Сарыарқаның төсінде бой түзеген Астана – қазақтың бойтұмары. Бейжіңді көргендер қытайдың, Парижде болған адам француздың, Стамбул мен Анкараны аралаған жан түріктің, Лондонда қонақ болғандар ағылшынның, Мәскеуге атының басын бұрғандар орыстың сәулет өнеріне таңғалып, сол елдің мықтылығын мойындары хақ. Сол секілді Арқа төрінде ханның тағындай «менмұндалаған» Астананы көзбен көрген әр адамзат баласы қылыштай қиып түсер қазақтың рухын сезінуі тиіс. Ол үшін Астана архитектурасына ұлттық реңк пен модерн үлгісін үйлестіру қажет. Біз бүгін осы жайт айналасында ой өрбітпекпіз…
Астанаға деген махаббатымызды сақтап қалу үшін не істеу керек?
Толағайдай күн санап өскен аспан астындағы алып шаһар – Алаш елінің бренді екені жиі айтылып жүр. Күллі ғаламның назарын өзіне аударған бұл қала Тәуелсіз елдің рухын көтеріп, әр қазақтың жүрегіне жылылық ұялататыны да ара-тұра сөз болып жатады. Ол жылылықты ғасырлар бойы сақтап қалу үшін не істеу керек?
Біріншіден, біз толығымен еуроцентристік көзқарастан арылуға тиіспіз. Себебі еліміздің жетістігін көре алмайтын түрлі пиғылдағы жандар «Көшпелі Қазақ елі қала салмаған» деген пікір арқылы Қазақстан аумағындағы қалалардың бой түзеуіне өзгелердің ықпалы болғанын айтқысы келетіні жиі байқалады. Олар осылайша қазақ тарихында Созақ, Сарайшық, Отырар, Сауран, Түркістан т.б жүздеген қалалар болғанын біле тұра еуроцентристік түсінікпен ой топшылап, бір ұлттың өркениетіне топырақ шашады. Осы түсінікті өзгерту үшін сан ғасыр бұрын Бозақ атауымен белгілі болған Астананың тарихын тереңдетіп, түпкілікті зерттеп, ұлттық сипатта негіздеуіміз керек.
Екіншіден, қазір Тәуелсіз елдің Астанасын салу барысында үш бағыт пайда болғаны байқалады. Бірінші – еуропалық, батыстық, екінші – шығыстық, үшінші – ұлттық үлгідегі бағыт. Бүгінгі таңда әлемді еуропалық, шығыстық үлгідегі ғимараттармен таңғалдыру мүмкін емес. Сол себепті де Астана бейнесі тек қана ұлттық үлгіде айшықталғаны жөн. Өйткені жатжұрттықтар Астананың кескін-келбетіне қарап, қазақ туралы ой түйеді, қазақты таниды.
Ол үшін не істемек керек?
Әлемде Астанадай аса қарқынды жылдамдықпен дамып жатқан қалалар некен-саяқ. Ал осы ғасырда Орталық Азияда дәл мұндай алып шаһардың бой көтеруі, сонымен қатар «Орталық Азия феномені» аталуы кімді болсын ойландыруы тиіс. Бұл – қазақ халқының тәуелсіз санасының еңбегі, қажыр-жігері. Сол үшін де Астана архитектурасында ұлттық реңк мол болғаны жөн. Мәселен, бұл қалаға қатысты айтылған пікірлердің көпшілігінде «елордамыздың келбеті Еуропа қалаларына көбірек ұқсап кетті» деген ой жүреді. Сондықтан да алдағы уақытта қалаға ұлттық реңк берудің жан-жақты жолдарын қарастырған жөн. Мәселен, біріншіден, тек алып ғимараттарға ғана емес, саябақтарға, аллеяларға қазақ жырлары, аңыз-ертегі кейіпкерлерінің мүсіндерін қоюға болады. Екіншіден, елордамыздың аялдамаларын ұлттық ою-өрнекпен безендіру ісін қолға алсақ. Үшіншіден, кез келген мекеме, дүкен, сауықтыру орталықтары т.б атауларды қазақы сипатта қою керек.
Ұлттық реңк бізге не береді?
Астана – ертегі қала. Түркілердің аңызындағы Самұрық жұмыртқасын салатын Бәйтерек қазір еліміздің символына айналып кетті. Өз кезегінде Бәйтерек күн мен түннің, жақсылық пен жамандықтың алмасуын бейнелеп, әлемді жайлаған еуроцентристік ұғымның соңы таяп, азиялық, түркілік сананың жаңғырып келе жатқанын астарлап тұр. Көшпелі Қазақ елі хандарының мекеніндей болған Хан-Шатырдың өзі біздің қандай ел болғанымызды бедерлейді. Тіпті бас қаладағы «Ел-Ана», «Жер-Ана», «Қазақ елі» монументтері өзіне тән ерекшеліктерімен қазақтығымызды көрсетеді. Астананың бас ғимараты, Ақорданың көк күмбезді болуының өзі шығыстық, мұсылмандық, түркілік, қазақылықтың көрінісі. Мұндай ғимараттар, мұндай мүсіндер, мұндай көріністер әрбір отаншыл азаматтың бойына жігер бітіреді. Астана архитектурасының өне бойында қазақы рух пен түркілік танымды оңай байқау үшін шаһарымыз алдағы уақытта да ұлттық бағытта дамығаны жөн.
Түйін
Биыл Астананың 15 жылдығын мерекелеу мақсатында Есілдің сол жағалауында, «Хан Шатыр» алаңында алыстан көз тартатын ақшаңқан киіз үйлер қалашығы бой көтергені, «Астана төңірегіндегі мыңжылдық» көшпелі өркениет фестивалі өткені, киізден кілем тоқу этно-шоуы, қолданбалы өнер заттарының жәрмеңке-көрмесі, қазақтың ұлттық ойындары, көшпелі цирк, «Ат жалында» ат-спорты шоуы, «Костюмдегі тарих» тағы да басқа көптеген қызықты шаралар ұйымдастырылғаны айтылып, жазылып жатыр. Астана архитектурасына ұлттық реңк пен модерн үлгісін қалыптастырумен бірге осындай ұлттық сипаттағы құндылықтарға бет бұруды ойлағанымыз жөн. Өйткені Астана – басқаның емес, қазақтың елордасы…
Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