Күні кеше басталған ҰБТ өз мәресіне жетті. Бұл сында бағы жанып жоғары балл алғандар да, сондай-ақ сүрінгендер де баршылық. Бағы мен бабы қатар келіскен 7 оқушы ең жоғары 125 баллды еншіледі. Ал шектік көрсеткіш 50 баллға қол жеткізе алмағандардың саны 27 465 оқушы болды. Әйтеуір жылда дау дамаймен аяқталатын бұл тест, биыл да өз дәстүрінен жаңылған жоқ. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Ең бастысы қарадомалақ қазақ баласының сағы сынбасын дейміз. «Қара домалақ» демекші, бұл сынның аты «Ұлттық бірыңғай тестілеу» болғанымен барша балаға бірыңғай қарамайды. Ашығын айтсақ алалайды.
Мәселен өткен жылы “Көлiк, көлiктiк техника және технологиялар” мамандығына Мейiрбек Нағашыбек 73 балмен түссе, дәл осы мамандыққа Игорь Севостьянов небәрi 56 балмен iлiнген екен. Бір мамандыққа түсуде Мейiрбек пен Игорьдың арасында 4-5 балл айырмашылық болса «Бұ қалай» демес пе едік?! Бірақ өздеріңіз байқағандарыңыздан 17 балл болып тұса неге мәселе көтермеске. Сондай-ақ “Авиациялық техника және технологиялар” деген мамандыққа Ербол Күлiмбет 70 балмен, ал орыс мектебiн бiтiрген Валентина Беседина 57 балл жинап түскен. Бұл жерде айырмашылық 13 балл!
Бұл аз десеңіз “Жылу энергетикасы” мамандығына Әдiлхан Бағдатұлы 73 балмен, ал Бронислав Рудой 61 балл жинап қол жеткiзген. Айырмашылық – 12 балл. Жалпы, мұндай мысалдарды жүздеп келтiруге болады. Мысалы үшін Алтынай Құдайбергенованың інісі Айбек Оразбай есiмдi талапкер 64 балл жинағанымен, оқуға түсе алмай қалды. Ал бiр қызығы орыс мектебін бітірген оқушы “Құрылыс” мамандығына 56 баллмен грантқа түскен. Осыны ескерген Алтынай Құдайбергенова қазақ және орыс мектептерiн бiтiрген оқушылардың балдық көрсеткiшiнде едәуiр айырмашылық бар екенiн айтады. “Бiр қызығы, қазақ және орыс бөлiмi арасындағы балдық көрсеткiште айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, “Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндiру” мамандығына түскендердiң қатары қазақ бөлiмiнде 69 балмен жабылса, орыс бөлiмiнде 56 балмен аяқталған. Бұл қазақ бөлiмiне тапсырған талапкерлердiң кұқығын шектеу емес пе? Былай бола беретiн болса, кейiнгi уақытта грантты иелену үшiн барлық түлектер орыс бөлiмiне тапсыратыны анық қой”, – дейдi ол.
Ата-ананы сорлатқан 60/40
Сондай-ақ кейбiр орыс топтарына бөлiнген гранттардың орны бос қалған. Аталған жағдай С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетiндегi қабылдау комиссиясында белгiлi болды. Аты-жөнiн айтудан бас тартқан комиссия мүшесi мұндай жағдайдың жылда қайталанатынын жасырмады. Оның айтуынша, мал шаруашылығына қатысты кейбiр орыс топтардың орны толмай қалған. Бiр қызығы, осы орындарды қазақ тiлiнде тест тапсырған балаға беруге болмайтын көрiнедi.
