігеді. Балаларымыз «сегіз қырлы, бір сырлы» болу керек. Өйткені өмірде жал­ғыз қалғанда еңбек етіп, өз-өзін алып ке­ту керек. Арнайы грант алып, жеміс-жи­дек өсіру, көкөністі егуді бір жыл бойы үйретіп, балаларға сертификат тап­сы­ра­мыз. Мұның өзі де дипломнан кейінгі құжат қой. Балаларымның екінші маман­дығы бар деуге болады. Қазір Қазақ Ұлттық уни­верситетінен психологтар келіп, әр ба­ла­мен жеке жұмыс істейді, психолог бо­луға тәрбиелейді. Баланы тәрбиелеу ойын­шық емес. Әр баламен жеке жұмыс істеп, оған жол таба білу керек. Сегіз тәр­биеші бала­лар­дың тәрбиесімен айналысады.
– Ең кішкентай балапаныңыз неше жаста?
– Үш жасар қызым бар. Қазір алдыңнан шығып, сенімен ойнауға асығады. Қылығы да, сөзі де тәп-тәтті. Ең үлкен балам жиыр­ма сегізде. Тіпті 52-дегі балам бар. Үшінші балалар үйінен кетіп қалып, өзіме келген. Осы үйде жүреді, қасымыздан бір елі кет­пейді.
– Он бес жылдың ішінде үйіңізге келіп, бір баланы асырап алуға қолқа салған адамдар болды ма?
– Жоқ, бір баламды да асырауға бер­мей­мін. Мен мұндайға қарсымын. Бала асы­рап алғысы келетін адам мемлекеттік бала­лар үйіне барсын.
– Ал балаларынан бас тартып, өздері әкелетін ата-аналар да болған шығар?
– Қазақ намысшыл келеді ғой. Намыс­та­нып, балалары әбден қияңқы болып, бас­қа амалы қалмағанда балаларын тап­сыра­ды ғой. Әрине, балаларынан бас тар­та­тындар бар. Бірақ көбіне баласын есік ал­дына тастап кетеді. 110 баланың 35-і тас­тан­ды балалар. Сондықтан олардың құжаты да жоқ. Балалардың құжаттарын жасай алмай, қырғи-қабақ болып жүреміз. Тіпті Надя деген орыс қызым оқуын біті­ріп, бірінші курсын бітірген сәтте құжатын әрең алдым. Барлық мұрағат, перзентха­наларды аралап, табаным тозды. Анасы босанып, баласын тастап кеткен ғой ша­масы. Кейде балалар үйінен қашып келеді, пана іздеп. Өткенде бірі сегізінші сыныпта, бірі тоғызынша сыныпта оқитын екі қыз ата-анасынан қашып, келіпті. Әйтеуір көмекке зәру жанның барлығы осында ке­ле­ді. Аллаға ризамын. Алланың риза­шылығының арқасында барлығына көмек беріп, жеткізіп келеміз.
– Мемлекет тарапынан көмек беріле ме?
– Мемлекеттен көмек сұрамаймыз. Үкі­мет қолпаштап тұрады. Біз мемлекеттік мекеме емеспіз, заңды тұлғамыз. Сондық­тан өз күнімізді өіміз көреміз. Дегенмен балаларым университетте грантта оқиды. Мұның өзі мемлекеттен бөлінген зор көмек. Талғар қаласының әкімшілігінің тарапынан балалардың жоғары оқу орнын­да тегін оқуына көмек беріледі. 1998-2008 жыл­дар аралығында «Иманәлі» атты ком­пью­тер орталығы үйімізге көмек көр­се­тіп келді. Аяғымыздан тік тұрғызған орталық­тың басшысы Қанат Қойбағаров деген азаматқа алғысым шексіз. Әлі күнге дейін балаларға келіп, хал-жағдайымызды сұрап, қолда барынан аянбайды.

