Талайдың қарсылығына тап болып, алғашқы Президентіміздің табандылығы арқасында бой көтерген Астана аз уақыт ішінде көрсе көз тоймас сұлу мекенге айналып қана қоймай, Қазақстанның басты брендіне айналып үлгерді. Бүгінгі күні шетелдіктер Қазақстан десең Назарбаев, Астана дейтін дәрежеге жетті. Бұл Елбасының салиқалы саясатының арқасында елордамыздың әлемдік аренаға айналуының нәтижесінде іске асып жатқаны сөзсіз.
Астананың әлемге танылуының бір ұшы сындарлы саясатта, елорда төсінде талай халықаралық маңыздағы үлкен жиындардың жиі өткізілуінде жатыр. Соңғы жылдары Астана әлемдік мәселелерді талқылайтын саяси сахнаға айналды. Ал халықаралық деңгейдегі жиындар сол деңгейге лайық деп танылған елдің, лайықты деп табылған қаласында өтетіні белгілі. Демек, бүгінгі күні Астана әлемнің айтулы ірі қалаларымен деңгейлес болып келе жатыр деген сөз. Астананың әлемге әйгілі бола бастауына себеп болып отырған тағы бір жайт – қаланың бір-бірін қайталамайтын ерекше архитектурасы. Бүгінгі Астана архитектурасынан ұлттық орнаментті те, классикалық үлгіні де, модерн стилін де көруге болады.
Астана бүгінде дүниежүзіне белгілі қалалардың біріне айналды. Әлемдегі болашағы мол жедел дамушы қалалардың қатарына енді.
Бұл – халықаралық сарапшылардың бағасы. Брюссельде Астана әкімдігінің басқару жүйесі жоғары бағаланып, Еуропалық сапа менеджменті қорының сертификаты табысталды. Бұл мәртебелі атақты осы күнге дейін ТМД кеңістігіндегі бірде-бір ел иеленген емес. Сондай-ақ британиялық «Экономикс» журналының рейтинг агенттігі 140 қаланың арасында Астанаға «Өмір сүрудің қолайлы деңгейі» мәртебесін берді.
Бүгінгі таңда Астана қаласы экономикалық тұрғыдан да қарыштап дамып келеді. 2011 жылғы қала бюджеті 353 миллиард теңгені құрады. Ол жан басына шаққандағы көрсеткіші бойынша Прага қаласымен теңесті. Астана бюджеті Киев қаласынан –1,5, Минскіден 2,5 еседей артық.
Салық пен түсім жыл сайын 40-50 пайызға өсіп отыр.
Өткен жылы Париж қаласында Қазақ елі әлемнің алпауыт елдерімен аламан бәйгеге түсіп, озып шықты. Әлемдегі белді де беделді ұйымдардың бірі Халықаралық көрмелер бюросының шешімімен Астанада Бүкіләлемдік ЕХРО-2017 көрмесі өтетін болып шешілді. ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі қатардағы көп шараның бірі емес. Оны өткізуге ынталы азулы елдер қарасы да көп болды. Бірақ Астана жеңімпаз атанды. Бұл халықаралық айтулы шараның еліміз үшін берері мол. Соның ішінде ЕХРО-2017 көрмесі еліміздегі туризм саласын дамытуға тың серпін берері сөзсіз.
Данияр БЕКДӘУЛЕТОВ, саясаттанушы:
– Әлемдік аренада Астананың беделі артқанын басқасын айтпағанда, бір ғана аса маңызды халықаралық ЕХРО-2017 көрмесін өткізуді жеңіп алуды айтсақ та жеткілікті сияқты. Бұл – Қазақстанның беделінің одан әрі арта түсуіне, Астана қаласының одан әрі көркейіп, дамуына септігін тигізері сөзсіз.
Астана қаласының туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының дерегі бойынша, 2012 жылы Астана қаласына 522,9 мың турист келген. Олардың 117,5 мыңы алыс шетелдерден келген қонақтар болса, қалған 405,4 мың адам еліміздің басқа өңірлерінен келген. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2011 жылы бұл көрсеткіш тиісінше 105,9 мың және 373,1 мың адам болған. Яғни Астанаға келетін туристер саны 9,2 пайызға артқан екен. Туристерді өз дәрежесінде қарсы алу үшін бас қаламызда жоғары инфрақұрылымдық нысандардың болуы аса маңызды. Бүгінде Астанада 172 қонақүй жұмыс істейді және олар бір мезгілде 7162 адамға қызмет көрсете алады. Соңғы жылдары Астана қаласында қонақүйлерге деген сұраныс деңгейі де артып келеді, өйткені жыл сайын жан-жақтан келетін қонақтар қатары көбеюде. Мәселен, 2009 жылы қонақүй нөмірлерінің адамдармен қамтылуы 28,5 пайыз болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 42 пайыз, ал 2012 жылы 49 пайызды құраған.
Сондай-ақ бүгінгі таңда Астанада 169 туристік фирма қала тұрғындары мен қонақтарына өз қызметін ұсынып отыр. Елорданың халықаралық деңгейде беделінің одан әрі артуы үшін оларға жүктелер міндет те ауыр. Алайда туристік бизнес саласында отандық фирмалардың беделі әлі де жоғары дәрежеде емес. Сондықтан да туристік фирмалар 2017 жылы төрткіл дүниеден келетін қонақтарға жоғары сервистік қызмет көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, қажетті іс-шаралардың барлығын атқаруы тиіс.
Автор: Қалдар КӨМЕКБАЕВ