Айырқалпақты қырғыз тағы шала бүлінді. Ши «Құмтөр» деген алтын кенішінен шықты. Кеніштің 100 пайыздық акциясы канадалық Centerra Gold компаниясына тиесілі. Ал оны жергілікті тұрғындар мемлекет меншігіне алуды талап етті.
Сондай-ақ компания жолдарды жөндеп, мектеп, балабақшалар салуды, тұрмысы төмен жандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз етуді, 8-10 жылға 5 пайыздық несиелер беруді сұрады.
Өкініштісі, жергілікті елдің талабын елеп-ескерген ешкім болмады. Қақтығыс содан туды. Биліктің тірлігіне ырза болмаған жұрт Ыстықкөл жағасында орналасқан электр стансасын басып алып, жарықты сөндірді. «Құмтөр» алтын кеніші, сол маңдағы 50 мыңға жуық қауым, қытай-қырғыз шекарасындағы бірнеше застава жарықсыз қалды. Ыстықкөлде басталған дау сол жермен шектеліп қалмады. Оларды оңтүстіктегі оппозиция өкілдері қолдап шықты. Жалал-Абад облыстық әкімшілік ғимаратын басып алды. Тіпті Жалал-Абад облысындағы «Ата Жұрт» партиясының үйлестірушісі Медет Үсеновті «халық губернаторы» деп сайлап та жіберді. Осылайша қырғыз елінің оңтүстігі бір толқып қалған. Шерушілермен полиция арасында болған қақтығыстан ондаған адам жараланды.
Ел премьер-министрі келіп, шерушілердің арыз-талабын тыңдады. Басу айтты. Аймақта төтенше жағдай жарияланды. Премьердің айтуынша, алдағы уақытта «Құмтөрде» жаңа кәсіпорын құрылып, ол елдің пайдасына жұмыс істейтін көріне-ді. Осыдан кейін ғана қызуқанды қырғыз халқы сәл сабыр еткендей болған. Дегенмен базбір сарапшылар «бұл үшінші бір елдің айтақтауымен болған дүние. 2014 жылы елде тұрған АҚШ-тың әскери базасын жауып, елден шығарамын деген президент Атамбаевтың айтқаны-на қарсы істеп отырған Ақ үйдің әрекеті» десе, екінші біреулері «Құмтөрде» болған оқиға жоғарыдан жасалған нұсқау. Олар канадалық компаниядан алтын кенішін тартып алып, Қытай компаниясына бермек» дегенді айтады. Кім білсін?
Қырғыз елі өстіп бүлініп жатқанда, түркі жұртының тағы бір тармағы саналатын Түркияда күтпеген оқиға болып, арты халықтың жаппай шеруге шығуына, премьер — министр Режеп Тайып Ердоғанның отставкаға кетуін талап етуге ұласты. Даудың басы, Ыстамбұл қаласының ортасындағы жасылбақты кесіп, орнына сауда орталығын саламыз дегеннен шықты. Басында елеусіз басталған шерудің соңы тек саябақпен шектеліп қалған жоқ. Ердоғанға қарсы топ осыны желеу етіп, Ыстамбұлда, Анкарада және өзге де қалаларда шеру ұйымдастырды. Полиция көзден жас ағызатын газ қолданып, шерушілерді таратпақ болған. Бірақ полицейлердің қатаң жазалау шарасы жұртты ашындырды. Осыдан келіп қақтығыстың шеңбері кеңейе берді. Бұған бір беткей премьер көне ме, көнбей ме, әзірге белгісіз. Мысыр астанасы Каирде шерушілердің жиналатын орталығы Тахрир алаңы болса, Ыстамбұлда ол Таксим алаңы болуда. Билікке наразы топ Анкарада Үкімет үйін қоршаса, Ыстамбұлда Әділет және даму партиясының мекеніне шабуыл жасады. Шерушілердің негізгі талабы, биліктің орнынан кетуі. Алдағы уақытта жағдай қалай шешіледі, ол жағы тұманды болып тұр.