АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАНДАР…

5193d82fedf0355f8269b3d21335b303Қарттардан қайрат кеткен­де қаңғытып жіберу тек Қы­тайда белең алып жатқан құбылыс емес. Елімізде де қарттар үйіне күн санап тір­келіп жатқан­дардың саны артуда. 
Қытай үкіметі «қарттардың құқық-мүддесін қамтамасыздандыру» туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, әке-шешесін қарттар үйіне тастағандар заңдық жауапкершілікке тартылатындығын жариялаған болатын. Заңға ата-анасын еркінен тыс қарттар үйіне тастағандарға мерзімсіз немесе ұзақ мерзімді қамақ жазасы қолданылатыны туралы тармақ енгізілген.

Аталған заңға сәйкес Жиаңсу өлкесі Уши қаласы Битаң аудан­дық халық сот мекемесі 77 жастағы әжейді туған қызы қарттар үйіне апа­рып тастағаны үшін мерзімді қамақ жазасына алынған. Қы­тайда ата-анасын қараусыз қал­дыратындар қатары күн санап көбейіп келе жатқандығы сонша, Шанхай сияқты ірі қалаларда қарттар үйіне 2-3 жыл бұрын тіркелмесе орын болмай қалатын жағдайлар көптеп кездеседі. Жо­ғарыдағы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуінің басты себебі де осы болса керек.

Қарттардан қайрат кеткен­де қаңғытып жіберу тек Қы­тайда белең алып жатқан құбылыс емес. Елімізде де қарттар үйіне күн санап тір­келіп жатқан­дардың саны артуда. 2011 жылғы ресми де­рекке сүйенсек, Республика бойынша 67 қарттар үйі бар. Онда он екі мың­нан астам қарт тіркел­ген. Бұл көрсеткіш күннен-күнге өсіп келеді. Кім кінәлі?! Саналы ғұмырын бала­сына арнап, бар ар­маны бала­сының амандығы, одан қалса жақсы азамат болып қалып­тасуының қамын жаса­ған ата-анасынан бас тартқан санасыз ұл мен ақылсыз қыз кінәлі ме?! Әлде бар кінә «жас­тарға билігі жүр­мей­тін кәрің болады» деп Мөңке би айт­пақшы өз билігін өз баласына жүргізе алмаған қарттардың өз­дерінде ме?!

«ӨЛІМГЕ АСЫҒЫП ТҰРАМЫН…»

Ермұхан ата, қарттар үйінің тұрғыны:
– Ата-енесінен бөлек тұ­ратын орыстарды көргенде жағамды ұстаушы едім. «Сұм­дық-ай, сүй­генінің әке-ше­шесін сыйламаған келіннің, соңынан еріп ата-ана­сынан безген баланың ана дүниеде жазасы болар» деп өзімді іш­тей жұбататынмын. Тағдыр деген қиын екен ғой. Басқа салған соң көресің. Кеудеңде жаның болған соң көнеді екен­сің. Бір үйде өмір­лік жарым, кіші ұлым келін­мен және үш немерем тұратын бақыт­ты отбасы бол­дық. 63 жа­сыма дейін мектепте химия пәнінің мұғалімі болып қызмет істедім. Содан көзімді шел басып, бір жанарымнан айырылдым. Со­дан жұмыстан қол үздім. Бір жыл өт­пей жа­тып, бәйбішем аты жаман дерттен көз жұмды. Сол күннен бастап керексіз екенімді тү­сіндім. Балам мен келінім мен үшін күнде келіс­пей жататын. Бір-екі рет келі­нім кетіп қалды. Іштей біліп жүрдім. Кем­пірім­нің жылын бер­ген соң, балам «Көке, үйде отырып зерігіп жүргеніңізді байқап жүр­мін. Апамның орнын ешкім баса алмайды, білем. Бірақ мен бір шешімін таптым. Қарттар үйінде өзіңіз- бен қатар құрдас­тарыңыз бар. Айтар әңгіме­ле­ріңіз болады. Оның үстіне жақсы жасалған екен. Біз сізге келіп тұрамыз. Үйге келіп қонақ болып тұра­сыз…» деп ашық айтты. Әңгіме­нің соңын тыңдамадым. Бір­­ден киімімді жинап, дайындала бастадым. Көкірегімді кер­неген өксіктен балама тіл қата алмадым. Үнсіз­дік. Түс ауа қарттар үйіне кел­дік. Құ­жаттарды тіркеп, сол жерде қал­дым. Мені тастап кетіп бара жат­қанда балама: «Мен өмір­ден өткен соң, Құран оқып, соңғы сапарға шығарып сал­саңдар болды» дедім. Қара шаңырақтағы ғұмырымның жалғасы қарттар үйінде екені өңім түгілі түсімде де көрмеп­пін. Мұсылман заңы бойынша пенде саналы түрде өзіне қол жұмсауға болмайды. Әйтпесе, өлім­ге асығып тұра­мын. Өмі­рің ма­ғыналы болса, ұзақ ғұ­мыр жа­сағанға не жетсін?! Ал қарт­тар үйінде қай күннің өтіп жат­қанын да білмейсің. Қазір қарттар үйінде тір­шілік жасап жатқаныма екі жылдан асты. Тіршілік деймін-ау, әйтеуір жанбағыс. Айына бір рет балам келіп тұрады. Ал келінім мен не­мерелерімді осы жерге түскеннен көрмедім. Мұнда барлық жағдай жасал­ған. Бірақ көңілің тоқ болмаса, көйлегіңнің көк болға­ныны­нан не пайда?! (Ермұхан ата, көңілі босап, әңгімесінің соңын аяқ­тай да алмады).

