Америка қауіпсіздік және барлау мекемелерінің заңсыз әрекеттерін әшкерелеген Эдвард Сноуден жайлы дау халықаралық байланыстарды шиеленістірді.
Аз уақытта АҚШ жауларының тізімінде алғашқы орынға шыққан қауіпсіздік және барлау ұйымының бұрынғы қызметкеріне қандай да бір көмек ұсынған мемлекеттерге АҚШ тарапынан «қатаң» ескерту жасалуда.
Осыдан бір ай бұрын Сноуден Google, Facebook, Microsoft, Yahoo, Apple секілді интернет және заманауи технологиялар саласындағы көш бастап тұрған ең үлкен тоғыз интернет-компания өз тұтынушылары мен қолданушылары туралы толық ақпаратты АҚШ-тың барлау қызметтері-не беріп отырған деген мәліметті таратқан болатын. Оның айтуынша, әр интернет-компания АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігіне барлық дерек алуға мүмкіндік беретін PRISM атты құпия бағдарлама 2007 жылдан бастап жұмыс істейді. Сот шешімінсіз орындалатын бұл әрекет адамның жеке бас құқықтарын бұзады.
Мұндай мазмұндағы ақпараттардың жиі жарияланатынына еті үйреніп кеткен Facebook, Yahoo, Google, Apple және Microsoft компаниялары арнайы қызметтерге өз серверлеріне кіру мүмкіндігі бар дегенді үзілді-кесілді жоққа шығарды. Бірақ АҚШ Ұлттық барлау басқармасының басшысы Джеймс Клэппер ел үкіметі интернет-компаниялардың қолданушылары туралы мәліметтер алып отыратынын мойындады. Сонымен қатар PRISM бағдарламасы туралы ақпараттың жариялануы АҚШ-тың мемлекеттік қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деп есептейтіндігін мәлімдеді. Алдымен өз елінің азаматтарын басуға тырысты ма, «заңсыз» барлау біздің азаматтарымызға қатысты емес, ондай барлау «АҚШ-тан өзге мемлекеттердің азаматтарына қатысты ғана жүзеге асырылады» дейді Клэппер, Эн-би-си арнасына берген сұхбатында. «Газет материалдарындағы дерек нақты емес», – дейді ол.
Бұл мәліметтерді алғаш жариялаған Washington Post және The Guardian газеттеріне деген сенім азая бастағандықтан, тілшілер ақпарат берушінің аты-жөнін мәлімдеді. Оларға ақпарат берген ОББ техникалық қызметінің бұрынғы агенті 29 жастағы Эдвард Сноуден. Ол есімінің жариялануын өзі сұрапты.
The Washington Post газетінің жазуынша, Сноуден өзінің АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігі (NSA) ақпарат жинау барысында қолданатын бағдарлама туралы ақпаратты жариялау себебін де айтқан. Оның сөзіне қарағанда, ол ешқандай жазығы жоқ азаматтардың да әрбір қадамы бақылауда екен. «Бұл заңсыздықты жою үшін осы әрекетке бардым. Осы ақпараттардың жариялануы қоғамда үлкен дау туғызып, үкіметтің заңсыз әрекеттері әшкереленеді. Енді, адамдар өз құқықтарын сақтауға ұмтылып, олардың жеке бастарына қол сұқпауды талап ете алады деп үміттенемін» дейді ол.
«Сіздің телефондағы әңгімеңізді ешкім тыңдамайды», – дейді Барак Обама осы мәселеге байланысты айтқан пікірінде. Онымен қоса, АҚШ президенті бұл бағдарламаның конгресс тарапынан мақұлданғанын да атап өтті. Ал Сноуден журналистерге сұхбат беру барысында, билікке Обама келген соң, «жеке басқа қол сұғу, адам құқықтарын аяққа таптау» тоқтатылады деп үміттенгенін, бірақ ол ойы жүзеге аспағанын айтады. «Менің президенттердің билікте қалу үшін ашық өтірік айтып, кейіннен көпшілікке бер-
ген уәдесін ешқандай кедергісіз бұза беретініне біртіндеп көзім жете бастады», – дейді ол.
Ақпарат көзі көрсетіліп, нақты дәлелдер көрсетілген соң, АҚШ үкіметі барлау қызметі туралы «шындықты» жоққа шығаруды тоқтатып, Сноуденді айыптай бастады. Тіпті осы ақпаратты жариялаған журналистерді де жауапкершілікке тарту туралы сөз қозғалды.
