Жаңаөзенде мұнай өндіру саласында жаңа заман талабына сай озық технологиялармен жабдықталған жерасты жабдығын жөндеу және диагностикалау цехы пайдалануға берілді.
Жаңа цехтың ашылу рәсіміне «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Абат Нұрсейітов, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Мақсат Ибағаров және мұнайшы қауым қатысып, қуанышқа ортақтасты. Айта кету керек, Елбасының басты назарында тұрған Жаңаөзенде соңғы жылдары көптеген оң өзгерістер мен жағымды жаңалықтар жеткілікті. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ға қарасты «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы да мұнайшылар қаласының әлеуметтік дамуына өз үлесін қосып келеді.
Іске қосылған заманауи жаңа цехтың ерекшелігі көп. ТМД аумағындағы мұнай игеріп жатқан өндіріс орындары арасында баламасы жоқ заманауи кешен болып саналады. Айтар болсақ, біріншіден жаңа цех қолданыстағы жабдықтарды жөндеу есебінен оларды өндірісте көп пайдалануға, компанияның жерасты жабдықтарын сатып алуға шығыстарын үнемдеуге және сол арқылы мұнай өнімін игеруді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал екіншіден, бұрын мұнайшылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан ашық аспан астында қысы-жазы ыстық-суыққа қарамай қолмен атқаратын жұмысты енді автоматты түрде іске асырып, жұмыстары әлдеқайда көп жеңілдейді. Сондықтан да мұндай заманауи жаңа цехтың ашылуы мұнайшылар үшін ерекше қуаныш болып отыр.
Мәселен, 15 жылдай мұнай саласында еңбек етіп жүрген шебер Қайрат Сариев соңғы 4-5 жылдан бері сорапты құбырларды жөндеумен айналысады. Қуанышымен бөліскен ол:
– Бұрын далалы жерде және ыстық күннің астында жұмысты қолмен атқарушы едік. Енді жаңа озық технологиялармен автоматтандырылған және компьютерленген жаңа цехта жұмыс жасау біз үшін өте ыңғайлы. Жаңа өндіріс нысанының іске қосылуы көп жұмысты жеңілдетті, ауыртпашылықтан арылтты, – дейді. Жаңа кәсіпорын мемлекеттік сараптамадан өткені туралы жуырда «Мемсараптама» РМК мамандарының оң қорытындысын алды.
Цех құрылысына «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ 4,799 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлді.
Жаңа цехта компания жұмыскерлері есебінен 350-ге тарта жұмысшы еңбек ететін болады. Цех құрылысын жүргізуге 200-ден астам жұмысшы тартылғанын атап айтқан жөн. Енді бір цехтың қуаттылығы жылына 400 мың дана сораптық-компрессорлық құбырды, 300 мың дана сораптық штанганы және 10 мың дана тереңдік сорапты жөндеуге мүмкіндік береді.
Нысан өндірістік цех және әкімшілік-тұрмыстық кешеннен тұрады. Өндірістік цехта негізгі цех және дайын өнімдер, жабдықтарды қабылдау және жуып тазарту үш участогы бар. Негізгі цехта сораптық-компрессорлық құбырларды жөндеу бойынша екі қатарлас желі және сораптық штанганы жөндеу бойынша бір желі және штангалық тереңдік сораптарды жөндеу участогы орналасқан. Әкімшілік-тұрмыстық корпус басқару қызметкерлерінің жұмысына арналған. Бұдан басқа, мұнда жұмысшылар үшін тұрмыстық және қызметтік бөлмелер бар.
«Өзенмұнайгаз» АҚ цех болашақ жұмыскерлерінің «Құмкөл» өңірлік сервистік орталығында, Ресей Федерациясының Пермь, Ноябрьск қалаларындағы оқыту орталықтарында оқып, тәжірибе жинауы үшін арнайы трениг бағдарламаларды дайындады. Осы шаралардың нәтижесінде «Өзенмұнайгаз» АҚ 30-дан астам маманы цехтың жоғары технологиялық жабдықтарында жұмыс істеуге тәжірибелік тұрғыдан машықтанды.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Абат Нұрсейітовтің пікірінше, жаңа цехты іске қосу, мұнай өндіруді арттырып, тұрақтандыруға, сондай-ақ ұңғымалар жұмысының жөндеуаралық кезеңін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кәсіпорынның өндірістік және экологиялық қауіпсіздік деңгейі нығайтылады.
– Бұрғылау жұмыстары басқармасы өндірістік базасының, Қаражанбас және Қаламқас кен орындарында вахталық қалашықтардың, «Өзенмұнайгаз» АҚ-да жатақхана және асхананың пайдаланылуға берілуімен қатар, жерасты жабдықтарын диагностикалау және жөндеу цехының құрылысы – біздің кәсіпорындардағы кең көлемдегі технологиялық жаңғырту жұмыстарының басы ғана. Сондықтан да Өзен кен орнында технологиялық жаңғырту бағдарламасы одан әрі жалғасатын болады, – деді «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Абат Нұрсейітов.
Айта кету керек, өткен жылдан бері компанияда қызмет етіп жүрген мұнайшылардың жұмысқа деген ынталарын көтеру және олардың демалыс уақыттарын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатына бірқатар жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар пайдалануға берілді. Атап айтқанда, олардың қатарында мәдениет үйі, асханалар, жатақханалар және тұрмыстық-шаруашылық нысандары бар.
Соңғы жылдары өндіріс ошақтарының жағдайын жақсартуды еселей түскен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ алдағы уақытта көптеген жақсы ірі жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Айталық, «Өндірісті жаңғырту» бағдарламасы аясында бүгінгі пайдалануға беріліп отырған жаңа цехтан өзге 1000 бірлік арнайы техникаға қызмет көрсетуге арналған сервистік орталық, ұңғыларды бастыру үшін сұйықтық дайындау жөніндегі участоктар, металлоломдарды сақтау және кәдеге жаратуға арналған жинақтау орны, «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай базасы, мұнай кәсіпшілігі жабдықтарына сервистік қызмет көрсету цехы, Жаңаөзен қаласында көкөніс сақтау кешені, медициналық орталық сынды өте қажетті құрылыстарды іске асырмақ. Сондай-ақ «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың көліктік құрылымдық кәсіпорындарының нысандары мен автожолдары да жөндеуден өтетін болады. Осының бәрін жаңғыртуға жұмсалатын жалпы инвестиция көлемі 100 млрд теңгеден асатын қаржыны құрайды.
Тельман Бейсенов.