«ӨТЕ КЕШ БОЛДЫ…»

Айбек ҚАРАБАЛИН:
– Анамның есімі Алтын бо­­латын. Әкем қайтыс бол­ғаннан кейін анам аздап ішуді бастады. Біз­ден бөлектеніп, алыстап кетті. Менімен де, әйеліммен де сөй­лес­пейтінді шығарды. Бар ермегі әкемнің суретіне қарап, жылайтын да отыратын. Уақыт өте бер­ге­ні­мізді, жаса­ға­нымызды жақтыр­май, бол­майтын дүниеге келіс­пей қалып жүрдік. Бір күні баспал­дақтан құлап кетіп, «Сендер маған қарамадыңдар, ша­лымның арты­нан кетсем, арманым жоқ» деп айқайға басып жылады. Мұны көрген 50 жас шамасындағы көршіміз «қарттар үйіне өткіз, онда басқа шал-кемпірлер бар. Әңгімелесіп, шер тарқатар. Кейін қалпына келгенде алып қайтасың» деді. Біраз ойлан­дым. Анамның күндегі айқайы таусылмады. Отба­сынан бе­реке кетті. Сосын қаладағы қарт­тар үйінің біріне әкелдім. Күн құрғатпай келіп, жағ­­дайын біліп жүрдім. Анам­ның інісі бар. Мен оны кіші әке деп атайтынмын. Мұны есті­ген кіші әкем қалаға келіп анамды қарттар үйіне өткізгеніме қатты ашуланды. «Саған жат адамдар айта береді. Бүгін барып шешеңді алып кел. Егер баға алмасаң, өзім-ақ алып кетемін» деді. Кіші әкем­нің сөзі қатты ойландырды. Жұ­мыс­тан соң барып алып қай­тамын деп шешім қабылдап отырға­ным­да, қарттар үйінен қоңырау ша­лып, анамның науқастанып қал­ғанын айтты. Бірден жолға шық­тым. Қарттар үйіне жеткенімде анамның бақилық болғанын естіртті. Сол кезде қателескенімді тү­сіндім. Қатемді қайта түзеуге өте кеш болды.

Кейбір мәліметтерге сүйен­сек, қарттар үйіндегілердің дені өзге ұлт өкілдері. Қазақ қарттары 15-20 пайызды құ­райды екен.

Фатима ТАШИМОВА, психология ғылымдарының докторы:

– Жас ұрпақтың ата-ана­сын қарттар үйіне өткізуі түрлі себеп­тен болады. Соның ішін­де ең жиі кездесетіні:
Біріншіден, қарттардың ішім­дікке әуес болуы. Тағдыр­дың түрлі соқпағына шыдамай, саналы жа­сында ішіп кететін қарттары­мыз­дың бар екені жасырын емес. Араққа салын­ған әке-шешесіне бала көп жағдайда шыдай алмай жатады.
Екіншіден, жарынан егде ке­зінде айырылған қарт адам пси­хологиялық, рухани тұр­ғыда құ­лазиды. Мұндай кездегі ата-әже­лердің мінез-құлқы қатты өзге­реді. Сол құбылысқа шыдай ал­маған баласы немесе қызы қа­рияны қарттар үйіне өткізеді.
Үшіншіден, келін немесе күйеу баланың қарттармен бірге тұра алмауынан. Балалы от­басы егер әйелі немесе күйеуі қарияны жақтырмай­тын болса, жеке ба­сының қамын ойлаймын деп ата-анасынан бас тартып жатады.
Төртіншіден, баласы неме­се қызы ішімдікке, барлық дү­­ние-мүлкін сатып құмар ойын­ға және т.б. салынып кетуі себе­бінен қарт­тар үйсіз-күйсіз далада қалып жатады. Бұл жағ­дайда да қария­ларымыз қарттар үйін пана­лай­ды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ата-ананы құрметтеу жө­нін­де «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында жатыр» десе, Қа­сиетті Құран Кәрімде:  «Раб­бың, Өзіне ғана ғибадат ету­леріңді, әке-шешеге жақсылық қылу­ларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі не­месе екеуі де жандарыңда кәрі­лік­ке жетсе: «Түһ», – деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле», – делінген «Исра» сүре­сінің 23-аятында.

Ата-ананың бақыты – балада десек, «бақытым» дей­тін ба­ласы төрінен көрі жақын әке-шешесін қарттар үйіне қаң­ғыртып жібергені қалай?! Бұл құбылысты қоғамдағы қауіпті дерт дейтін болсақ, ауру­дың «диагнозы» қандай? Қы­тай­лар сияқты ауыр заң жобасын жасап, қолданысқа енгізу ме?! Бірақ мұндай сана тұрғысынан келетін дерттің заңмен атқа­рылуы мүмкін де емес болып көрінеді.

 

http://www.aikyn.kz