«Ол (Сноуден) – сатқын. Мұндай ақпаратты жариялау америкалықтарға қауіп төндіреді. Бұл қарсыластарымызға біздің мүмкіндіктерімізді көрсетіп береді және мұны заңды өрескел бұзу деп қарастыру керек. Президент өткен аптада бұл ұлттық қауіпсіздік үшін аса қажет бағдарлама екенін, ол арқылы террористерден келетін қауіппен күресетінімізді мәлімдеді» дейді АҚШ конгресс өкілдерінің спикері Джон Бейнер.
Бейнер өзіне әкімшілік тарапынан барлау бағдарламасы жайлы ақпарат берілгенін хабарлады. «Мен бұл бағдарлама жайлы білемін. Ешбір америкалық туралы мәлімет әлемдегі қандайда бір террористермен байланыспай ешкімнің барлауынан өтпейді» дейді спикер. Оның сөзіне қарағанда, америкалықтардың жеке басына қол сұғылып жатқан жоқ.
Осыдан кейін Сноуден жайлы америкалықтардың көзқарасы екіге жарылды: үкімет оған «халық жауы» деген айып тақса, үкіметтік емес ұйымдар оны қаһарман деп есептейтіндігін ашық айтты.
Сондай ұйымдар 9 маусымнан бастап Сноуденді кешіруді талап еткен петиция ұйымдастырды.
Екі күнде 50 мың қол жинаған петицияның ұранында «Эдвард Сноуден – ұлттық қаһарман, оның Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің өз қызметін асыра пайдаланып, азаматтарды бақылауы туралы ақпараттар беру барысында жасаған немесе жасауы мүмкін қылмыстарының барлығы тез арада кешірілуі тиіс… Бұлай бүкіл мәліметтің жиналуы үкімет тарапынан америкалық сөз бостандығына және жеке басқа қол сұқпауға қатысты ең басты құндылықтарға өте ауыр соққы болды. Бәріне ортақ бұл барлау АҚШ Конституциясындағы анонимді жиналу және сөйлеу құқығын, сонымен қатар қажет емес тергеу мен тінтуді шектеу құқығын бұзып отыр» делінген.
Ұйымдастырушылар Конгрестен барлауды тоқтатып, Ұлттық қауіпсіздік агенттігі мен федералды тергеу бюросының әрекеттері жайлы толық есепті қоғамға жариялауды талап етуде. АҚШ барлау қызметіндегі бірталай «заңсыздықтар» мен «құпиялардың» бетін ашқан Wikileaks-тің негізін қалаушы Джулиан Ассанж да Сноуденді толық қолдайтынын мәлімдеді. «АҚШ арнайы қызметтері адамдардың ұялы телефон қоңыраулары мен интернеттегі әрекеттерін барлап отыратыны жайлы ақпаратты жариялаған Эдвард Сноуден нағыз қаһарман. Осындай анық әрі дәлелді ақпараттың жұртқа жария болғанын көру – өте жағымды. Бұл соңғы он жылдағы ең маңызды ақпараттың бірі» дейді ол. Бірақ Ас
санж Сноуден үшін қатты алаңдайтынын да жасырмайды. Өйткені Сноуденді де Ассанж секілді қуғындап, «негізсіз айыптар» тағуы ғажап емес. Сноуден ашқан «шындықты» қолдаушылар қатары көбейіп, АҚШ-тағы 80-нен аса үкіметтік емес ұйым 11 маусым күні азаматтардың телефон және интернет арқылы жүзеге асыратын байланыстарын барлауға арналған бағдарламаға қарсы майдан ашуда. Коалицияның құрамында ACLU, Greenpeace USA, Mozilla Foundation және тағы басқа құқық қорғау одақтары және қоғамдық ұйымдар, компаниялар, жеке адамдар бар.
Коалиция StopWatching.us («Бізді аңдуды тоқтатыңыздар») деген веб-сайт та ашқан.
Америкадағы үлкен күшке ие азаматтар құқығын қорғау одағы (ACLU) азаматтар жайлы ақпараттарды конституцияға сай емес тәртіппен жинағанын мойындауды талап етіп үкіметті сотқа берді. «Бұл бағдарламаның демократиялық үкіметтің өз азаматтарына қарсы бағыттаған осы күнге дейінгі ең үлкен әрекеті екені анық. Мұны азаматтарды өздерінің әр барған жері, телефонмен сөйлескені, әр қоңыраудың уақыты туралы рапорт тапсыруға мәжбүрлеумен теңестіруге бола-ды» дейді ACLU директорының заң мәселелері бойынша орынбасары Джамиль Джаффер.
