Үкіметінде ғарыш министрлігі, ғарыш агенттігі секілді мекемесі бар елдерді ғарыштық амбициясы бар мемлекеттердің санатына қоса беруге болатын шығар. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан – әлемдегі ғарыштық жобаларға белсенді болмаса да, атсалысып жүрген елдердің бірі. КСРО мен АҚШ арасындағы қырғиқабақ соғысы қызған 60-жылдары Гагарин жерден алыстап, көкті тесіп шыққанда «Байқоңырдың» беделі КСРО-ны былай қойғанда, күллі адамзат үшін асқақтағаны тарихи жайт. Содан бері ел жаңарып, 50 жыл өтсе де, киелі «Байқоңыр» жер мен көктің есігі болу қызметін жалғастырып келеді. Осы орайда «Байқоңыр» бізге не берді, не береді?» деген сауал туындайды.
Казір дүниежүзінде шамамен 30 ғарыш айлағы жұмыс істеп тұрса, соның ең белсендісі әлі де «Байқоңыр» болып отыр. Алайда оның белсенділігін отандық ғарыш саласының жетістігіне жатқыза аламыз ба? Қанша дегенмен, «Байқоңыр» Ресейдің иелігіне жалға берілген құрылым. Онда қазақ мамандарының білім алуы, тәжірибе алмасуы, ғарышқа ұшуы өз деңгейінде жүзеге асырылып жатқан жоқ. Ресей мен Қазақстан арасында «Байқоңырды» 2050 жылға дейін жалға беру мәселесі келісілген. Дегенмен қазір Ресейде «Восточный» ғарыш айлағының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол шамамен 2020 жылы іске қосылады. Сол жылдары Ресей «Байқоңырды» тастап шығатыны туралы сөз қозғалуы мүмкін. Алайда Қазақстан үшін бұл трагедия емес. Мүмкін, тіпті керісінше болар. Күні кеше орын алған жағдай арзан тасымал арқылы пайда табуды көздеген ресейлік ескі технология Қазақстанның экологиясына есепсіз зиянын тигізетінін көрсетіп берді. Ресей Байқоңырдан кеткен жағдайда Қазақстанның ғарыш саласы тұншығып қалмайтынын осы саланың басы-қасында жүрген мамандар да қуаттайды. Тіпті жеке-дара дамыта алмаған күннің өзінде, қызығушылық танытып отырған шетелдік компаниялармен бірлесе отырып жұмыс істеуге болады. Бұл тұрғыдан Қазақстанның Франция, Израиль, Үндістан елдерімен үкіметаралық келісімге қол қойып, Италия, Корея, Жапония, Украинаның ғарыш агенттіктерімен келіссөздер жасалып жатқанын алға тартуға болады.
Қандай ғарыштық жобалар жасалып жатыр?
Қазақстанның ғарыштық әлеуетін шамалау үшін осы күнге дейін атқарылған және атқарылып жатқан шараларды тізіп шығу керек сияқты.
Алла жазса, алдағы жылы Қазақстанның тұңғыш төл ғарыштық аппараты ғарышқа ұшады. Одан кейін келесі ғарыштық аппараттың құрылысы басталады. Оның құрылысын «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы жасауда. Жалпы, «Қазғарыш» агенттігінің негізгі мекемелерінің бірі болып келетін бұл компанияда қазір үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі уақыттағы ең күрделілері: компаниямыз Қазақстан ұлттық ғарыш орталығының құрылысын жүргізу үстінде. Олардың ең үлкендерінің бірі ғарышты қашықтан зондтау қашықтық жүйесі, Жерді қашықтан зондтау ғарыштық жүйесі. Биылғы жылы жоғарғы дәлдіктегі спутниктік жүйе іске қосылуы керек. Бұл екі технология – негізінен, жердегі болып жатқан құбылыстарды зерттеп, оларға қолғабыс жасау үшін арналған технологиялар. Қазірде француз ғарыштық компанияларымен бірлескен «Ғалам» кәсіпорны құрылып, оның бесжылдық жұмыс жоспары белгіленген.
Ғарыш – имидждік мақсат емес
Бүгінгі әлемнің ғарыштық жобалары біреуге бірдеңе дәлелдеп, дәрежесін арттыру үшін жасалмайтыны белгілі. Мұнда нақты әлеуметтік, экономикалық жоспар болады. Қазіргі жағдайда мемлекеттердің ғарыш саласын игерудегі көздеген мақсаты әртүрлі болып отыр. Мәселен, Иран Ислам Республикасының ғарыш саласы негізінен мемлекеттің әскери қорғаныс саласын, әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген. Ал Ресей, АҚШ, Қытай сынды бірқатар елдер бірнеше бағытта қатар жұмыс істей береді: байланыс саласы, әскери қорғаныстық, ғылыми-академиялық зерттеулер мақсатында. Ал көптен бері ғарыштық держава атануды өзіне мақсат етіп қойған Қазақстан ғарыш саласындағы барлық бағыттары бойынша бірдей күш жұмсай алмайды. Біріншіден, бұған өте ауқымды қаржылық ресурстар қажет болар еді. Яғни кез келген ел «ғарыштық держава» деген жалаң атақ үшін ғана бекер шығындала алмайды. Сондай-ақ еліміз дәл қазіргі жағдайда ғылым-білімнің ғарыш әлемін танып-білуге деген құштарлығы үшін салық төлеушілердің қалтасынан жиналған қаржыдан миллиардтар бөле алмайды. Әзірге ғарыштық ғылыми жобалар үшін қомақты қаражат құю төрт құбыласы түгенделген, дамыған мемлекеттердің қолынан келеді. Онда да әрбірінің емес. Ендеше, Қазақстанның ғарыш саласы үшін Марс пен Шолпанда не болып жатқаны, «Күн жүйесінде қандай ауытқулар бар», «өзге ғаламшарлар мен жатпланеталықтар бар ма» деген секілді сұрақтар уақытша қызықтырмағаны абзал. Қазақстан ғарыш саласын дамыту барысында негізінен нақты қолданбалы жобаларға, өз жерімізді зерттеу мәселесіне көп икемделгені дұрыс.
Бәрін маман шешеді
Бір кездері кез келген бүлдіршін ғарышкер болуды армандайтын. Бұл арман қазіргі жастардың бойында да жоқ емес. Жастардың ғарышкерлікке, ғарыш саласының маманы болуға деген ұмтылысын ғарыштық мекемелердің ресми сайттарына жазылған хаттар, сұрақтар және түйіндемелерден байқауға болады. Алайда оларды дайындайтын оқу орны мәселесі шешілмеген. Бұған дейін еліміздің бірқатар ұлттық университеттерінде аэроғарыш мамандарын дайындайтын оқу бөлімдері ашылады деген ақпарат тараған болатын. Мамандар әрбір университетке шашырата бергенше, Азаматтық авиация академиясына ғарыштық мамандар даярлайтын бөлім ашу керектігін айтады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазірде қазақстандық 45 азамат Францияның Тулуза қаласында және Ұлыбританияда осы жүйелерді меңгеру үшін, оларды құрастыру үшін, конструкторлық жұмыстар жүргізу үшін, содан кейін ғарыштан келетін ақпараттарды талдап, өңдеп, тарату үшін оқып, біліктіліктерін шыңдап жатыр. Дегенмен ол көп емес, шетелде тәжірибе арттыру үрдісі дәстүрге айналуы қажет.
Автор: Сәкен КӨКЕНОВ