333cda9ae4190ad0c597b12ddc525da8.jpg

 
Тұяқ апаймен әңгімелесіп, балалар үйін араладық. Дәлізде балалар ойнап жүр. Алдымыздан Мадина есімді қыз шықты. «Атым – Мадина. Үшіншіге көштім. Жақын­да соңғы қоңырау болды. Мамам бізбен бірге барды» деді Мадина. Арманын айтып, бал-бұл жайнаған Мадинаны бала­лар үйіне алты айлығында әкеліпті. Қазір ол тоғыз жаста. Болашақта сән көр­се­ту­ші болғысы келеді екен. Мадинаның қолынан ұстап, көк көйлек киіп күлімсіре­ген қыз­дың есімі Гүлзия. «Жасым он екіде» деп бас­тады ол әңгімесін. Гүлзия бұл үйге қалай, қашан келгенін де біледі. Сегіз жыл бұрын, төрт жасында осы үйдің табалдыры­ғын аттаған. Ақкөңіл Гүлзия әңгімесін ары қарай жалғады. «Тұяқ мама мен Әнуарбек ағаны қатты жақсы көремін. Біз мұнда тату-тәтті өмір сүреміз. Достарым, ағала­рым мен әпкелерім көп. Биыл 5-сыныпты бітірдім. Ендігі жылы алтыншы сыныпта оқимын. Болашақта дизайнер болғым келеді» дейді ол. Гүлзияны ешбір құжатын­сыз балалар үйінің есігінің алдына тастап кеткен екен. «Аты-жөні белгісіз, не құжаты жоқ қызды қамқорлығымызға алдық. Менің азан шақырып қойған атым Гүлзия ғой. Содан төрт жаста келген бүлдіршінге Гүлзия деп ат қойып, өз атыма жаздырдым» дейді Тұяқ апа.
Біз барған күні Тұяқ мамасын сағынып Ләззат та келіпті. Ол жақында тұрмыс құрған. Медициналық колледжді бітірген Ләззат жуық арада ана атанады. Ата-анасы о дүниелік болған соң, Ләззат қос сіңлiсін алып, Тұяқ апайға пана іздеп келеді. «Қазір тұрмыстамын. Мамамды сағынып, төркін­деп келдім. Екі сіңлім осында. Бірі он бі­рін­ші сыныпта оқиды. Маманың арқа­сында ұзатылып, бір үйдің отанасы атанып отырған жайымыз бар» дейді Ләззат Тұяқ мамасын құшақтап. Көп баламен бірге алдымыздан екі бүлдіршін шықты. Екеуі де төрт жаста. Бірі – Әмина, екіншісі – Томирис. Бізді көрген қос бүлдіршін жү­гі­ріп келіп, амандасты. «Тәте, үстімдегі көйлекке қарашы, әртүрлі гүлдері бар. Әдемі ме? Анау менің ағам Алмас. Мектепте оқиды» дейді тілі былдырлаған Томирис. Томирис пен Алмас та балалар үйінен келген бауырлар. Алмас онда, Томирис небәрі төрт жаста. Томирис Әнуарбек атасына еркелесе, Әмина Тұяқ мамасының қасынан шықпайды. Алаңсыз ойнап, күлкісі сың­ғыр­­ла­ған бүлдіршіндерге қарап, біз де қуанып қалдық. Әйткенмен кішкентайынан ата-анасыз қалған балалардың көкірегінде бір мұң бардай. Бірақ Тұяқ мамасы сол мұңды сейілту үшін барын салып жүр.
Балалар үйіндегі ұлдардың тәрбиесіне Әнуарбек аға қарайды. Барлығын да ең­бекке баулып, болашақта бір мамандықтың иесі болғанын қалайды аға. Арман мен Дима Астанадағы Президенттік колледжіне оқуға тапсыруды көздеп отыр. Әнуарбек аға қос ұланын жан-жақты дайындап жүр екен. Ал сегізінші сыныпты тәмамдаған Сұл­тан ел қорғайтын азамат болғысы келе­ді. Мақсаты – әскери киімді киіп, сапқа тұру. Ұлдардың барлығы далада пияз таза­лап жүр. Аула іші тап-таза. Алыстан келген көлікке барлығы қуана жүгірді. Сөйтсек бұл аулаға жаңа әткеншектерді орнататын мамандар екен. Темір-терсекке қызыға қараған Әмина: «Тәте, енді біздің аулада жаңа әткеншектер болады. Бізбен бірге ойнайсыз ба?» деді күлімсіреп. Біз алдағы уақытта Талғарға арнайы келіп, балалармен алаңсыз ойнауға уәде бердік. Көлікке мініп, бірі еркелей қараған, бірі мұңмен қараған балалардың нұрға толы жарқын жүздерін қимай қоштастық.
«Немерелерім мен балаларымды ба­ғып, қыдыртып демалғым келеді. Әже бол­дым, енді балаларым мен немерелердің қы­зы­ғын көрсем бе деймін» деді Тұяқ апай қоштасарда. 15 жылдан бері өзіне пана, жанына жылу іздеген әрбір баланың басынан сипап, аялы алақанына алып, қамқорлығын аямаған Тұяқ апаның ендігі арманы – балаларына баспана салып беріп, ел қатарына қосу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадис-шәріпінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады» деген. Олай болса, қолда барын балалар­дан аямайтын жомарт жандар табылса, Тұяқ апайдың да арманы орындалар.
Мұхаммед Пайғамбарымыз: (с.ғ.с) «Мұ­сыл­­ман­дар тұратын үйлердің ең жақ­сысы – жетімі бар үй. Ол үйде жетімге қамқорлық көрсетіледі. Мұсылмандар тұратын үйлер­дің ең жаманы – жетімі бар үй. Ол үйде же­тім­ді жәбірлейді» деген екен бір хадисін­де. Жетімге қамқорлық көр­сетілетін үйдің берекесі мен бірлігі болары хақ. «Айрандай ұйып отырған көпбалалы шаңырақта тек тыныштық болсын, қазақ­тың қаракөздері жетім атанбасын, әбір ана, әрбір әке бала­сы үшін жауап беретінін қазақ ұмытпаса екен» деп тіледік іштей…

