АЛТЫНОРДА
Новости

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДЕ ҮЙРЕНУ КЕРЕК

982bbdda314e747d9748bdfb3d0c24a8«Біз тәуекелдерді өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге, инновациялар ендіруге дайын қуатты кәсіпкерлер табын көргіміз келеді. Нақ осы кәсіпкерлер экономиканы жаңғыртудың қозғаушы күші болып табылады.
Осыған байланысты Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Оны «Бизнестің жол картасы–2020» деп атауды ұсынамын (Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылдың 29 қаңтарындағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан).

Ел экономикасын дамытудың жаңа мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мақ­сатында Елбасы тапсырмасымен дайын­далып, жүзеге асырыла бастаған «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағдарлама­сы жаһанды жайлаған дағдарыс жағдайын­да Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын  іске асы­ру­­дың тиімді тетіктерінің бірі болып отыр.
Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды оңалту, кәсіпкер­лердің валюталық  тәуекелдерін  төмен­­­дету және кәсіпкерлік әлеуетті күшейту сияқ­ты тікелей кәсіпкерлік қозғалысты мемлекеттік қолдауға арналған төрт бағыттан тұратын бұл бағдарлама бас­талғалы бері ел көлемінде 37 мыңнан аса кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, 35 миллиард теңгеден аса субсидия төленіпті. Сон­дай-ақ 8 миллиард теңгеден аса қаржыға ке­пілдік берілген. Соның арқасында 136 мың жұмыс орны сақталып, жаңадан 34 мың жұмыс орны  құрылған. Егер  дамы­­ған елдердегі дағдарыстың аса ауыр  әлеу­­меттік сипаттарының бірі – жұмыс орында­рының қысқаруы мен жаппай жұмыс­­­сыз­дықтың белең алуы десек, бұл еліміздің тыныштығы мен орнықты да­муы тұрғысынан өте маңызды үлкен көрсеткіш.
ҮИИДБ-ның негізгі мақсаты – эко­номиканы әртараптандыру мен оның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету арқылы шикізаттық емес секторды же­дел дамыту десек, ол кәсіпкерлікті дамы­туға тікелей байланысты. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының басты ерекшелігі де сол – тұрғындар­дың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, еліміздегі бизнес-климатты жақсарту арқылы бар жұмыс орындарын сақтап қалу, жаңа жұмыс орындарын құру, экономиканың шикізаттық емес сек­торында өңірлік кәсіпкерліктің орнық­ты және теңгермелі өсуін қамтамасыз ету. Жалпы, бұл бағдарлама 2009 және 2010 жылдары жүзеге асырылған жол карта­ларының қисынды жалғасы және мұнда негізінен дағдарыстан кейінгі дамуға ек­пін түсіріледі. Ең маңыздысы, кәсіпкер­лер осы бағдарлама бойынша мемлекет­тік қолдау  шараларының  біріктірілген  то­­лық топтамасына қол жеткізе алады. Бағдарламаның барлық төрт бағыты бойынша 3406 жоба мақұлданып, 2803 жобаны субсидиялау бойынша жалпы көлемі 632,4 миллиард теңгенің несие қоржыны жөнінде келісімшарт жасалуы мұның айқын дәлелі. Тұрғындар үшін тағы бір үлкен игілік, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдар­ламасының кәсіпкерлік әлеуетті күшей­ту бағыты бойынша өз ісін ашып, кәсіп­керлікпен шұғылданамын деген және бұрыннан айналысып жүрген жандар­ды тегін оқытып, белсенді азаматтардың қажетті білім алуына жағдай жаратып отыр. Ол үшін ісін жаңа бастаған кәсіп­керлер­ге арналған «Бизнес-кеңесші» деп атала­тын жедел курс ұйымдастырылған. Ол қа­тысушылардың тілегіне орай қазақ және орыс тілінде жүргізіледі.

– Бұл  бағдарлама  2009 жылы бас­тал­ды. Екі күндік семинар-тренингтің бі­рінші күні қатысушыларға кәсіпкерлік­­тің экономикалық, екінші күні заңдық қырлары үйретіледі. 2013 жылдың 1 мау­сымына дейін Қазақстан бойынша 36616 тыңдаушы осы курста оқып шықты. Бұл курста тәжірибелі экономист-заңгерлер кәсіпті қалай ашып, жүргізудің ең қа­рапайым әдіс-тәсілдерін үйретеді. Сон­дай-ақ кез келген уақытта қарап, бағыт-бағдар алулары үшін қатысушыларға  өт­кен оқуларының нұсқалары жазбаша
және электронды түрде беріледі, арнайы сертификат  тапсырылады.  Сонымен  бір­ге бізде Алматы, Шымкент, Павлодар, Тараз және Қызылорда қалаларында «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орта­лықтары» ашылған, енді бүгін-ертең Се­мей қаласында алтыншы КҚКО ашы­ла­ды. Оларда барлық кәсіпкерлерге тегін сер­вистік қызмет көрсетіледі. Қазірге дейін 23296 кәсіпкерге 82959 сервистік қыз­мет көрсетілді. «Назарбаев Университеті» АҚ базасында 822 шағын және орта бизнес басшылары білімдерін жетілдірді. 1123 кәсіпкер «Іскерлік байланыс» аясында, соның ішінде 65 кәсіпкер – АҚШ-та, 58 кәсіпкер – Германияда машықтанудан өтіп қайтты.

Ең бір бөліп айтатын нәрсе, онда­ған жылдар бойы кәсіпкерлікпен айналы­сып, шаруаларын әлдеқашан орнына қой­ған кәсіпкерлердің өзі осы жедел курсқа келіп оқып: «Алғашында бұл бізге жаңа не береді деп ойлап едік, онымыз қате екен, көп нәрсені үйрендік» деп алғыстарын айтып жатады. Бұл да біліміңді жетілді­ру қай кезде де артықтық етпейтінін дә­лелдейтін бір мысал. Осы жедел курстан өтіп, өз шаруаларын дөңгелетіп әкет­кен кәсіпкерлер жылдан-жылға еселеп көбейіп келеді, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті қол­дау қорының Алматы қаласы бойынша бас қаржылай қолдау менеджері Зарина Кәрменова. Иә, Елбасы тапсырмасына орай, мем­лекет жаңа экономиканың қозғаушы күші ретінде кәсіпкерлікті дамытудың барлық шараларын қолға алып жатыр. Басқаларын айтпағанда, Алматы облысындағы «ZHERSU POWER» ЖШС, Астана қаласындағы «LED Solution» ЖШС, Қызылорда облысындағы «Сымбат Ойл» ЖШС, «Асар» ЖШС, Ақмола облысында­ғы «Новопэк» ЖШС, «Milk Project» ЖШС, Алматы қаласындағы «Колобок и Ко» ЖШС, «КазСтройСтекло» компания­лар тобы дәл осы кәсіпкерлікті мемлекет­тік қолдаудың арқасында табысты кәсіп­орындарға айналды. Олардың  жетекші­лері кәсіпкерліктің әртүрлі үйрену са­тыларынан өтті. «Өнерді  үйрен де жирен»  дейді  баба­лар даналығы. Демек, кәсіпкерлікті де үйре­ну керек. Өйткені ол жаңа экономи­каның қозғаушы күші ретіндегі бүгінгі басты беталыс.

 

http://www.aikyn.kz