Жер шары қаталай бастады. Нақты деректерге сүйеніп сөйлер болсақ, жұмыр жердің 70 пайызын су басып жатыр. Соған қарамастан әлем халқының 70 пайызы суға зәру. Бұл жағдай 2025 жылға қарай ушыға түспек.
Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, алдағы уақытта мемлекетаралық қақтығыс, жанжал, соғыс та судан шығуы мүмкін. Қысқасы, алдағы 10-20 жылда су мәселесі ғаламда ең басты проблемаға айналады.
Мәселен, су мәселесін зерттеп жүрген АҚШ профессоры Аароном Вольфом: «Әлемнің 45,3 пайызында өмір сүріп жатқан 145 мемлекет 263 трансшекаралық өзендерді пайдаланады. Қазір осы мемлекеттер арасында су дауы қатты көтерілуде. Мұның арты үлкен қақтығыстарға алып келуі әбден мүмкін» десе, «Water initiatives» журналы «соңғы кезде әлемде су тапшылығы қатты білінуде. Ашық соғысқа алып келмесе де, текетірес ошақтары пайда бола бастады. Әсіресе, бұл мәселе Африка елдерінде ушығып тұр. Мәселен, Африка, Эфиопия, Гана, Мали, Танзания, Перу, Үндістан, Израиль, Палестина т.б. Бұл елдерде «суды басып алу» мәселесі өте өзекті. Сондай-ақ, су мәселесі Орта Азияда да қатты сезілуде. Соның ішінде Әмудария мен Сырдарияны қатар еміп жатқан Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан, Түрікменстан арасында да текетірес бар» деп жазады.
Шындығы сол, Тәжікстан «Рогун», ал Қырғыз елі «Қамбар ата-1» ГЭС-ін салып бітіріп, суды жауып тастайтын болса, нағыз дау сонда болмақ. Сарапшылар болашақта Орталық Азияда су ресурстары мемлекетаралық қақтығыстарға себепші болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. 1960 жылы Орталық Азия елдерінде жан басына шаққанда суды пайдалану көлемі жылына әр адамға 8,4 мың литрден келген. Ал қазір бұл көрсеткіш 2,5 литрге төмендеді. Саланы түбегейлі зерттеп жүрген мамандар алдағы 2020 жылы әр адам жылына 1,7 мың литр су пайдаланады деп болжауда. Осылайша, су мәселесі өңірде жылдан-жылға ушығып барады. Егер Орталық Азияны мекен ететін мемлекеттер трансшекаралық өзендерді оң бағытта пайдаланбаса, даудың соңы қарулы қақтығысқа ұласуы да әбден мүмкін. Қазір мамандар басын Орал тауынан (Ресейден) алатын Орал өзені (біздіңше Жайық) су көлемі күрт азайып бара жатқаны туралы дабыл қағуда. Өзеннің басында отырған Ресейліктерге осы мәселе бойынша сұрау салынуда. Бұдан қала берді қырғыздар әлсін-әлсін қоқаңдап Қазақстанның оңтүстік өңіріне келетін өзендерді жолдан байлап алып, судан қаға бастады. Мұның арты да түбі ушыға келе үлкен бір қанды қақтығысқа алып келуі әбден мүмкін. Сондай-ақ, басын Қытайдан алатын Қара Ертіс пен Іле өзеніне байланысты аждаһа елімен келіссөздердің нүктесі әлі қойылған
жоқ. Мұнда да үлкен бір даудың құлағы қылтиып тұр. Жалпы, еліміздегі су ресурстарының жағдайы қалай?
Елімізде 39 мың өзен мен су арнасы, 48 мыңдай көл бар. Су қоры мол секілді көрінгенімен, шынтуайтында аз. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары жүргізілген зерттеулерде елдегі су қоры 126 мың текше шақырым деп есептелсе, қазір ол 100 мың текше шақырымға азайған. Неге? Оның себебі көп. Бұл жөнінде саясаттанушы Досым Сәтпаев мынадай деректі алға тартады. «Таяуда Қытай елі алдағы 50-60 жылдың ішінде су ресурстарына шөліркеген солтүстікке оңтүстік өзендерін бұру үшін 77 млрд доллар бөледі деген хабар тарады. 2012 жылы біздің көршіміз бұл мақсатқа 10 млрд доллар қаржы жұмсады. Осының бәрі Қытайдағы су қоры жылдан-жылға ушығып келе жатқанын білдірсе керек. Бұл ҚХР-мен бірнеше жылдар бойы трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатқан Қазақстан үшін де өзекті. Су мамандарының айтуына қарағанда, Қытай жағы Қара Ертістен су алуды азайтпайтын болса, 2050 жылға біздің көршіміз бүкіл өзенді бұрып алатын көрінеді. Бұл жағдайда Шығыс Қазақстанның индустриялық әлеуеті адыра қалады деген сөз.
