АЛТЫНОРДА
Новости

Тілдік тұлға. Х.Досмұхамедұлы бұл деңгейге қалай көтерілді?

0211-300x210Қазақ жұртының мәдени-тарихи шежіресінде тәуелсіздікке ұмтылған ұлт-азаттық қозғалыстар мен күресті сипаттайтын деректер жеткілікті екені белгілі. Солардың басында жүрген, елдік туын жоғары ұстаған дауылпаз ақындар (Махамбет, т.б.), көсемдер (А.Байтұрсынұлы, т.б.), ғалымдар (Х.Досмұхамедұлы, т.б.) сияқты дарабоз тұлғалар болды. Олардың ерлігін, ел үшін атқарған ерен еңбегін деректейтін сөзі қалды. Тіл арқылы сақталған осы рухани қазынаның ұлт үшін, оның болашағы үшін мәні мен маңызын халқымыздың аяулы перзенті, мемлекет, қоғам және саясат қайраткері, біртуар тұлға Х.Досмұхамедұлы былайша анықтап, өзінің шығармашылығына арқау еткен: «Бұл дүниеде түрлі данышпандар, шешендер, шеберлер, батырлар, ақындар көп өткен. Осындай адамдар өзіміздің қазақтың арасында да аз болмаған. Өз жұртына жұмыс қылып, еңбегі сіңген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі». Бұл сөзінің нақты дәлелін ғалымның Исатай, Махамбет, Баймағамбет, Жалаңтөс батыр, Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз, т.б. туралы мазмұны нақты деректелген, жан-жақты пайымдалған ақпаратты-танымдық мұрасынан көреміз.
Шын мәнінде, қазақ ұлты үшін сондай дара тұлғаның бірі – Халел Досмұхамедұлының өзі.
Олай болса, қазіргі замандағы көрнекті ұлт зиялысының бірі Ә.Кекілбаев атап көрсеткендей: «Асыл ағамыз Халелдің еселі еңбектері жаңа қоғамымыздың, қазіргі және болашақ ұрпақтарымыздың рухани өсіп-өнуіне, дамуына ықпал етері айдан анық қағида».
Ал бұл қағидаға сай қазіргі ұрпақтың бойына осы рухты қалай сіңіріп, рухани мұраны игертудің жолы қандай?

Қазіргі әлем кеңістігіндегі жаһандану мен ұлтсыздану үрдісі өріс алған алмағайып замандағы тәуелсіздіктің жаңа сапасы мен сипатының маңызы ерекше. Соның нәтижесінде ұлттық сананың жаңғырып, болмысымызды тануға деген құлшыныс қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздің мүддесімен сабақтасуда. Бұл жағдаят ұлтсыздану үрдісіне қарсы ұлтжандылық сананың қалыптасып, ұлттық негізді дәлелдейтін тірек-дәйектерді зерттеуді жаңа да кешенді деңгейге көтеруді қажет етуде.
Дегенмен, қазіргі дүние дамуын байсалды зерделеудің пайымдау жүйесі қазіргі заманға сай өркениет дамуының нәтижесі ретіндегі жаһандану үрдісін жоққа шығара алмайды. Осы жағдайда ғаламдасудың бір жолы ретінде тұтасу немесе концептуалдану үрдісі байқалуда. Осы ғаламдық кеңістікке, мысалы, қазақ ұлтының да бір бөлшек боп еніп, өзіндік болмысымен сақталып қалуының кепілі – дүниенің тұтас бейнесін немесе дүниенің ұлттық бейнесін тіл арқылы тану. Нақты айтқанда, оған негіз болатын тілді тұтынушы ұжымдағы тілдің коммуникативтік қызметімен сабақтас ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін оның мұрагерлік (кумулятивтік) қызметі.
Осыған орай, қазіргі тіл білімінде дүниені тіл арқылы танудың әлемдік моделі және сонымен сабақтас ұлттық моделі анықталуда.