Өкiнiшке қарай, осындай түйткілді мәселеге Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов мән бермей отыр. Мәселен қазақ және орыс мектептеріне байланысты министрлік грант көрсеткішін 60/40 пайыз бойынша беріп келеді. Көпшіліктің айуынша бұл дұрыс емес. Негізінде бұл оқушылардың ҰБТ қатысқан санына байланысты яғни 70/30 болу керек. Мысал үшін Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше биылғы ҰБТ еліміз бойынша 99 565 адам қатысуға ниет білдірген. Міне осылардың 68 316-сы қазақ тілінде, ал қалған 31 249-ы орыс тілінде білім алғандар екен. Бұл дегеніңіз жоғарыда тілге тиек еткен «70/30 болу керек» деген пікірдің жаны бар екенін айғақтайды
Министрдің мәліметінде мін жоқ
Күні кеше Бақытжан Жұмағұлов БАҚ өкілдерінің басын қосып, елімізде Ұлттық біріңғай тестілеудің ойдағыдай өткендігін айтып, ресми түрде қорытындысын жариялады. Министрдің айтуынша, жыл өткен сайын ҰБТ-ны ұйымдастыру қызметінің сапасы жақсарып, оқушылардың баллдық көрсеткіштері жоғарылап келеді екен. Мәселен биыл орташа баллдық көрсеткіш 74,5-ті құрады. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 3,6 пайызға өскен (2012 жыл 70,9 баллды көрсеткен). Ал 100-ден астам балл жинаған үміткерлер жағына келсек, олар 11 167-ге жетіп, пайыздық көрсеткіш 11,7-ге жетіпті. Осы туралы айта келе Б.Жұмағұлов «70 мыңдай түлек өзінің оқуға түсе алатынын дәлелдеді (ҰБТ-да шектік көрсеткіштен жоғары балл жинады — агенттік ескерт.). Ал, бөлінген грант саны — 35 мың. Ол дегеніміз, түлектердің тең жартысы гранттарға ие болады деген сөз», — деді.
Қош, сонымен қол жеткізген нәтижелер туралы министр мырза жап-жақсы мәлімет берді. Дұрыс-ақ. Әйтеуір министрдің мәліметінде мін жоқ. Әйтсе де ол қазақ және орыс мектептеріне оқу грантын қалай бөлетіндері туралы ләм-мим демеді. Ал шын мәнісінде жұртты алаңдатқан басты мәселе осы болатын. Біздің ойымызша қазақ және орыс мектебіне бөлінетін оқу гранттары бірыңыңғай болуы керек. Яғни “Көлiк, көлiктiк техника және технологиялар” мамандығына Мейiрбек Нағашыбек 73 балмен түссе, дәл осы мамандыққа Игорь Севостьянов 73 баллмен түсуі керек. Бір мамандықта оқудың айырмашылығы жермен көктей яғни 17 балл болмауы керек. Иә, біз бұлай болмау керек дейміз. Бірақ біздің бұл сөзімізге құлақ асып жатқан кім бар? Ұлт көсемі Ахмет Байтыұрсынұлы «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген екен. Әйтеуір біздің атқамінерлердің қазақ жұрты «керек» деген нәрсеге бейғам қарайтыны әдетке айналған ғой. Сол сияқты министр Жұмағұлов та «керектердің жолында жұмыс істеу керек» екенін ескермей отыр.
Ата-ана неге адасты?
Жалпы көптеген ата-ана ұл-қыздарының төмен балл алып қалғандарына шамданып жылда айғай шу шығарады. Ашығын айтсақ олардың бұлай шамдануының еш негізі жоқ. Себебі бұл айғай шуды ата-ана 13-17 баллға байланысты шығаруы тиіс. Өйткені нағыз әділетсіздік осы жерден басталып отыр. Ал енді мұндай әділетсіздікке жол бермеу үшін не істеу керек? Ол үшін әрине қазақ және орыс мектебін бітірген балалаларға бірдей талап қойылуы керек. Мәселен Мейiрбек Нағашыбек пен Игорь Севостьянов бірыңғай яғни, 70 баллмен оқуға түсуі тиіс. Сонда ғана мыңдаған қазақ баласының құқығы аяқ асты болмайды. Бұл ең әділетті шешім. Өйткені базбіреулер «қазақ мектебінен орыс мектебінің білімі жоғары» деп дес бермейді ғой. Расында орыс мектебінің білімі қазақ баласынан жоғары болса екі тарап қатар сынға түссін. Кімнің кім екенін көрейік. Егер Білім және ғылым министрлігі осындай шешім шығаратын болса, онда орыс мектептері 60/40-ты айтпағанда, тіпті 70/30 пайызбен жылап көрісетін болады. Себебі қазақ мектебін тауысқан қарадомалақтың қабілеті қарымды. Мысалы үшін ең жоғарғы көрсеткіш – 125 балл жинаған жеті түлектің барлығы дерлік өзіміздің қаракөз ұл-қыздарымыз болып шықты. Ұзын сөздің қысқасы ата-ана баллдағы жер мен көктей айрмашылықты министрдің алдына мәселе етіп қоюы керек. Әйтпеген жағдайда ҰБТ байланысты дау-дамай жылда қайталанып, тіпті дәстүрге айналып кетеді.
