АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақ тарихын кеңестік қасаң түсініктерден қалай арашалаймыз?

421692ee9b0c055cf7a747911ee6da89Абай ОМАРОВ (коллаж)

Қазақ тарихына Тәуелсіз­дік көз­қарас тұрғысынан қа­рай­тын кез келді. Бірақ біздің та­рихшыларымыз ішінара бол­маса, көпшілігі осы ба­ғыт­та жұмыс істеп жатқан жоқ сияқ­ты. Осының салдарынан әлі күнге дейін кейбір аза­мат­та­рымыз үшін ханымыз – қа­рақ­шы, батырымыз – ба­рым­та­шы, байымыз қанаушы бо­­лып есептеліп келеді. Ол – ол ма, қазірдің өзінде «қа­­зақтар өз қызын қа­лың­мал­ға бола қаусаған шалға сат­қан» деген қасаң түсінік «қан-­ жығамызда байлаулы» тұр. «Ке­ңестік кезеңге дейін қазақ ұл­тының 2 пайызы ғана са­уатты болған» деген сы­ңар­жақ пікірді де тақымға салып, көк­парлатуды қоймай ке­ле­міз. Осындай сәтте қоғам ал­­дында «қазақ тарихын ке­­ңес­тік түсініктер­ден қалай ара­шалаймыз?» деген сұрақ қо­йып көрген жөн секілді.

Қазақ тарихын кеңестік түсініктерден ара­шалау үшін, ең алдымен, екі мето­до­ло­гия­лық ұстанымға баса назар аударуымыз қа­жет секілді. Мәселен, тарихты, бі­рін­шіден, табиғи-ырғақты тарихи үдеріс қа­лыптастыруы тиіс. Ал мұның екінші жолы отарлаушы өк­тем күштің тегеурінімен жасалатыны белгілі. Қазақ тарихы осы екі үрдісті де бастан кешті. Бірақ патшалық Ре­сей мен Кеңестер Одағының отары болған кез­де жазылған тарих әлі де болса, Тә­уелсіздік көзқарас тұрғысынан толығымен ба­ғалана қойған жоқ. Оны бағалаудың жол­дары қандай?

Біріншіден, тек Ресейдің ғана емес, ба­­тыс елдерінде, көрші Қытайда, Өз­бек­стан­да т.б елдердің құнды кі­тап­ха­на­ла­рында елі­мізге қажетті қаншама жә­дігерлер, та­рихи дерекнамалық хаттар, құ­жаттар сақ­тау­лы. Қазақ тарихына қатыс­ты ғұла­ма­лар­дың жазбалары, ға­лым­дар­дың зерт­­теулері де т.б еңбектер қазақ ұлтының көз­қарасы тұрғысынан жазыл­ма­ған­дықтан, ол жазбалардың бәріне де сыни көзқараспен қарап зерттеуіміз керек.

Екіншіден, орта ғасырларда қазақ же­ріне келген қытай, араб, моңғол, кейіннен жоң­ғар басқыншылары – бәрі де сайын да­­ланың табиғи-ырғақты тарихи үрдісін бұза алмағанын ашық дәлелдейтін кез келді. Олардың барлығы да қазақыланып кеткенін өз көзірімізге айналдыруымыз қажет.

Үшіншіден, түркі баласына, мүмкін, түркі, иран, славян, моңғолтектес халық­тар­ға да қатысы бар тарихты (сақтардан бастап Алтын Орданың ыдырауына дейінгі аралықты) бүгіндері жеке-жеке ел болып отырған мемлекеттердің ғалымдарымен бірлесе отырып, жүйелі һәм іргелі түрде зерттеуіміз керек.

Төртіншіден, орыс отарлауы, сонан ке­йінгі алапат кеңестік тоталитаризм елімізді та­лан-таражға түсіргенін, елі үшін еңіреген зия­лыларды атып, қуғын­дағанын, қазақ тілін жоюға барын салып, аштық арқылы ге­ноцид жасамақ болғанын нақты де­рек­термен дәлелдеп қана қоймай, бұл жайттарды Тәуелсіздік алу жолында бол­ған күрестерге балауымыз қажет.

Сіз не дейсіз? 