Демек, қазіргі заманда тілдің қызметі жалаң коммуникативтік құрал ретінде емес, ойды білдіріп қана қоймай, тілдік санада ойды түзетін, құратын, сақтайтын, жеткізетін таным тетігі, ел тарихын сақтаған мәдени-құжаттық қор деп тұжырымдалады. Осы қағидаға сәйкес тілді зерттеу оны тұтынушымен тығыз байланыста зерттейтін антропоөзектік (адамтанымдық) бағыт өріс алуда. Яғни мұнда сөз иесінің болмысына (тұлғасына) ерекше мән беріледі. Бұл арада мұндай зерттеулерге нысан болатын – тіл арқылы ұлттың болмысы мен мәдениетін дәйектейтін ел тұлғаларының ісі мен сөзі, рухани шығармашылық мұрасы.
Осыған орай, егемен елдің тілдік саясатының рухани құндылығын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Ұлтты күшейтудің бір тетігі – туған ана тілі» деп бағалаған тұжырымы ұлттық болмысымыз бен елдігімізді тіл арқылы танудың бағдары болары анық.
Осы тектес зерттеулердің қағидасы ретінде белгіленген «ұлт пен тіл біртұтас» (бұл арада ұлт ұғымын «ұлт өкілі», «тілді тұтынушы», «тұлға» деп ұққан жөн) сабақтастығын айшықтап, «тіл – құрал» деп белгілеген ұлттың рухани көсемі А.Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойын­да жасаған Ә.Кекілбаевтың баяндамасының ой өзегі ерекше. Нақты айтқанда, өз алдына егемен ел болуға, тәуелсіз мемлекет құруға бет алған, сол жолда қайта түлеу, жаңғыру кезеңін бастан кешіріп отырған кезеңде ұлттық тұлға болған ел ағаларының рухани мұрасын танудың, тіліміздің асылы мен құдіретін танудың ел үшін қаншалықты өзекті мәселе екенін атап көрсетеді: «Құдайдың өз бергенін өзіміз көпсінбейік деп, кебежеміздің түбін қақпаймыз, күбіміздің түбін сарықпаймыз, баламыздың басын, көгеніміздің бұршағын санамаймыз. Қазақ мәдениетінің ағалар құрып, жүзінен жырып берген айшықты қызылды-жасылды өрмегінің қылышы қолымызға тигенде, арқауын босатып, төсегін селкеулеп алмас па екенбіз, алдағылар бастап берген айшықты өрнектен жаңылысып, күлді бадамға ұрынып жүрмес пе екенбіз деген уайым тебірентсе ләзім».
Мемлекеттік тіл мәртебесі тұрғысынан осы арман-тілек деңгейінде көрінуі тиіс қазақ тілінің өміршеңдік, мұрагерлік құндылығы «халқы үшін қызмет етуден басқа бақыт жоқ» деп білген Х.Досмұхамедұлы сынды тұлғалардың барлық қасиетін жан-жақты аша алады. Атап айтқанда, оны іске асыратын – ғалымдық, суреткерлік, ағартушылық, кәсіптік тұлғасының толық бейнесін тілі арқылы аша алатын тіл білімінің адамтанымдық бағыттағы тілдік тұлға теориясы.
Сайып келгенде, мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тіліміздің мәселесі тіл білімімен шектелмей, ұлттық болмысты танытатын, қоғамдық-әлеуметтік қызметімен қозғаушы күш ретінде арқау болуда.
Сондықтан тілдік тұлға мазмұнына ғалымдардың көрсетуінше, мынадай компоненттер енеді: 1) құндылықтық (аксиологиялық), дүниетанымдық жүйе, тәрбие мазмұны; 2) тілге деген қызығушылықтың тиімді құралы ретінде мәдениетті игеру деңгейі; 3) жеке тұлғалық (адамдық, терең жекелік) қасиеттер.
Тілдік тұлғаның қалыптасу үрдісі адамның жалпы интеллектуалдық деңгейінен, парасат биігінен бастау алып, оның тұлғалық мінезінің құрылымын, саяси, қоғамдық, психологиялық және т.б. ерекшеліктері түзеді. Бәрінің негізін тұлғаның ұлттық болмыс-бітімін, ұлттық-рухани құндылығын, ұлтжанды сезімін, қоғамдық ой биігін сипаттайтын рухани қажеттілік құрайды.
Екінші бір қажеттіліктің бірі – ұлттық тәрбие арқау болған отбасылық тәрбие үрдістері, тектілік ұғымының ана сүтімен санаға сіңірілуі. Демек, Х.Досмұхамедұлы сынды ұлт перзенттерінің ұлттық тұлға болып қалыптасуы кездейсоқтық емес.