АҚШ үкіметі «заңсыз» барлауға арналған бағдарламаның бар екендігін «мойындаған» соң, қолданушылар сенімінің жоғалуынан қауіптенген Google, Facebook және Microsoft компаниялары Америка үкіметінен арнайы қызметтердің қолданушылар жайлы сұраған ақпараттарын жариялауға рұқсат беруді өтініп, өз тарихтарында алғаш рет бұл үкімет тарапынан түскен сұраулар мен берілген жауаптар тізімін жариялады. Сноуден АҚШ құпия бағдарламасы аясында әр елге жүргізілген барлауларды, барлау деңгейіне сай елдер тізімін де жариялады. Соның нәтижесінде АҚШ-тың бұл әрекетіне бірнеше мемлекеттер тарапынан наразылық білдірілді. Осы мәселеге байланысты алғаш ресми наразылық танытқан Үнді үкіметі болды.
Өйткені The Guardian газетінде жазылған мәліметтерге сүйенсек, биылғы наурыздың өзінде АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігі Үнді компьютер желілерінен 6,3 миллиардқа жуық «барлау ақпараты бірлігін» (барлау мәліметтерін өлшеуге арналған бірлік) жинаған. Соның нәтижесінде, АҚШ арнайы қызметтері тарапынан ең көп барланатын елдердің арасында бесінші орында екен. Ал бірінші орында Иран (14 миллиард), одан кейін Пәкстан (13,5 миллиард), үшінші – Иордания (12,7 миллиард), төртінші – Египет (6,3 миллиард).
Барлау жайлы «шындық» елге жария болғаннан бастап,«Сноуден мәселесі» халықаралық деңгейге көтеріліп, халықаралық байланыстың қандай екендігін көрсете бастады. Сноуден, ең алдымен, Гонконгте тұрақтаған болатын. АҚШ агент тұрақтаған Гонконгтен экстрадициялауды талап етті. Бұл талап біраз уақытқа дейін орындалған жоқ. АҚШ үкіметі тарапынан Гонконг пен Қытайға қысым жасалғаннан кейін, Сноуден Ресейден саяси баспана табуға мәж-бүр болды. Ал Гонконг АҚШ тарапынан берілген мәліметте «қылмыскердің» аты-жөні толық жазылмаған болатын деп ақталды.
Ресей үкіметі Сноуденнің Мәскеуде екендігін бірнеше күн бойы жоққа шығарумен болды. АҚШ үкіметі тарапынан Мәскеуге қатаң ескертулер берілгеннен кейін, Путин «Сноуден – еркін азамат, оның Ресейде қалуға толық құқығы бар. Ресей шетелдік «қылмыскерлерді» экстрадициялау туралы келісім бар мемлекеттерге ғана береді. Ал АҚШ-пен мұндай келісім жоқ. Сондықтан АҚШ тарапынан айтылып жатқан жөнсіз ескертулер орынсыз» деп мәлімдеді. Бірақ АҚШ бұл жауапқа қанағаттанған жоқ. АҚШ пен Ресей арасындағы жағдайдың шиеленісуі туралы ақпараттар көптеп жариялана бастады. Путин кейінгі мәлімдемесінде «Сноуденге америкалық әріптестерімізге тіл тигізуiн тоқтаса ғана, Ресейде қалуға болады деген талап қойылғанын айтты».
Сноуденге «АҚШ-тың қаһарынан қорықпайтын» бірнеше мемлекеттер саяси баспана ұсынды. Уго Чавестен кейінгі Президент Николас Мадуро Венесуэланың Эдвард Сноуденге саяси баспана болуға дайын екендігін жариялы түрде мәлімдеді. Онымен қоса, Венесуэла Сыртқы істер министрі Элиас Хауа «Telesur» арнасына берген сұхбатында АҚШ тарапынан болатын кез келген қысымға дайын екендігін айтты. Wikileaks сайты мен бұрынғы барлау қызметкерінен сұхбат алған журналистердің сөзіне қарағанда, Сноуденнің Венесуэла ұсынысын қабыл алуы әбден мүмкін. Бір ай ішінде талай дауға себеп болған Сноуден мәселесі АҚШ-тың әлемдік аренадағы орнын, оның «дегеніне кім көніп, кім көнбейтінін» анықтап берді. Өз кезегінде Сноуден таратқан мәлімет демократияның биігіне шығып, адам құқықтары толық сақталатын ертегі мемлекеттің жоқ екендігін танытты.
Айдос Әріпбаев