Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Шетелдерде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті.
Отырыста басымдық берілген мемлекеттік және салалық бағдарламалар үшін мемлекеттік қызметшілерді, ғылыми-педагогикалық, инженерлік және медициналық кадрларды нақтылы даярлаудың тетіктерін қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер қаралды.
Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Президенттің «Болашақ» бағдарламасы тәуелсіз Қазақстанға қажетті халықаралық деңгейдегі мамандардың алғашқы буынын даярлаудағы өзінің маңызды міндетін орындағандығын мәлімдеді.
– Президенттік «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығы тұсында қалыптасқан, мемлекеттің алдына қойылған міндеттерді екшей отырып, біз шетелдерде кадрлар даярлаудағы тәжірибені егжей-тегжейлі сараптап, топтастыруымыз қажет, – деді М.Тәжин. – Шетелдерден оралған стипендиаттардың бүгінгі күш-жігері оларға жұмсалған шығынның орнын толтырып, артылған үмітті толығымен ақтауы тиіс! Сондықтан да шетелдердің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға баратын әрбір үміткердің оқуға деген әлеуеттері мен мүмкіндіктерін тиянақты зерделеуіміз қажет. Марат Тәжин дарынды жастарды іріктеу объективті әрі қатаң түрде өтуге тиістігін нықтады. Мемлекеттік хатшы: «Бізге екпінді толқын керек!» деді.
Комиссия мүшелері Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың баяндамасын тыңдады. Министр өз сөзінде байқауға қатысудың қолжетімділігін кеңейту, өңірлік және әлеуметтік теңгерімсіздікті төмендету мақсатында конкурстық рәсімдер бүкіл жыл бойы жүргізілетінін атап өтті. Білім саласы басшысының пікірінше, аталған шара конкурсқа қатысуды мейлінше жеңілдетіп, өткізу мерзімдері мен үміткерлердің оқу кезеңін нақты жоспарлауға мүмкіндік туғызады.
Үстіміздегі жылы шетелдерде білім алуға үміттілер арасында «Білім беру және тәрбие берудің теориясы мен әдістері», «Педагогикалық диагностика, білім беруді бағалау және сапасын басқару», «Көлік, көліктік техника және технологиялары» сияқты мамандықтар елеулі сұранысқа ие болды.
2013 жылға жалпы саны 1093 стипендия бөлінді.