Ғалым Ю.Н.Караулов орыс тіл білімінде тілдік тұлға табиғатын бір құрылымға жинақтап, оны үш деңгейде анықтайды.
Бірінші деңгейді кейде нөлдік деңгей деп те атайды. Себебі онда тілдік тұлғаның дәстүрлі тілді меңгеру деңгейі анықталады. Атап айтқанда, тәлім-тәрбие алған отбасы мен ортасы, тегі, білімі және соған сәйкес қалыптасқан өзіндік сөз қолданысы, яғни тілді қолдану ерекшелігі, тіл көрнектілігі (метафора, мақал-мәтелдер, фразеологизмдерді орынды қолдануы).
Осы деңгейге сәйкес Х.Досмұхамедұлының ерекше тілдік тұлға ретінде қалыптасуына әсер еткен қайнар көздердің бірі – ол дүниеге келген тарихи шежіре мен көркем сөз астасқан Еділ-Жайық өлкесі. Бала кезінен Исатай-Махамбеттің ерлігі мен істерін, көркем сөзін көнекөз қариялар аузынан естіп, халқымыздың қайғы-мұңын жырлап, отаршылдық саясатқа өлең-толғауларымен қарсы шыққан және сол өлкенің гауһар жырларын («Қырымның Қырық батыры» жырлар циклі) аманат етіп жеткізген Мұрат Мөңкеұлының жырларын тыңдап, таным бұлағын суарып, рухына сіңіріп өскен.
Сонымен бірге заманның өзгерісін, болашағын сезінген әкесінің арқасында әуелі жергілікті орыс-қазақ мектебінде оқуы, кейін Теке (Орал) қаласындағы реалдық училищені үздік бітіріп, соңында Санкт-Петербургтегі әскери-медициналық академияны (1903-1909 ж.ж.) үздік бітіруі жас талаптың өнер-білімге құштарлығын ғана қанағаттандырмай, оның жан-жақты білім парасатын, биік ой-өрісінің көкжиегін кеңейтіп, тұлғалық деңгейге көтерді.
Екінші деңгейде тілдік тұлғаға тән танымдық кеңістікті құрайтын әртүрлі түсініктер мен білімі өзектеліп, тілдік тұлғаның өзіндік ғаламының тілдік бейнесі ашылады, өзіндік тілдік әлемі (тезаурусы) қалыптасады.
Х.Досмұхамедұлының бұл деңгейге сәйкес тұлғалық шығармашылығының жүзеге асып, тұлға ретінде танылуының бір қыры оның пуб­лицистикасы мен өзіндік көсемсөз үлгілері. Оларды шартты түрде бірнеше топқа бөлуге болады: тарих, әдебиет, тіл, медицина, гигиена, биология, табиғаттану.
Мысалы, Х.Досмұхамедұлының тарихқа қатысты мақалаларында ерекше көзге түсетін сипаты: деректілік, ақпараттылық, түсінікті де нақты тіл, жай мазмұндау емес, пайымдау және өзі баяндап отырған тұлғалардың бағасын беріп, сипаттап отыруы.
Бірақ ең бастысы – сол деректердің бәрі ел аузынан жинақталған жырлармен өрнектеліп, олар тек жалаң тарих емес, рухани құндылық, тілдік қазына ретінде айшықты көркемделіп дәйектелуі.
Мысалы, Жанұзақ жыраудың, Боран жыраудың, Махамбеттің Жәңгір ханға айтқаны, Шернияздың, Мұраттың сөздері тарихпен тамырлас беріледі.
Х.Досмұхамедұлының өзіндік танымдық деңгейде білімінің өзектеліп, тілдік тұлғасын анықтайтын мақалаларының ғылыми-танымдық сипаты. Мысалы, аламан ұғымының «тәртіпке, жолға, низамға көнбейтін, өз дегені болмаса басқаны елемейтін топ» деп анықтауы, біріншіден, жаңалық сипатымен, екіншіден, халқымыздың өзімшілдік, бәсекелік, менмендік сияқты жағымсыз қылықтарымен байланыстыруы арқылы өзекті. Және ойын «әлеумет туралы бір ой жоқ» деп қорытып, «Отан бірлігі, Отан сүю сезімі, әлеуметшілік міндеті секілді бүтін мемлекетке керек сезімдерді менмендік, бәсекелік, ерегіс секілді аламандықтың жеңгенін» де ел арасынан жиналған ескі сөздер арқылы анықтайды (Жиембет батырдың сөзі, т.б.).
