Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспарында көрсетілгендей билікті орталықсыздандырып, жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізетін демократиялық талапқа сәйкесетін қадамның жүзеге асуына жалпы қоғам мүшелері де атсалысуы керек.
Енді санаулы уақыттан соң елімізде ауыл әкімдерін сайлау науқаны басталады. Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспарында көрсетілгендей билікті орталықсыздандырып, жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізетін демократиялық талапқа сәйкесетін қадамның жүзеге асуына жалпы қоғам мүшелері де атсалысуы керек. Өйткені сайланатын 2500-дей ауыл әкімі негізгі жұмысы мен шешімін жергілікті тұрғындардың ұсыныс-талаптарына орай қабылдап, жүргізеді. Биылдың өзінде ауыл әкімі әкімшісі болып табылатын 15 бюджеттік бағдарламаның өзіне 100 млрд теңге бөлінгенін ескерсек, оны талан-таражға салмай, мақсатты жұмсалуын бақылауға халықтың белсенділігі қажет. Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының отырысында билік жүйесіндегі тың реформа талқыға түсіп, тараптардың пікірі тыңдалды.
– Елбасы айтқандай, билік халыққа қызмет етуі керек, – деп шегеледі «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек. – Сол себептен мемлекеттік қызметкерлердің ел алдындағы есептілігі күшейеді. Елдің жағдайын жақсарту тек биліктің ғана еншісінде емес, оған әрбір саналы азамат атсалысуды ұмытпағаны жөн. Президенттің саяси шешімінің нәтижесінде тәуелсіздіктің тарихында тұңғыш рет барлық ауыл округтері, аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлауы өтеді. Мұнда халықтың тікелей дауысымен сайланған депутаттарға жауапкершілік жүгі артылады. Сондықтан да сайлау ашық, әрі заң шеңберінде ұйымдастырылып, қазақтың қаймағы бұзылмаған ауыл билігіне жергілікті тыныс-тіршілікті жақсы білетін, білікті, арлы азаматтар келуі керек.
Коалиция отырысына арнайы қатысқан Үкімет басшысының бірінші орынбасары-Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жаңа реформаға орай атқарушы биліктің қолға алған шараларын баяндады. Оның айтуынша, 13 маусым күні Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қол қойған «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға сәйкес бірқатар өкілеттіліктер орталықтан алынып, аймақтағы биліктің құзыретіне өткізілді. Реформа 2 кезеңмен жүргізіледі. Біріншісінде 2013-2014 жылдары билік бөлінісі мен ауыл әкімдерін сайлау қамтылса, 2014-2020 жылдарды қамтитын екінші кезеңде кезегін күткен ауқымды жоспарлар іске асады. Әрине, мұның барлығы қоғамда демократиялық қағидаттарды енгізіп, ашық азаматтық институтты орнықтырады деген сенімді тудырады.
Ауыл әкімін сайлау жалғыз бағытты ғана көздемейді, сонымен бірге округтегі аппараттардың да өміріне елеулі өзгеріс әкеледі. Жиында реформаны жаңғыртуға арналған қаржылық қолдау мен штаттық бөліністер турасында әңгімелеген Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев сайлауды атқаруға жергілікті қазынадан 700 миллион теңге жоспарланып отырғандығын жеткізді. Қазіргі қолданыстағы заңдарға сай ауыл әкімінің жекелеген бюджеті болмайды, бірақ аудандық әкімдіктегі 15 бағдарламаның әкімшісіне осы шенеунік бекітілген. Аталған 15 салаға арналған қаржы ауыл әкімінің ұсынысы негізінде ғана бөлініп, бекітіледі. Ағымдағы жылы оған 100 млрд теңгеден бөлек республикалық трансферт есебінен тағы 36 млрд теңге қосылып жатыр. Мамандар бұған дейін 2449 ауыл әкімдігінің атқаратын функцияналды міндеті мен аппараттағы штатын, оларға жұмсалатын қазына шығындарын есептеп шығыпты. Әрине, олқы түсетін тұстары да анықталып отыр. Мәселен, 1121 әкімдіктің яғни елу пайызына жақынының қарамағындағы тұрғындардың саны небәрі 1500 адамды құрайды. Үш мыңға дейін тұрғыны бар округтер – 681, 5 мыңға дейін – 257, 10 мыңға дейін – 234, 20 мыңға дейін – 119, 20 мыңнанжоғары – 37 ауыл округы бар. Бұларда жалпы 12 мыңдай мемлекеттік қызметкер жұмыс істеуде. Мұның барлығын тиянақтап шығуымыздың да өзіндік себебі бар. Өйткені 2 мыңға немесе 20 мың тұрғынға қызмет көрсететін ауыл әкімі аппараттарының жұмыс ауқымы әрқилы болса да, штаттық бөліністер шамалас болып келді. Енді жүйе өзгереді.
Бұдан былай штат бұрынғыдай емес, округтегі тұрғындардың саны бойынша бөлінеді. Мысалы, халық саны 40 мыңнан асқан жағдайда аппаратқа 18-20 штат бірлігі беріледі. Егер оған жетпеген жағдайда әрине, тиісінше төмендейді.
«Еуропаны айтпай-ақ қояйық, бұрынғы посткеңестік елдерді қарап шыққанымызда мұндай бастаманы әлі ешкім қолға алған жоқ. Кезінде билікті бір орталыққа шоғырландыру өзін-өзі ақтаған шығар. Енді азаматтардың белсенділігі артып, қоғамның ортақ ісіне ойыса бастағанда аймақтарға да құзырет пен жауапкершілік арту өте оңды қадам. Бұл өңірлерде шешілмеген күрмеулі мәселелердің барлығын жоғарыға сілтей беруді тоқтатады. Кейінгі кездері байқағанымыздай аймақтардың көбісінде жылдарға созылып, шешілмей қордаланған жайттар жетерлік. Осыны елдің ортасындағы биліктің өкілі өзі тікелей араласып, іскерлігі мен біліктілігін көрсетіп шешуге тырысуы керек. Сондай-ақ Үкімет қанша қаржы құйса да еш оңалмайтын елді мекендерді анықтап, олармен нәтижелі жұмысқа көшкені дұрыс» дейді Сенат депутаты, жоғарыда қабылданған заңның жұмыс тобына жетекшілік еткен Мұрат Бақтиярұлы.
Күтілген жетістіктермен қатар, күмән-күдіктерін де ашық айтып, ортаға салған коалиция мүшелері келісіммен үндеу қабылдап, сындары сәтті жауапкершілікпен өткізуге шақырды.