Мысырдан тағы маза қашты. Осыдан екі жыл бұрын болған билік жүйесін өзгерту үшін басқарушыны тақтан тайдыру сценарийі тағы қайталанды. Пирамидалар еліндегі сияқты саяси дағдарыс кез келген қоғамда белгілі бір себептерге байланысты орнайды. Ендеше, Мысырдағы әрекеттердің ішкі және сыртқы себептері қандай?
Бірден айтайық, Хосни Мүбәрәк пен Мұхаммед Мурсидің саяси тағдырында ұқсастық жоқ. Алғашқысы 30 жыл әмір жүргізді. Сондықтан да шығар, жоғары лауазымнан кету процесі де ұзаққа созылған еді. 2011 жылғы төңкерісте екі жарым апта ішінде жүздеген адам қаза тапқан. Сөйте тұра, Хосни Мүбәрәк соңғы сәтте ғана сарайдан кету туралы шешім қабылдады. Ал Мұхаммед Мурсидің президенттікке сайлануы қаншалықты жылдам болса, басшылықтан кетуі одан да тез болды. Қарсылық небәрі төрт-ақ күнге жалғасты.
Бүгінде мысырлықтардың мазасын кетіріп тұрған да – осы жағдай. Әскери төңкеріс жасауға генералдар үшін аса көп қажыр-қайрат қажет болмады. Оның бірнеше себебі бар:
Біріншіден, Мұхаммед Мурси билік құрған бір жыл ішінде мемлекет саяси және экономикалық тығырыққа тірелді.
Екіншіден, оған жақтасушылардан саяси қарсыластарының қарасы көп болды.
Үшіншіден, шешуші рөлге ие болған ел әскері исламшыл басшыға қарағанда, генералдарға әлдеқайда жақын. Бұл – ішкі себептері.
Алып-қосары жоқ, тұп-тура бір жыл мемлекет басқарған Мұхаммед Мурси – діндар тұлға. Әскерилер оны тақтан тайдырған соң елдегі исламшылардың ықпалын әлсірете бастады. Мурсимен қоса, елдегі «Мұсылман бауырлар» қозғалысының негізгі көсемдерін тұтқындап, қамауға алды. Ал аталған қозғалыс су жаңа экс-президенттің үлкен саясаттағы негізгі тірегі болатын. Ел ішіндегі исламшыл телеарналар жабылып жатыр. Биліктің ауысқанын ресми түрде жергілікті ақпарат құралдарында тікелей эфирде мәлімдеме жасаған генералдар Мурсидің саяси шешімдерін сынап, Мысыр өз тарихында жаңа парақ ашып жатқанын жеткізді. Ресми Каир қандай басқару түрін таңдайтынын өзі шеше жатар. Бірақ мына бір мәселені де ескере кеткен жөн сияқты…
Сыртқы күштердің қандай да бір ықпалы бар ма?
Олай дейтініміз – былтырғы жылы мынадай ақпарат тараған болатын: Мурси билігі шетелдік үкіметтік емес ұйымдарды қатаң тексерістен өткізді. Елдің арасына бүлік салды деп айыпталып отырған үкіметтік емес ұйымдардың жалпы саны да анықталғандай болған. Тек 2011 жылдан бастап Мысырда жұмыс бастаған біршама ҮЕҰ-ның дені ел астанасы Каирде орналасқан. Шетелдік және өзге мемлекеттердің есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың кеңселеріне тінту жұмыстары жүргізілгенде, Мысыр елін төрт бөлікке бөлген болашақтың картасы табылған! Картада тұтас ел «Жоғарғы Мысыр», «Төменгі Мысыр», «Үлкен Каир», «Суэц және Синай» болып бөлінген екен. Шетелдік үкіметтік емес ұйымдарға қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша АҚШ-пен арада түсінбестік орнаған болатын.
Жуырда АҚШ Президенті Барак Обама Мысырға жәрдемдердің қайта қаралуы жайлы да тапсырма берді. АҚШ заңдары бойынша ресми Вашингтонның әскери төңкеріс жасалған мемлекеттерге сыртқы жәрдемді тоқтатуы тиіс-ті. Сондықтан халықаралық қауымдастық Мысырдағы биліктің ауысуын «төңкеріс» емес, «оқиға» деп баға берді. Айта кетейік, АҚШ Мысырға жылына 1,5 миллиард доллар қаржыны әскери және экономикалық қолдау ретінде береді. Үкіметтік емес ұйымдарға беретін гранттары қандай бағытқа жұмсалатынын жоғарыда айттық. Бұл – мәселеге қатысты сыртқы себептер болса керек…
Уақытша билік сайлау уақытын белгіледі
Мұхаммед Мурсиді биліктен кетірген әскерилер болғанымен, олар билікті қолға алудан бас тартты. 4 шілде күні уақытша президент болып Конституциялық соттың төрағасы болғанына 2-ақ күн болған Адли Мансұр таңдалды. Мансұр Мурсидің қателігін қайталамайтынын, авторитаризмге жол бермейтінін айтып отыр. Дегенмен саяси дағдарыстың шешілер түрі көрінбейді. Әскер билікті бейбіт жолмен тапсыруды уәде етсе де, күн сайын бейбіт тұрғындар оққа ұшып жатыр. Мұхаммед Мүрсидің «Мұсылман бауырлар» партиясы мен оның қарсыластары ең ірі қалалардың бірі Александрияда атысып, 12 адам қаза тапты. Тағы 500-дейі жараланған. Каирде де дүмпулер басылар емес. Жексенбінің түнінде Тахрир алаңындағы қақтығыстан оннан астам тұрғын көз жұмып, төрт жүзге жуығы түрлі жарақат алған. Жаңа Үкімет жасақтау туралы айтылғанда МАГАТЭ-нің бұрынғы басшысы Мұхаммед әл-Барадейдің есімі аталып жүр. Алайда салафиттер өре түрегеліп, қарсылығын күшейтті. АҚШ ықпалындағы БҰҰ жүйесіндегі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік деп есептегендіктен, исламшыл топ М. Әл-Барадейді жақтыра бермейді. Енді әскерилерге діндарлар қарсылық білдіруде. Қарсыластар осылай өзара дауласып жатқанда Мысыр экономикасы зиян шегіп жатыр.
Мысырдың уақытша Президенті Адли Мансұр жаңа Конституциялық декларацияны қабылдау туралы жарлық шығарды. Құжатқа сәйкес екі апта ішінде елдің жаңа заңнамасы дайындалып, екі ай ішінде президенттік сайлау өткізілмек. Құжат мәтіні 33 тармақтан тұрады. Жалпы, елдің қазіргі Конституциялық декларациясы Хосни Мүбәрәктің биліктен кетуінен кейін 3-мәрте қабылданғалы жатыр. Ал Парламент сайлауын 2014 жылдың басына белгілемек.
Түйін
Алайда бұл саяси шешімдер қоғамды біріктіреді деуге сену қиын. Себебі әскерилер мен исламшылардың арасында кек пайда бола бастағандай. Қарапайым халық бір сөзге тоқтамаса, біз жоғарыда келтірген Мысырды төртке бөлу жоспарының жүзеге асуына жағдай жасайды.
Автор: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