Ал тіл туралы мақалалары, соның ішінде, «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» мақаласының өзегі тілінің ғылыми-көпшілік стилін былай қойғанда, қазіргі тіл біліміндегі әрбір тілдің заңдылықтарын жатжұрттық ықпалға емес, өз табиғатында түсіндіру және тілді әрекет үстінде, яғни сөз (речь) барысында қарау қағидасымен үндесетіні таңдандырады.
Үшінші, яғни прагматикалық деңгейдің басты өзегі – сөйлеуші (я жазушы) мен тыңдаушының (я оқушының) арақатынасы. Нақты айтқанда, тыңдаушының танымын, көзқарасын, психологиясын айтушының ескеріп, барынша оған ықпал етуді, сөзін ұғындыруды, ойын жеткізуді мақсат етуі. Бұл арада прагматикаға негіз болатын уәж бен мақсат тілдік тұлға сатысына көтерерлік қуатты факторлар екенін атап өткен жөн.
Х.Досмұхамедұлының тілдік тұлғасын уәж мақсат-мүдделерінің мазмұны белгілеп, тілдік, тұлғалық прагматикалық ерекшеліктерін қалыптастыратын, біздің ойымызша, медицина, гигиена т.б. саласындағы мақалаларын, еңбектерін ұлт қамын, болашағын ойлаған мемлекеттік мүдде мен кәсіби тұлға тұрғысынан жасаған мұрасы, қазақ тілінде жазылған ғылыми стильдің, ғылыми түсініктеменің прагматикалық үлгісі деп бағалауға болады.
Кез келген тілдік тұлға, ең алдымен, ана тілін дамытушы. Осы орайда Х.Досмұхамедұлының тілдік тұлғасының танымдық-шығармашылық нәтижесі ретіндегі нақты прагматикасы – ол ұсынған пән сөздері «олар барынша сөйленіп жүрген лайықты сөздер», терминдері, биология, жануарлар, адамның тән тірлігі бөлімдеріндегі пән сөздер және қазақша, бірақ ғылыми сипатта берілген интерпретация. Мысалы: теңге қотыр, жап-жайшалар, бір қуыстылар, былқылдақ тәнділер, боршалар, кебістер, шыбыртқылар, астыр, үстірт, шеткей, т.б.
Х.Досмұхамедұлы еңбектерінің праг­матикалық деңгейін, шешендігін сипаттайтын мынадай тілдік құралдарды көрсетуге болады: риторикалық сұраулар, ойтолғаныстар, ойбөлісу, шығарманың жазылу себебі, мақсаты, өзіндік көсемсөз үлгілері, шешендік өнері, т.б. Әрине, Х.Досмұхамедұлы тілдік тұлғасының прагматикалық деңгейін, мақсатын анықтайтын негізгі өзек – ұлтты сүю, оған насихат айту.
Сонымен, Х.Досмұхамедұлының тілдік тұлғасының табиғатын ашып, ғалымдық қабілетін, тілдік шеберлігін танытатын оның мұрасының ұлттық мазмұны мен көркем де түсінікті тілінің арқауы – көріктеу құралдары, архаикалық этнолексика, риторикалық сұраулар, мақал-мәтелдер және айқын мақсат.
Ал бұл ұлы мақсаттардың іске асуының негізгі тетігін Х.Досмұхамедұлының мұрасынан табылатын асыл мұрасы, оны танытатын ұлт мәдениетінің ерекше қасиетін хабарлаушы танымдық ақпаратты, сонымен байланысты ХХ ғасыр басында пайда болған ағартушылық және ұлттық сананы оятушы өзіндік тілдік әлемі десек, соның негізінде оны дәлелдейтін – тілдік тұлға теориясы.
Х.Досмұхамедұлының тұлғалық болмысын толық танудың, яғни халелтанудың болашағына дәйек болатын ғылыми-танымдық негіздің бірі тілдік тұлға теориясы деп білеміз.

Жамал МАНКЕЕВА, 
А.Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институты 
лексикология бөлімінің меңгерушісі, 
филология ғылымдарының докторы, 
профессор

 

http://anatili.kz/?p=14888