Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Өзбекстанда болды. Мұны кезекті сапардың бірі және бірегейі болды десек, артық айтпағанымыз. Бірегейі дейтін себебіміз, мұнда екі ел үшін бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылды.
Атап айтсақ, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісім, ҚР Қаржы министрлігі мен Өзбек мемлекеттік кеден комитетінің арасындағы кеден арқылы тасымалданатын тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратпен алмасуды ұйымдастыру жөніндегі Хаттама, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстанның мәдениет және спорт істері министрлігі арасындағы 2013 – 2015 жылдарға арналған Мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы, Ішкі істер министрлігі мен Өзбек ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.
«Ташкент-2» әуежайында Мемлекет басшысын Өзбекстан президенті Ислам Каримов және Өзбекстанның жоғары лауазымды адамдары, сондай-ақ ҚР-дың Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Бөрібай Жексембин қарсы алды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы сапар аясында «Тәуелсіздік және гуманизм» мемориалына гүл шоқтарын қойды, Төле бидің кесенесі орналасқан «Шейхантахур» кешенінде болды. Тағы бір маңызды дүние, ол – Елбасының Ташкентте қазақтың ұлы ағартушы-ақыны Абай ескерткіші ашылуының салтанатты рәсіміне қатысуы.
«Өзбекстан – біздің аймақтағы ең ірі мемлекет, оның біздің аймақтың барлық мәдени қабатына әсер ететін үлкен мәдени-тарихи дәстүрлері бар» деп атап өтті Елбасы екіжақты келіссөздер аяқталғаннан кейін. «Біздің ынтымақтастығымыз туындайтын барлық мәселелерді сындарлы түрде шешумен ерекшеленеді. Біз Қазақстан мен Өзбекстанның өзара іс-қимылының бірыңғай көзқарасынан көбіне аймақтағы тыныштық, қауіпсіздік және жалпы алдағы гүлденуіміз байланысты болатынын жақсы білеміз. Жұмыс сапары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Мәңгілік достық туралы келісімнің қол қойылғанына 15 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Мәңгілік достық туралы айтылғанда, онда ұсақ және достық емес актілер болмауы тиіс. Біз Қожа Ахмет Йассауи мазарының алдында, осы аймақта бірге өмір сүріп, өсіп-өнген және отбасыларын құрған аталарымызға тағзым ете отырып (құжатқа) қол қойдық. Аталмыш маңызды құжат біздің мемлекеттер арасындағы тарихи достық қарым-қатынастың нығаюына негіз қалады. Бұл бағытта бүгін қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы келісім қазақстандық-өзбекстандық қарым-қатынастың жаңа парағын ашады. Мен сындарлылығы және аталмыш құжаттың қажеттілігін түсінгені үшін Ислам Әбдуғаниұлына үлкен ризашылығымды білдіремін» деді Елбасы. Ресми мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстан арасында екіжақты қарым-қатынастың айтарлықтай ауқымды келісімдік-құқықтық базасы бар. Оған ынтымақтастықтың барлық дерлік салаларын қамтитын 160 құжат енген. Еске сала кетер бір жайт, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылғы 23 қарашада орнатылған. Екіжақты қатынастардағы негізгі құжат Мәңгі достық туралы шарт және Экономикалық ынтымақтастықты тереңдету туралы шарт болып табылады. 2012 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд 75 млн АҚШ долларына жетіп, 9,6% өсімді көрсетті.