Мәскеуде «РИА Новости» базасында «Постдағдарыстық әлем» Болашақ – 2050: әлемнің саяси-экономикалық картасы» атты халықаралық зерттеу қоры нәтижесі бойынша «Жаңа жаңа әлем тренды және Қазақстанның мүмкіндігі» атты баяндамасы талқыланды.
«Дағдарыстық әлем институты» қоры – Мәскеу қаласында 2009 жылдың басында құрылған, саяси ортада танымал және беделі бар сараптау орталығы. Үстіміздегі жылы бұл қор «Болашақ – 2050: әлемнің саяси-экономикалық картасы» атты кезекті халықаралық зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Зерттеу жұмысына ТМД, Батыс және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс, Африка, Латын Америкасы, АҚШ. Канада, Астралия сияқты 63 елде тұратын 303 сарапшы қатысты. Сарапшылардың ішінде – экономистер мен қаржы аналитиктері, компаниялар иелері мен топ-менеджерлері, экономика мен саяси тақырыптарға жазып жүрген журналистер, табиғи, гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар саласындағы ғалымдар, саясаткерлер мен шенеуніктер болды. Бұл зерттеулер шын мәнінде – алдағы болашақты тұмшалап тұрған шымылдықты шынайы өмірге барынша жақындатылған сценарийлер арқылы ашуға бүкіл күш-жігерлерін салған, жаһандық тұрғыдан ойлайтын қатысушылардың ұжымдық сараптамасы.
«Дағдарыстық әлем» қоры бұл зерттеулерде адамзат 2050 жылға дейін қандай басты проблемалармен бетпе-бет келеді, бұл проблемаларды қалай айналып өтуге болады, оның бетін қайтару қандай ресурстардың есебінен жасалады және қаншалықты тиімді болады, бұл проблемалардан қандай елдер мен аймақтар тез шығады, қандай елдер шырмалып қалады деген сұрақтардың айналасында сараптама жасады. Сонымен қатар «Жаңа жаңа әлем тренды және Қазақстанның мүмкіндігі» баяндамасын дайындау барысында – БҰҰ, Әлемдік банк, Халықаралық экономикалық форум, басқа да зерттеу ұйымдарыдың баяндамалары, ғылыми монографиялар, мерзімдік баспасөзде жарияланған публицистикалық мақалалар, сараптау орталықтары мен халықаралық рейтингтік агенттіктердің рейтингтері сияқты ашық дереккөздерден алынған зерттеулер пайдаланылды.
«Дағдарыстық әлем» қоры өзінің зерттеуінде әртүрлі елдердің, аймақтар мен құрлықтардың сарапшыларынан бүгінгі, 2013 жылғы әлемнің жағдайын суреттеп беруді сұраған. Сарапшылар қауымдастығының үштен екісі алдағы уақытта әлемде болуы мүмкін жаманды-жақсылы жорамалдардың ішінде «ықпал ету салаларын бөлісу», «дағдарыс» және «әлемдік бейберекетсіздік» сияқты қорқынышты процестер көп болатындығы туралы анықтамалар берген. Жалпылай алғанда әлемдік сарапшылар қауымдастығының көңіл күйі пессимизмге негізделген. Тек аздаған зерттеушілер ғана бүгінгі әлемнен прогрессті көріп отыр.
Әлемдік сарапшылар қауымдастығы алда күтіп отырған ғаламдық қауіптердің алдын алып, қандай да жағдайға дайындалып жатқан елдердің бірі Қазақстан. Сарапшылар қауымдастығы енді дабыл қағып жатса, бізде, «Қазақстан-2050» стратегиясында олардың болжамдарына қарсы шаралар ойластырып қойылған дегенді айтады.
Сонымен, 2013-2050 жылдардағы өтпелі кезеңде адамзат үшін қандай басты проблема болады? Бұған сарапшылар «бірінші кезекте тұрған табиғи ресурстардың тапшылығы», деп бірауыздан жауап берген. Уақыттың талабы бойынша алдағы уақытта қат болатын табиғи ресурстар – көмірсутегі шикізаттары, ауызсу және азық-түлік болып табылады. Планета халқы көбейген сайын проблемалардың деңгейі де көтеріле бермек. Маңыздылығы жағынан екінші орында тұрған әлемдік проблема – жаһандық экологиялық және климаттық проблема.