Қазірдің өзінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, республика өзендеріндегі су қоры жедел кему үстінде. Қазақстандағы өзендердің жылдық көлемі 105,5 текше шақырым. Оның ішінде көрші елдерден келетін судың мөлшері – 44 тш: Ресейден – 7,4 тш, Өзбекстаннан – 13,7 тш, Қырғызстаннан – 3 тш, Қытайдан – 19,9 тш су келеді». Саясаттанушы осылай дейді. Демек, еліміз су жағынан көршілерге тәуелді.
Ал өткен жылы Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко 2050 жылы Қазақстанда мұздақтар еріп бітеді деген болжам айтқан еді. Сарапшылардың айтуына қарағанда, осы мерзімге таяу уақытта ғаламдық жылымық салдарынан Қазақстанның ауа температурасы 3 градусқа артады. Соның нәтижесінде, шөлейт жердің көлемі солтүстікке қарай 300-400 шақырымға ендеп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді. «Ауа температурасының көтерілуі жемшөп қорының 30-90%-ға кемуіне, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарындағы астық шығымының 25-60%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 70-90%-ға кемуіне әсер етеді».
Қарап отырсаңыз, алдағы уақытта еліміз шөліркей бастамақ. Демек, су тартылған жерде, қарқынды даму да жоқ.
Ал оның алдын алуға бола ма? Қазақстанның су теңгеріміне келетін болсақ, еліміздегі негізгі өзендердің сегіз бассейнінің жетеуі тарансшекаралық болып табылады.Мәселен, суы мол Ертіс және Іле өзендері бастауын Қытайдан алады.
Қазақстанның оңтүстік-шығыс және орталық аумақтары үшін осы екі ірі өзен негізгі су көзі болып табылады. Осы екі өзен суының деңгейінің және сапасының төмендеуі ауыл шаруашылығы, гидроэнергетика, өнеркәсіп және экология салаларына әсер етері хақ. Құрлықта орналасқан су бассейндерінің ішінде үшінші орын алатын Балқаш көліне жылына 23,81 текше шақырым су ағып келіп жатқан болса, мұның 17,4 текше шақырымы Іле өзені арқылы құйылады, оның 12,7 текше шақырымы өз бастауын Қытайдан алып жатыр. Ал қара Ертіс арқылы Қазақстанға жылма-жыл келіп жатқан су көлемі 5 текше шақырымды құрайды Қазір Ертіс пен Іленің суын өз мүддесіне жарату үшін Қытай жағы суға тоспа қойып, бұру жобасы іске асыруда. Суар жағы Қарамай қаласына Ертістен тартылып жатқан каналға су ала бастаса, елімізге келетін су мөлшері тағы да 20 пайызға азаяды. Іленің бойында ГЭС салынып жатыр. Сондай-ақ кейбір дереккөздер Іленің бастау алатын негізгі сағасын ішкі Шыңжаңға туннель арқылы бұрғалы жатыр деседі. Егер де Іле суы тартылып қалатын болса, Балқаш көлі төрт бөлікке бөлініп кетпек. Онда екінші Арал қасіреті орнайды. Демек, алдағы уақытта Қазақстандағы су проблемасы одан әрі асқына түседі.
Мамандардың айтуынша, трансшекаралық өзендер бойынша Ресеймен ғана жасалған келісімдер жұмыс істеп, бұл мәселе реттелген. Ал Қытай мен Орталық Азия елдерімен су мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келеді. Әсіресе, Қытаймен трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану жөнінде мемлекеттік келіссөз жүргізілгенімен, олар өте баяу өтуде, тіпті әдейі созылып жатқандай әсер қалдырады. Егер де трансшекаралық өзендер мәселесі дұрыс шешілмесе, онда еліміздің басым бөлігі шөлді-шөлейтке айналары хақ. Бұл өз кезегінде қарқынды даму жолына түскен мемлекетіміздің аяғына салынар тұсау болмақ.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
Сурет: nur.kz
http://www.aikyn.kz/articles/view/26109