Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, тарихи білім беруді дамыту, тарихи сананы қалыптастыру, тарих ғылымын жетілдіру Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың көреген саясатының басым бағыттарының бірі болатын. Тәуелсіздік тарихының методологиясын, басты-басты ұстанымдарын қалыптастыруда Елбасының бастамасымен жүзеге асқан ірі саяси оқиғалар ел тарихында жаңа кезеңдерге негіз болды.
Бүгінгі таңда ұлт тарихын ұлықтаудың теориялық-әдістемелік мәселелері, отандық деректану, тарихнама және зерттеу әдістері бойынша жүйелі жазылған қомақты еңбектердің тапшылығы тарих ғылымындағы кешенді ізденістерді зерделеуге бастайтын күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Осы орайда, аталған мәселелердің түйінін тарқату мақсатында Астана қаласында Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті. Аталмыш жиын ҚР Мемлекеттік хатшы М.Тәжин көтерген Отан тарихын әрі қарай зерттеу мен оқытудың өзекті проблемаларына арналды. Бұл жиылыс Қазақстанның тарих ғылымы үшін үлкен серпіліс, әрі тарихи оқиғаға куә болды. Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің: «…Соңғы жылдары Елбасы Н.Ә. Назарбаев қалыптасқан мемлекетіміздің тарихын бүгіннен бастап қағазға түсіру, оны жүйелеп, зерделеу міндетін алға шығарды. Сол арқылы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсаты көзделді. Еліміздің тарихи санасын қалыптастыру, ең алдымен күнделікті маңызды оқиғаларды хатқа тізіп, елдікті насихаттаудан басталады. Сондықтан бізге түсінікті тілде жазылған ұлттық тарих керек…», – деуінің өзінде үлкен мән бар. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы бекітілді, осы тұжырымдаманың негізінде: «Тарихи білімнің негізгі басымдықтары», «Тарих ғылымының проблемалары», «Тарихи білім беру мен ағарту ісінің келешегі» сияқты басты бағыттар қамтылды. Ата тарихымыздың бұрмаланған беттеріне қоғамдық ғылым жолындағы зерттеушілер де айтарлықтай іргелі ізденістер жүргізді. Басталған іргелі мәселелерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын алға тартты. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы тарихи таным көкжиегін мейлінше кеңейткенін айтпай кету мүмкін емес. Жарияланып жатқан зерттеулердің көптігі соншалық, ғылыми-ақпараттық тасқынға ілесе алмаудамыз. Бұл үдеріс алдағы уақытта артпаса, бәсеңдемейтіні айдан анық. Қазіргі кезде қазақ тарихын зерделеуде қандай проблемалар бар, болса, оларды шешудің жолдары қандай деген келелі пікір алмасуда ең алдымен Отан тарихын зерттеушілерді ғылыми танымның бұрын-соңды қол жетпеген биігіне бастайтын, яғни жаңа методологиялық негіздемелер, тұжырымдар мен ұстанымдарды түзетін басымдықтарға жол ашқан жөн. Методология түзелмей, ғылым нәтижелі болмайды. Әлемдік тарихи ақыл-ойдың үздік жетістіктерімен суғарылған жаңа методология Қазақстан тарихын адамзат өркениетінің құрамдас бөлігі ретінде дәйектей отырып, оның табиғи-географиялық, геосаяси, ұлттық, мемлекеттік, рухани т.б. өзіндік ерекшеліктері мен болмыс-бітімін зерделейтін әлеуетке ие болуы керек. Сонымен қатар, бірінші кезекте – ұлт тарихының зерттеу методологиясын жетілдіру негізінде Тәуелсіздік тарихының методологиясын, басты-басты ұстанымдарын қалыптастыруда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың үлесін жан-жақты пайымдау. Екінші іргелі мәселе – тәуелсіз Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу кезеңдерін толыққанды қарастыру. Үшіншіден, қоғамтанушы-ғалымдар арасында ең өткір тұрған мәселе – ұлттық тарихты оқыту. Қазақстанда қалыптасқан тарихи білім мен ғылымның дамуындағы негізгі нәтижелерді кешенді түрде қарастыру болып табылады. Ол үшін мынадай іргелі мәселелерге көңіл аударған жөн. Әсіресе, еліміздегі жоғарғы оқу орындарында тарих факультеттері мен кафедраларының құру барысын айқындау, сонымен қатар, оқу үрдісіндегі материалдық-техникалық базалық жағынан қамтамасыз етілуін көрсету, әсіресе, тарихшы мұғалімдерді даярлаудың әдістері мен негізгі бағыттарын ашу, тарих ғылымында ғылыми-зерттеу инфрақұрылымының құрылуы мен ұйымдастыру барысын көрсете отыра, Қазақстанда тарихшы ғалым мамандарды даярлаудың жалпы және жеке ерекшелігін айқындау арқылы тарихшылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңызы және нақты бағыттарын көрсету болып табылады. Осыған орай, ұлт тарихының теориялық-методологиялық негізгі бағыттарына осы замандағы дәстүрлі принциптері: тарихилық, жан-жақтылық, шынайылық, логикалық жалпы ғылыми заңдылық, жүйелілік, тарихи салыстырмалық және т.б. әдістерінің қолданылу жүйелілігін жоғары оқу орындарының тарих факультеттерінің оқу үрдісінде, сондай-ақ тарих ғылымына қатысты жазылатын еңбектер мен оқу құралдарын жазуда басшылыққа алынып отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Әруақытта да ғылым пікір алмасу арқылы дамиды. Сондықтан бүгінгі егеменді еліміздің елдігін айқындауда сөз жоқ, ұлтқа тарих керек. Оны дәлелдеп отырудың қажеті жоқ. Бірақ XXI ғасырға қандай тарих керек? Ол жан-жақты, жүйелі, шынайы, ғылымға негізделген тарих болуы қажет. Ұзақ уақыт бойы ауызша айтылған тарихқа қанағаттанып келдік. Ал тарихтың ғылыми-деректік тұжырымға көшкеніне біраз болды. Осыған орай, қазіргі XXI ғасыр да, ұлт та бізден жазба тарихты талап етіп отыр.