Әлемдік сарапшылар қауымдастығының зерттеулері біздің республика басшылығының бұдан бұрынғы шығарған шешімдерімен үндес жатқанына қазір көзіміз жетуде. Қазақстан-2050 стратегиясында ХХІ ғасырдағы ауызсу тапшылығы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың таусылуы жайлы айтылған. Біздің бұдан бұрын айтылған болжамдарымызды халықаралық сарапшылар қауымдастығы мақұлдап отыр. Соңғы 60 жылдың ішінде планетада ауызсуға қажеттілік 8 есеге өскен. Осы жүзжылдықтың ортасына қарай көптеген елдер ауызсуды импорттауға мәжбүр болады. Су — өте шектеулі ресурс және су көздеріне ие болу үшін күрес планетадағы соғыстарға себеп болатын геосаясаттағы маңызды фактор болып табылады.
Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елде де бар, Стратегия-2050-ге сәйкес, Үкіметке су жөніндегі ұзақмерзімдік мемлекеттік бағдарлама жасау тапсырылған. Оның бірінші кезеңінде, 2020 жылға дейін халықты ауызсумен қамтамасыз ету проблемасын шешу, ал екінші, 2040 жылға қарай суармалы егістіктерді жасау. Ол үшін сумен қамтамасыз етудің шетелдік әдістерін мұқият үйреніп, оны елімізде қолдануымыз керек. Ең бастысы біздің қоғамның санасын өзгерту қажет. Біздің ең бағалы табиғи байлығымыз – суды қадірлеуді үйренгеніміз жөн. Бізде бұл проблеманың геосаяси аспектілері де бар: біз қазірдің өзінде трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда, сондай-ақ Арал теңізінің суын реттеуде салмақты мәселелерге тап болдық.
Қазақстан үшін тағы бір тосып тұрған қауіп – топырақтың эрозияға ұшырауы болып табылады. Ол үшін топырақтың құнарлығын сақтайтын ормандар өсіру қажет. Бүгінде Жер бетінде көмірсутегі экономикасының дәуірі біртіндеп аяқталуға жақын қалды. Қазір адамзаттың өмір сүруі тек мұнай мен газ пайдалы қазбаларына ғана негізделмейді, енді жаңартылып отыратын қуат көздерінің жаңа дәуірі басталады. Сондықтан Стратегия-2050-де, Қазақстанда атом энергетикасын, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерін дамыту қажет, деп дұрыс айтылған. Мұнай және газдың әлемдік деңгейдегі ірі қоры бар біздің ел энергетикалық салада өзінің сенімді стратегиялық серіктестік және өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық саясатынан бас тартайын деп отырған жоқ. Біздің еліміздің ғаламат ірі табиғи қоры бар. Алайда басқа елдер мен халықтарға біздің ресурстарымыз керек болады, сондықтан біз еліміздің байлығын қорғауға дипломатиялық жағынан да, әскери жағынан да дайын болуымыз керек.
Сарапшылардың үштен бірі геосаяси процестерге, сондай-ақ ұлттық экономиканы басқару жүйесінің жетілмеуіне және тұтастай алғанда халықаралық қаржы жүйесіне орташа мерзімдік болашақта болатын маңызды проблемалардың бірі ретінде қарайды. Қазақстан бұл жерде де өзінің тәжірибесін мақтан тұта алады. Қазақстанда бұрынғы КСРО республикалары ішінде алғашқы болып бұдан бірнеше жыл бұрын құрылған ұлттық экономиканы басқару жүйесі – экономикалық дағдарысқа төпеп беріп қана қоймай, экономикалық өсімге жетті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бірнеше жыл бұрын халықаралық қаржы жүйесін реформалау туралы ұсыныс жасаған болатын. Еуропадағы созылмалы қаржы дағдарысы еуроаймақтың ғана емес, Еуроодақтың бұдан әрі қарай жалғасатынана күмән тудыруда. Осының өзі Нұрсұлтан Назарбаев идеясының дұрыстығын дәлелдейді.