Оразкүл Асанғазы, ҚР Мәжіліс депутаты
Жұмағұловтың атына депутаттық сауал жолдаймын
Қазақ және орыс мектебін бітірген оқушының оқу грантына түсуде 10-15 бал айырмашылық болуы әрине дұрыс емес. Мәселен ауыл баласының компютерде отыру мүмкіндігі аз, сондықтан да ол тест тапсыруға дұрыс дайындала алмайды. Ашығын айтсақ ауыл баласы тестке дайындалуда көптеген қиыншылық көреді. Ал енді «Жығылғанға жұдырық» дегендей осы ауылдың қара домалақ баласын қаланың орыс мектебін бітірген оқушысы жолын қиса, не болады? Жалпы «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды»» дегендей қазақ және орыс мектебін бітірген оқушыға екі бірдей бал тағайындау дұрыс емес. Менің ойымша бір мемлекетте тұрып, бір оқу бағдарламасында оқи тұра қазақ және орыс мектебі деп оқушыларды бөлу ақылға сыймайды.
Біз қазіргі кезде «көлік және комуникация, авиациялық техника және технологиялар мамандықтары бойынша ұлттық кадрлар жетіспей жатыр» деп байбалам салып жатырмыз. Біз осы мәселені айта отырып неге бұл мамандыққа қазақ баласының түсуін қиындатып жібереміз? Жалпы бұл мәселені аяқсыз қалдырмай міндетті түрде көтеретін боламын. Яғни Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың атына депутаттық сауал жолдаймын.
Дүкен Мәсімхан, Филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилева атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай тілі кафедрасының меңгерушісі
ҰБТ таланттылардың талабын мұқалтып отыр
ҰБТ байланысты ең басты әділетсіздік ол оқу гранттарының жөн-жосықсыз бөлінуі болып отыр. Өкінішке қарай бұл мәселеге Білім және ғылым министрлігі бас қатырып отырған жоқ. Мысалы үшін бір мамандық бойынша қазақ және орыс тобына он-он гранттан бере салған. Жалпы қазақ және орыс мектептеріне арналған гранттар 60/40 емес, көп мамандық бойынша 50/50 пайыз болып бөлініп кетеді. Оны университет қабырғасында сабақ бергеннен кейін, күнделікті өмірде байқап жүрміз. Ал шын мәнісінде орыс мектебінде оқитын оқушыдан қазақ мектебінде оқитын оқушының саны екі есе көп. Бірақ бұл жағдайды назарға алып, әділетті шешім шығармай отырмыз.
Жалпы бізде бір мамандық бойынша 100 балл алған бала грантта оқыса, екінші бір мамандық иесі 120 балл алғанымен ақылы бөлімде оқиды. Былтыр біздің университетте қытай тілі мамандығы бойынша 120 балл алып, ақылы бөлімде оқып жүрген студент болды. Өйткені аталған мамандыққа берілген 10 орынға алтын белгі бойынша бітірген оқушылар ілініп кеткен. Өкінішке қарай талабы жоғары балаға обал болды. Себебі аталған мамандық бойынша орыс тобының көрсеткіші 120 баллдан төмен. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Ол қанша жерден 120 балл алып, күндіз-түні еңбектенсе де ақылы бөлімде оқиды. Ашығын айтсақ ҰБТ талантты балалардың талабын мұқалтып отыр.
Менің ойымша мұндай келеңсіз жағдайды болдырмаудың бірнеше жолы бар. Оның ең біріншісі өзім жақсы білетін қытай тәжірибесі. Мәселен ол елде 100 балмен тегін оқып, 120 баллмен ақылы оқу деген мүлде жоқ. Себебі олар мамандықтарды бөле-жармай, барлық мамандыққа бірдей конкурс болады. Мысалы үшін қытайда талапкерлерге 5 мың оқу грантын бөледі делік. Онда ең жоғары балл алған баладан бастап, ең төменгі 65 балл алған 5 мыңыншы үміткерге дейін оқуға ілінеді. Бір қызығы шектік көрсеткіш 5 мыңнан асса да қалған 65 балл алған талапкерлер де оқуға түсіп кетеді. Қайталап айтайын бұл барлық мамандыққа қатысты. Біздегідей әділетсіздік онда орын алмайды.
Мұны біздің атқамінерлер қаперге алмайды делік. Жарайды. Бірақ бұдан да өзге жолдар көп емес пе? Мәселен қазақ және орыс мектебін бітірген түлекке грант бөлгенде балдық айырмашылық мүлде болмауы қажет. Өйткені бір елде, бір бағдарлама бойынша оқып жатқан оқушының біріне артықшылық беріп, екіншісін тұқырту дұрыс емес. Менің ойымша біз қазақ және орыс мектебі деп бөлмей, барлығына бірдей қарауымыз керек.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
«Жебе» газеті, 13 маусым 2013 жыл