Арсыз әрекеттің алдын алайық

 

890ea43134cc39666342415f1b230ed8.JPG

 

Алтынбек ҰТЫСХАН, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни уағыз-насихат бөлімінің маманы:

– Бүгінгі таңда елімізде некесіз бала көтеріп қалып, оның ертеңгі күнін ойлап, «қалай асыраймын, ата-анамнан, елден ұят болады-ау» деп, ол баланың өмірін қыршындай қиып, қоқысқа тастап кету деген нәрселер кеңінен жайылып жатыр. Бұның басты себебі біріншіден, некесіз зинаға баруы. Екіншіден, Алла Тағаладан қорықпауы, яғни имансыздықтың салдарынан осындай әрекетке барып жатыр деп айтуға болады. Дана қазағымыз «Алладан қорықпағаннан қорық» деп бекер айтпаса керек. Ал енді мұсылман дінінде осындай іске барған, демек, адамның өмірін қыршындай қиып өлтіргеннің күнәсі қандай, оның үкімі қандай дегенге келетін болсақ, Алла Тағала және Пайғамбарымыз аят-хадистерде қатаң түрде ескерткен. Балаларды жазықсыздан жазықсыз, нақақсыз тастап кету – өлтірумен пара-пар болып саналады. Ал адам өлтіру ең үлкен күнәлардың қатарына жатады. Оның үкімі үлкен күнәлардың қатарына жататындығын шариғатымызда бекіткен. Оған Құран Кәрімдегі мынадай дәлел: «Балаларыңды жазықсыздан жазықсыз, кедейліктен қорқып, оны асырай алмай қаламын деп өлтірмеңдер. Өйткені оны ырзықтандырушы біз» дейді Алла Тағала.
Қазақ – жетімін жылатпаған халық. Жетім болса, оны мәпелеп, аялап өсіруге тырысқан. Сондықтан сол салт-дәстүріміз ұмыт болып бара жатса, қайтадан жандандыруымыз керек. Ең бастысы, имандылық мәселесі кеңінен жайылған кезде арсыз, жаман қылықтардың алдын алуға болады. Себебі мұның барлығы имансыздықтан, Алладан қорықпағандықтан орын алып отыр.

 

Түйткілдің бәрі – тәрбиеде

 

b528a07d91ba0a5c3155bd86dc813339.jpeg

 

Советхан ҒАББАСОВ, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

–«Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі» деген кітабым шығып жатыр. Бұл – біздің психологияда жоқ екі сатылы әдістемесі ұсынды. Сол екі сатыда жүрек және ақыл тәрбиесі дейтін екі жүйе, жеті негіз айтылған. Бүгінге дейінгі біздің ұрпақтың адам тәрбиесіндегі үлкен қателіктерін ашады. Қазіргі таңда адамзат тән тәрбиесінен басқа, жан, рух тәрбиесі дегенді білмейді. Жаңағы ұсынылып отырған дүниеде тәннің 12 мүшесі секілді жанның 12 мүшесі бар екенін аштық. Оны жанның 12 арнасы дедік. Осы 12 арна ана құрсағында ғана ашылатынын айттық, одан кейін ол ашылмайды. Адамның мәні жанында дейміз ғой, осы жан тәрбиесінің осынша ауыр күйге түсуінің салдарынан қазір адамзатта кемшіліктер пайда болуда. Жетімі болмаған халық қазір сорлы күйге түсіп отыр. Өйткені жастарды қойып, орта жастағы адамдардың өзі дәстүр-салтынан, халықтық тәрбиеден ажыратқалы отыр. Үлкендердің өздері бір-бірімен өзге тілде сөйлесіп, балаларын орыс мектебіне беріп жатыр. Бұның өзі ата-ананың баласына жасаған қаскүнемдік. Қазақ халқы ұлттық идеологиясын жоғалтқандықтан, бұрынғы қалпынан да өте ауыр күйге ұшырап отыр. Сондықтан жетімнің, жесірдің көбеюі –қоғамның кемшілігі және халқымыздағы ұлттық тәрбиенің болмауының салдарынан. Бұны ел болып ойланбасақ болмайды.
Интернаттағы тәрбие мүлдем бөлек. Мен өзім адам тәрбиесімен шұғылданып жүргеннен кейін, зерттедім. Бұның өз кемшілігі бар. Балаларға әртүрлі дүниеге тыйым салғандықтан өтірік көп оларда. Ал патронаттық тәрбиені де қадағалау керек. Үкіметтен ақшасын алып тәрбиелеуші адам, балаға тәрбиені дұрыс бере ала ма? Соған да назар салып, адамның бойындағы парасаты мен иманына дейін тексеріп барып берген дұрыс.

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/23342