Зерттеуге қатысушылар 2013-2050 өтпелі кезең жылдарында әлемге ықпал басты идеялар қандай болуы керек, деген сұраққа да жауап іздеген. Мұнда «жасыл» идеология – экологизм бірінші орынға шықты. Сарапшылардың бір бөлігі технологиялық прогрессизм, жаңа индустриализм және прагматизмді алға шығарды, ал тағы бір бөлігі өркениеттің альтернативасы – бұл мультикультурализм, ислам және ұлтшылдық дегенді айтты. Жаһандық сараптауддың нәтижесінде алынған жауаптар негізінен Президенттің айқындаған Қазақстан саясаты векторымен сәйкес келеді. Қазақстандағы жаңа бағыттың негізі болып экономикалық прагматизм таңдалынып алынған.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «жасыл трендтің» өсетінін дөп басып білген. Осылайша экономиканың барлық салаларына – энергетика, өндіріс, транспорт және ауыл шаруашылығына жасыл технологияны енгізуге басымдық берілді. Стратегия – 2050-та Мемлекет басшысы үшінші индустриялық революцияның осы ғасырдағы жаһандық мәселелердің бірі екендігін айтты. Біз мұнымен технологиялық прогрессизм және жаңа индустриализмнің үндесіп жатқанын көреміз. Үшінші индустриялық революция өндіріс деген ұғымның өзін өзгертеді. Технологиялық жаңалықтар әлемдік нарықтың сұранысын және құрылымын түбегейлі өзгертеді. Біз қазір бұрынғыдай емес, мүлде басқаша техноголиялық жағдайда өмір сүретін боламыз. Сандық және нанотехнологиялар, робот техникалары, регенеративтік медицина тағы басқа көптеген ғылыми жетістіктер күнделікті өмір шындығы болмақ. Бұл қоршаған ортаны ғана емес, адамның өзін қайтадан қалыптастырады.
Әлемдік сарапшылар қауымдастығы бастарын ауыртып отырған үшбұрыш – «мультикультурализм, ислам және ұлтшылдық» қоғамның тыныштығын бұзуда. Оған мысал ретінде тұйыққа тірелген Еуропаны алуға болады. Сондықтан біздің мемлекет өзінің ұлтаралық және дінаралық ауызбіршілік моделін мақтана ұсынады. Қазақстанды мекендейтін діни, мәдени, этникалық жағынан әртүрлі халықтар бейбіт өмір сүріп, саяси тұрақтылықты сақтауда.
Қазақстан-2050 стратегиясында ХХІ ғасырдағы әлемдік тұрақсыздық қаупін төндіретін жаһандық проблемалардың ондығы аталды. Іс жүзінде 2007-2009 жылдардағы дағдарыстан әлемдік экономика әлі шыға қойған жоқ және ол саяси трансформациялармен жалғасуда. Оған мысал – «араб көктемі». Біздің міндетіміз – аймақтағы қақтығыс жағдайлардың алдын алуға барынша күш салу керек, деп Қазақстан Президенті дұрыс айтты. Ал Орталық Азиядағы тұрақтылықтың ең жақсы амалы – бұл ішкі аймақтық интеграция. Біз тек осындай жолмен ғана аймақтағы қақтығыстарды азайта аламыз. Әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешеміз, су-энергетикалық шиеленістерді және басқа да даулы мәселелерді шешеміз.
Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, 2050 жылға қарай әлемде үлкен толқулар болады, алақандай жер үшін кикілжіңдер көбейеді. Сондықтан, Президент Нұрсұлтан Назарбаев берген «Бағыт-2050» әлемдік трендке сәйкес және актуалды ғана емес, сондай-ақ біздің еліміздің өмір сүруіне өте қажет. Н.Назарбаевтың Тәуелсіздікті алғаш алған кезде қалыптасқан принципі бүгінгі күні бүкіл әлемге қажетті идея болып отыр. Стратегия-2050-та көрсетілген экономикалық, саяси және әлеуметтік міндеттер жалғасын тауып, осы өзгермейтін бағытты дамытуда.
Біз әлемдік тенденцияны алдын ала нақты біліп қана қойған жоқпыз, біз – уақытты ұтып отырмыз.