Досым ЗІКІРИЯ, тарихшы:

– Жалпы, тарих дегеніміз – белгілі бір мем­лекеттің, қоғамның, жалпы, аза­мат­тар­дың ру­хын оятып, санасын тәрбиелейтін идео­ло­гиялық құрал. Кеңестік тарих­на­ма­ның басты кемшілігі – ол сан ұлттар мен ұлыс­тар топ­тасқан КСРО-ның тарихын тек бір ғана, сол кездегі «аға ұлтқа» телуге ты­рыс­ты. Сол қа­саң түсінікпен сан ұрпақ буы­ны тәрбиеленді. Орыс ұлтының тарихы мін­сіз жасалды да, қал­ған ұлттардың жүріп өт­кен тарихи жолы (даңқты һәм ақ­таң­дақты) іске алғысыз етілді. Бізде Тәуелсіздік ал­ғалы бері тарихымызды қайта саралау іс­тері атқары­лып келеді. Де­ген­мен белгілі бір жүйенің жоқтығы әркімнің та­рих ғылымының тула­ғына жабысуына әке­ліп соқты. Кеңестік кезең­дегі тарихты зерт­теу­­дегі ақтаңдақтарды толтырудың басты ал­ғышарты тарих ғылы­мында ешқандай «аға» ұлттың болмайтынын айқындап, еш­кімнің көңіліне қарамастан, нақты та­рихи фактілердің негізінде ұлт тарихын қайта безбендеу қажет. Сонда ғана тарихта өткен фактілерді қайта тірілтіп, тарихтағы түрлі оқиғаларды безбендеп, таразылап, одан сабақ алып, қателіктерге бой алдырмаудың жолын таба аламыз. 

Сан тарам жолдан дұрыс таңдау жасай білген жөн

Әрине, Тәуелсіздік алған тұста біздің тарихта сан тарам жол пайда болып, қайсысына түсерімізді білмей дағдарып қалдық. Алашорданы қолдайын десек, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин бас­та­ған зиялыларымыздың еңбегі жоққа шы­ға­тындай, «Үш жүз» партиясы жайлы зерт­теу жүргізсек, Мұстафа Шоқай бастаған оғландардың еңбегін ұмыт қалдырғандай, тіпті коммунистік партияны құрған қазақ революционерлерін тарихтан сызып тастайтындай әсерде қалдық. Оны былай қойғанда, Амангелді Иманов пен Мір­жақып Дулатов сынды тұлғаларымыздың ара­сындағы тарихи қайшылықтарды ше­шу­дің жолын табудың өзі қиын секілді кө­рін­ді. Бірақ тәуелсіз көзқарастағы жаңа леп біраз жайттың бетін ашқанын да жоққа шығара алмаймыз. Әттеген-айы, осы тұста кеңестік психологиядан құтылғанымызбен, рулық көзқарастағы тарихшылардың бе­лең алғаны, біртұтас қазақ тарихын үш жүз­ге бөліп қарастырғысы келетін үрдістің пайда болғаны белгілі. Сол себепті де біз тек кеңестік көзқарастағы таптық идея­лармен қоса, рулық санамен жазылған тарихи деректерге де абайлап қарағаны­мыз жөн сияқты.

Әділбек ЕРМЕКБАЕВ, тарихшы:

– Бұл мәселеде, ең алдымен, қоғамның ке­ңестік түсініктерден айырылуына күш сал­ған дұрыс. Ол жайт алдымен мектептен емес, үйдегі тәрбиеден басталады. Баланы сә­би кезінен бастап ұлттық түсінікте тәр­биелеген жөн. Содан кейінгі мәселе білім бе­ру саласына келіп тіреледі. Қазір сол­түс­тік аймақтардан келген студенттерімізде осы кеңестік үрдіс басым. Олар әлі күнге дейін сол кездің психологиясымен білім алып, сол кездегі оқулықтарды пайдаланып жүргендей әсер қалдырады. Сол себепті де тарихи оқулықтарға ұлттық көзқарас тұр­ғысынан қарауымыз, сол бағытта жа­зуы­мыз қажет. Бірақ та «таптық көзқарастан ары­луымыз қажет» деп 180 градусқа өз­геріп сала береді. Осы жайт кеңестік дә­уір­де қалыптастырған құндылықтарды жоққа шы­ғаруы мүмкін. Мұндай жағына да абай болған жөн. Егер де бұл мәселені түпкілікті қолға алып, арнайы жүйе қалыптастыратын болсақ, алдағы 20-25 жылда тарихтағы кеңестік қасаң түсініктерден толығымен арылуға болады.

 

Түйін

Қазақтың тасқа қашалған тарихы осыған дейін жазылған. Болашақта да жазыла бермек. Кеңестік кезең сол қашалған тарихтың бетін жылы жауып, «бар жақсылық революциядан кейін басталды» деген түсінікті санамызға сіңірумен «жағы сембеген-ді». Қазір де сол дәуірдің психоло­гия­сын бойына «ұялатқан» кейбір ғалымдарымыз барлық тарихты  Тәуелсіздік алған күннен бастағысы келіп жүр. Ал анығына келсек, әрідегі сақ, ғұндардың, берідегі Керей мен Жәнібектердің керуен жолы бізді бүгінгі Тәуелсіздікке алып келді. Тарихқа осылай баға бергенде ғана, қазақ өзінің Мәңгілік ел екенін ғаламға мойындата алады.

Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ

 

http://alashainasy.kz/culture/43970/