Екіншіден, ғылыми тарих та керек. Сөз жоқ, тарих барлық уақытта да мүмкіндігінше жазылды. Өз кезегінде мінберден сөз алған Мемлекет тарихы институтының директоры, елімізге белгілі қоғам қайраткері, ғалым тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Ғелманұлы Аяған Қазақстан тарихын оқыту мен зерттеуде олқылықтардың жеткілікті екенін қынжылыспен атай отыра: «Ғалымдар тарапынан Қазақстан тарихының теориялық-әдістемелік мәселелері, отандық деректану, тарихнама және зерттеу әдістері бойынша жүйелі жазылған қомақты еңбектер тапшылығы көрініп тұр. Әрине, Қазақстан тарихының жекелеген проблемаларына байланысты теориялық-әдіснамалық ғылыми мақалалар мен шағын оқу құралын жазған авторлар кездеседі. Бірақ бұл ізденістер қоғам сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр… – дей келе, ғалым Қазақстан тарихынан теориялық-әдіснамалық еңбектер, нұсқаулықтар және оқу құралдарын жазуды күн тәртібіне қою қажеттігін алға тартты. Отандық тарих ғылымындағы басты кемшіліктің бірі – методологиялық кемшілік екенін де атады. «Методологиялық, теориялық мәселелерді анықтап алмай, басқа ғылымдар сияқты, тарих ғылымының да өз дәрежесінде дамуы мүмкін емес. Қазақстан тарих ғылымының міндеті, функциясы не болуы керек? Алдымен осыны анықтап алуға тиіспіз. Ең басты методологиялық проблема – осы. Қазақстан тарихы ғылымының міндеті қазақ ұлтының тарихын зерттеу болуы керек», – дейді Б.Ғ. Аяған. Іргесін бекітіп, ірілігін танытқан мемлекеттің бастауы басынан бастап, қилы кезеңдерді түбінен қопара түгендеп, ақ-қарасын анықтап, барын асырып жібермей, кемін бүгіп қалмай айтып, ақиқатты аттамай, жоқтан бар жасамай, таразы басында теңестіріп, бүгінгі тыныс-тіршілікпен ұштастырып, ата тарихтан асыл қазына қалыптастыру, соны кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, осы дәстүрді жалғастыра беру – алдыңғы толқын ағалардың парызы да қарызы. Міне, осындай елдіктің арқасында алқалы топтың алдында мазмұнды баяндама жасаған Мемлекеттік хатшының халықтық дүниетанымды қалыптастыруды қозғауы, Қазақ елінің қадір-қасиетін, төрткүл дүниеге түгел даңқы жеткен биік абыройын сөз етті. Ел тарихын ой қазанында қорытып жүрген ғалымдар да өз тұжырымдарын жұрт талқысына салды. Сол ұлт руханияты жан-жақты әңгіме арқауына айналған басқосудағы өрісті ой туралы кәсіпқой тарихшылар да өз байлам-пайымдарын ортаға салуда. Бұл жұмыс – билік пен қоғам назарында. Соған сәйкес, оған тың серпін беру, жаңа бағыттары мен жолдарын айқындау – маңызды мәселе. Тарихтың терең зерттелуі – елдіктің, отаншылдықтың белгісі. Қазақ тарихы өркендеп өссе, ұлттың рухы өрлейді. Астанадағы алқалы жиын – біз үшін, тарихшылар қауымдастығы үшін үлкен абырой!
Задаш ДҮКЕНБАЕВА, Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор